Әлібек БАЗАРҒАЛИЕВ: Алдағы мақсатым — мұғалжар жылқысын халықаралық дәрежеге көтеру (ФОТО)

9237

Осыдан бір жыл бұрын әлеуметтік желіден бір видео көрген едім. Онда қысты күні жол бойында шұбырған жылқы саны мыңнан аспаса, кем емес еді. Сол кезде қазақ даласында әлі де осыншама жылқы ұстайтын азаматтар барына шын сүйсінген едім. Сұрастыра келгенде ол жылқының Ақтөбе облысы, Алға ауданындағы бір шаруа қожалығына тиесілі екенін білгенбіз.

 Оралдан түнделете шығып, Ақтөбеге таң бозара жеттік. Жолбасшымыз – Әлібек Базарғалиев. Қилы тағдырдың иесі. Бірақ соған мойымаған, сол қиындығын қазақ жылқысына деген өлшеусіз махаббатымен жеңе білген жігіт. Қазақ десе аңқылдаған ақ көңілін, астындағы жалғыз атын ала жүгірер адал азамат екен. Таңғы астан кейін Алғаға, Қандыағашқа жол жүретінімізді айтты.

Alibek

Қытайда қазақ жылқысын зерттейтін қандасымыз, «Тарым» университетінің докторы Гымыңгүл Мұқантайқызы, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің доценті, жылқытанушы, ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты Қайрат Исхан қатарлы бірнеше ғалыммен бірге Әлібек Базарғалиевтің басқаруындағы «Жансая» шаруа қожалығына жол тарттық.

«Қолымда 550-ге жуық мұғалжар жылқысы бар, соның 250-ге жуығы бие. «Жансая» деген шаруа қожалығын құрып, 1994-1995 жылдардан бері қазақтың мұғалжар тұқымды жылқысын өсірумен айналысып келеміз. Тікелей тұқымдық жылқы болғандықтан, біздің шаруашылық 17 аталық ізге жалғасқан 29 айғырдың ұрпағын өсіріп отырмыз», — дейді Әлібек Базарғалиев.

Alibek1

Жылқы енді құлындай бастапты. Сай-сала, теріскей-күнгей бытырау-тарау жылқы. Әлібек бізге көрсету үшін жылқысын жол талғамайтын көлігімен қайырып келді.

«Жылқыны зерттеу, ғылыми түрде дамыту бар да, оны бағу бар. Екеуі екі түрлі жағдай. Кейде өрістегі жағдай зерттеудегідей болмауы мүмкін. Сондықтан да, біздің алдымызда қазақтың жабы тұқымды жылқыларын қалай сақтап қалу керек деген мәселе тұр», — дейді ол.

Alibek2

Әлібек Базарғалиевтің айтуына қарағанда, мұғалжар, көшім жылқыларының айғырларын ет-сүт бағытында сатып алатындар көп.

«Біз асыл тұқымды жылқы өсіруші болып есептелеміз. Қазір еліміздің 10 облысында мұғалжар жылқысының айғырлары бар. Бұл негізінен ет-сүт бағытындағы жылқы болғандықтан өнімділігі жоғары. Осыны ескере отырып біздің алдағы уақытта экспортқа шықсақ деген мақсатымыз бар. Мысалы, біздің жылқыға Қытай тарапының қызығушылығы жоғары», — дейді Әлібек Базарғалиев.

Alibek3

(Байлауда тұрған айғырлар)

Ол ерте көктемде үйірдегі айғырларды ұстап, байлап тастайды екен. Себебі…

«Қолда ұстап отырған бірлі-жарым биеге айғырды наурыздан бастап қоса беруге болады. Себебі келесі жылы ақпанда жылы қорада туғызып ала бересіз. Ал мынадай қос-қос жылқы үйірін қолда, жылы қорада ұстап отыра алмайсың ғой. Сондықтан оған айғырды күн жылынған соң, мамырда жіберген тиімді. Жылқының буаз болу уақыты 11 айға созылады. Сонда келесі көктемде сәуірде, күн жылынған соң биелер құлындай бастайды. Сол үшін айғырды дер кезінде салуға ыңғайлап, қолға ұстап отыр» — дейді жылқытанушы ғалым Қайрат Исхан.

Alibek4

(Жабағылар бөлек бағылады мұнда)

Жылқы шаруашылығында, әсіресе жекелеген тұқымды дамытып отырған шаруашылықта жылқы бағудың өзіндік қыр-сыры бар. Мысалы, жаңа айтқанымыздай, бұл жерде айғырларды үйірге түсетін уақытында бөліп алатын болса, жабағы-тайларды да үйірге қоспай жеке бағады.

Alibek5

(Сәуіріктер. Пішілмеген бойдақ жылқылар)

Ал мына жерде құнан-дөнен қатарлы бойдақ жылқылар қамаулы тұр. Бұлардың ішінде байталдар жоқ. Тек еркектер ғана. Себебі қазіргідей күйті келген уақытта пішілмеген бойлақтар бас-басына сәурік болып кетеді. Ал бұларды пішіп тастауға болмайды. Өйткен, айғырлыққа, тұқым алу үшін сатып алатын адамдар көп.

