Байқал БАЙӘДІЛОВ: Жылқының төресі – жабы

Zhaby

Жылқы! Осы бір ауыз сөзді есті­генде ішің уылжып сала береді. Құдды ауыздығымен алыс­­қан жүйрікке мініп жүйткіп келе жатқандай әдемі әсер ала­сың. Тіршіліктің зілбат­пан сал­мағын серпіп тастап, көңілің­ді­ көкке көтеретін сәт туатын тәріз­ді. Асылында біз «тегіміз – түр­кі, түлі­гіміз – жылқы» деп төрт түліктің төресі – жылқыны қадір­леп өскен елміз. Әрине түп­тен тартып сабақ­тасақ, жылқы жарық­тықтың қазақтың жаны мен қанына, рухына сіңген қасиеті аз емес қой. Арыдағы азуын ай­ға білеген аталарымыз пе­ше­несіне жазылған дәулетті жыл­­қының санымен бағалаған. Арқа төсінде де, Қараөткел мен Көкшетаудың қасиетті даласында да мыңдап жылқы баққан байлар аз болмаған. Байлықтың қадірін білген бабалар қыздың қалың малын, тіпті адам­ның құнын жылқымен есептеген.

Қазіргі күні жылқы малын бағу­шы­лар екі түрлі ба­ғыт­ты ұс­тануда. Біріншісі, дәулет­тілер­дің еншісіндегі дүние. Олар араб, ағылшын жылқыларын әкеліп, ат жаратып, аламан бәйгеге қо­суда. Тірлігі теріс дей алмасақ керек, әр­­­кім көрпесіне қарай көсіліп жатқан заман ғой. Егер бізге де­йінгілер ер қанатына балаған жыл­қының түрін асыл­дандырып, жер танабын қуырған жүйріктерін аламанға қосып жатса, айыбы не?.. Ол енді әркімнің өз шаруасы. Ал жалпы жұрт, шаруа баққан адамға жабыдан артық жылқы жоқ. Рас, бағзы замандағы Ақтамберді жыраудың «Жал құйрығы қаба деп, жабыдан айғыр салмаңыз. Жабыдан айғыр салсаңыз, жауға да мінер ат тумас» дейтұғын аталы сөзі жадымызда.

Әрине ол заман жылқы баласы Алаш жұртына майдан даласында қызмет еткендігін, қолтығында қос қанаты бар қазақы жылқының қашса құ­тылып, қуса жеткендігін, жа­рақ­ты жауға жалтаңдап кіріп, ат артына сыпырылған дұш­панды тұяғымен жапырып тас­тайтындығын көне тарихтың көмбесінен білеміз. Қазір қазақ атқа мініп, жауға шабайын деп жатқан жоқ қой. Ендігі керегі етті әрі сүтті тұқым. Оның үстіне жабының қысқа шыдамдылығы жақсы. Осы қисынмен алғанда алты ай қыс ор­ны­ғып тұрып  алатын солтүстік өңірдің малсақ қауымы үшін нағыз таптырмас тұқым осы жабы емес пе?!..

Бүгінгі таңда өңірдегі жылқы шаруашылығындағы басты бағытты осылай бұрсақ, оңды істің орайы келер еді. Ет пен сүт өнімдерін мол беретін, өзіндік құны аз қазақы жылқыны өсіру барынша тиімді. Бір ғана мысал келтіре кетелік, 2015 жылы қыс қатты болды. Қара күзде қайта-қайта жауын жауды. Іле аяз түсіп, дала көк мұзға айналды. Ашық алаңдарды былай қойғанда, ағаш бауыры да сіресіп қатып қалды. Сол жылы талайлардың жүген ұстап қалғандығы анық. Негізінде, қазіргі қазақ жылқыға жем-шөп дайындамайды ғой. Кешегі кеңес заманынан қалған кесір дағды. Бірақ ол кездегі жағдай мен қазіргі жағдайды салыстыруға болмайды.

