Тәкеннің тарланбозы

Taken_Alimkulov

(Классик жазушы Тәкен Әлімқұловтың әуестігі қақында)

Кезінде Тәттімбет, Сүгір сынды күй сүлейлерінің сарындарын «Тор-тори-тори-тори-ай!» дегізіп проза тілінде бейнелеген Тәкен Әлімқұлов ағамыз: «Егер мен қолымнан келсе күй шығарар едім. Себебі, өнер атаулының ішінде мәңгі жасайтын күй ғана!» депті. Бұдан өзі де талай ғұмырлы шығармалар туғызған көрнекті қаламгердің көптен музыка жазуға тіс батпады» деген өкініші аңғарылады. Бірақ бірқатар әңгіме-хикаяттарында көрініс беретіндігіндей, жазушының күй құдіретін терең түсінумен бірге өзінің де домбыраны бір кісідей тартқанын байқайсыз.

Сол Тәкеннің домбырасы қазір Ықылас атындағы республикалық халық саз аспаптар мұражайында сақтаулы тұр.

Тәкен ағаның үйіндегі Есімгүл жеңгейдің айтуынша, Абай, Махамбет, Ықылас, Сәкен, Әбікендей тұлғалар портретінің галереясын жасап, ғұмыр бойы тұлпарлар тағдырына қызыққан жазушының әуестігі көп болған. Мысалы, жиырма жеті жыл өмірі Мәскеуде өткен Тәкең сенбі сайын міндетті түрде ипподромға барып жүріпті.

– Тәкенмен жиырма екі жылға жуық отасқан мен жылқы десе жанын үзетін жолдасымның жанында жүріп өзімнің де атқұмар болып кеткенімді байқамаппын, – дейді жеңгей. – Жұма күндері қалың кезекке тұрып, ат жарыс бағдарламаларын әкелу менің міндетіме кіріп кеткен еді. Сол бір жылдары Тәкеннің Мәскеудегі Әдебиет институтында оқитын Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази, Бек Тоғысбай секілді інілерін де қояр да қоймай ипподромға ертіп апарып жүретіні есімде…

Онда таңдаған аттың бәсіне тігілетін бір карточка елу сом тұрады екен. Әшейінде маң-маң басып, сабырдан шақпайтын Тәкен аға жарыс басталар кезде дегбірсізденіп, әлгі қағаздың онын бір-ақ алатын көрінеді. Ол тұста бес жүз сом – орта есеппен үш-төрт адамның айлығындай недәуір қаржы. Дегенмен, ағайға қосылып қазбаланып кететін жеңешеміз мұндайда сараңдықты ұмытатынын айтады. Одан соң өмірін атсыз елестете алмайтын жұбайының қолын қақпауды жөн көрген. Ғажап болғанда, ат танитын Тәкеннің «нартәуекел» нәтижесінде көбіне ұтысқа шығып, әжептәуір «байып» та қайтатын сәттер бар…

Тәкен Әлімқұловтың тағы бір ермегі – футбол екен. Нақтырағы, ол Мәскеу «Спартагының» керемет жанкүйері. Стадионға барғанда да ағамыз жеңгейсіз жүрмеген секілді. Алматыда болса, допты хоккейден «Динамо» командасының ойынын ұнатқан.

Кейде көңілі жақын дос-жаран немесе әріптестерімен преферанс ойнаудан тартынбаған. Өзін мықты ойыншылардың қатарына қоятын көрінеді. Егер ойыннан тартынса, Тәкеңнің қарсылыстарын менсіне қоймағаны білінген…

Бірқатар көзкөргендер Тәкеннің қазіргі Қабанбай батыр мен Шоқан Уәлиханов көшелерінің қиылысында орналасқан шахмат клубы мен Орталық демалыс бағына барып ақшаға шахмат ойнауды қалағанын айтады. Жазушы жеңілуді ұнатпаған. Ұтылып бара жатса түсі күреңденіп, булығып отырады екен. Ондай мінезін жазушының өзі де білген. «Мен ашулансам да, қуансам да жүзіме лып етіп шығатын сезімді жасыра алмай қаламын» депті.

Таңертеңгі сағат тоғыздан түскі үшке дейін жұмыс істеуге дағдыланған қаламгер бұдан соң кейде қас қарайғанша достарымен қауышып, бірер саптыаяқ қою сырадан тартып қайтудан тартынбаған. Шайды да ащы қылып ішкен.

Есімқұл жеңгей ерінің адам танығыштық қасиетіне ұдайы таңырқаған. Сезімтал суреткер кездескен кісісінің кім екенін бір көргеннен-ақ жазбай таниды екен. Жазушының көп қасиеті өзге балаларына жұқпай, тек немересі Жәнелге дарығандай. Ол да өте жас болса да өлең жазады, музыкаға әуес..

***

Мұражайдағы Тәкенннің шыны астына ілінген боз домбырасына қарап тұрып ойға батамын. Өнерге, өмірге ғашық болып өткен жанның қаншама жылдар жан серігі болған аспап бір сәт иесін жоқтап мұңайғандай болады. Бұл да тағдыры күрделі қожайынымен талай-талай мұң бөліскен тарланбоз ғой.

Құлаққа тұлпарлар тұяғының дүбірі келеді.

Құлтөлеу Мұқаштың ақын Несіпбек Айтұлының ермегі жайлы жазған мақаласы мына жерде.

M.KyltoleuҚұлтөлеу Мұқаш, «Қазақ Әдебиеті». 2001.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>