Әділбек атбегі

4043

…Пай, пай киелі неткен жер,
Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер… 

Сайын даланың төсінен «Алға, алға!» — деген дауыстар жаңғыра естілуде… Желмен жарыса жүйткіген тұлпарлардың дүбірі…Дүбір аңсаған дала да ат бауырына жабысып, дөңгеленіп барады. Қиқу сала айқайлаған жанкүйерлер… Құспен жарысқан сәйгүліктердің арасынан оза шапқан «Қарлығаш» көзге бірден шалынып, бәйгеде бірінші болып мәреге жетті.

Біздің бүгінгі әңгімеміздің желісі де осы «Қарлығаштың» иесі жөнінде болмақ.

Бостандық ауылдық округіне қарасты Қаракөл елді мекенінің тұрғыны Әділбек Айтболатов он жасынан бастап жылқы баптаумен айналысып келеді.

— Ат баптау деген телегей-теңіз дүние. Оны бір ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жетінші сынып оқып жүрген кезімде атқа құмарттым. Бұл қызығушылығымды алғаш байқаған «Екпін» шаруа қожалығының жетекшісі, жылқы десе ішкен асын жерге қоятын Нұрлан Нұғыманов мені өзіне шабандоз етіп алды. Шабандоз бола жүріп Нұрлан ағамнан атты баптауды үйреніп, тәжірибе жинадым. Нұрлан ағаммен бірге 5 жылдай жұмыс жасап, біраз жетістіктерге жеттім. Бос уақытымның көбін осы ат баптаумен өткіземін. Тіпті аттың қасында жүріп, уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қалатын кездерім де болады – дейді Әділбек.

"Қарлығаш" есімді жүйрік осы

«Қарлығаш» есімді жүйрік осы

Жүйрікті жарату үшін оны ең алдымен шабатын күйге жеткізу керек.

— Бәйгеге қосар атты төрт ай бұрын баптап, күйін келтіріп, дайындаймын. Алдымен қарашадан қаңтарға дейін атты семіртемін. Бұл уақытта жетектеп ойнатқаным болмаса, мініп, күш салмаймын. Осылай атты бірте-бірте арытамын. Осы әдіс арқылы талай рет бәйгелерде шабандоз болдым. «Ақжайық», «Рубин», Барбарис» атты байталдармен бәйгеге шауып, соның ішінде «Қарлығаш» сәйгүлігімен жүлделі орындарға қол жеткіздім. «Кімнің аты келді?» дегенде «Әділбектің аты» деген сөзді естудің өзі мен үшін бір мәртебе. Қазіргі таңда Бөкей ордасы ауданы, Құрманғазы ауылында Нұрлыбай досым екеуміз бірге ат баптап, шабандоз дайындаймыз. Алдағы уақытта бұл кәсіпті одан әрі дамытып, жылқы малының халқымыздың дүниетанымы мен қадір-қасиетінің төрінде ерекше орын алуына өз үлесімді қоссам деймін, -дейді атбегі.

Жылқы малын бала күнінен жанына серік еткен Әділбек осы бір өнер түрін қазақтың қанына біткен қасиет деп біледі.

Иә, қазақтан артық аттың бабын білетін халық жоқ шығар, сірә! Жүйрік атты жарату, оны бәйгеге қосу қазақ атбегілерінің байырғы өнері.

Жалпы жылқы малы қазақтың ұлттық сана-сезім, мәдениеті мен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналғандай. Жылқынының дүбіріне, күліктің күмбіріне құлақ қойып, елең етпес қазақ баласы кемде-кем.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғандай, жылқысыз қазақ тарихы, қазақсыз жылқы тарихы тірілмейді. Екеуі егіз ұғым іспеттес. Бүгінде Әділбекті көпшіліктің санасынан ажырап, ұмыт болып бара жатқан ата дәстүрді жаңғыртып, рухани жаңғыру жолында өскелең ұрпаққа жалғаған азамат деп білеміз.

Жастайынан ат жалын тартып өсіп, тұяқ дүбірі естілсе қашанда қаны тулайтын Әділбектің алға қойған мақсаты — шабандоз шәкірт даярлау. Бүгінде сол арман-мақсаты асқақтап, шабандоздарды аламан бәйгеге дайындауда. Алдағы уақытта да Әділбектің әлі де талай тұлпарды ауыздықтап, кейінгі толқын інілеріне атбегілік өнерін үлгі етеріне еш күмәніміз жоқ.

Жылқы десе жүрегінде жалын, көзінде от ойнап тұратын Әділбектей атбегілер көп болса игі.

Әсем Болат,
БҚО, Қазталов ауданы, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!