Құлан тұяқ Құдайторы

5085

Едірей тауын қоныстанған Бауыр Бошан елінің әйгілі атбегі Мақыш Дінұлы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүріпті. Қаршыға денелі, қара шұбар өңді, бір аяғын сылти басатын қызу қанды әрі сері мінезді адам болған екен. Күймелі арбаға пар ат жегіп бәйбішесі мен екі қызын жанына алып жол жүргенінде сән-салтанатына сауыққұмар қауым қайран қалып, таңдай қағыпты. Дәулеті жағынан орта шаруаға жатқанымен, өркөкіректігі мыңды айдаған байлардан асып түскен көрінеді. Қалай болса да, жылқы малының атына Құдай сөзін қосақтап, «Құдайторы» атағанжалғыз қазақ сол деуші еді көне көз қариялар.

Мақыш торы атты тай кезінде аталас ағайыны Нұртазаұлы Нұрмағамбеттен атан түйе сұрағандай қалап алыпты. Мініске үйретіп, бәйгеге жарата бастағанында былайғы жұрт көзге қораш көрінетін тайдың тұрқына қарап мырс-мырс күліпті…

Торы аттың тегі арабы емес, түркіменнің ахалтекесі емес, Алтайдың қаз мойынды арғымағы да емес, қазақтың таза қанды қазанат жылқысынан екен. Бір қарағанда тұрқы көз тартпайтын, бауыры жазық, дөңгелек қобы тұяқты ұзын торының ерекшелігі әркімге байқалмаса керек.

Мақыш су орнына қулықтың сүтін беріп, сұлы орнына кептірген қу шөп беріп баптапты. Күн ыстықта арнайы тігілген алты қанат киіз үйдің ішіне бос қойған. Қоңыр салқында екі бағанның арасынан кісі бойындай биіктіктен арқан керіп, соның бойымен еркін жүріп-тұратындай етіп шылбырмен байлап жіберген.

Құдайторы «шу» дегенде суырылып алға шығар ұшқырлығы жоқ, кібіртіктеп жай шауыпты. Тек еті қыза келе қолтығы сөгіліп, бауыры жазылғанда жебедей заулайды екен.

Кейін керілген төстік сияқты болып жараған сол торы ат берісі Қу өңірінде, әрісі бүкіл Сарыарқада шашасына шаң жұқпас, алдына ат салмас қас тұлпардың өзіне айналған. Торы аттың сыры иесіне ғана емес, үнемі бәйгеге шабатын шабандоз балаға, яғни Мақыштыңнемере ағасы Нұғыманның Рамазанына да мәлім болған.

Дүбірлі жарыс алдындакөңілі күпті атбегілер:«Бап шаба ма, әлдебақ шаба ма, Құдай біледі» – десе, Мақыш: «Торы ат Құдайсыз-ақ бірінші келеді!Уа, ағайын, атымды босқа арам тер қылмаңдар! Шаппай бәйгемді беріңдер!» – депқиғылық салып отырып алатын көрінеді.

«Сіз қызық екенсіз. Ат шаппай иесі бәйге алушы ма еді?» – деп біреулер уәж айтса, «Бәс тігіп, зақылет айтсаң ғана атымды бәйгеге қосамын!» – деп шірене сөйлеп шалқая түседі екен. Жазығы не, оның сәуегейлігі әрдайым шындыққа айналатын көрінеді. Осы себепті, кәнігі атбегілердің өздері Мақышпен бәстеспеген. Дегенмен, жәрмеңкеге үйір-үйір жылқы әкеліп саудаға шығаратын мырзалардың арасынан нар тәуекелге бел байлайтындар бой көрсетіпті. Ондай шақтарда Мақыштың арқаланып кететіні соншалық ақылынан адасқандай халге түсіп: «Құдайторының құйрығын жау кесті! Атан түйенің басын мүжір кез жетті!» – деп еліреді екен.

Сондай бәс тігіп, зақылет айтқан аламан бәйге Қоянды жәрмеңкесінде өтіпті. Бұл жолы атышулы атбегіге ел аузында асқан байлығымен жарты патша атанған атақты Ақайдың Қасені кез болған. Айтып, айтпай не керек, дүйім жұрттың алдында екеуінің бағы сыналған бәйгеде торы ат Қасеннің екі арғымағынан да мәреге бұрын жеткен! Сол сәтте насаттанған Мақыш: «Ақкөзіңнен оздым, Біршегіңнен оздым, енді әкең Ақайдың басын әкеп бәйгеге қос!!!» – деп өршеленген. Бұл сөзге Қасен ашу шақырып, жанжал басталыпты. Әйтеуір, ара ағайын: «Екеуің де бір Шаншардың баласысыңдар, ағалы-інілі адамдар бірінің сөзін бірі көтермесе, досқа күлкі, дұшпанға таба болады!» – деп басу айтып, тоқтатқан екен.

Әйтсе де, торы аттың жүлдеге ілікпеген кезі де болыпты. Төңкерістен бірер жыл бұрын Ертіс бойында, қазіргі Павлодар облысының Май ауданы жерінде Нияз дегеннің асы өткен. Сонда Алдоңғар деген сыншы Құдайторыны көріп: «Пай, пай, атына болайын! Әттең, жілігінің майы үзіліп, қара қарын көбең тартыпты. Бірақ отыз шақырымға шапса – бәрібір алда келеді! Неде болса аттарды қырық шақырымнан жіберіңдер!» – депті ас берушіге. Сол бәйгеде Құдайторы өн бойынан қара тер сорғалап, көзінен жас парлап, танауы делдиіп, оқырана кісінеп мәреге желе жортып жетіпті.

Жас кезімде қарттардың әлгі оқиға жөнінде өзара кеукілдесіп әңгіме өрбіткенін талай рет естідім. Бірі: «Алдоңғар сыншының айтқаны ақиқат еді. Мақыш торы атты ала жаздай бәйгеге қосып жүріп бабын келтіре алмады» – десе, екіншісі: «Құдайторының қырдың тастақ жерінде шабуға төселген дөңгелек қобы тұяғы ойдың борпылдақ құмына кіріп кетіп отырды. Сол себепті еркін көсіле алмады. Ал тоғай бойында өсіп-өнген тұяғы жалпақ аттарға ол құмның бөгесіні болған жоқ» – дейтін. Осылайша, сөз жарыстырған қарттар бір-біріне дес бермейтін. Қайсысының болса да сөзінде жан бар сияқты.

Амал не, кейін Құдайторының жүйріктігі өз басын жалмапты. Кеңес үкіметі орнаған соң Қарқаралы уезіндегі шолақ белсенділердің бірі торы атты Мақыштан тартып алып күнұзақ шапқылаған, сөйтіп қызылмай қылып, зорықтырып өлтірген. Кезінде атағы жер жарған қас тұлпар Құлан тұяқты Құдайторының мүрдесі ақыры ит-құстың жемтігіне айналып, айдалада қалған көрінеді…

arman-qani Арман Қани, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!