Жәди ШӘКЕНҰЛЫ. Ақ тұлпар кісінейді

6971

(Алтай аңызы)

Құй сеніңіз, құй сенбеңіз жирманшы ғасырдың сексенінші жылдарында Шығыс Түркістан даласында әйгілі өр Алтай жерінде мынадай оқиға болды.
Сіркелеп жауған ақ жаңбырдың аяғы бозғылт тұманға ұласты. Сай тағанынан сүзіле көшкен ұлпа тұман тау алқымын орай аспан бұлтымен астасты.
Кенет!Кенет, өр Алтай аспаны айғай шуға басып, зілзала болғандай аласапыран күй кешті. Дүркіреген жылқы тұяғының өткір даусы төбені тесердей, боздаған ботаның үні сай-сүйекті сырқыратты. Аттандаған ұрандар, айғайлаған ойбайлар елдің есін алды. Жайлауға енді ғана керегесін жайған елдің иманын үйіріп Аллаға сыйынғаннан басқа қолынан келері шамалы еді.
– СүбіһанАлла, сүбіһанАлла.
– Бисмилла, бисмилла, Құдай сақтасын!
Бұл жердегілердің мінажаты.
Ал аспан!
Аспан әлемінде бозғылт тұман арасында, ақбоз ат, кәдімгі ақ тұлпар. Ақ тұлпар болғанда қардан ойып жасалғандай немесе ақ ірімшіктен құйғандай суретке бергісіз мүсін. Жоқ, мүсін емес, үстінде қазақы керей ер тоқымы, басында ноқта, жүген-тұрманы түгел, әбзелі айшықты, шылбырын сүйреткен, бірақ сауырында қызыл шұбар меңі бар, жоқ, жоқ мең емес сауырында қатқан, ұйыған қан дағы бар, ақ тұлпар, атойлап шапқылап, арқырай кісінейді. Иесіз ақ тұлпар!
Одан әрі түйелі керуен, бая атандардың ащы бақырғаны, сәбидің шырқырай жылағаны, көштен ұзай үріккен жылқы үйірі.
Шалдар жағасын ұстап, көздерін бақырайта қарады. Кемпірлер көзінің былшығын тырмалап қайта-қайта күн салып қарады. Жігіттер әлде кім кино қойып жатқандай айналасына да, аспанға да алақтай қарады. Балалар аспан мен жердің арасын ұмытып, тау төсесінде көш жүргендей – ақ тұлпарға қызыға қарады. Әр шаңырақтан қоңырсыған майдық исі бұрқырап, әжелер үйді айнала ақ құйып жүгіреді.
Шекара қарауылдары телеграф құлағына жармасып: «Бұл – «Қаршыға», бұл – «Қаршыға» жеріміздің батыс солтүстік шекарасында «х» бойлық, «у» ендікте, Монғолия шекарасына жақын өңірде, белгісіз ұшпа денелер көрінді. Шет елдердің осы заманғы соғыс өнерінің жаңа техникасы емес пе?..» деп қақсап жатты.
Әркімнің-ақ Алласы есіне түсті. Басы ауырмаса Құдайын ұмытып, қымыздың желігімен аттыға жол, жаяуға сөз бермейтін шешендер мен көсемдердің ендігі үрейі тіпті басым.
– Алланың кәріне жолықтық!
– Құдайдың бес парызы түгіл, аруақ атын да ұмыта бастап едік…
– Бұл елдің қайыр, зекет, садақаны ұмытқаны қашан?!
– Иә, Алла, ақ сарбас, тарттым тамағынан! Тасаттық атадым.
– Заман ақыры деген осы, көктен Қайса түседі, жерден Мәді шығады!
– Діліміз бен тіліміздің кәпірлесіп кеткенінің сазайы бұл!
Жердегілердің тәубасын онан әрі есіне түсірейін дегендей ақ тұлпардың дәу тұлғасы таулар төбесінде, аспан аясында, боз тұманның арасында ағараңдап, кісінеген үні алты қабат аспан мен жеті қабат жерді тітіретті. Иесін іздейді.
Ақ тұлпардың иесі кім?..

