Жамбыл АРТЫҚБАЕВ. Толыбай сыншы – бағзы оғыз дәуірінің қаһарманы

7271

Қазақ шежіре-аңыздарында ерте заманнан бері елге танылған сыншылар туралы қызықты мәліметтер бар. Бұл адамға ата-анасынан даритын қасиет көшпелі мал баққан ортада тәрбиемен шыңдала түседі. Сыншылық қасиет көшпелі малшы тайпалардың арасында адамға өте биік бедел әкеледі.

Тағдыры да, тарихы да жылқыға байланысты Еуразия ұлы даласының бақташы халықтарының арасында тек сыншылық өнердің ғана емес, сыншылық туралы әңгімелердің де көп сақталуы заңды. Біздің пікірімізше жылқыға қатысты аңыздардың бәрінен де көне дәуірдің иісі шығады. Ал осы сыншылардың ішінде айрықша сыншы деп қазақ аңыздары қанжығалы деген рудың арғы атасы Толыбайды атайды. Енді шежіре қариялардың айтқан әңгімесіне келейік:

«Толыбай ұранды Қанжығалыға ұран болған Толыбай атақты сыншы екен. Жүйрік сынайды екен, сынағаны бір қалт кетпейді екен деседі. Сол Толыбайдың бір жас баласы Қарақалмақ Қатысыбанның ханы Қоңтажының қолына тұтқындыққа түсіп, Қоңтажы қозы бақтыруға бұйырыпты. Көп бала қозы бағып жүрсе, айдалада бір қу бас жатыр екен. Жылқының басы екендігін баланың бәрі таныпты да:

— Тірі күнінде қандай жануар екен? – деп, әрі-бері қарайды екен. Толыбай сыншының баласы тұлпардың басы екенін танып, еңіреп қоя беріпті. Қалмақтың қозы баққан көп баласы ауылдарына айта келіпті:

— Айдалада бір қу басты көріп, қазақ бала жылады! –деп.

Қоңтажы баланы шақырып алып, сұрапты:

— Балам, қу басқа неменесіне жыладың? –деп.

Бала айтыпты:

— Әкем жүйрік сынайтұғын сыншы еді, қазақ жұртына аты аталған, әруағы шашылған, «Толыбай сыншы» – атанған. Айдалада жатқан қу бас жәй жылқының басы емес, тірлігінде дүбірі жер жарған тұлпардың басы екен. Соны көрген соң: «Уай, жарықтығым-ай, сенің тұлпардың басы екендігіңді кім таниды? Менің Толыбай сыншының баласы екендігімді кім таниды?!» — деп, қозы бағып жүргеніме қорланып жылап жіберіппін! — деген соң, Қоңтажы қозы бағудан шығарды, атқа мінгізіп, қасына нөкер қосып:

— Өзіме қараған қырық сан қалмақты аралап таза тұлпардан шыққан жүйрік тауып бер! – деп жіберді. Бала қырық сан қалмақты аралапты, қалмақтың жылқысы топыршық болады екен. «Ат биеден, алып-анадан». «Ат туатұғын бие жоқ, тұлпар қайдан болсын?!»- десіп, жүйрік таба алмай келіпті. «Жүрген-тұрған жолаушыдан, келген-кеткен керуеннен қара!» –деп, бұйырған соң, бір керуеннен аяғы ақсақ, арқасы жауыр, құйрығы шолақ, кестірілмеген бір көк сәурікті: «Тұлпар екен!» –деп, сынап алып келіпті.

Жазғытұрғы уақыт екен, «сүйегі ағарсын, бел қызығын көрсін, көңілі жабырқамай өссін!» – деп, оны бір тоғыз байталға үйірге салыпты.

Шыңына әбден жетіп қалған арықтың бір күнде, бір жылда бойдан арыла қоя ма? Салған жылы бір бие де шығара алмапты. Қыстыгүні үйіріндегі байталдың бірін сойдырып қараса, байталдың жілігінің екібасы түгелімен қаракемік шығыпты.

— Сүйегінің ағарған-ағармағанын осынан байқау керек!-депті.

