Сәдібек Түгел. Көкпар

5781

Қазақтың ұлылығы мен даналығын бүкіл әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт ойындары екені даусыз. Біздің ұлттық ойын­­дарымыздың мың жылдық тарихы бар. Ала­ман бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге, көкпар, қыз қуу, ат үстіндегі сайыс (ауда­­рыспақ ойыны), теңге алу, жамбы ату, қам­шы­­герлік, саясаткерлік, түйе жарыс – желмая, қазақша күрес, жекпе-жек, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлері сонау заманнан бері туған халқымызбен бірге жасап келеді.

Ата-бабаларымыз, әсіресе, «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Көкпар», «Бәйге» сияқты ойындарды ерекше құрметтеген. Солардың ішінде, әрине, көкпардың орны бөлек. «Көкпар» ойынының атауы “көк бөрте” (лақ) сөзінен шыққан. Көкпар – Орталық Азия халық­тары арасында кең тараған ойын түрі. Бұл – шет­сіз-шексіз сары далада мал бағып, көшіп-қонып жүрген көшпелілердің нағыз халықтық думаны. Осы ретте этнограф ғалым, марқұм Ақселеу Сейдім­бектің: «Көкпар – бұл қазақтың ұлттық ойыны, төл мұрасы, ойынның ең мықтысы. Бұған жүректі жігіттер ғана қатысқан. Көкпар – ата-бабаларымыздың асыл аманаты. Ол біз барда бізбен бірге мәңгі жасасып, бірге дамып отырады. Әлем спортында футбол, волейбол, бас­кетбол дегендер бар ғой. Сол сияқты, көкпар деп ат қойып, айдар таққан біздің бабаларымыз», деген сөздері ойға оралады.

Жалпы, көкпар жаппай тарту, дода тарту деген екі түрге бөлінеді. Жаппай тартуда жеке адамдардың қол қайратын, тақым күшін, батылдығын, ептілігін толық көрсетуіне мүмкіндігі бар. Ойынға қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды, жаппай тарту деп аталуы да сондықтан. Мұнда әркім лақты өзі иемденуге тырысады.

Дода тартуда топтар сайысады.

2001 жылы күзде Бішкек қаласында халықаралық «Көкбөрі» федерациясы құрылып, оның жаңа ережесі бекітілді. Бұл көкпардағы үлкен жаңалық еді. Сонда ең алғаш «Қазандық» ережесі енгізілді. Содан бері көкпар ұзындығы 200, ені 80 метрді құрайтын арнайы алаңда өткізілетін болды. «Қазандық» арасындағы ұзындық 120 метр, орталықтан бастап «қазандыққа» дейін 60, «қазандықтан» бастап ойын алаңының сыртқы сызығына дейін 40 метр. Айып алаңы «қазандықтан» бастап 20 метр, орталық және айып алаңындағы шеңбердің диаметрі 8 метр.

Меніңше, көкпар ойынының 2000 жыл­дық тарихын төрт кезеңге бөлу дұрыс.

Бірінші кезең дәуіріміздің VI – XVIII ғасырлары аралығын қамтиды. Түрік қағанаты, Дешті Қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандығының даму тұсы XIII ғасырға созылған көшпенділер спортының қалыптасу кезеңі.

Екінші кезеңі – Ресей империясының қарама­ғында бодан болған тұсымыздағы көкпар­дың дамуы. Толық XVIII-XIX ғасырлар мен XX ғасырдың басына дейінгі 217 жыл. Байтал түгіл бас қайғы болған заман.

Үшінші кезең – Қазан төңкерісі болған 1917 жылдан Кеңес Одағы тараған 1991 жылға дейінгі аралық. Бұл екі кезеңде көкпардың аты сақталғанмен, айтарлықтай дамыды деп айта алмаймыз.

Ең соңғы, төртінші кезең – бұл Қазақ­стан тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16 желтоқса­нынан бүгінгі күнге дейінгі аралық. Ұлттық ойынымыздың жұлдызы жанып, айы оңынан туа бастаған кезеңі.

Бұл сөзімнің дәлелі ретінде, ең алғашқы жетістігімізді айтар едім. 1996 жылы алғаш рет Венгрияда ұйымдастырылған әлем шабандоздарының бірінші фестиваліне қатыстық. Міне, осы додада 23 мемлекеттің арасында дара шығып, бас жүлдені қанжығамызға байладық. Содан бері қажымай-талмай көкпарды өркендетіп келеміз.

