Ақселеу СЕЙДІМБЕК. Ат болса тұмақты алшы кигізгендей…

14087

Қасқа айғырдың баласы қасқа тумасы да төбел туады.
Қазақ мәтелі

Тарландар мен таңдаулылар тарлан мен таңдаулылардан туады.
Гораций.

Құрметті оқырман, ең әуелі бұл мақаланың 1987 жылдары жазылғанын ескерте кеткім келеді. Сонымен бірге, Ақселеу ағамыздың айтқан кейбір ойлары, ұсыныстары, тұжырымдары бүгінгі күнде де өзектілігін жоймаған, әлі де болса ат спорты ойындарда ескерілсе дейтін салиқалы пікірлер екенін де көзі қарақты оқырман байқар деген ойдамын.

Арғымақ.кз

Адамзат баласы өзінің ұзына тарихындағы дамуы үшін жылқыға қанша қарыздар болса, жылқы малы да өзінің қазіргі бітім-қасиеті үшін адамға сонша қарыздар. Адам қоғамы мен ол тұтынатын мұқтаждықтың арасында ұдайы сәйкестіктің болуы өмір заңы. Қауымдық қоғамның ағаш соқасы бүгінгі сұранысты қанағаттандырмайды. Техника күші қолғанат болғанға дейін (кейін де) сәйгүлігін сайлап, тарланды таңдап міне алған елдің айы оңынан туып отырған. Орта ғасырға дейін аттың жалын тартып мініп, үзеңгіге табан тіреген елдің айбары астам, мерейі үстем еді. Сонсоң да айшылық алыс жерді жақын етер пырақтың ұшқырлығы мен күшіне, мінезі мен бітіміне адамзат баласы ұдайы көңіл бөліп отырған. Осыдан елу миллион жыл бұрын өмір сүрген тоқтыдай ғана ұсқынсыз эогиппусты жылқының арғы тегі еді дегенге білкіті зоологтар болмаса, былайғы жұрттың сене қоюы екіталай. Қолға үйретілген жылқы туралы ең алғашқы дерек біздің жыл санауымызға дейінгі үшінші мыңжылдықта кездеседі. Содан бері адамзат балсының тарихын жылқысыз елестету мүмкін емес.
Ал, көне Рим сенатына император Калигула атпен кіреді екен. Тарихтың атасы атанған Геродот Фракия көсемінің «қардан ақ, желден жүйрік» аты туралы тамсана жазады. Сондай-ақ парсы патшасы Ксеркстің Грецияға шабуыл жасарда аламан бәйгесін өткізгенін де Геродот жазып кеткен.
1950 жылы дүние жүзінде 79 миллион жылқы болған. Қазіргі саны 65 миллион. Бірінші орынды 11 миллион жылқысы бар Қытай иемденіп отыр. Ал, СССР-да 1941 жылы 21,1 миллион жылқы болса, қазір 5,7 миллион жылқы бар.
Жылқы малы адамзаттың тіршілік-тынысында әлі де елеулі қызмет атқарып келеді. Мал шаруашылғында, шекаралық күзетте, спорт ойындарында жылқы түлігінің мәні айырықша.
Әйгілі Бірінші Атты әскеріміз Азамат соғысы жылдарында он мың шақырымдық жер жүріп өткені белігіл. Ал, «моторлы соғыс» атанған Ұлы Отан соғысында атты әскеріміз тұзаққа түспес күш болған. Гитлердің генералы Гальдер: «Біз ұдайы салт атты жасақтармен беттесіп қалып жүрдік. Олардың ілкіміділгі соншалық, неміс техникасының күш қуаты қарсылық көрсетуге келгенде оралымсыздық көрсетті»-деп жазды.
1972 жылы Парижде өткен жылқы көрмесіне 300 салт атты «Автомобиль өлтіреді, автомобиль улайды. Жасасын жылқы!» деген ұранмен келген.
Қазір Совет елінің, оның ішінде Қазақстанның жылқы заводтарынан шыққан сәйгүліктер елімізде, қала берді дүние жүзінде аса жоғары бағаланады. Мәселен, Молон деген атымыздың кезінде 15 мың долларға сатылғаны белгілі. Жамбыл, Көкшетау жылқы заводтарының таза қанды мініс аттары бұл күндері 10 мың сомға дейін бағаланады.
