Бүгін Астанада Аударыспақтан III Азия чемпионаты өтеді

4862

Бүгін Астана іргесіндегі «Қазанат» атшабарында Аударыспақтан III Азия чемпионаты өтеді. Бес салмақ бойынша сынға түсетін 9 ел спортшыларының сайысы аса тартысты өтетіні анық.

Астананың 20 жылдығына арналған байрақты бәсекеде Қазақ елінің намысын Азамат Серғазин, Шыңғысхан Ержанов, Есімхан Рахмәтілла, Сырым Ізбасаров, Біржан Қосалиев секілді азаматтар қорғайды.

Аса ауыр салмақтағы Біржан Қосалиев — екі дүркін Азия чемпионы (2014, 2016 ). 2017 жылы Астанада өткен халықаралық турнирдің аса ауыр салмақтағы және абсолютті сайыстағы жеңімпазы.

Сырым Ізбасаров — ауыр салмақта екі дүркін Азия чемпионы (2014, 2016). Азияның 2016 жылғы абсолютті жеңімпазы.

Азамат Серғазин, Шыңғысхан Ержанов, Есімхан Рахмәтілла — талай жарыста топ жарған мықты спортшылар.

Ұлттық құраманың жетекшілері — Қуанышбек Құрамаев пен Жанбатыр Бекмұсаев.

Ұлттық құрама командасының аға жаттықтырушысы Жанбатыр Бекмұсаев:

«Аударыспақ жаттықтырушысы болған соң, мен осы жарыс туралы айтайын. Балуандарымыз бір ай толық жаттығудан өтті. Таңдаулы он спортшымыз бес салмақ бойынша іріктеуден өтті. Олардың есімдері жарияланғалы бірталай уақыт болды. Барлығы да тәжірибелі балуандар. Біржан Қосалиев, Сырым Ізбасаров, Есімхан Рахматілла өзімнің төл шәкірттерім. Үшеуі де халықаралық жарыстардың қыр-сырына қанық. Сондықтан, бұл балуандар жеңісті қолдан бермес деп ойлаймын. Ал, 60 келі мен 70 келі салмақтағы ақтөбелік балуандар бұған дейін халықаралық жарыста белдесіп көрген жоқ. Оның үстіне дәл осы салмақтарда шетелдік балуандар арасында тәжірибелілері көп. Бірақ, ақтөбелік әріптесім Абат Аймағамбетовтың шәкірттері де аударыспақ сайысына өте мықты. Іріктеу жарысында қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтты. Сондықтан, 70 келідегі Шыңғысхан Ержанов пен 60 келідегі Азамат Серғазин де жүлделі орыннан көрінуі мүмкін. Алла бұйыртса, Қазақстан ұлттық құрамасы ІІІ Азия чемпионатының да бас жүлдесін қанжығасына байлайды деп үміттенеміз».

Теңге ілу мен аударыспақтан 2018 жылғы Азия чемпионаты 2 маусым күні аяқталады.

Айта кетсек, қос ұлттық спорт түрінен Азия Чемпионаттарына 9 елден, атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей, Ауғанстан, Қытай, Түркиядан 54 спортшы, ал жалпы жарысқа қатысатын делегация мүшелерін қосқанда 100-ге тарта адам қатысуда. Чемпионаттардың жалпы жүлде қоры — 14 млн теңге.

Естеріңізде болса, кеше Теңге ілуден II Азия чемпионаты өткен болатын. Онда еліміздің намысын қорғаған Ғалымжан Ізжанов пен Мағжан Сапарбек ептілігімен және ат құлағында ойнаған шеберлігімен дара шауып, елімізге II Азия чемпионы атағын алып берген болатын.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!