Көк сәурік келер жылы да бие шығара алмапты. Ол қыста үйірінен бір байталын сойғызып қараса, жілігінін бір басы ақ кемік, бір басының жартысы ақ кемік, жартысы қара кемік болып шығыпты. Үшінші жыл тоғызын түгел буаз қылуға жарапты. Үйірінен бір байталын және сойғызып қараса, бармақтың көлеміндей каракемік табылмапты.

-Сүйегі ағарды. Ал енді ас, тойың болса, жарат та, қоса бер, алдын бермейді. Қырық сан қалмақта мұның алдына түсер жанды қара жоқ!-деген соң, Қонтажының сұраған жанның жалғызына бере алмай отырған жалғыз қызы бар екен. Қызын байға тигізбекші болып, қырық сан қалмаққа сауын айтып, той қылып, балаға:

— Осыны өзің жарат та, өзің шап! — деп, бұйрық қылыпты.

Сонда бала екі бүйіріне қом теңдеп, терін тілімен жалап көріп, терінің ащы дәмі ауызға білінгенде:

— Ащы тері алынды — деп, тезегін қолымен сығып көріп, қолымен сыққан тезектен дым табылмағанда «қу тезек болды» — депті.

Тойдың атшабар күні болғанда, мейлінше алыстан айдатып, бала өзі мініп шауып, ұшқан құс, жүгірген аң да ілесе алмайтын күйіне түскен екен. Жападан-жалғыз келе жатыр дейді. Қарақшыға жете бергенде:

— «Жылқы үйірін сағынса, құлақ басын қағынар, ер үйірін сағынса, айыл-тұрман тағынар» — деген осы болатұғын. Қой, хош-аман болыңдар!-деп, Сарыарқа, қайдасың?! — деп, жөнеле беріпті.

Жабыла қуғанмен жалғыз жан қарасын көре ала ма?! Бір буаз биелі көпке шейін жалбаңдап алысыпты. «Ішіндегі кұлынынан айрылып қаласың»- десе де, қалмапты. Бір уақытта кұлынын атып жіберіп, қалта қарап тұра қалыпты. Сөйтсе, жануардың өзінен шыққан бие екен, ішіндегі кұлынның буы екен.

Бала құтылып, жазы жапанға шығып кетті. Басын тартып тоқтатуға әл қайда, дәрмен қайда, екі қолы қарысып, ұшқан кұспен жарысып, қатарласқанның бәрі де әудем жер бармай, кейін қалысып, баланың екі көзінен Сарыарқаның әр төбесін бір көрген сайын жас парлап: «Осы көріп келе жатқаным өңім бе, түсім бе, Құдай?!»-деп, зарлап келе жатқанда, қас қарайып, түн болыпты.

Үйде бойжеткен жалғыз апасы бар екен. Апасының түсіне кіріпті. Бұл жауға түсіп кеткенде, оң жақта айттырып қойған қалыңдығы бар екен. «Отауыңды оң жағыма түсіріп, жанымды ағартамын», «Қуыс үй құр тұрмас»- деген сөз бар еді. Үйдің тілеуі-құлын жасында қосағынан айрылған келінімнің тілеуі неге бос қалсын?!- деп, отауын түсіріп, апасы:

— Жалғызым есепті: бауырыма басып жатып, ұйықтамасам, ұйқым келмейді — деп, отауда жалғыз інісінің қалындығын бауырына басып жатып ұйықтайды екен. Түн ішінде оянып, төсекте жатқан әкесіне жүгіріп келді дейді:

— Сүйінші, сүйінші, әкеке, жалғызым түсіме кірді: «Қалмақтан аман-есен құтылдым, мінгенім – тұлпар — дейді.- Бұл Арқаға токтайтын емес. Екі үйдің арасынан жібек арқан құр!» — дейді, — деген соң, әкесі:

— Түсің шын, қарағым, тұлпардың дүбірі құлағыма келіп жатыр еді. Бұл Сарыарқада кайдан болсын, не ала жүрсін?! — деп, басымды көтермей жатыр едім! — деп, ұшып тұра келіп, жалма-жан жібек арқанды құрып байласымен, арқанға келіп килігіп, лықсып қалғанда, бала түсіп қалды да, арқан шарт етіп үзіліп, тұлпар кете берді. Толыбай сыншы артқы жағынан көріп қалып:

— Тұлпардың өзі емес екен. Су тұлпарының айғырының су биесіне шапқанын көріп, сүйініп, бойы еміренген екен, қыр биесінің құлыны екен. Бұл суға түсіп кете алмайды. Алдында көлденең Күркілдектің суы бар, соған барып тоқтайды- депті .