Қазір СССР-де өндірілетін қымыздың 85 проценті Қазақстанның үлесіне тиесілі. Мамандардың есебі бойынша қой шаруашылығында әрбір мың қойды бағып-қағуға 100-120 жылқы қажет екен…
Қысқасы, осы сияқты деректерді тізе беруге болады. Алайда, осынау көктей шолған қадау-қадау мысалдардан-ақ жылқының адам қоғамымен біте қайнасып жатқан тарихын елестетуге болады.
Ғылыми танымның соңғы пәтуалы сөзі мәдени тұқымды жылқының отаны Евразияның апайтөс даласы мен Азияның таулы өлкелері екенін атады. Археологиялық олжалардың мәліметі бойынша ең алғашқы асыл тұқымды, биік жылқылар Қара теңіз бен Алтай арасынан кезігіп отырады. Мәселен, Рим жауынгерлері мінген таңдаулы аттардың орташа биіктігі шоқтығынан 136-140 см болса, Пазырық қорғанынан табылған аттың шоқтық биіктігі 152 см. Орта Азияның «тәңірі тектес», «құдіретті», «ғажайып» жылқылары туралы біздің жыл санауымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта тамасана жазылған деректер кездеседі.
Қазір дүние жүзінде жылқы тұқымның 250 қаралы түрі белгілі. Олардың ішінде ағылшынның таза қанды жылқысы, якуттардың байырғы жылқысы, көшпелілердің шымыр жылқысы мен мүсінін қолмен қойғандай ахалтеке жылқысының тұқымы дүние жүзіне мәлім.
Осы деректердің қай-қайсысы да ертеден-ақ жылқы тұқымын асылдандырып, нағыз сәйгүлік таңдауда сыннан өткен тәжірибенің болғанын, сол тәжірибенің нәтижесі екенін байқатады.
Бұл орайда жылқы малын тіршілік-тынысының бір тірегі еткен әрісі көшпенділердің, берісі қазақ халқының да жылқы туралы ғасырлар сынынан өткен өзіндік талғам – танымы бар. Ел арасында небір керемет сәйгүлік жүйріктерді тани білетін, ерекше зерек адамдардың болғаны, әлі де бары рас. Тым әріге бармай-ақ өткен ғасырға үңілсек, Бөкей ордасына әйгілі болған, жылқы малы дегенде жаза басып көрмеген Ауқатым сыншы, Шеркеш руынан Айдабол сыншы, Жәңгір ханның төңірегінде сыншылығымен аты мәшһүр болған төре Абылғазы сияқты адамдардың бапкер, сыншылығы, білгір зеректігі тарихқа аян. (А.Алекторов, «Скотоводство киргизов». «Оренбургский листок». 1888, №18). Сол сияқты Ақанның Құлагерін шаппай танитын атбегі Күреңбайдың көрегендігіне қалайша таңқалып, таңданбассыз. Тіптен, «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» сынды өлеңді дүниеге келтірген Абайдың, «Құлагерді» жазған Ілиястың да талғампаз сыншы болғаны күмән тудырмайды.
Бір ғажабы сол, жұрт аузына ілікен қазақ сыншылары еш уақытта қателесіп көрмеген. Олар бәйгеге қосылатын атты бір көргенде-ақ нешінші келетінін, қанша жер шаба алатынын, қалай жарағанын, қайтып бапталғанын, жасын, тегін, әке-шешесін қолмен ұстатқандай айтып берген ғой. Нағыз жүйрікті құлын, тай кезінің өзінде-ақ танитынын қайтерсіз.
Мұның бәрі де қайран қаларлық жай болса да малмен көзін ашқан орта үшін табиғи қасиет деп қабылдауға болады. Өйткені, малдың тісіне еріп ғұмыр кешкен, сары даланы сахна еткен қазақ халқының тіршілік-тұрмысы ондай сыншыларды тудыруы заңды да еді.
Қазір ше? Қазір жылқы түлігін қас-қабағынан тани білетін, ерекше зерек, бапкер адамдардың селдіреп, сиреп бара жатқаны ащы шындық. Бірақ құрып кеткен жоқ, сонысы көңілге медеу, дәтке қуат.
Міне, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, жинақталған, сыннан өткен осынау мол тәжірибе бүгінімізге де қажет –ақ.
