Бауыржан Мырзабаев: Қазақтың нағыз атбегі халық екенін шетелде дәлелдеп жүрген ешкім жоқ

7261

Бауыржан Мырзабаев Еуропаға танымал шабандоз. Алты жылда 2000-ға жуық бәйгеге қатысып, соның 350-ге жуығынан жүлде алған. 1992 жылы Алматы облысында дүниеге келген Бауыржан бүгінде Германияда тұрады. Өткен сенбі күні ол жокейлер арасында «Еуропа чемпионы» атағын жеңіп алды. Қазақ халқының ежелден ат баптаған, тастақым шабандоз ұлт екенін танытып жүрген жерлесімізді бір-екі ауыз әңгімеге тартқан едік.

— Бауыржан, әңгімені әуелі өзіңнің туып өскен жерің, ата-анаң туралы бастасақ.
— Алматы облысы, Кербұлақ ауданы Шұбар ауылында туып өстім. Әке-шешем әлі сол ауылда тұрады. Бір інім, екі қарындасым бар. Інім Чехияда жұмыс істейді. Ал өзім Германияда тұрып жатырмын.

— Атқа шабуды, шабандоздықты қай кезде бастадың?
— Бала кезден ауылда өстім ғой. Өзіміздің үйде азынаулақ жылқымыз болды. Әкем де ара-арасында жүйрік баптайтын еді. Сол арқылы жылқыға, жүйрік атқа деген қызығушылық пайда болып, ол есейе келе кәнігі шабандоздыққа бастау болды. Жеті жасымнан бастап аламанда шабандоз бола бастадым.

Bauyrzhan M.6

— Өзің ат жаратасың ба?
— Жоқ. Ат баптауға мен араласпаймын. Менің қазіргі міндетім тек қана атқа шабу. Яғни шабандоз (жокей) міндетін атқару. Бұл жақта атты өзің баптап, өзің бәйгеге қосып, өзің шаба беруге болмайды. Олай жасауға заңды түрде тыйым салынған.

— Сен қашаннан бері шетелде тұрасың? Еуропаға қалай барып жүрсің? Ол жаққа жокей болуға шақырды ма?
— Негізі 2009 жылдан бері Еуропада тұрамын. Арасында 8 айдай елге барып қайттым. Ал нақты бұл жақтың лицензиясын алып, шабандоз болуды 2012 жылы мамыр айында бастадым. Бұл жақта жокей болу үшін Қазақстаннан адам іздемейді ғой. Осы орайда бұрын Алматы ипподромын басқарған Нұрлан Тілеулесов ағама алғыс айтқым келеді. Кішкентайымнан шабандоз болғым келетінін естіп, осы жақтағы таныстары арқылы мені жіберді. Осында келген соң өзім де қарап жатпай ізденіп, өз-өзімді дамытып шабандоз болдым.

— Германияда тұрасың. Неміс тілін жақсы білесің бе?
— Тым кереметпін деп айта алмаймын. Бірақ өзіме керек дүниелерді сұрап біле аламын. Әлі де үйреніп жүрмін. Ал чех тілін қазақшамен бірдей меңгердім десем болады.

— Еуропа мен Қазақстанның ат баптауында, бәйгесінде айырмашылық бар ма?
— Екі жақтың ат баптауының арасы жер мен көктей ғой. Елде атқораның жағдайының өзі мүлде бөлек, ал мұнда барлығы тек ат үшін жасалған. Тұратын қорасынан бастап, жем-шөп, дәрі-дәрмек, витаминдеріне дейін ең жақсылары таңдалып алынған. Жылқы медицинасы да жақсы дамыған. Қазақстанда біз аттың қай жерінде не болып, қандай жағдайда тұрғанын біле алмаймыз. Бәйгеге қосқанның жөні осы деп міне салып шапқылай бергенге мәзбіз. Шынын айтар болсам, Қазақстанның ұшқыр аттарды баптауы шетелмен салыстырғанда 100 жылға артта қалып қойған деуге болады.