* * *

Qareke

– Ақ тұлпардың иесі Қареке.
– Қареке кім?
– Қареке ме, ол былай әңгіме.
Қылышынан қан тамған Шыңғысханды адам етіп ақыл айтқанда, алтын таққа отырғызып хан сайлағанда керей ханы мен оның қол астындағы Қареке сияқты батырлар еді. Бірақ, Шыңғысхан керейлерді торғайдай тоздырды. Керегесін отын еткісі, қыздарын қатын еткісі, туырлығын тоқым еткісі келді.
Толарсағынан қан кешіп қарсыласының бас атаманы Қареке болды. Астында ақбоз, кәдімгі ақ тұлпар, атса оқ дарымайды, шапса қылыш дарымайды. Қалқанына ай қонақтап, найзасында жұлдыз ойнайды. Шыңғысхан басын шапсам деп еді шаба алмады. «Әттең, кеудесін жарып, жүрегін жер ме еді, мүмкін түк, мүмкін мүйізден жаралған» деп армандады. Жете алмады. Әлдебір жерінен жараланған батырды қаптаған қара құрым жау шерігі қара Ертістің жағасындағы биік жартасқа қамады. Алдында қабат-қабат темір тор – басынан бақайшығына дейін көкала болат құрсанған Шыңғысханның ең таңдаулы шеп бұзар батырлары. Артында бірнеше арқан бойы тереңдікте шымырлап қайнап жатқан қара қазан – Өр Алтайдың Қара Ертісі.
Жау шебі ортасынан қақ айырылып артындағы әміршіге жол берді. Айбатты хан қарқылдай күлді.
– Қареке, жаныңды бұлайша қинамай ертерек берілгенің жөн еді. Қаншама хандықты ат тұяғымен таптап келген мыңдаған батырымның қанына ортақ болдың. Мен сені сонда да кештім. Сен маған тірідей керексің.
Қарсыдан да қарқылдаған күлкі естілді. Үстіне құрыш тұлғаны қондырған ақбоз ат шыр айналды. Саңқылдаған дауыс Алтай аспанын жаңғырықтырып, тау қойнауын сілкілеп жіберді.
– Ақымақ, ақымақ, сен жатырына шапқан жаман айғырсың. Мен еркекпін – бір-ақ рет туамын, бір-ақ рет өлемін.
Неше мың жебенің тұмсығы Қарекеге оқталды. Хан қолын көтерді. Жебелер түсірілді. Ханның аузы қапелімде буылды. Көз алдында басқа дүние.
Ақ тұлпар самұрыққа айналған, үстінде жайраң қаққан, жоқ, ажуа, мысқыл, кекесінмен кеудесін көтере қараған кәдімгі қара қазақ – Қареке тұлғасы Қара Ертіске ұшып барады.
Мың сан жасақ жартас төбесінен төне үңілді. Қареке Ертістің арғы жағасына жетпей суға түсті. Ақ тұлпар жағалауға шығып дүр-дүр сілкінді. Тағы да мың сан жебе Қарекені нысанаға алды. Хан қолын көтеріп, жебе тағы түсірілді. Алты қарыс азуын айға жаныған атақты жаһангер тұңғыш рет, әрі ең соңғы рет өз бармағын өзі тістеп қанатты.
Сонан бастап Қарекені де, ақ тұлпарды да ешкім көрмеген.
Ақ тұлпар Қарекенікі.
Алтай аспанында ақ тұлпар кісінейді.

