Азия чемпионаты. Жамбы атудан жерлесіміз жеңімпаз атанды

3143

Жастар жылы аясында байрағын көтерген Жастар арасындағы тұңғыш Азия чемпионатында Жамбы ату ойынының жеңімпазы анықталды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай Жамбы ату сайысы үш түрлі стильде өтті.

Әуелі – азиялық стильмен атқан мергендер арасында ұпай санымен Айкөз Ералхан алғашқы орыннан көрінді. Ұпай саны – 27,1. Екінші орында моңғолиялық спортшы Түмэнбаяр Отгонбаяр. Ұпай саны – 26,94. Үшінші орынға да Моңғолия мергені жайғасқан екен. Хүслэн Чулуунбаатар 26,69 ұпаймен алғашқы үштікті түйіндеді.

Айтпақшы, Хүслэн осы чемпионатқа қатысып жатқан екі қыздың бірі. 17 жастағы бойжеткеннің Қазақстанға алғаш келуі екен.

«Садақ атуды үйренгеніме 3 айдан асты. Қазақстанға алғаш келуім және мұндай дүбірлі додаға да алғаш рет қатысып отырмын. Алған әсерім керемет. Қазақ жылқысы біздің моңғол жылқысына қарағанда биік, жылдам болады екен. Алғашқы қатысқан халықаралық жарысым болғандықтан, мен үшін өте әсерлі болды. Алматының табиғаты да тамаша екен. Кейде өзіңді бұлттардың арасында жүргендей сезінесің» — дейді Хүслэн бикеш. 

Екіншісі – Ресейден келген бойжеткен Любовь Морока. Любовь алғашқы турда 14,18 ұпай жинаған. Мәскеуде дүниеге келген мерген қыз енді ғана 16 жасқа толыпты.

Екінші тур – Түрік стилімен сынға түскен жас мергендер көшін жерлесіміз Бақдәулет Бабажан 55,28 ұпаймен бастаса, екінші орынға да елімізге танымал мергеніміз – Ералхан Айкөз 48,88 қпаймен табан тіреді. Ал алғашқы үштікті венгриялық жас мерген Золт Лизиска 38,85 ұпаймен қорытындылады.

Қазақтың ежелгі өнері Жамбы атудан мергендік сынайтын үшінші кезең – қазақ стилі бойынша алғашқы үш орынды Бақдәулет Бабажан (53,28), Түмэнбаяр Отгонбаяр (30), Золт Лизиска (28,3) өзара бөлісті.

Жамбы ату сайысының ережесі бойынша жоғарыда аталған үш стильдің ұпайлары бірге есептеліп, ең көп ұпай жинаған мерген жеңімпаз атанады. Ендеше назарларыңызға Жамбы атға қатысқан 12 спортшының ұпай санын ұсынайық.

Бекзат Жақсыбек (Қазақстан) 1-тур – 18,92; 2-тур – 34,88; 3-тур – 11,93; (Жалпы – 83,01)

Бақдәулет Бабажан (Қазақстан) 1-тур – 24,03; 2-тур – 55,28; 3-тур – 53,28; (Жалпы – 164,62)

Ералхан Айкөз (Қазақстан) 1-тур – 27,1; 2-тур – 48,88; 3-тур – 17,19; (Жалпы – 118,27)

Хүслэн Чулуунбаатар (Моңғолия) 1-тур – 26,69; 2-тур – 27,19; 3-тур – 16,56; (Жалпы – 91,66)

Жавхлантөгс Мөнхарслан (Моңғолия) 1-тур – 19,15; 2-тур – 36,84; 3-тур – 19,19; (Жалпы – 102,27)

Түмэнбаяр Отгонбаяр (Моңғолия) 1-тур – 26,94; 2-тур – 33,66; 3-тур – 30; (Жалпы – 117,57)

Валентин Лакатос (Венгрия) 1-тур – 17,73; 2-тур – 29,87; 3-тур – 0; (Жалпы – 71,06)

Золт Лизиска (Венгрия) 1-тур – 19,63; 2-тур – 38,85; 3-тур – 28,3; (Жалпы – 114,69)

Ирфан Мика (Малазия) 1-тур – 20,86; 2-тур – 15,94; 3-тур – 0; (Жалпы – 61,52)

Шахобиддинжон Туроев (Өзбекстан) 1-тур – 0; (Ойыннан шықты)

Любовь Морока (Ресей) 1-тур – 14,18; 2-тур – 9,65; 3-тур – 0; (Жалпы – 34,27)

Веняамин Улу (Түркия) 1-тур – 17,85; 2-тур – 18,04; 3-тур – 17,47; (Жалпы – 71,14)

Сонымен, Жастар арасындағы тұңғыш Азия чемпионатындағы үш кезеңнен тұратын тартысты бәсекеде чемпион анықталды.

Ол – елімізге жаңадан танылып келе жатқан жас мерген Бақдәулет Бабажан. Бақдәулеттің мергендігі көрермендерді ғана емес, шет елден келген қарсыластарын да таңқалдырдды.

Екінші орынға да еліміздің танымал сұрмергені Ералхан Айкөз ие болды. Ералхан бұған дейін де өз жанкүйерлерін мергендігімен тәнті етіп келген болатын.

Ал Азия чемпионатының үшінші орнын Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласынан келген мерген Түмэнбаяр Отгонбаярға бұйырды.

Естеріңізге сала кетейік, кеше, яғни 18 сәуір күні Теңге ілу спорты бойынша сынға түскен 19 епті жігіттің ішінен жерлесіміз Ғалымжан Ізжанов жастар арасындағы тұңғыш Азия чемпионатының тұңғыш жеңімпазы атанған болатын. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 21 сәуір күні өтеді.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!