Bauyrzhan M.2

— Қазақстаннан ат апарып, бәйгеге қатысатындар бар ма?
— Ондай бапкер жоқ. Бірақ, осы жақтан сатып алып, осы жақта бәйгеге дайындап қосатын қалталы азаматтар бар. Алайда, жоғары дәрежеде нәтиже көрсетіп жатқаны жоқ. Ал Қазақстаннан ат алып келіп қосып, бұл жақта бәйге алу қиын.

— Таза қандылар мен қазақтың қарапайым жылқысын салыстыру қиын. Дегенмен, біздің бәйге аттарының мүмкіндігімен еуропалық жүйріктерді салыстырып көрдің бе? Қазақ жылқысы несімен артық деп ойлайсың?
— Салыстыруға келмейтін секілді. Себебі елдегі бәйгеге қосылып жүрген жүйріктің барлығы дерлік таза қанды аттар. Бәрін шетелдерден сатып алған. Шетелден апармағандарының өзінің арғы линиясы – әкесі не енесі шетелдік тазақандылар. Қазір аламанға да, ұшқырға да ағылшын аттарын қосатын болды.
Ал салыстыру керек болса, шетелде төртінші-бесінші орын алатын аттар қазіргі кезде Қазақстанға сатылып кетіп жатыр. Бір сөзбен айтқанда, шетелде төмен көрсеткіш көрсеткендер біздің елге барады. Ал қазақы қарапайым жылқымен салыстырар болсақ, қазақы жылқы салт мініп жүруге және соғымдағы қазы-қартасымен ғана алда тұр. Себебі қазақтың қарапайым жылқысы ұшқыр бәйге үшін жаралмаған.

— Бұған дейін қанша бәйгеге қатыстың? Қанша рет «үздік жокей» атағын алдың?
— Қазақстанда жүрген кезде тым жоғары нәтиже көрсеткен жоқпын. Ал осы жаққа келгелі бері 2000-ға жуық бәйгеге қатыстым. Соның 350-ге жуығында ұттым. Әуелі Чехияға келіп, сол жақта шабандоздықты бастадым. Ол жерде 2013, 2014, 2015 – үш жыл қатарынан чемпион болдым. Онда жыл бойы кім ең көп бәйге ұтады, сол жокей чемпион болып саналады. Қазіргі кезде Германиядамын. Бұл жерде чемпион емеспін, бірақ шабандоздардың арасында алғашқы ондықтамын.

Bauyrzhan2

— Қанша шабандоз бар?
— Шабандоз көп. 100-ден аса жокей бар. Ал өткен сенбі күні ұтқан жүлдем «Еуропа чемпионы» атағы (суретте — ред.). Мұнда 15 мемлекет қатысты. Әр мемлекеттен 1 шабандоз қатысады. Мен Қазақстан атынан шықтым. Жылына бір рет қана өтеді. Бір күнде 7 бәйгеге қатысып, содан ең көп ұпай жинаған адам жеңімпаз болады. Ал негізгі чемпионаттың ережесі бойынша жыл бойы қай шабандоз көп бәйге ұтады, жыл соңында сол чемпион атанады. Ат бапкерлері де, аттың иесі де тура осы ереже бойынша жеңімпаз атанады. Жеңімпазға чемпиондық дәреже мен ақшалай сыйлық беріледі.

