Қазақ жылқысының негізі — жабы тұқымы

7923

Жылқы жарықтық Алаш жұр­тына майдан даласында қызмет еткенді­гін, қолтығында қос қанаты бар қазақы жылқының қашса құтылып, қуса жеткендігін, жарақты жауға қарсы шабатынын көне тарихтың көмбесінен білеміз. Қазір қазақ атқа мініп, жау­ға шабайын деп жатқан жоқ қой. Ендігі бізге керегі – етті әрі сүтті тұқым. Оның үстіне жабының қысқа шыдамдылығы жақсы. Ауданымыз­­да жылқы шаруашылығы жақсы да­мыған. Өткен қыс ұзақтығымен, бір­де аяз, бірде көк мұз болып жылқы малына көп қиындық әкелгенін де жақсы білеміз. Дейтұрғанмен Қам­бар атаны өсіріп отырғандар құ­рық ұстап қалған жоқ. Қай округке барсаң да, дала төсін қасиетті жа­н­уардың тұяқтары дүбірге толтыруда.

Қазталов аудандық ауыл шаруашылығы бө­лімінің мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 24 472 бас жылқы малы бар екен. Исатай Абулхатин жетекшілік ететін «Жаңа тұрмыс» өндірістік кооперативі, «Бейназар. Б» және «Қам­қор» шаруа қожалығының жетекшілері Бейбіт Өтеғұлов, Мұрат Хасановтар асыл тұқымды көшім жылқысын өсірумен айналысады. Ал «Миялы» шаруа қожалығының жетекшісі Өтепберген Бекжанов аралас тауарлы жылқы малын өсіруде. Сонымен қатар ауданымызда Нұр­лан Нұғманов («Екпін» ШҚ), Ғайса Жұ­мағалиев («Қарасу» ШҚ), Рауан Есенғалиев («Бақыт жолы» ШҚ) сияқ­ты кәсіп иелері де дала төсін жыл­қы малына толтыруда. Биылғы жыл­дың алты айлық қорытындысы бо­йынша 6578 бас құлын алынған екен. Бұл өткен жылдың осы уақыт­тарымен салыстырғанда 7,2 пайыз­ға артып отыр. Сонымен қатар 2014 жылдан бері 16 шаруашылық 464 бас көшім жылқысын алып, асылдандыру жұмыстарын жүргі­зуді бастаған. Осыны зерделеп қарасақ, ауданымыздағы жылқы шаруа­шылығымен айналысатын шаруа иелерінде қазақтың жабы тұқымдас жылқысы аз сияқты көрінеді де тұ­рады.

Енді сәл шегініс. Сонау Кеңес дә­уірі кезінде жылқы малына деген сұраныстың азайып кеткен уақыт­тың болғаны да бар. Сөйтіп қазақ­тың жабы тұқымы аза бастады. Осын­дай немқұрайлықтың әсерінен бестісі тайдай, тайы жабағыдай, тұқы­мы азған жылқы пайда бола бастады. Құрығы құтты жылқышылар да көп болған жоқ. Барлық назар ақ қойға ауды. Өйткені ол кезде ақ қойдың жүні алтынмен пара-пар еді. Міне, сөйтіп халқымыздың төрт түлігінің бірі Қамбар ата назардан тыс қалға­ны бар. Қазір заман өзгерді. Жыл­қы­ға деген сұраныс күшейді. Осын­дай сұраныс күшейіп тұрғанда, да­­ла­мызды жабы тұқымына толтыру толғағы жеткен мәселе. Ғылыми негіздемеге сүйенсек, жабы – нағыз қазақы жылқы. Өзге жылқылармен салыстырғанда артықшылығы да көп. Ол жыл он екі ай бойы жайылым­да тебіндеп шығады. Тым қатты бо­ран, аяз болмаса, өз күнін өзі көре­ді. Оның үстіне жылқының бұл түрі денесінің ірілігімен ерекшеленеді. Қоңдылығы жағынан алғанда көп жылқыдан бәсі басым. Ірі жылқы­ның салмағы 450-500 келіге дейін жетеді. Ал биелері тәулігіне орта­ша есеппен 5 литрге дейін сүт береді екен. Осындай қазақтың жабы тұқымды жылқысын өсірсе, ырыс босағаңызға келеді деуге болады.

Өткенде жылқы өсірумен айна­лысқанына 150 жыл болған династия «Миялы» шаруа қожалығының жетекшісі Өтепберген Бекжанов­пен кездесіп қалғанымыз бар. Сонда ол:

– Атам, әкем, мен, бүгінде балаларым қасиетті жануарды бағумен ке­леміз. Жылқы – біздің жанымыз. Ал бүгінгі күнде шындығы керек, қазақ­тың жабысы азайып бара жатыр. Тіпті көп адам мұхиттың ар жа­ғынан ағылшын тұқымдастарды әкелуде. Әкелсін, өсірсін, бірақ сар даламен етене байланыстағы жабы тұ­қымынан қашқақтамауымыз керек. Осы күнге дейін халқымыз сол жа­бы тұқымын өсіріп келді, – деді.

Жылқы өсіруден «дала академи­гі» атанған Бекжановтардың сөзіне алып-қосарымыз жоқ.

Серік  ЖҰМАҒАЛИЕВ, Қазталов ауданы.  zhaikpress.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!