***

585389b6d7989081f501ec0cf15bef9b

– Ақ тұлпардың иесі Ызғұтты.
–Ызғұтты кім?
– Ызғұтты ма, ол былай әңгіме:
–Жоңғарлар жеңілген соң Ер Жәнібек бастаған батырлар ежелгі ата-мекені Алтайды қайта уысына алған. Өр Алтайға бастаған көш Ызғұтты батыр бастаған Беген ауылынікі еді.
Өр Алтайдың Қара сеңгір аталатын жеріне тұмсық тіреген алғашқы ауыл ата-бабасының күл төгеріне аунап, жерге айналған молаларының басына барып ас берді. Дүбірлетіп той жасады.
Саранасы жүректей,
Сарымсағы білектей,
Тарбығасы сиырдай,
Тас бастауы қымыздай,
Қайран Алтай қалдың ба, – деп жылап бара жатқан Жоңғардың соңғы қалдығы тағы бір қайыра қылыш сітеудің қапысын тапты.
Ақ тойдың арты қызыл қанға ұласты. Жер қайыстырған қалың жау алаңсыз жатқан ауылды басып қалды.
Ақ тұлпарының шылбырын жамбасына басып жатпаса ұйқысы келмейтін Ызғұттының өзі әрең бас көтерді. Қара нөпір жау тобының арасында қойға араласқан ақ қасқырдай ақ сайтан ойнайды – ақ тұлпар, ақ тұлпар мінген, ақ сауыт киген, ақ алмас қылыш үйірген Ызғұтты! Айдары қанға шыланып талай бас домалады. Тас Құдайының қасына мезгілсіз аттанғандарды ешкім санай алмады.
Елді қызыл қырманға айналдырған жасақты жаудың мол шоғыры Ызғұттыға жабылды. Оның үзеңгілес достарынан Жарқынбай, Иман бастаған батырлар елді қорғап шегіне соғысса, Ызғұтты жауды шырғалап тау ішіне қаша ұрыс салды.
Сол қолынан ауыр жараланған Ызғұтты жалғыз қолымен шайқасты, тізгіні үзеңгі бауға ілінген ақ тұлпар батырдың кәнігі әдетіне бейімделіп, қоянша бұлтақтап, жолбарысша атыла білді. Ақ боз аттың сауыры қызыл қанмен жуылды.
Аңдыған жау алмай қоймайды. Жер дүние қып-қызыл қанмен жуылып, батыр атынан ауып бара жатты .
Бетегеден биік, жусаннан аласарған ақ тұлпар батырға жалын төседі. Ақ боз аттың жалын құшқан күйінде есі ауған Ызғұттыға жете алмай діңкелеген Қабақшы жасағы ұлардай шулап етекте қалды .
Әуелгі шоғыры сиреп қалған жау тобы Ызғұтты кірген қорымға кіре алмады. Алдынан ажал күтіп тұрғандай шегіншектеді. Әміршілерінің айғайы мен қанды қылышынан қорыққан олар сескене жалтақтап тас бетіне тамшылаған қанды қуып, қорымға қалтырай аяқ басты .
Кенет, алдарынан асқар құздың басынан кісіненен ақ тұлпарды көрді. Иесіз ақ тұлпар жау жақындаған сайын жер тарпып арқырай кісінейді, тарпыған жерінен найзағайдың отындай жасын жарқылдайды.
Бұл кезде тұтас денесі қанға малынған Ызғұтты әлде қашан көз жұмған еді. Батырдың мүрдесіне сескене жақындаған топ, оның шын өлгеніне әрең сенді.
– Оны дарға асыңдар! – деді әмірші.
– Ноян-ау, бұл өлген адам тұрса…
– Бұйрық орындалсын! Қара ертістің басындағы ең биік шоқының біріне дар ағашын орнатқан Қабақшы жасағы батырдың өлі денесін дарға асты .
–Ақ тұлпарды ұстап әкеліңдер!
Бірақ, әміршінің екінші талабы орындалмады. Әр құз басынан бір көрініп, иесінің өлігіне оқырана қарап, жер тарпи кісінеген ақ тұлпар жан баласына ұстатпады. Сонан бастап ақ тұлпарды ешкім көрмеген .
– Ақ тұлпар Ызғұттыныкі.
Алтай аспанында ақ тұлпар кісінейді.