— Жокей болу мен аламанда шабандоз болудың айырмашылығы бар ма?
— Жокей деген сол шабандоздың халықаралық атауы ғой. Негізі екеуі бір ұғым. Ал біздің аламен бәйге мен шетелдің ұшқыр бәйгесінің айырмашылығы үлкен. Мысалы мұнда қашықтық та, шабандоздың атқа отырысы да, салмағы да, бәрі қатаң тәртіп бойынша есептеледі. Біздің аламанда кімнің шабандозы жеңілдеу, кейде аттың шабысы соған байланысты болып кетеді. Және 18 жасқа толмаған, салмағы жеңіл балалар шаба береді. Ал мына жақта өзіңе арнайы лицензия алып, барлық талаптарын орындап шабуың керек.
Ұшқырда өздеріңіз көріп жүргендей, тәртіп қатаң, ал аламанда баланы мінгізесің де, жібересің. Ол баланың бәйгеге шабуда қанша тәжірибесі бар, қалай шабады – бәрі өзінің үйренгені бойынша ғана. Ондай баладан жауапкершілік те талап ете алмайсың. Және өсіп, салмақ қосқан соң ол атқа шаба алмайды. Не жокей бола алмайды. Белгілі бір уақытта ғана шабандоздықпен айналысады да, соңында қалады. Ары кетсе бапкер болады. Онда да өзінде аты бар болса, әйтпесе сол жас кезінде шабандоз болғанымен ғана қалады. Содан кейін басқа салаға кетуіне тура келеді. Ал ұшқыр бәйгенің шабандозы, яғни жокей болу – барлық талабын орындап отырсаң өмір бойы айналысатын кәсіп.

Bauyrzhan M.3

— Жокей болу үшін қойылатын талаптар жайлы айтсаң? Қандай талаптары бар?
— Әуелі жокейлерді дайындайтын мектепті үш жыл оқып шығасың. Оны бітірген кезде саған дипломның орнына лицензия береді. Лицензия қолыңызға тиген соң ғана сіз жокей бола аласыз. Одан кейін өзің секілді шабандоздар арасындағы бәсекелестіктен озуың керек. Жәй ғана шабандоз болсаңыз сізге ешкім атын бере бермейді. Мысалы, 100 жокей болса, шабатын аттың саны 10-15-ақ. Сондықтан атсыз қалмас үшін өз шеберлігіңізді шыңдай түсуіңіз керек. Атқа дұрыс шаппасаңыз, атпен тіл табыса алмасаңың келесіде ат иесі сізге жүйрігін бермей қояды. Басқа бір жокейге тапсырып жібереді.
Өз басым аптасына үш-төрт күн, күніне 6-7 бәйгеге қатысуға тырысамын. Себебі басты жұмысым сол. Германия, Чехия, Польша, Францияға дейін барып атқа шабамын. Күнім жол мен ат үстінде өтеді.

— Өзің мініп шабатын аттар туралы айтсаң?
— Менде тұрақты ат жоқ. Қазір бір бәйгеге қатысып келсем, келесі бәйгеде қандай атқа шабатынымды өзім білмеймін. Бір апта бұрын бәйгеге қосылатын аттардың тізімі жарияланады. Сол кезде ат бапкерлері менің жеке менеджеріме хабарласады. Бір күнде 6-7 атқа шабатын болсам, барлығының бапкерімен, иесімен келіседі. Ал көптеген бапкерлер мен ат иелері өз атына сай шабандоз іздейді. Тек бәйге кезінде ғана тақымымыз тиіп, басқа уақытта түрін де көрмейтін небір саңлақтар бар.
Өз атқорамызда да жүзге тарта ат бар. Оларға да мініп бәйгеге қатысатын кездерім болады. Бірақ көбінде қай кезде қандай атқа мініп, қандай бәйгеге қатысатынымды өзім де білмеймін. Өйткені алдағы бәйгеде қай елден, қай қаладан қандай ат келетінін, оның қайсысы сенің тақымыңа тиетінін білу қиын. Және ол жерде бірнеше ғана ет емес, тек осы екі-үш атқа ғана шабам дейтін. Жылына 400-500 бәйгеге қатысатын болсам, оған қатысатын аттар да сан алуан болады.