Бала аман-есен үйіріне қосылды. Құдай пендесінің үмітін жаумид қылмайды. Бәрінің де ойлағаны болды. Толыбай сыншының айтқанындай, тұлпар Күркілдектің бойына барып тоқтапты. Сонда сол маңайда Ұлы жүз Үйсін-Қасқарау байдың ауылы бар екен. Өзін ұстап алу қайда, тағы болып, су басында жүргенін көрген соң, Қаскарау бай бес байталды оңаша тастап, сол бес байталға шапқан екен. Қыпшақ Қарабалық-Алданазар паң бала күні екен де, өзі Қасқарауға жиен екен. Нағашысына барып:

— Не қалағаның болса, ал! — десе, алмай, жиендік қылып, бес байталдың бірін буаз күнінде алып қашып кеткен екен де, артынан Қасқарау қумайды да, зерттемейді. Қазақтың бұрыннан жиендік қылатұғын ғұрып-ғадеті болғандықтан, сол байтал еркек құлын тауып, өскен соң, үйірге салып, Алданазар ханның жылқысы шетінен туа жүйрік бола бастағаны сол екен.

Сонан соң мұның жылқысынан тұқым алу үшін құда болмаған қазақ жоқ. Бұл Орта жүзде болған жүйріктің түп негізі сол Алданазар ханға барысып тиянақтайды. Онан соң Қасқарау деген елдің аты қосылған жерде өзге ел бәйге алмайды. Және күні бүгінге дейін өзге елге қарағанда, Қасқарау жылқысы жүйрік келеді. «Қуандық аты тұрғанда, біздің Сүйіндікке бәйге жоқ. Қасқараудың жылқы тұқымын алған Қарсұн-Керней аты келген жерде Қуандыққа бәйге жоқ. Қасқараудың өзімен аралас аста Қарсұн-Керней атына бәйге жоқ» (1, 6 т, 91-93 бб.).

— Бұл қай заманның әңгімесі, біздің атамыз Толыбай сыншы қай ханның заманында өмір сүрген?

— Біріншіден, егер біз қазіргі қанжығалы аталатын рудың ата тарататын ақсақалдарынан сұрасақ, олар Толыбай сыншы біздің он төрт-он бесінші атамыз дейді. Бірақ шежіреге қарағанда ертеде өмір сүрсе керек, себебі шежіре айтушылар ата таратқанда атағы шыққандарын ғана ауызға алып, көпшілігін тастап кетеді.

Екіншіден, тағы бір әңгімелерде Толыбайдың «Қанжығалы» аталатын себебі оның жасында ерлікті көп көрсетіп ханның жығасын кигенінде дейді. «Жыға» деген ерте заманда ел билеуші сұлтандардың, батырлардың басындағы бөркіне бекітілген қауырсын. Оны бұрын не алтыннан, не күмістен жасап батырлар басындағы дулығаға бекітіп алады. Осы Толыбай бабамыз қазақтың ішінде алғаш бас киіміне алтын жыға таққан екен деп әңгімелейді біздің қазақтың қариялары. Сол себепті Толыбайдан тараған ел «қанжығалы» атанады-мыс.

Осы жорамалдарды нысана қылып аздап тарихи есеп жасап көрейік. Егер Толыбай сыншы біздің заманымыздан он төрт-он бес ата бұрын өмір сүрсе, оның өмір сүрген жылдары шамамен ХY-ХYІ ғасырлар болып шығады. Бұл әңгіме ешқандай қисынға келмейтіні белгілі. Себебі қанжығалы аталатын ру тек қазақтың ғана құрамында емес, өзге де толып жатқан түркі тілдес елдердің ішінде бар. Ендеше қанжығалы аталатын елдің тарихын Қазақ хандығына дейінгі уақыттан іздеу керек. Ал егер Қанжығалы Уыз ханның заманында, осыншама ерте заманда өмір сүрсе, оның тұқым- жұрағаты да соншалықты мол болуы керек.