… Осыдан біраз бұрын Қарағандыда ат спорты бойынша облыстық спартакиада болған еді. Спартакиаданы өткізу үшін Жаңаарқа ауданының жерінен Бәйгетөбе деп аталатын бір қолайлы орын таңдаған екен. Осынау облыс көлемінде өтетін жарысқа біз де жеттік.
5Жарыс басталды деген күннің таңы еді, «Сен не білдің, Жезді ауданының «Ұлытау» совхозынан Тай Тілегенов деген ақсақал келіпті, тамыршыдай тап басатын сыншы атбегі көрінеді» деген сөз тойға жиналғандарды елең еткізді.
Кешікпей-ақ Тәкеңді ойдағы сәйгүліктер тұрған көрменің басынан кездестірдік. Жанында қара-құра халық. Тәкең жарысқа қосылатын аттарды аралап келе жатыр екен.
— Не айтты? Қай атты мақтады? – деп қасына еріп жүргендерден тағатсыздана сұрап едік:
— Әзір тіс жарып ештеңе деген жоқ, сірә көңілі толмай келе жатыр ғой деймін, — деген жауап естідік.
Кешікпей-ақ Тәкең Қарқаралыдан келген Торықасқа аттың жанына келді де, әрі-бері қарап тұрып:
— Осы тұрғанда «менен озатын ат жоқ» деп тұр екен, жануар. Бірақ амал қанша жаратуы кеміс, кем дегенде екі тері алнбаған. Аттың бағын байлаған екен, — деп қиналыс таныта бас шайқады да әрі қарай жүре берді.
Тағы да жеті-сегіз ат көрді. Бірақ үн жоқ. Әлден уақытта керме ішінде оқшаулау тұрған Жаңаарқа ауданының «Шалқасқа» деп аталатын күрең қасқа атын көріп қалды да, жылдамырақ басып аттың қасына келді. Алды-артына шығып қарап, екі-үш рет айналып шықты. Бұл екі арада аттың иесі де келіп қалған еді. Осы кезде Тай ақсақал көңілденген, риза болған дауыспен тіл қатты:
— Е, бәсе, бұ күннің жылқысы азған жоқ екен, менің көзім тозған екен. Бағанадан бері көрсемші.
Жақсы лебіз Шалқасқаның иесін де елең еткізді.
— Ақсақал, бұл ат менікі еді. Анық жылқы танысаңыз көңіліме қарамай сөйлей түсіңізші. Нансаңыз, ұзатылатын қыз тәріздімін, үш күн болды кірпік ілмегеніме, — деп Шалқасқаның иесі Тай ақсақалға өтініш етті.
— Айтайын, шырағым айтайын, — деді Тәкең ойлы көзін аттан алмастан, — бұл сықылды өзін-өзі әйгілеп тұрған жануар туралы сөйлеу де бір ғанибет. Атың алдын құтқармас, артын шалдырмас жануар екен. Жарықтық бағы ашылып, маңдайы жарқырап тұр ғой.
Мұнан әрі Тәкең тағы да Шалқасқаның алды-артына шықты, жағының сыртынан тісіне қол тигізіп көрді, тамағының астына, төсіне, шабына қол салып көрді; құйрығының қылта түбін ұстады; көзін ашып көріп, қабақ үстіндегі шұңқырға бармақ батырды; шашасын көтеріп, сіңірлігін сипады… Сонсоң ойланып тұрып тағы да сөйлеп кетті:
— Атың жетіден сегізге қарайды екен, шырағым. Шешесі – қазақтың сегіз жасар қарабайыр биесі де, әкесі түрікпеннің текежәуміт жылқыларының бесті айғыры екен. Әттең әкесінің қуаты шешсінің қуатымен тең болмаған екен. Әйтпесе, осы заманның тұлпары болар еді. Мұның жүйрік болуына бір себеп – шешесінің құрсағында еркін жатып, жетіліп туған. Ал сырт пішініне көз салсам, қазақ армандайтын аттың мүшесі осыдан табылып жатыр. Сонсоң бәйгеге көп қосылған ат екен, осы тұрғанда бәрін сезіп, тас-түйін дайындықта тұр… Атрарды 25 шақырымға айдайды деп естідім, не керек, Шалқасқаның өнерін 40-50 шақырымға айдап көрсе ғой…
Осы кезде Шалқасқаның иесі көзіне жас алған бетінде Тәкеңнің қолын алды да:
— Ақсақал аузыңызға май, айтқаныңыз келсін. Күн – ұзынғы сөзіңіздің бәрі рас. Шалқасқаны қолыңызда өскендей таратып бердіңіз, — деп даусы дірілдей сөзін аяқтады.
