Балби КӘКЕЙҰЛЫ: Жүйріктің бабы қанбаса, бағы да жанбайды

7048

Қазақта атбегілік дейтін өнер бар. Ол – жүйрік жылқыны таңдап-танып, баптап бәйгеге қосып, бабын табатын адам. Өте ертеректе оңтүстік өңірде ғұмыр кешкен атақты атбегі Мақұлбек, керекулік Бежу,  жетісулық Бақай, сондай-ақ сіргелі Меңдекелер жайлы ел аузында сақталған дерек көп. Осы бір құнды мұрамызды ұрпақтан ұрпаққа  жалғастырып, бүгінге жеткізген ат бапкерлері – созақтық Файзолла Ормызов, тараздық  Нұрдәулет Әлібекұлы, «Дегерес» жылқы зауытының аттарын баптаған Нәркен Қалыбеков ақсақал, ағадырлық Жолдыбай Кенжеғұлов, алтайлық Еркін Темірбайұлы сынды тұлғалар бар. Соңғы екі-үш жылда ескінің көзі, өнердің өзі болып келген жоғарыдағы қариялардың үшеуі дүниеден өтіп кетті. Қалғаны сексеннің сеңгірінде.

Дәл бүгін текті өнерді үзбей, өрге сүйреп келе жатқан Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Жаңаталап ауылында  Балби Кәкейұлы дейтін атбегі бар. Қарағандылық ақсақалды іздеп барып жолығып, ат баптау өнері жайлы әңгіме өрбіткен едік.

– Қазақтың жүйрік жылқыға қатысты «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген сөзін білесіз, яғни, жүйріктің бабы болмаса да, бағы шабатын жағдай расында болуы мүмкін бе?

 – Бұл жай айта салған сөз, қайдағы бақ шапқан, бап шабады. Түйе бойына сеніп жылдан құр қалды, демекші жүйріктің бабы қанбаса, бағы да жанбайды. Жылқы баптау деген әуелі өнер, одан кейін еңбек. Жүйрік баптау өнерін білмесең еңбегің далаға кетеді, баптауды біле тұрып еңбек етпесең нәтиже болмайды. Бірі-біріне тығыз байланған дүние бұл.

 – Түсінікті. Ақсақал, олай болса өзіңіздің ат баптау тәжірибеңізбен бөлісе отырсаңыз?

– Егер жүйрік біткенді тек бір әдіспен баптаймын десе, ол қате. Қазақтың «алуан-аулан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегені орынды сөз. Ат баптау деген телегей-теңіз ілім. Оны бір ауыз сөзбен айтып бере алмаймын.

Бір ғана мысал: жүйріктің бабын тері арқылы білуге болады. Сондықтан көп жағдайда атбегілер жүйріктің терін жасырып, түнде алады. Мен де сол әдісті көп қолдандым. Тер қырудың да мәні бар. Шауып келген жылқыны ықтасын жерге тұрғызып терін қырған соң, екінші бір атпен жарты сағат тоқтатпай жетелеу керек. Өйтпесе, аяғына қан түсіп қалуы мүмкін.

Баптаған жылқымды бәйге таяғанда жетектеп жүріп, сонысы мол қияқты, таза жерге жайылтамын. Әсіресе, қара жарысқа шауып келген (қамау терін алған) жүйріктің ентігін аңдаған дұрыс. Яғни, ентігі басылып, табиғи қалпына қанша уақытта келді, осыған байланысты баптау жұмысын реттеп отырамын.

Жалпыкөп жыл байланған жүйрік өз бабын өзі табады. Жас кезімде аламан бәйгелерде үздік бестіктің ішінде келіп жүрген сұр атты сатып алдым. Осы жылқы бәйге таяғанда үйірде жүріп өзінен өзі жарайды. Үйірден ұстап кермеге әкеліп байлағанда жер тарпып, шыр айналып, саңлақтанады, шіркін. Қарап тұрып көңілің тояды.

Тағы бір қасқа атым болды. Оны ұзақ жыл байлап, баптадым, жануар қыза шабатын жылқы еді, ұзаққа сілтейді. Бір қызығы, денесінің майы жоғалғанға дейін ариды, сүйегі арсаланып, қара етімен шабатын жылқы-тын. Бәйге жолы орталағанда еті қызады, артқы екі аяғын сарт-сарт еткізіп, тұяғымен жер ұрып көсілуші еді…

– Бабы келген, яки байлауы қанған жүйрікті қалай танисыз?

– Бабы қанған, байлауы келген жүйрікті білу тәсілі де әр қилы. Мысалы, өз басым баптаған жүйріктің бабы қанған, қанбағанын білу үшін түн ортасында тас қараңғыда бұлақ басына алып барып, бос қоям. Егер жүйрік бұлақтан өзі барып су ішсе, онда бабында мін жоқ, қанғаны деп білемін. Егер айналсоқтап, оқыранса онда болмағаны.

– Сізді білетіндер ат сыншысы дейді, жүйрікті қалай сынайсыз?

– Бала кезімде «Күдір» жүйрік жайлы көп естідім. Бұл бап таңдамайды. «Мұзбүйрек» деген жүйрік болады. «Қызбел» деген жүйрік бар, ол өте ұшқыр шабады. «Созақ» деген жүйрік болады. Бұл бір қалыпты шабады. Бұны ұзақ жортуылға мінеді.

Мен білетін жүйріктің 20-дай сыны бар. Осының 10-ы бір жылқының бойынан дәл табылса, баптау болады. Кейбірін айтайын: жүйрік жылқының иегінің асты алқымы кең болуы керек, шынтағы қабырғадан алыс тұрады, бұл қалбағайлы дейді және мықыны тар болғаны жақсы. Содан кейін жүйріктің алдыңғы екі аяғын біріктіріп тұсағанда, екі шашаның ортасына жұдырық сыйса, ол шын жүйрік.