Ат спортын насихаттау және дамыту мақсатында кең-байтақ Қазақстанның барлық өңірлерінде болдым. Алтын мәйегіміз – жүздеген қазақ ауылдарындағы атбегілермен, шабандоздармен, көкпаршылармен кездесіп, ұлт спортына байланысты ой бөлістік. Сонда байқағаным, ежелгі ұлттық ат ойындарымыз бүгін де өздерінің мән-мазмұнын жойған жоқ, қайта жаңарып, түрленіп келеді.

Ұлттық ат спорты – береке-бірліктің дәнекері, шеберліктің, шымырлықтың мектебі екенін баса айтқым келеді. Осыған орай Ұлттық ат спорты федерациясы ауқымды шараларға ұйытқы болып келеді. Федерация азаматтары Абылайхан, Абай, Бекет ата, Жамбыл, Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Кенесары, Махамбет, М.Әуезов, Барақ, Есет және басқа да даңқты тұлғаларымыздың мерейтойлары Түркістанның 1500, Тараздың 2000 жылдық мерекелері шеңберінде дүбірлі ат жарыстарын ұйымдастырды. Сонымен бірге, федерация мүшелерінің тікелей қатысуымен жыл сайын Қазақстан мен Орталық Азия атбегілерінің фестивалі, Президент кубогына арналған дәстүрлі ат жарысы, «Ақ бидай» ауыл-село спортшыларының спартакиадасы және елорда күніне арналған ат жарыстары тұрақты өткізіліп тұрады. Тек соңғы үш-төрт жылдың аралығында федерацияның ұйымдастыруымен еліміздің ауыл-селоларында, аудандарында өткізілген 417 ат жарысын, 123 көкпар тартыстарын қалың қауым сүйсіне тамашалады.

Қазір елімізде 12 жылқы зауыты, 19 асыл тұқымды жылқы шаруашылығы жұмыс істейді. Республика көлемінде тек соңғы екі-үш жылда біздің ұсынысымызбен ат спортының сегіз мектебі ашылды. Әрбір облысқа атбасын тірей жүріп, 16 облыстық, 118 аудандық, 1335 ауылдық ат спорты ұйымдарын құруға мұрындық болдық.

Қазір республикалық Ұлттық ат спорты федерациясының құрамында бір миллионнан астам мүше бар. 2000 жылы біздің ұсынысымызбен «Көкбөрі» ассоциациясы дүниеге келді. Осы ассоциацияның бас болуымен Өскемен қаласында 2001жылдың 25-27 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы көкпаршыларының тұңғыш чемпионаты өткізілді. Оған сегіз облыстың құрама командалары қатысып, күш сынасты. Содан бері көкпардан 14 ұлттық чемпионат өткізілді. Қазір біз жастар және жасөспірімдер арасын­дағы жарыстарды да жүйелі өткізіп тұрамыз.

Ат спортының мамандары қазір көкпарды клубтық жүйеге ауыстыру бағытында ұшан-теңіз жұмыс атқаруда. Клубтық жүйеге көшу арқылы ауыл көкпарын жоғары деңгейде алып шығатынымызға сенімдіміз.

2001 жылы құрылтайшыларының бірі Қазақстан болып табылатын Халықаралық «Көкбөрі» федерациясы құрылып, оған әлемнің Жапония, Түркия, Қытай, Ресей, Венгрия сияқты 17 елі мүшелікке енді. Бұл біздің көкпарымыздың әлемдік сипатқа ие болуы деген сөз! Әр жыл өткен сайын Халықаралық «Көкбөрі» федерациясы өз қатарын толықтыра береді. Біздің ендігі мақсатымыз – көкпардан әлем чемпионатын өткізу. Болашақта оны олимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізу. Ол үшін, әрине, көкпарға мемлекеттік қолдау қажет. Тек көкпарға ғана емес, аламан бәйгеге, теңге алу ойындарына да Үкімет назар аударып, қамқорлығына алса нұр үстіне нұр болар еді.