Тәкең болса:
— Төрт аяғын тең басып тұр ғой жануар, төрт тағаным аман болса менен озар жүйрік жоқ дегені. Атың бақты болсын, шырағым, — деді де кете барды. Біз қайран қалыстық. Ат жарысы басталғанда Тай ақсақалдың сөзі көпшілік қауымды әсіресе таң етіп еді. Айтқандай Шалқасқа 25 километр қашықтықтан облыс аттарының ішінде бірінші келді. Жай бірінші келген жоқ, мәреге тақалғанда екпіні үдеп, жанкүйерлердің тізгінші болып алдынан мініп шыққан ұшпа аттарына да шалдырмай кетті. Біздің есімізге Тәкең айтқан 40-50 шақырым қашықтық түсті.
Екінші болып, тағы да Тай ақсақал айтқан Торықасқа келді…
Міне, оған не дерсіз? Не дейміз. Тай ақсақлдың бұл көрегендігін – малмен көзін ашып, мал таныған жанның әсіре – қызылы жоқ зеректігі, әділ бағасы десек орынды.
Тоқсан ауыз сөздің – тобықтай түйіні дегендей, әлгіндей зеректікті, сыншылқты, бапкерлікті ат спортымен айналысушылардың, жаттықтырушылардың бойынан көрсек нұр үстіне нұр емес пе? Егер әр спорттың өз ерекшелігі, өзіндік сұлулығы, тек қана еңбекпен келетін өзіндік талап-талғамы бар деп қарасақ, ат спортымен айналысушылар үшін басты ерекшелік тапқыштық, бапкерлік, зоотехникалық терең білімділік болса көңіл сүйсінерлік қасиет емес пе?! Оның бергі жағында, қазақтың тіршілік тұрмысы тудырған эстетикалық ләззәті мол алуан түрлі ат ойындары өз мәнінде өту үшін сыншылық, бапкерлік басты қасиет болу керек десек артық емес. Ендеше ат спортымен айналысушылардың, ат спорты жаттықтырушыларының ауыл-ел арасында сыншы, бапкер, атбегі ақсақалдардан үлгі-өнеге алып, тәжірибесін қабылдауы қажет. Мұның өзі республикадағы мүмкіндігі мол ат спортының дамуына, игі нәтижеге жетуіне, одақтық тіпті әлемдік жарыстарда өзімізді таныта білуімізге бірден-бір себепші болар еді.
Қазақ халқы ат ойындарының алуан түрлілігімен, терең мазмұндылығымен, эстетикалық жоғары талғамымен талай елдермен терезесі тең жатыр десек әсірелегендік емес. Мәселен, ат ойындарының көпшілік құмарта көретін мына түрлерін айтайықшы: көкпар, сайыс, қыз қуу, теңге алу, бәйге, жорға жарыс, жігіт жарыс, жамбы ату, мүше алып қашу, ат омырауластыру, ат жегу, табақ тарту, т.б. Міне осы ойындардың қай-қайсысы да епті, батыл, шыныққан адаммен қоса аттардың да жүйріктігі, жорғалығы, жуастығы күштілігі, белділігі, әдемілігі сияқты қасиеттері бойынша таңдалуын қажет етеді. Ал, олайша таңдау үшін сыншы керек, бапкер керек, тапқыр да зерек адам керек, ол адам ерекше ерік күштің иесі болу керек. Ат спортының ерекшелігі де, көпшілікті қайран қалдыратын қызығы да, мән-мағынасы да осында ғой деп ойлаймыз.
Ащы да болса шындықты айтқан жөн. Біздің республикамыздағы ат спортын дамытуды әлгіндей игі қасиеттердің аздығы көңіл жабырқатады.