Bauyrzhan M.4

— Бір рет бәйгеге шапқаның үшін қанша төлейді?
— Бір бәйгеге шапқаным үшін 75 эвро төленеді. Оның сыртында әр мемлекеттің өз ережесіне сай алған жүлденің 5 пайызы маған тиесілі. Ал бәйге болмаған күндері жаттығуда боламын. Ол күндерім үшін жеке айлық төленеді.

— Сен жарысқа қатысқан кезде кімнің жүйрігіне мінсең де Қазақстан атынан шығасың ба? Әлде ат иесінің мемлекеті атынан қатысасың ба?
— Жүйрік қай елдікі болса, сол елдің атынан шабамын. Өткен сенбі күнгі бәйге жылына бір рет қана өтетіндіктен, әр жокей өз елінің атынан қатысты.

— Иә, айтпақшы, бос уақытың бола ма, ондай кезде не істейсің?
— Бос уақыт көп болмайды. Әсіресе жазғы бәйге маусымы басталған кезде тіпті уақыт жетіспей кетеді. Мысалы бүгін жаттығудан келдім, ертең тағы жаттығу. Жұма күні осыдан 500 шақырым жерде бір қалада бәйге өтеді соған баруым керек. Сенбі күні де бәйгедемін. Одан кейін осында келіп, жақын жерде бір бәйге бар, жексенбі күні соған қатысамын. Үш күн қатарынан бәйгеде боламын. Бір сөзбен айтқанда, күндіз бәйге, түнде жол үстіндемін. Дүйсенбі ғана демалыс.
Негізі бәйге маусымы аяқталған, қысқы уақытта аздап бос уақыт болып қалады. Ондай кезде уақыт тауып елге, ата-анама барып келуге тырысамын. Болмаса осында ел аралап, қала аралап, қыдырғанды жақсы көремін.

Bauyrzhan M.1

— Күнде атқа шабу шаршатпай ма?
— Атқа шабу болғанда, Қазақстандағыдай 30-40 шақырымға таңнан кешке дейін шапқылай бермейсің ғой. Ұшқыр бәйге болғандықтан, бір бәйге 2-3 минутқа ғана созылады. Сондықтан атқа шабу қиындық тудырмайты, керісінше салмақ ұстау қиын. Күнде жүгіріп, салмақ қуып, диета ұстау керек. Өз басым салмағым тым жеңіл емес, сондықтан үнемі өз-өзімді бабымда ұстауға тырысамын. Атқа шабу деген – адреналин. Бәйгеден ұтқанда елдің бәрі сені қолпаштап жатқан кезде барлық шаршағаныңды ұмытып кетесің.

— Елге келіп, жокей мектебін ашып, жастарды тәрбиелегің келмей ме?
— Қазақстанда осы сала бойынша талантты бала көп. Көмектесіп, тәрбиелеп, жолға салып жіберсе, менен де мықты шабандоздар шығатынына сенімдімін. Өкініштісі сол, оларға бағыт-бағдар беріп, жөн көрсетіп жатқан ешкім жоқ. Оған қаражат жағы да жеткіліксіз.
Ал жокей мектебін ашып, оларға көмек көрсетуге кез келген уақытта дайынмын. Бірақ, жокей мектебін ашпас бұрын, әуелі елдегі ат спортының жағдайын көтеруіміз керек. 30 шақырымға шабу арқылы біз өзіміздің мықтылығымызды ешқашан шетелге дәлелдей алмаймыз. «Қазақ жылқымен бірге жаралған» деп үйде отырып айтқанымызбен, шетелге шығып ешқайсымыз айта алмаймыз. Өзімізбен өзіміз болып қала береміз. Қазақтың нағыз шабандоз, нағыз атбегі халық екенін шетелге келіп ешкім дәлелдеп жатқан жоқ. Ал оны мойындату үшін біз осы ұшқыр бәйгені жетілдіруіміз керек. Содан кейін ғана жокей мектебін ашып, шетелмен бәсекеге түсуімізге болады. Мысалы, әр жылы қыста Дубайда карнабал өтеді. Шет елдерден келіп неше түрлі жүйріктер қатысады. Біздің де тура сондай деңгейде өткізуімізге болады. Ол үшін ұшқыр бәйгені өте жоғары деңгейге көтеруіміз керек.
Содан кейін ғана басқасын қолға алуға болады. Бізде жокейлерді үйрететін адамдар да, мектеп ашамын десе ғимарат та табылады. Тек қаражатқа ғана тіреледі. Дегенмен бұл саланы мемлекет өз қарамағына алса, онда шешімін табар еді. Ондай жағдай болса, талай адамға жұмыс табылар еді, талай қалталы азамат бұл саланың дамуына өздері-ақ жұмыс істейтін еді. Егер үкіметтен қолдау болмаса, ешкім өз қалтасынан шығарып, бұл жұмысты істей қояын демейтіні белгілі. Сол баяғы аламанымызбен айдалада шауып қала береміз.
Бұл саланы дамыту үшін қолға алатын істің бірі — ипподромдар салуымыз керек. Онсыз болмайды. Өз басым, осы іске қаржы құямыз, келіп істе десе кезкелген уақытта барып, қолға алуға дайынмын. Ал әу бастан бастап істеуге әзірге шамамыз келмейді.