Осы жерде бір қызық жағдайды айта кетуге болады. Ол – осы «Жансая» шаруа қожалығындағы 570 жылқының шежіресі жайлы.

Alibek6

(«Бәйтерек» есімді айғыр)

Қазіргі кезде жылқы ұстап, бірлі-жарым бәйге атын баптап отырған азаматтардың біразының жылқысының есімі шетелдік болып келеді. Мұның сырын сұрағанымызда аттың есімі енесі мен айғырының бас әріптерін немесе алғашқы буындарын біріктіру арқылы қойылатынын айтқан болатын. Ал сол жағдайды көзімізбен көргенде, таңқалысымызды жасыра алмадық.

Мысалы, Әлібектің қолында тұрған 17 айғырдың есімдері түгелдей қазақша. Және бір ерекшелігі сондай бір қазақы есімдер. «Алтынжал», «Күміс құйрық», «Бура сан», «Парасат», «Залқұла», «Бәйтерек», «Қаражал» т.б. деп жалғаса береді.

Alibek7

(Жылқышылардың үйі)

Әлібек Базарғалиев жылқы шаруашылығымен айналысқалы бері 10-15 адамға тұрақты жұмыс беріп келеді. Оларға жайлау, қыстау деп бөліп, арнайы баспана да салып берген.

Alibek8

(Жылқы тасуға арналған тіркемелі джип)

Жылқы бағу мен жылқыны сату екі түрлі жағдай. Сондықтан сатуға да өте мән беріп, ол жылқының ертеңіне сенімді, жауапкершілігі жоғары адамға бергенді қалайды. Жылқының мынадай жол талғамайтын көлікпен тасиды.

Alibek9

(Қысқа дайындық)

«Жаздың бір күні, қыстың мың күніне азық» дегендей, қысқы азығын жаз сайлайтын жылқы қосында көктемнің өзінде маяның мұрты бұзылмай тұр. Бұл да болса, мұғалжар тұқымының жыл бойы тебінде, өз тамағын өзі тауып жейтінінің бір көрінісі іспетті.

Alibek10

(Әйгілі «Алтынжал» есімді айғыр)

Менің жетегімде тұрған бір ғана Батыс Қазақстан емес, еліміз бойынша жылқы сүйер қауымға танымал болып үлгерген әйгілі «Алтынжал» айғыр. «Жансая» шаруа қожалығының жылқы басы – «Алтынжалдың» атағы ет-сүт өнімі бойынша жылқы өсіретін шаруаларға танымал. «Алтынжалдан» тұқым алуға кезекке тұратындар көп бүгінде.

Alibek11

(«Жансая» шаруа қожалығының директоры Әлібек Базарғалиев, Қытайдағы «Тарым» университетінің профессоры, жылқытанушы Гымыңгүл Мұхантайқызы және ҚазҰАУ доценті, жылқытанушы ғалым Қайрат Исхан)

«Мен осы жылқымен айналысқалы бері 15 жылдан асты. Ет-сүт бағытындағы жылқы шаруашылығын құрып, оған жылқы жинай бастағанда маған танымал ғалым, қазақтың көшім және мұғалжар жылқы тұқымдарының негізін қалаған Серікбай Рзабаев ағамыз көмектесті. Одан кейін осы өнімді жылқы шаруашылығына арналған «Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдарының Республикалық палатасы» құрылып, оның төрайымы Еркегүл Тілеген де қолынан келген жақсылығын жасап жүр» — дейді Әлібек Базарғалиев.

Өз ісіне мығым, шаруашылықтың қыр-сырын білетін Әлібек Базарғалиев жылқы саудасына онша құлшыныс танытпайтынын да жасырмады. Себебі өз қолындағы мұғалжар жылқысы тұқым ретінде әлі де толық қалыптасып, дами түскенін, былайша айтқанда, «балталаса ажырамас» тұқым болып жетілуін көздейді. Сондықтан жылқы шежіресін жүргізіп, линияны ұстауды ойлайды.

Alibek12

(Мұғалжар тұқымының тұқымдық жетілуге толмаған жылқылары)

«Айғыр салу, қай биеге қандай тұқымды айғырды қосу керектігін ғылыми жетекшім Серікбай Рзабаевпен ақылдасып отырамыз. Мысалы, мұғалжар жылқысы көбінде құла немесе күрең болып келеді. Менің қолымдағысы құла түрі. Егер дұрыс жүргізілген селекция, дұрыс қосылған аталық пен аналықтан сол екеуінің негізіне тартқан, ойдағыдай құлын дүниеге келуі керек. Егер ол біз ойлағандай болмай, бір жері ала, не торы, көк деген секілді басқа түсті болып туылса, ол қателік, жетілмеген тұқым болып есептеледі. Сондықтан оларды тауарлық саудаға шығарамыз» — дейді «Жансая» шаруа қожалығының директоры.

Alibek13

Біз жылқы қосынан жылжып, Қандыағаштағы Әлібектің үйіне бет алдық. Артымызда күнгейдің күреңселі беткейінде бытырай жайылған мұғалжар жылқысы қалып бара жатты.

erzhan-zhaubaiЕржан Жаубай, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!