Рас, ат спортының республикамызда жаңа мазмұнға, жаңа мән-мағынаға ие болғанына қуанамыз. Ат ойындары бұрынғыдай байдың асы берілгенде, немемсе әйелі ұл тапқанда көрсетілмейді. Керісінше ел қуанышы, халық тойымен ұласады. Мұндай игі дәстүрде, жаңа мазмұнды ойындарда ат спортының ұлттық түріне мән беріле түссе де бір ғанибет қой.
Бірде Алматы ипподромында ат спорты бойынша республикалық спартакиада өтті. Сонда, қазақтың бірде-бір ұлттық ойыны өз мәнімен, өз тәртібімен өтпеді десек өсіріп айтқандақ емес. Бәйге аттарын 12-ақ шақырым қашықтыққа салған. Осының салдарынан талай сәйгүлік өз өнерін көрсете алмады, талай тарланның бағы байланды. Бұл республикалық жарысқа жоғарыда сөз еткен Жаңаарқаның Шалқасқа аты да қатысып еді. Ат екінші болып келді. Сонда біз ат иесінің: «Жарықтығым-ай, бағың байланды-ау, жерің тар болды-ау, бүйтіп қор еткенше қоспауым керек еді» — деп балаша жылағанына куә болдық.
Қазақ 12 шақырым жерге тай жарысын, 24 шақырымдық жерге құнан жарысын өткізсе, бәйгені 30-40-50 шақырым жерден кемге жүгіртпеген. Міне, осы тәртіпті сақтай білмеудің өзі ат спортының мәнін, ондағы тапқырлықтың өзі не екенін, сыншылдық-бапкерліктің маңызын түсінбеуді аңғартса керек.
Қазақ сыншылары әр атты өзіндік қасиеттеріне қарай пайдаланып, оларды әр түрлі атаған. Мәселен, аяңшыл, желісті, жортақ, жүрдек, жорға, текірек, ұшқыр, шығымды, шыға салма, тыз етпе, құйын, қаршынды, жүйрік, бәйге ат, арғымақ, тұлпар, тағы басқаша. Міне, осының әрқайсысын қазақ атбегілері, бапкерлері ат ойындарының түр-түріне таңдай білген. Жоғарыда айтқан Шалқасқа атты 12 шақырымдық тай жарысына салу немесе тыз етпе, ұшқыр аттармен өрелестіру, қазіргі ат спортындағы сауатсыздық десе лайық.
Ендеше қазіргі ат спорты жаттықтырушыларының ел арасындағы сыншы, атбегі, бапкерлердің мол тәжірибесін үйренуі керек десек көңілдеріне келмес. Үйрену дегенде, жекелеп, жалғыз-жарым болып талап ету емес, республикалық спорт басшыларының осы мәселеге көңіл бөлуін, белгілі бір жүйемен ұйымдастыра білуін, дәстүрлі атбегіліктің күн талабына сай жалғастырылуын қалар едік.
Ат спорты үлкен өнер. Оның тамаша эстетикалық әсер беретін, батылдыққа, жылдамдыққа, шыдамдылыққа, зеректікке, көңілділікке, ерік-күштің иесі болуға баулитын қасиеттерінің молдығы тіптен Отан қорғауға, шаруашылықты дамытуға тиігезітін әсерінің барлығы көпшілікті мойындатқан шындық. Өйткені жақсы жылқыны тани білу, оны ірктеп-сұрыптап баптай білу ат спорты үшін емес, сонымен бірге шаруашылыққа да, әскерге де қыруар пайда келтірер игілкіті іс қой.
Қазақтың көреген сыншылары, көзіқарақты атбегілері кез келген атқа оп-оңай ден қоймайды. Алдымен оның тұқым-тегіне, бітім-қасиетіне, белгі-нышандарына ден қойып, көңілінен шықса ғана баптап, күйін табуға кіріседі. Жақсы аттың қадірін білетін әр түрлі атбегі-сыншылармен сөйлескенімізде шын жүйріктің алуан түрлі қасиет бітімін шежіредей сыр етіп айтады. XVII ғасырдың орта шенінде өмір сүрген, ұлы жүздің Бақай деген сыншысында Желқанат күрең аттың болғаны атадан балаға аңыз болып кеткен. Желқанат күрең табандатқан жиырма бес жыл бойында үш жүздің басы қосылған ұлы сын бәйгелерде алдына қара салмай, иісі қазақ даласына даңқы жайылған. Кәрі құлақ қарттардың айтуында Желқанат күреңнің басты белгісі – құлан жал, бота тірсек, құйма тұяқ еді дейді. Әсіресе, үстінен қарағанда белі қақпандай дөңгеленіп, еңселене біткен қабырғасы тынысының кеңдігін бірден танытқандай екен. Әрине, мұндай аттар алысқа жортсаң талмайтын, аламан бәйгенің алдын бермейтін, біртуар деп аталады.