***

Ospan-batyr1–Ақ тұлпардың иесі Оспан.
– Оспан кім?
– Оспан ба, ол былай әңгіме:
Ол қан ұстап туған Шыңғыстың да әулеті емес, топырақ ұстап туған қытайдың да әулеті емес, аттың жалында туылып, кіндігін ердің қасына төсеп тұрып Зұқа батыр балтамен кескен, түйенің қомында ержеткен қазақи дойыр мінезді дала көкжалы еді.
Асқар басы бұлт тіреп, асау өзені арындай аққан, шөбі шүйгін, суы бал, тасы алтын, ағашы жез, топырағы май – айналайын, Алтай. Бұл Оспанның жүрегіндегі Алтай .
Жәнібек батырдың ақ туын алып шығып, күллі сарбаздарымен бірге қара қойдың қанына қолын батырған Оспан:
– Мынау жалпақ даланы алып жатқан алтын – Алтай, салқын – Сауыр, құт – Іле, ата-бабамыз ақ сойылмен-ақ қорғап келген қасиетті даламыз, осы даланы жат табанға бастырмау үшін қанға қан, жанға жан беруге дайынбыз дегеңдер қанға қолдарыңды матырып, «тірі болсақ бір төбеде қазымыз, өлсек бір шұңқырда шәйтпіз!» деп ант ішіңдер. Иә, Алла, иә аруақ жар бола гөр! – деп Алтай аспанын күңірентіп жіберді.
Оның сөзіне бір ауыздан қосылған күллі сарбаз мойындарына ақтық байлап, жаназаларын шығартып:
–Өліспей беріспейміз, – деп ант ішті. Осылайша атқа қонған Оспан Алтай аспанын алты емес алпыс айналып ұшатын қызғыш құсқа айналды. «Ей, қызғыш құс, қызғыш құс…» Жау жүздеп келді, қырылды, мыңдап келді, қырылды, түмендеп келді, қырылды.
Алтайдың тауы-тасы қан сасып, даласы жаудың жемтігіне толды. Айласын асырмақ балған жау аспанмен де, жермен де келді.
Он неше жылғы қан төгісте, Оспан батыр дәмін бірге татқан батырларынан, төсекте төскейі тоғысқан жарынан, бауыр еті балаларынан өлідей де, тірідей де айырылды. Бірақ, даласынан айырылғысы келмеді. Жау жағы елші жіберіп:
–Келісімге келейік, мол алтын-ақша сыйлайық, саған біз тиіспейік, бізге сен тиіспе, ел билігін өз қолыңа берейік, мейлі бізге әскер басы бол – деп көрді. Оспан басын шайқады.
Шетелдік елшілер оған төлқұжат беріп:
– Көп қорқытады, терең батырады, қара құрттай қалың жау түбіңе жетеді. Біздің елге бар, – деп қолқалады.
Оспан бас шайқады.
Ақыры ағайын арасынан шыққан сатқындардың жол бастауымен бір түнде қара қорым жау тобы басып қалды.
Ақ тұлпарының жалына қолы әзер ілінген батыр алдымен жеткен жендеттерді жер құштырып үлгерді.
Қоғалы қопаға кірген ақ тұлпар алдынан керілген арқанға сүрініп жығылды. Шүйе бөріше қаптаған қалың жасақ дала көк жалын тірідей торға түсіргенімен ақ тұлпар ұстатпай кетті.
– Сенің мойныңда неше он мыңдаған шерігіміздің қаны бар, өлімге разысың ба ?!
– Тек туған жеріме – атамекеніме жерленсем арманым жоқ.
Денесі илігіп көрмеген нар қазақтың қасиетті тәнін мырыш оқтар түрткілеп жатты .
Сөніп бара жатқан жанарына аяулы Алтайы келген алып тұлға ақырғы рет ақ тұлпарының кісінегенін естіді.
Ақ тұлпар Оспандікі.
Алтай аспанында ақ тұлпар кісінейді.
Ақ тұлпар әлі ұстатпай жүр. Иесін іздейді.
Ақ тұлпар…
Осылайша, Алтайдың аңызы жиырмасыншы ғасырдың ақырғы күндерінде де аяқталған жоқ.
Айналайын, Алтай, айналайын, ақ тұлпар!

Zhadi ShakenЖәди Шәкенұлы
«Жүрек неге жылайды», жинағынан. argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!