Жоғарыда баяндалған аңыз түрік халықтары әлі ыдырамай тұрған, біртұтас Тұран мәдениетінің ескерткіші. Оны біз бірнеше мысалмен дәлелдей аламыз. 1910 жылы алтайлық Павел Тюхтенев орыс зерттеушісі А.В.Анохинге айтқан аңыздарының ішінде мынадай бір қызықты сюжет бар:

«Один юноша-алтаец, сын богатых родителей, попавши в плен, пас стада у своего поработителя казаха. Скучая по своей родине, он слагал песни о ней, часто пел их, когда удалялся от аилов в степь стадами своего гсоподина. Скоро об этом узнал господин, которому донесли его прислужники. «О чем ты поешь в своих песнях ?» спросил юношу-алтайца казах. «По конскому калу, который плывет по волнам Иртыша, я вижу, что в твоих стадах есть аргымак», -сказал юноша. –«В стадах отца моего в Алтае много аргымаков, там я научился распозновать их от обыкновенных лошадей».

Обрадовался поработитель, что в его табуне есть аргымак, и велел собрать стада к аилу. Перед глазами юноши пробежали все лошади одна за другой, но среди них он не нашел аргымака. «В твоих стадах еще должны быть лошади»,-сказал юноша. Уязвленный чувством разочарования, поработитель велел привести последнюю лошадь-клячу-согум, на которой пастух –старик пас стада, и сказал юноше: «Неужели ты думаешь, эта кляча и есть аргымак?».

Юноша на глазах присутствующих положил наперевес на спину клячи мешок с песком, сел на нее и сделал несколько кругов, постепенно высыпая песок из мешка. Лошадь с каждым новым кругом делалась бодрее и бодрее, и наконец при последней горсти песка достигла необычайной быстроты бега. От удивления присутствующие пришли в оцепенение. Юноша воспользовался этой минутой и помчался на аргымаке в горы Алтая, на свою родину. В один день пробежал он все прсотранство, разделявшее аилы поработителя-казаха от аилов его родины.

В этот день отец юноши собрал к себе гостей, с которыми делился своим горем о плененном сыне. При наступлении вечера отец юноши насторожил свой слух, говорит: «Чу, я слышу топот копыт аргымака. Это непременно из плена едет мой сын».

Большой толпой хозяин и гости вышли из аила и действительно увидели подьезжающего пленника на аргымаке. Горе родителей сменилось на радость. В благодарность за услуги юноша отпустил аргымака на волю, который направился к степям своей родины, к Иртышу. Он проходил Кенгинскую долину, здесь останавившись, валялся и, по поверьям алтайцев, оставил после себя счастье «сус» на скот. Почему до сих пор в этой долине в большом количестве плодятся лошади» (2,с.254).

Бұл аңыз тек алтайлықтардың арасында ғана емес, Орталық Азияның көптеген түрік-моңғол тектес елдерінде кездеседі. Адам аттары өзгергенімен, аңыздың түп нұсқасы барлық жерде бір, яғни Толыбай сыншы туралы аңыз Еуразиялық түрік халықтарының ортақ қазынасы. Біздің ойымызша ең толық нұсқасы жоғарыда келтірілген қазақ аңызы, бір қызығы қазақ нұсқасы «Көрұғлы» жырының алғашқы бөліміндегі негізгі арқау. Ендеше қазақ арасындағы «Толыбай сыншы туралы аңыздың шыққан уақыты тым әрі, тіпті хетта елінің атақты ат бапкері, ат сейіс Кеккули (Қиқулы) мен Толыбай арасында бізге беймәлім байланыс болуы да мүмкін. Ең бастысы тұлпарға байланысты әңгімеде су (Ертіс, Күркілдек т.б.) айтылады. Тұлпардың айғырының (суын) судан (теңізден, мұхиттан) шығуы, немесе қайта суға түсіп кетуі қазақ мифтерінің әлі де зерттелмеген тамаша тақырыптарының бірі.

Әдебиеттер:

1. Көпейұлы М.Ж. Шығармалары. т.9. 64-72 бб. Павлодар, 2013.

2. Октябрьская И.В. Стратегии взаимодействия в пограничных районах Южной Сибири сквозь призму этнического сознания//Народонасление Сибири: стратегии и практики межкультурной коммуникации (ХУІІ-начало ХХ века). Новосибирсск, 2008.

ArtyqbaevТарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, argymaq.kz

Негізгі фото: Behance

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!