Қай атбегі-сыншыға құлақ түрсеңіз де бірінің аузына бірі түкпіріп қойғандай, жақсы жылқының бойынан құмартып қайталайтын белгілері мынандай болып келеді: омыртқа шығыңқы бітеді, кең тынысты, сағақты болып келеді, тұсарлығынан адырая көрінетін жуан сіңірді оңай аңғаруға болады, томардай болып біткен шоқтығы да көзге бірден түседі, тұтаса біткен кең кеудесі бақайын қысқа сияқты көрсетеді. Білгір, зерек атбегілер жүйрік аттың тісіне дейін қарап, егер күрек тіс қатары мен азу тіс қатарының арасындағы кетік алшақ болса, оны да жақсы қасиеттің бір нышанына балайды.
Қалай десек те, қалыптан шыққандай, бірінен-бірі аумай қалатын жүйріктер мейлінше сирек. Қайтсе де бірінде жоқ қасиет екіншісінен табылып, зерек сыншының аузынан суын құрытып жатады. Сондықтан, жақсы аттың бойындағы бітім-қасиеті айтқанда ел аузында сақталған небір әсем теңеулер, тұрақты сөз тіркестері, белгі нышандар шын жүйрікті айыра тануға көмектесері сөзсіз. Мәселен, мынандай сөздерді жылқының қадірін білетін кез келген көне көз қарттардан естуге болады: бота тірсек, қыл сағақ, қамыс құлақ, жазық бауыр, сербек қабырғалы салқы төс, салпы ерін, етсіз бас, құйма тұяқ, сымпыш құйрық, көз аясы шығыңқы, шақпақ етті, төмен ұршықты, шідерлігі жуан бітімді, құлан жал т.б.
Шын жүйрік мінез-бітіміне қарай тануға болатын алуан түрлі ұғымдар бар. Атты суытқанда артқы екі аяғына кезек-кезек салмақ салып, тұяғының ұшын ғана тіреп тұратын қасиетін атбегілер жақсы нышанға балайды. Аттың аяғы әлді болса ғана бір аяғына салмақ салып, тезірек тынығуға мүмкіндік алады. Немесе, жайылса желдеп жайылатын, су ішсе судың тұнығын қуалап ағысты өрлей ішетін, оттаса көкқұрақты қомағайлана қарбытып, дәл түптен қауып оратын, жетектесең ботадай елпілдеп соңыңнан еретін жетекшіл мінезін, мінсең тақымыңнан көңіл-күйіңді танып лыпыл отыратын, сүрініп-қабынып апырақтамайтын, жар астынан жалп етіп жапалақ көтерілсе де селт етіп сыр бермейтін қасиетін нағыз атбегілер тамсана сөз етіп отырады.
Міне, осы сияқты жылқының толып жатқан өасиет белгілеріне көңілі толған атбегі – саяткер әрі қарай таңдаған пырағын баптауға кіріседі. Егер құлын кезінен көзі түссе, желкесін қадағалайды. Тіптен, тай, құнанында да иесіне үйірсек болуы үшін бас білдіріп қойғаны болмаса, жаншып мінбейді. Одан әрі, жылқының «мүшел жасы» делінетін дөненінде піштіріледі. Жақсы, жайлы піштірілген дөнен алаңсыз күш жинап тез жетіледі, аузын жарып, мүшелге толғандығынан белгі береді. Содан бестісінде баптауға кіріссеңіз, бұла болып өскен шын жүйріктің мен мұндалайтын кезі осы. Әлгі «Бесті аттың бетінен сақта» дейтін сөзді халқымыз тегін айтпаса керек. Осы тұста қазақ дәстүрінде жылқының бір жасын қосып санайтынын айта кетудің артықтығы жоқ. Мұның сыры, жылқы түлігінің құрсақтағы күнінен құлын күніне дейінгісін бір жасқа балағандықтан. Одан әрі тай, құнан, дөнен, бесті деп кете береді.
