Тарпаңның иесі мен шабандоз ат баптау құпиясымен бөлісті

6189

Зайсан ауданында өткен 130 шақырымдық аламан бәйге Ерболат Тоқсанов пен Сергей Рыбинді күллі Қазақ еліне танымал етті. Елдің түкпір-түкпірінен атқұмар азаматтар хабарласып, аттың тегін сұрап жатқан көрінеді. Бұрын бәйге көрмеген аттың мұндай ауыр сынақта топ жаруында қандай құпия бар екенін білу үшін жеңімпаз жылқышыға хабарластық. Телефон арқылы алынған сұхбаттың қысқартылған нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Әуелі ат иесі Ерболат Тоқсановты әңгімеге тарттық

— Жүлде құтты болсын! Тарпаңның тегін сұрап, қызығушылық танытушылар көбейген шығар?

— Рахмет! Оныңыз рас. Оңтүстік пен Батыстан өзім танымайтын адамдар хабарласып, Тарпаңның қайдан келген жылқы екенін сұрап жатыр. Бәрінікі таза қанды қазақ жылқысы емес пе екен деген үміт қой. Енді біреулер 130 шақырымды алқынбай өткенде бергені 1 млн теңге ғана деп қомсынып жатыр. Мәселе ақшада емес қой. Атқа халықтың қиқуынан артық құрмет жоқ. Осындай шара өткізгені үшін ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

— Сонда Тарпаңның тегін құпия ұстап отырсыз ба?

— Жоқ. Ешқандайда да құпия емес. Шешесі де, әкесі де желісті тұқымнан тараған. Орыстар «рысак» деп атайды. 2003 жылы көрші ауылдан 11 бас ұрғашы құлын сатып алғанмын. Содан өскен жылқының тұяғы ғой. Құлын кезінен Сергей өзі бағып, өсірген.

Tarpan1

— Таңдау неге Тарпаңға түсті? Басқа да бәйге аттарыңыз бар емес пе?

— Осы аламанда мәреге аман жеткен аттың көбі аңға мінетін қылқұйрықтар. Біздің Тарпаң да сондай. Маңайдағы ауылдарға «жаманауыз» тыныштық бермей кеткенде Майемер ауылының Дидар деген жігіті, біздің қыстақтан Серега екеуі аңға шығады. Сергейдің ондай жортуылға мінетіні осы Тарпаң. Өтірік айтпасам, Тарпаңмен 6 қасқыр алған шығар. Таңдаудың бұл атқа түскені сондықтан. Осыған дейін де алыс қашықтыққа ат қосқан тәжірибеміз бар.

— Ол қандай тәжірибе?

— 2012 жылы Тарбағатай ауданында Қабанбай батырға ескерткіш орнатылып, үлкен ас берілгені есіңізде шығар. Сол кезде 41 шақырымдық аламан өтті. Мен Байшұбар деген жүйрігімді қостым сонда.  Екі айналым қалғанда бас бәйгеге тігілген «джипке» қызықса керек, біреулер тыңнан ат қосып жіберді де, Байшұбар екінші орын алып қалды. Әйтпесе сол кезде де бас бәйге біздікі болған. Бұл жолы ондай қаралық болған жоқ. Жігіттер бәрін әділ өткізді.

— Кешегі аламанға оралайық.  Алдыңғы үш ат та Катонқарағай ауданының жылқысы екен. Сонда нағыз төзімді аттар сіздерде сақталған ба?

— Олай деп айтуға келмейтін шығар. Біздің Катонда қар қалың ғой. Ал Зайсанның жазығында оның бірі де жоқ. Бізде аттар омбыны омыраулап тіліп жүреді. Одан кейін біз әлі күнге дейін атшана қолданамыз. Катондық аттардың аламанның алдын бермеуі осыдан шығар.

— 130 шақырымға атты қалай баптадыңыздар? Жалпы ат баптауда қандай құпияларыңыз бар?

— Бұл сынға Тарпаңды біз емес жұмыс баптады десек дұрыс болар. Соңғы бес жылда шанаға жегіп жүрміз. Жазда малға мініледі. Одан босаса, аңға мініп шығамыз. Сол мініс оны шымыр етіп шынықтырған. Ал 130 шақырымдық бәйгенің болатынын «Инстаграм»  желісінен көрдік. Содан бастап, тамағын режимге алып, нормаға түсірдік. Қамау терін алу үшін 75 шақырымды шанамен еңсердік. Басқа алып бара жатқан құпиямыз жоқ. Кейбіреулер сәбіз, витамин  беріп жатады ғой. Бізде ондай жоқ. Негізгі азығы – сұлы. Сұлыға бал қосып береміз. Өзіміз ара ұстаймыз. Сондықтан балға тапшылық жоқ. Арасында гүлдің тозаңын да қосамыз. Ол атқа күш береді.

Шабандоз туралы не айтасыз?

Сергей Рыбин 15 жасынан бері менің қасымда. Әке-шешесіз қалғандықтан, өз қолыма алғам. Сол жақсылықты еңбегімен өтеп жүр. Қазір Тарпаң сегізде. Құлын кезінен өзі баптап өсірді. Бәйгеден соң Өскеменге сұранған, сонда жібердім. Қалған әңгімені өзінен сұрап аларсыз.

Сергеймен де телефон арқылы тілдестік

Tarpan

— Сергей, жеңіс құтты болсын! 130 шақырымнан кейін тақым қажалған шығар?

— Үнемі ат үстіндеміз ғой. Үйреншікті жағдай біз үшін. Кейбір азаматтар жайдақ шапты. Ал біз ерін алған да жоқпыз.

— Тарпаңның қалы қалай? Тынықтырып жатсыздар ма?

— Тарпаң үнемі шанада жүрген ат қой. Құдды бәйгеге қатыспаған сияқты. Тып-тың қалпы.

— Онымен қасқыр алған екенсіздер…

— Құнан кезінен өзім ноқта салып, өзім үйреттім. Сондықтан өзге аттардың бәрінен маған Тарпаң жақын. Бос уақытымда ит жүгіртетінім бар. Тазы ертіп талай аңға шықтық қой. Иесін орта жолда қалдыру, үркіп қашу деген жоқ. Сенімді болған соң аңға мінеміз. Басы жұмсақ, елпек ат қысқасы. Мектеп бітіре салып Ерболат ағаға жұмысқа тұрдым. Содан бері ат үстінен түскен жоқпын. Ит пен ат – менің өмірімнің мәні. Ит болғанда қаланың үйден шықпайтын кәндені емес, даланың тазысы мен төбеті біздікі.

— Келешекте Тарпаңды өзге де жарыстарға қосасыздар ма?

— Маған салса, қоспас едім. Қанша көнбіс, төзімді десек те атқа оңай тимейді екен. Оны үстіндегі шабандоз ғана сезе алады. Жан жолдасымдай болып кеткен атты қинағым келмейді. Сырын білмейтін жерде жарысқа салу тіпті қиын. Інге аяғын тығып немесе тайып құласа мертігіп қалуы мүмкін. Одан да аңға мініп, қасқырға салып жүре бергенім тыныш.

-Әңгімеңізге рахмет

Естеріңізге сала кетейік, ШҚО Зайсан ауданында өткен 130 шақырымдық аламанда Тарпаң атты жүйрік топ жарған болатын. Аламан бәйгенің бүге-шігесін осы жерден оқыңыздар.

Esimjan N.Есімжан Нақтыбай, ҚазАқпарат

2 comments

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!