Bauyrzhan M.

— Ипподром демекші, елдегі ипподромға қандай баға бересің? Жокей ретінде біраз атшабарларда болған шығарсың Қазақстанда?
— Ипподромдарға баға берген кезде… жамандай берген де жаман екен… Ипподром деп айтуға келетін бір ғана алаң — Алматы ипподромы ғой. Өте жақсы жерге орналасқан, өте жақсы трибунасы бар. Бірақ атшабар жолын жақсартып, трибунасын қайта жөндеуден өткізсе, халықаралық дәрежедегі ипподром ғой. Ал басқа қалалардың атшабарларында болған емеспін. Менің ойымша сол бір ипподромның өзін жақсылап жөндеп, қалпына келтірсе, біраз дәрежесі көтеріліп қалар еді. Мен шабандоздық жолымды сол Алматы атшабарында бастағамын. Ол кезде Нұрлан Тілеулесов басқарып тұрған еді. Өткен жылы қыста барсам, барлығы да ескірген, тозығы жетіп, әрең тұр.

— Дәстүрлі аламанға үйреніп қалған халық ұшқыр бәйгені қызықтай ма?
— Біздің елдегі көп адам ұшқыр қызық емес, бәйге көргендей болмайсың дейді. Оған келісемін. Бәлен ғасыр бойы аламанға шапқан халыққа бір күнде ұшқырды тамашала деу оңай емес. Бірақ шетелмен, ат бәйгесі дамыған елмен бәсекелесеміз десек, өзіміздің нағыз жылқымен бітеқайнасқан ұлт екенімізді танытамыз десек, ұшқырды дамытуға көңіл бөлуіміз керек. Ұшқыр бәйге аттың дәрежесіне көп көмектеседі. Оның сыртында селекция жүріледі. Аламан бәйгеге будандар, таза қандылар, қарапайым қазақы жылқы бәрі қосыла береді. Ал мұнда тек қана паспортпен, ережемен ғана жарысады. Сол үшін бізге ұшқырға қаржы құйып, ұшқырдың бапкерлерін, жокейлерін дайындап, сол арқылы шетелге шығу керек.

— Қандай арманың бар?
— Менің арманыммен ештеңе өзгере қоймас. Дегенмен Құдайдан тілерім бар, бір күні «ат спорты мемлекеттің қарамағына өтті, ақша бөлінеді, осы салаға бір көмегіңді тигіз» деп шақыратын шығар деп ойлаймын. Сол күнді армандаймын. Құдай бұйырса ол күн де болар.

— Уақыт бөліп, сұқбаттасқаныңа рахмет!

Фото: Кейіпкердің жеке қорынан

erzhan-zhaubaiЕржан Жаубай, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!