Астанада Аударыспақ пен Теңге ілуден Азия чемпионаты өтеді

4278

Ұлттық спорттың 2018 жылғы алғашқы бәсекесі халықаралық жарыстармен басталмақ. Астанадағы «Қазанат» атшабарында 1 маусым  күні  Теңге ілуден ІІ Азия чемпионаты, ал, 2 маусым күні  Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаты өткізіледі. Қос бірдей халықаралық ұлттық спорт бәсекелерінде онға жуық мемлекеттің спортшылары бақ сынайды.    

 ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде осы қос жарыстың ұйымдастырылуына байланысты жиын өтті. ҚР Мәдениет және спорт  министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жүргізген бұл мәжіліске ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев және чемпионаттардың  өткізілуіне жауапты мекеме мамандары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде алдағы атқарылатын жұмыстардың жоспары мен регламенттері, шетел қонақтарын визамен қамтамасыз ету, қауіпсіздік мәселелері және спорт жарыстарының  БАҚ-та насихатталуы қаралды.

Жиын барысында ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитеті  өкілдерінің Астанаға ресми сапармен келуі мүмкін екені мәлімделді. Құрметті меймандар  1 маусымда өтетін Азия чемпионатының салтанатты ашылуына қатысады, екі күндік бәсекені  тамашалайды деп жоспарланған.

Ал, қос бірдей Азия чемпионатының өткізілу бағдарламасы төмендегідей.

1 маусым күні салтанатты ашылудан соң Теңге ілуден ІІ Азия чемпионаты басталады. 9 мемлекеттен келген спортшылары бақ сынайтын бұл бәсекеден соң, сол күні Аударыспақтан III Азия чемпионатының байрағы көтеріледі. Бес салмақ бойынша сынға түсетін балуандар сайысы 2 маусым күні аяқталады. Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатының жүлделерін де 9 елдің спортшылары сарапқа салады.

Еске сала кетсек, бұған дейін Аударыспақтан І Азия чемпионаты 2014 жылы Астанада, ал,  ІІ Азия чемпионаты 2016 жылы Қытай елінде өткен болатын. Теңге ілуден І Ашық Азия чемпионаты 2015 жылы Елорда төрінде ұйымдастырылды.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!