Нағыз жүйріктің белі бүкір, желкесі ой, қабырғалы келеді. Аяқ тастасы нық, шашасы жатаған емес тік әрі қысқа болғаны абзал. Шашасы ұзын жылқының ішкі қуат-қарымы нашар болады.

Одан кейін жүйрік жылқының танауына қарау керек. Танауы балықтың желбезегіндей желбіреп көрінсе бұл жүйрік. Өрен шабысты аттың танауында тесіктері болады. Тесік көп болған сайын жылқының тынысы ашылады да, ұзаққа сілтейді. Бұндай жүйріктің алды мен арты бірдей келеді.

Қазақ сыншылары бірауыздан бота тірсек жылқыны жүйрік деп таныған. Сондай-ақ, бауыры жазық, кеудесі кең, екі артқы аяғы талтақ, екі көзі отты, құлағы жұқа және тақыр, құйрығы сұйық әрі жіңішке, бақайы тік және қысқа болса, ондай жылқыны да жүйріктер қатарына жатқызады.

– Түсінікті. Сіз айтқан сын-сипаттар жүйріктің мүше бітіміне қатысты екен. Ал, қимыл, қозғалысына қатысты жүйрікті қалай тануға болады?

– «Жүйрік болады-ау» деген жылқыны бесті шыққан соң тік өрге немесе тік еңіске салып байқайды. Егер тік өр мен тік еңіске бұлғақтамай түсіп-шықса, бұл жақсылықтың нышаны. Ал, құнанды елпек атпен жетелеп жүріп сынайды. Ол аттың алды-артын орап, қатарласа жүрсе жақсы. Сол сияқты жүйрік болар деген жылқыны жас күнінде белдеуге байлап қойып, жақын маңда қиқулап ат жарыстырса, анау елеңдеп, тыпыршып белгі береді. Ал, үйірдегі құлын жылқы жусап тұрғанда құйрығын шаншып алып, үйірді айнала шауып, ойнаса бұл жақсылықтың нышаны.

Одан соң, жүйрік болар құлынды желіден тануға болады. Ондай құлын желіде аяқ астын қазып, 3-4 күн жатпай тұрып алады. Бұндай құлынның желкесін қидырмай, зорықтырмай және сүттен тарықтырмай өсірген дұрыс.

– Сөзіңізге қарағанда, жылқы баласын танитыныңызға күмәніміз жоқ, бірақ қазіргі таңда өзіңіз көріп жүрген ат бапкерлері білмей, ескермей жүрген бірдемені аңдай алдыңыз ба?

– Бір аңдағаным, мұндағы ат бапкерлері қарта түйілгенді білмейді екен. Жылқыда бұл жағдай үнемі болып тұрады. Яғни, қыстай жеген жем-шөптің ішіндегі тас-топырақ жылқының қартасына кептеліп, түйіліп қалады. Бұндай күйге түскен жылқы дөңбекшиді, жатып-тұрып жер тарпып күшенеді, бірақ дұрыстап тезек тастай алмай қиналады.

Одан кейін тағы бір байқағаным: жүйрік ішін тартқан кезде жиырылған қарын жындағы азғантай дымқылдықты сіңіріп алады да, құрғаған жын қартаға кебірленген күйде жетеді. Сөйтіп, сыртқа шықпай құмалақтанып қартаға жабысып қатып қалады. Осы екеуі көп кездесіп жүр. Бұны білмей жылқы баптау қиын.

Бұл кеселді қалай емдеуге болады?

Қазіргі ғылым дамыған, дәрі-дәрмек қолданатын шығар. Өзім қазақтың қара жолымен емдеймін. Яғни, байлаған қартаны түсіру үшін кешке жақын, таудың аршасын қайнатып, суыған соң жылқының басын көтеріп, биік кермеге мықтап байлап, танауынан құяды. Арша құйған соң жылқының ыстығы көтеріліп, ентігеді. Сол күйінде таң асырып байлап тастайды. Таңертең ерте алаң-елеңде қаңтаруын шешіп, отқа қоя беріп байқау керек, қартасы босаған жылқы таңғы дымқыл шөпті апырып, қомағайлана қарпиды. Тура жарты сағат жайылтқан соң, жылқының денесін тер сіңірмейтін затпен (клонка) орап, оның сыртынан киізбен қымтап, жабулап алып, соқа жүріспен аяңдатып терлетеді.

Әбден терлегенде үстіндегі жабындыны сыпырып тастап, желге ықтай жүргізіп, қырғышпен терін қырасыз. Денесі кепкен соң жылқы тұратын жердің тезегін түгін қалдырмай тазалап, кермеге әкеліп байлап қояды. Аздан кейін жылқы тыпыршып, тоқтай алмай дүркін-дүркін тезек тастайды. Осы тезектермен бірге қартада түйілген зат та түседі.

– Сөз соңында, бүгінгі атбегілік өнермен айналысуға ниет білдіріп жүрген жастарға арнап не айтар едіңіз?

– Жылқымен екінің бірі айналыспайды. Бойында қазақы қаны бар, көшпенді мәдениетке жақын жастар айналысуы мүмкін. Жастар жылқы түлігіне пайда көзі, тіршілік өзегі, соғым деп қарамай, ата-бабамыздың мұрасы деп қараса, оны баптауды, бағуды, үйренер еді. Жүйрік баптау бұл ілім. Халқымыздың жадында сақталған өте құнды мұра деп қараған дұрыс.

beken-khairatӘңгімелескен Бекен Қайратұлы,

«Егемен Қазақстан»

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!