Кеңес заманындағы астық комбайндары сабанды көпенелеп түсіретін. Бидайдікі дейсіз бе, арпанікі дейсіз бе, егістік алқабының үс­тін­де шөмелелер ерте көктемге дейін самсап тұрушы еді. Тіпті артылғанын диқандар көктемде өртеп жататын. Қазір шетелдік қуатты комбайндар сабанды турап тастайды. Сөйтіп жылқының ырыздығы да шектеліп қалды. Оның үстіне кешегі кеңес заманында, техника дәуірлеп тұрған уақытта жылқыға көңіл бөліне қоймады. Сөйтіп бірте-бірте ілкі­ден қалыптасқан тұқым аза бас­тады. Кейін үйірге салар айғыр табылмайтын жайға да жетті. Осындай немқұрайдылықтың әсерінен бестісі тайдай, тайы жабағыдай тұқымы азған жыл­қының тұрпаты пайда болды. Қазір қай ауылға бар­саң да көре­тінің осы. Құрығы құтты жыл­қышы да кемде-кем.

Жаз бойы күн ұзақ тілін тістетіп қамап бағады. Ал тұқымы аз­ған, күтімі нашар жылқыдан қандай өнім күтуге болады. Бұ­дан шығар жалғыз жол – жабы тұқымының жалына жар­масу. Жабы – на­ғыз қазақы жылқы. Өзге жыл­қылармен салыстыр­ғанда, артық­шылығы да аз емес. Бірін­шіден, жыл он екі ай бойы жайы­лымда тебіндеп шығады. Демек тым аязды,  боран-шашынды қыс болмаса былайғы уақытта өз күнін өзі көреді. Айналып келгенде өнімінің өзіндік құны арзан. Оның үстіне жылқының бұл түрі денесінің ірілігімен ерекшеленеді. Тірідей салмағы да жоғары.

Жабы – жалпақ бетті, жақ сүйегі мей­лінше жетілген, мойнының бұл­шық еті бұйра-бұйра, арқасы тік, белі мықты әрі жалпақ, сауыры білеуленген, аяқтары қысқа әрі сүйекті, жалы қою, қылы ірі талшықты, терісі қалың болып келеді. Қоңдылығы жағынан алғанда бар жылқыдан бәсі басым. Ірі жылқының салмағы 450-530 килоға дейін жетеді. Тағы бір артықшылығы, ерте көктемде және күзде жайып семірткен кезде аз уақыттың ішінде қоң жинап, жалын тіктеп алады. Мама биелері тәулігіне орташа есеппен 5 литрге дейін сүт береді, кейбір сүттілері тіпті 6-7 литрге дейін жеткізеді. Қазір ақ сатып күнкөрісін айырып отырған халыққа бұдан артық не керек. Ал осындай сүті бұлақтай ағып тұрған үш бие ұстасаңыз, ырыс босағаңызға байланды дей беріңіз.

Жабы жылқысы қазақ даласында біржола тұяқ ізін жоғалт­қан жоқ. Біздің білуімізше, іргедегі Пав­лодар, Қарағанды облыс­тарында жабы текті жыл­­қыны асылдандыру жұмыс­тары жүйелі жүргізіліп жатыр. Асылдан­дырудың бас­ты бағыты әр өңір­дің табиғат ерек­­шелігіне орай жүр­гізілсе, ұтым­ды болмақ. Ең үздік жабы айғырларын тұқымдық және өнімдік қасиеттеріне орай облыс­тың әр ауданына тарата оты­рып, таза тұқымды мал өсі­ру әді­сімен өз төлі есебінен көбей­тсе, тәп-тәуір нәтижеге қол жет­кізіп қалар едік.

Заманында жылқы шаруа­шы­лығының сапасын арттыру мақ­сатында селекционер ғалымдар будан­дастыру жұмыстарын кеңінен қолданды. Тіршілік ету ортасына тәп-тәуір бейімделген қазақы жылқы биелерін ірі денелі зауыттық жылқы тұқым­дарының айғырларына қосу арқы­лы қазақы жылқыға қара­ғанда бойшаң, ірі, бейімделу қабілеті олқы соқпайтын будандар да алынды. Қазір одан тара­ған тұқым жаңа көшім жылқы­лары деп аталады. Міне, осылай жабының да жағдайын туғызуға әбден болар еді.

b-baidildaevБайқал БАЙӘДІЛ, «Егемен Қазақстан»  Ақмола облысы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>