Күршімнің 90 жылдығының бас бәйгесі «Дүрияға» бұйырды

IMG_2501

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының құрылғанына 90 жыл толуына арналған торқалы тойдың құрметіне, Сарыөлең ауылы жанындағы бәйге төбеде кілең сүлік мүсін, сайгүліктер жер апшысын қуырды.

Қарғығанда қара тұяғымен қара жерді ошақтың орнындай оятын, шашасына шаң жұқпас тұлпарлар дүбірін тыңдап, жанына қуат алып, бойкүйездіктен арылып, қиқу салып, тамырдағы өзендерді тулату қазақ баласының қанына сіңген қасиет.

Бәйгетөбе басына тізілген автокөлікте сан жоқ. Жазықта жосылған аттар мен қаранөпір халыққа көз сүрінеді. Мінберден даңғайыр сал-серілердің заңды жалғасы Есен Мәженның хабарлауы бойынша, алдымен 15 шақырымдық ат жарысына дайындалған 19 сәйгүлік сап түзеді.

Шабандоздарға Күршім аудандық орталық мешітінің имамы Тілейбек қажы Соянұлы ақ батасын берді. 2,5 км атшабарды алты рет айналып, қатарластарын шаң қаптырған үржарлық Ерасыл Сүлейменовтің «Асқар тау» атты сәйгүлігі I орын жүлдесі – «Гранта» автокөлігіне қол жеткізді. Көкпектілік Руслан Шайырғазиннің «Миладу» аты жүйрігі II орын, күршімдік Нұрлан Қасымхановтың «Қарақұс» атты сәйгүлігі III орынды иеленді.

Көнекөз қария Болат Әлімғожин ақсақалдың батасынан соң, жорға жарысына ауызымен құс тістеген 12 жорға қатысып, «Грантаның» кілтін Сайран Жолдыбаев «Элегант» атты жорғасымен қалтасына салды. Екінші болып күршімдік Балғазы Қадыловтың «Эдельвейсі», үшінші орынды Айдар Сексенбаевтың «Зурна» атты жорғасы иеленді.

Ақын Хәсен Зәкәрияның батасын алып, 21 жүйрік аламанда бақ сынады. Жиналған жұрт тақатсыздана күткен ұлы дүбірде атшабарды он рет айналып шығып, мәре сызығын алдымен қиған «Дүрия» атты сәйгүліктің иесі марқалық Жомарт Сайболатов «Нива» автокөлігінің кілтіне ие болды.  Шемонаихалық Глушков Сергейдің «Релюс» атты тұлпары екінші болып, қытайда өндірілген мотоциклды алды. Күршімдік Әділ Әбікеновтың «Сұңқар» атты жүйрігі үшінші орыннан көрініп ақшалай сыйлыққа ие болды.

Сонымен қатар, көкпарда 1-орын күршімдік Арман Сыбановтың командасы, 2-орынды көкпектілік Қанат Биқатов бастаған спортшылар жеңіп алды. 3-орынға күршімдік Айдын Жиенжанов бастаған жастар қол жеткізді.

«Аударыспақ», «Қыз қуу» сайыстары да аса тартысты өтуімен ел есінде қалды. Азаматтарымыз аттан түспесін!

 Көгедай ШӘМЕРХАН, Күршім ауданы. argymaq.kz

Суреттер автордікі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>