Сыны келіскен сәйгүлікті нағыз атбегілер ұқсата жаратып барып көзге түсіреді. Аты келіскенмен бабы келіспесе аттың бағы байланады, бабы келіскенмен аты келіспесе иесінің меселі қайтады. Сондықтан да сәйгүлікті жарату үшін оны ең алдымен шабатын етіне келтіріп алу шарт. Ол үшін, әрине, еті ояздау келсе, біраз қондандырып, етін көтеріп алып барып жарата байтасды. Керісінше, ат семіз болса қызылмай, қанжілік етіп алмай, бірте-бірте баппен арытады. Мәселен, семіздігі үш-төрт елі шығатын атты сартап етіп, бабына түсіру үшін кемі 35-30 күн қажет. Күн сайын 15-20 шақырым жер жүріп келіп, 4-5 күнде бір таң асырып отырған жылқы қалаған бабыңа түседі. Осы тұста қазақы жылқының ішінде әр түрлі жаратуды сүйетін жылқылардың болатынын ескерте кеткен жөн. Бірі тоқжарау күйінде жақсы жүгірсе, енді бірі әбден жеңілдеп жарағанда ғана жақсы жүгіреді. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, нағыз атбегі қолындағы сәйгүліктің тілін білуге тиіс. Мұндайда, жаратар аттың қара еттілігін, май еттілігін жазбай танитын атбегінің қапысыз танымы қажет. Онсыз жоны тырсиып тұрған қара етті жылқыны жаратамын деп жілік майын үзіп алу немесе олпы-солпы болып тұрған май етті жылқыны жүдеу екен деп кем жаратып алу оп-оңай.
Қазақтың бұрынғы тәжірибесінде жүйріктігіне анық көзі жеткен сәйгүліктің қасына бір құрбандық қосып жіберетін болған. Сәйгүліктің жілік майының ағарып, жаратуға жеткен-жетпегенін анық білу үшін оның жаныдағы бірге оттап, бір жүрген қосар жылқыны сойып көреді. Егер жілік майы ағарып, шынылана бастаса ғана сәйгүлікті жаратуға кіріседі. Бұл әрине, желқанат пырақты арман еткен көшпелі бабаларымыздың шын жүйрікті баптауға қандай шығынға болса да даяр екенін білдіретін қызық мысал.
Халқымыздың ауыз әдебиетінде «шылаушын салып ат мінген» деп келетін сөз бар. Шылаушын деп жаз айларында жаңбырдан кейін пайда болатын сырты түкті, алуан түсті құртты айтады. Кей жерлерде мұндай құртты «жауын құрты» деп те атайды. Көктемде көбең кезінде бос жіберілген жылқыны жаз ортасы ауа әбден семірді-ау деген шақта ұстайды да, әлгі шылаушын құрытының екеуін жылқының екі танауына салып, сумен жұтқызып жібереді. Мұндай жылқы өзін-өзі сартап етіп жаратып, бірсыдырғы етінен оңайлықпен арымайды дейді. Халық сынына арзып, өмір тәжірибесінен өткен мұндай әрекеттердің сырына ғылыми зердемен ден қойып отырудың зияны болмауға тиіс.
Ат жаратуды бірыңғай арықтату немесе терлету деп ұғатындар бар. Ол мейлінше жаңсақ ұғым. Ат жарату түптеп келгенде атты шынықтыру деген сөз. Сондықтан арықтатамын деп жиі-жиі таң асырсаңыз немесе терлетемін деп орынсыз жабулап тастасаңыз атты әлсіретіп аласыз. Демек, атты жүгіртіп, желдіртіп, аяңдатып жарату ең алдымен тынысының кеңуіне, сіңірінің бекінуіне, тұлға бойына ауырлатқан ащы тердің шығуына себепші.
Жақсы жараған аттың ертең бәйге деген күні жүгенін сыпырып, арқасын қағып бос қоя беретін атбегілер де болған. Бұл да қисыны бар игі дәстүр болса керек. Жылқы малы көңіл-күйдің түлігі ғой. Бір күн аунап-қунап бос жүруі мейлінше сергітетін болу керек.

40Ақселеу Сейдімбек,
(«Ер қанаты» жинағынан. Құрастырған Жанболат Аупбаев)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!