Мұхтархан Ділдәбеков: Жастар үшін жаппай көкпар – тәжірибе алаңы

5213

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен кездесу барысында республикалық «Көкпар» федерациясының басшысы елімізде көкпар өнерін дамытуға уәде берді.

«Көкпардың қазандығы туралы айтып жатырмыз ғой. Қазандыққа салу немесе салмау туралы көкпар ойнайтын әр мемлекеттің өз ережесі бар. Көкпар ғана емес, әр спорттың өзіндік қатері бар екенін ескеру керек. Шаңғы болсын, биікке секіру болсын — әр спортта қауіп аз емес. Сондықтан, менің ойымша, егер қазандыққа салу туралы шешім шығып жатса, оны трагедия қылудың қажеті жоқ», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Өз кезегінде федерация басшысы елдегі командалық көкпарды дамытуға бар күшін салатынын айтты.

«Бала кезден көкпар тартып, кейін облыс орталығы Шымкентке келіп бокстастық. Осы 7-8 жылдың ішінде бокс мектебінде жұмыс істеп келе жатырмын. Сонымен бірге, көкпарды да игереміз деген үміттеміз. Көкпаршыға ойын кезінде жан-жақты мықтылық керек. Өзіңіздің қолдауыңызбен көкпарды көтеріп, 2021 жылғы Ұлттық олимпиадада жақсы нәтиже көрсетеміз деген ниеттеміз», — деді Мұхтархан Ділдәбеков министрге.

Сонымен қатар, Мұхтархан Ділдәбеков жаппай көкпардың мәселесіне де тоқталды.

«Қазіргі уақытта, әсіресе Оңтүстік өңірде жаппай көкпар жақсы қарқын алып келеді. Өзіміз де бұл көкпардың сан додасына түскенбіз. Менің ойымша жаппай көкпарға еркіндік берген де дұрыс. Себебі болашақ мықты көкпаршы сол жаппай көкпардан суырылып шығады. Тәрбие көреді, әдіс-айла үйреніп, тәжірибе жинақтайтын болады. Сондықтан жаппай көкпардың болғаны бізге де тиімді» — деді ол.

Еске сала кетейік, бүгінгі таңда ұлттық ойындарымызды халық арасында кеңінен насихаттау, көкпар ойынының техникасы мен шеберлігін игеруге жастарымыздың қызығушылығын арттыру маңызды болып отыр. Осы мақсатта, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығымен бірлесе елімізде республикалық, халықаралық жарыстарды ұйымдастырып келеді.

Астана, Алматы қалалары мен еліміздің 14 облысында көкпар командалары құрылған.

2018 жылы көкпардан ересектер арасында XVIIІ Қазақстан Республикасының чемпионаты, ХІV жастар арасындағы чемпионат пен VІІ жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты өтті.

Қазақстан Республикасының көкпардан құрама командасы 2018 жылғы 2-8 қыркүйекте өткен ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында (Қырғызстан) 3 орынды иеленді.

Көкпардан ел аумағында өткізілген халықаралық жарыстар:

І Ашық Азия чемпионаты – 2013 жыл (Қазақстан, Астана қаласы).

Чемпионат нәтижесі:

І орын – Қазақстан, ІІ орын – Қырғызстан, ІІІ орын – Тәжікстан.

І Әлем чемпионаты – 2017 жыл (Қазақстан, Астана қаласы)..

Чемпионат нәтижесі:

І орын – Қазақстан, ІІ орын – Қырғызстан, ІІІ орын – Тәжікстан.

2013 жылы І Ашық Азия чемпионатына 8 мемлекет (Қазақстан, Түркия, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан) қатысса, 2017 жылы І Әлем чемпионатына 11 мемлекет (Қазақстан, Түркия, АҚШ, Венгрия, Ресей, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан) қатысты.

2017 жылы ұлттық спорт түрлерімен 343 303 адам айналысты,   ол жалпы елімізде дене шынықтырумен және спортпен айналысқандардың 6,1% құрады.

Оның ішінде көкпармен айналысушылар саны — 29 024 адамды құрайды.

Спорт секцияларының саны – 562.

Елімізде көкпар спорты оңтүстік өңірлерде, атап айтқанда Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында жақсы дамыған.

Түркістан облысы – 15761 адам, Жамбыл облысы – 2645, Алматы облысы – 4345 адам көкпар ойнайды.

Солтүстік өңірде көкпар соңғы жылдары қарқын алып келеді, атап айтқанда Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары біршама оң нәтиже көрсетуде.

Солтүстік Қазақстан облысы – 590 адам, Ақмола облысы – 560 адам көкпармен айналысады.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!