Сүйініштісі сол, елімізде көкпар десе ішкен асын жерге қоятын азаматтар аз емес. Солардың бірі атбегілігіне атақты жазушы Ғабит Мүсірепов тәнті болған Бошай Кітапбаев. Тақымы тастай көкпаршы атанған Тараздағы Нәби Момынов ағамызды да біз әркез мақтаныш етеміз. Кезінде Нәби көкпарға түскенде кеудесіне нан піскен күштілердің өзі тайсақтай ығысып қала бергеніне талай жұрт куә болған. Көкпар десе Нәби аға жердің түбі болса да, ат сабылтып барып, доданың дуын қыздырып, көк серкені бір тақымға іліндірсе, тірі пендеге алдырмайды екен. Бірде «Көршілес қырғыздарда керемет көкпар ұйымдастырылады» дегенді естіп Нәбең үш-төрт үзеңгілестерін ертіп, қырғыз жеріне ат тұяғын іліктірмей ме. Белгіленген уақытта көк серке ортаға тасталады. Содан қырғын дода басталады. Үркердей топтанған қазақ жігіттерінің қолына көкпар тигізбеуді ойлаған қырғыздың намысқой жігіттері барын салып-ақ бақса керек. Сонда серіктерінің сылбыр қимылына күйіп кеткен Нәбең атына дырау қамшыны көміп-көміп алып, қалың доданы жарып кірген дейді. Әлден уақытта қою шаңның жел жағынан серкені салақтата тартып, екі көзі оттай жанып Нәбең суырылып шығыпты. Соңындағы тәмам қырғыз кезек-кезек жармасып, сілкілейді. Жабыла қолдасып та тартқан көрінеді. Нәбеңнің жалғыз қолмен ғана тақымға басқан көкпарын бесін ауғаннан ымырт үйірілгенше қырғыз көкпаршыларының ешбірі жұлып ала алмай пұшайман болып, ақырында Нәбең сол қалпы атбасын Әулиеатаға бұрып, тартып кеткен екен. Ертеректе оның «Апыр-ай, дәл өзімдей көкпар тартар бір ұл бұл елден қашан шығар екен?» деген сөзін жерлестері жиі естіпті. Құ­дайға шүкір, қазір Әулиеата өңірі көкпар тартудан алдына қара салмай тұр. Нәбең арман­даған жүректі де білекті ұлдары алда келеді.

Қазір біздің көкпарды дамытуға қатысты ұсыныстарымыз аздап болса да қолдау табуда. Сол бізді қуантады. Мысалы, соңғы екі жылдың көлемінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры тарапынан ұлттық спортқа өте мол қаражат бөлінуде. Соның нәтижесінде биыл Астана қаласында Азия чемпионаты өткізілді. Біз осыдан 3-4 жыл бұрын ұлттық спортты дамыту туралы заң жобасын жасап, Үкіметке, Парламентке тапсырған едік, алайда, әлі қозғалыс жоқ. Ал «Ұлттық спорттың төрешілері» атты заң жобасы спорт агенттігінде жатыр. Ел газеті «Егемен Қазақстанның» бетінде бірнеше ұсыныс білдіргенді жөн көріп отырмын.

Бірінші, халқымыздың жартысына жуығы ауылда тұрады. Ауылда «Fitness». «Spa» орталықтары, бассейн, гимнастика, аэробика жоқ. Онда көкпар, қыз қуу, аударыспақ, бәйге, күрес, жекпе-жектер бар. Мәселе, осы ойындарды ауыл халқының қажеттілігіне жаратуда болып отыр. Ол үшін елді мекендерде стадиондар, атшабарлар, көкпар, жекпе-жек, күрес алаңдарын салу қажет. Оған біздің Үкіметіміз көңіл бөлуі қажет деп ойлаймын. Ұлттық спорт агенттігін ашу керек. Ұлттық спортқа барынша мол қаражат бөлініп, көмек көрсетілгені дұрыс болар еді. Біздің барлық ұлттық ойындарымыз, оның ішінде, көкпар төрт түліктің төресі – жылқы жануарымен байланысты. Сондықтан да, жылқыға деген көзқарасты түбегейлі өзгерту керек. Қазақстанда жылқы шаруашылығын дамытуға арналған арнаулы бағдарлама қабылданғаны жөн. Бұл жерде, ең бастысы, Қазанатты түлету керек. Өйткені, қазанат – қазақтың қазынасы, халқымыздың қорғаны, айбыны, заманында ел қорғаған батырларымыздың сенімді серігі, қолғанаты болған. Біз Қазанатты түлетсек, бүкіл әлемді өзімізге қаратар едік.

Sadibek T.Сәдібек Түгел, 2013 ж., egemen.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!