«Бәйге» федерациясының басшысы тағайындалды

4926

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен еліміздің тәжірибелі атбегілері Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын талқылады. Жиын соңында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының және республикалық «Бәйге» федерациясының басшылық құрамындағы өзгерістер таныстырылды.

Алматы қаласындағы «InterContinental Almaty» қонақ үйінің конференц-залында өткен жиынға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков, ҚР Мәжіліс депутаты, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан қатысты. Басқосудың басты тақырыбы – Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы.

Жиын төрағасы Бекболат Тілеухан: «Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – ұлт рухының айрықша салтанат құруына негіз болған ерекше уақиға екенін атбегілерге айта келіп: «Санаға сіңісті болған сөз орамдары – ұлттық болмысыңның ұстыны. Тарихи сана қалыптаспай, мемлекетшілдік сана орнықпасы белгілі. Ал тарихи сананың тұғыры қашанда ұлттық болмыстан. Әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипатыңды сақтай отыра ілесу Елбасы мақаласының негізі өзегі деп түсінеміз. Осындай игі бастамаға атсалысу – әрқайсымыздың қастерлі міндетіміз» деп, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы туралы ойларын кең көлемде түсіндіріп өтті.

«Көшпелілердің атқа міну мәдениеті» деген атаумен өткен басқосуда білікті атбегілер де «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Атбегілер Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Ұлттық спорттың жандануына, оның ішінде бәйге саласының қарқынды дамуына көптеген мүмкіндіктер тудырып тұрғанына баса назар аудару қажеттігіне тоқталды.

Жиын соңында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан Қауымдастықтың және республикалық «Бәйге» федерациясының басшылық құрамындағы өзгерістерді ортаға салды. Құрылтайшылардың жалпы жиналысының хаттамасына сәйкес тағайындалған республикалық «Бәйге» федерациясының жаңа президенті таныстырылды. Сөйтіп, еліміздің танымал атбегілері келісімімен бұған дейін бірнеше жыл ішкі істер, прокуратура саласында қызмет атқарған, кәсіпкер Нұрбол Болатұлы Назарбаев ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті және республикалық «Бәйге» федерациясының президенті болып тағайындалды.

Төлеген ЖӘКІТАЙ

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!