Бақытжан Жүнісов: Қазір шабандоз бала табу қиын

4331

Қазақтың қанына сіңген атбегілік өнерді ұмыттырмай, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастырып келе жатқан жігіттер қазір баршылық. Солардың бірі – Баянауыл ауданына қарасты Жұмат Шанин ауылының тұрғыны Бақытжан Жүнісов.

Бақытжан бабын тапқан сәйгүліктер бүгінге талай үлкен додалардан топ жарып, бәйгенің алдын бермей жүр. Сонымен қатар, ол асыраған ұшқыр тазы мен қыран бүркіттері де қансонарда иесінің қанжығасын майламай қайтпайды.

— Бақытжан аға, ат баптап, бәйгеге қосумен қашаннан бастап айналысып келесіз? Әңгімемізді осыдан бастасақ…

— Менің атқа деген құмарлығым бала кезімнен басталды. Мектепте оқып жүрген кезімде ауылда тай мініп, жабағы үйретіп жүрдім. Теңге ілу, қыз қуу, көкпар тарту, аударыспақ сынды спорт түрлерінің бәрін үйрендім. Жастар арасындағы өтетін ұлттық ат спорты жарыстарына қатысып, талай аудандық және облыстық жарыстарда жеңімпаз болдым. Бұл менің ат спортына деген қызығушылығымды одан сайын арттыра түсті. Болашақта өзімнің жүйрігім болса екен, ат баптап, бәйгеге қоссам екен деген арман болды. Кейін сол арманымды Алла қабыл етіп, ат баптауды өз кәсібіме айналдырдым. Маған соңғы заманның қандай автокөлігінің кілтін берсе де, мен оны өзімнің бір жүйрігіме айырбастай алмаймын.

— Сіз жүйрік болар атты қалай таңдайсыз? Жылқыны құлын немесе тай күнінен «осы нағыз сәйгүлік болар» деп біле аласыз ба?

— Иә, қазақта жақсы сөз бар ғой: «Жүйрік болар жылқыны құлынынан танисың» деген. Сол секілді нағыз сәйгүлікті құлын кезінен аңғаруға болады. Яғни, дене бітімі қысқалау, мойны жіңішкелеу келеді. Жүйрік болар жылқының төсі кең және қоян жақ, қамыс құлақ, жал-құйрығы сұйық болады. Сосын тілерсегі ақбөкендікі іспетті. Ол дегеніңіз — ұзақ шабысқа жарамды, яғни әлді деген сөз. Міне, әрбір мүшесі осылай өзге жылқыдан дараланып, көрініп тұрады. Нағыз сәйгүлік болар құлын өзінің қылығымен де белгілі ғой. Қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы өзгелерге ұқсамайды.

— Атқа шабатын баланы қалай дайындайсыз? Нағыз шабандоздың бойында қандай қасиет болуы керек?

— Бала жарыс жолына бұрыннан шығып жүрген тәжірибелі шабандоз болса, бәрін өзі біліп отырады. Ондай бала аттың сырын да жақсы біледі. Жүйрктің тізгіні қай кезде қалай ұстау керектігін айтқызбайды. Ондай шабандоздар жүйрікті қинамай-ақ мәреге озып келеді. Негізі, мүмкіндігінше алдыңғы топтың арасында болуы керек. Шу дегенде аттың тізгінін жіберіп, озып кетуге және қатты тежеп артта қалып қоюға болмайды. Жоғарыда айтқандай, алдыңғы топтың арасында жүріп, соңғы бір екі айналымда тізгінді жіберіп, алға шығып кетуі керек. Ол кезде басқа жүйріктердің аяғы ауырлап, арыны қайтып қалады. Міне, осы сәтті ұтымды пайдалану керек.

— Қазір ат спортына өз қалауымен келетін жастар аз секілді… Бұған не дейсіз?

— Дұрыс айтасыз. Қазір жүйрікке мінетін шабандоз табу қиындап барады. Виртуалды әлемнің қызығына батқан балалар атқа мініп, бәйгеге шабуға қызықпайтын болды. Олардың ақыл-ойын ғаламтор жаулап барады. Міне, кейінгі ұрпақты осыдан құтқару керек. Бала күнімізде ат жарысы болады дегенді естігенде бәйге төбенің жанынан шықпайтынбыз. Ол кезде өзімізде ат жоқ. Сосын бәйгеге ат қосатын адамдарға «Жүйрігіңізге осы жолы мен мінейінші» деп жалынып тұратын едік. Біз үшін одан өзге дүние қызық емес еді. Қазір балаларды ат спортына тарту үшін алдымен ата-анасына барып айтамыз. Көбі сол ата-ананың ықпалымен келіп жатады. Осы ретте мына бір жайтқа назар аудару керек. Қазір жастарды қалаға өте ерте жіберіп жатамыз. Яғни, тоғызыншы сыныпты бітіреді де, колледжге оқуға барады. Үйдегі шаруаның барлығын ата-аналар өз мойындарына алады. Мақсаттары белгілі ғой. Балаларын қатарынан қалдырмай, оқытып, бір мамандық иеленуін қалайды. Енді сол жастар оқуларын тәмамдап, дипломын алған соң ауылға келіп, ата-анаға қамқорлық жасауға асықпайды. Міне, баланы сыртқа жастай жіберудің бір «пайдасы» осы екен.

— Сіз өз балаңызды да осы атбегілікке және аңшылыққа тәрбиелеп жүрсіз. Бұған не түрткі болды?

— Өзіміз ауылдық жерде тұрғаннан кейін және өзім атбегі ретінде жүйрік баптап отырғандықтан баламды да ат спортына баулуым заңдылық ғой. Бұл — біріншіден, менің әкелік парызым. Егер, мен өзімнен туған ұлымды атқа мінгізе алмай жүрсем, біреудің баласын бұған қалай шақырамын. Екіншіден, қазақтың қалып бара жатқан ата кәсібін бізден кейін де жалғастыратын адам керек. Егер, оларды біз тәрбиелемесек, жастарға көрсетпесек, кім көрсетеді. Сондықтан екі баламды шеберханама жиі апарып тұрамын. Қазірден бастап ат әбзелдерін істеп үйреніп жүр. Сонымен қатар, ат баптаудың қыр-сырын меңгеруде. Болашақта өзім сияқты атбегі болмаса да, ата дәстүрді бойына сіңіріп өседі деп сенемін.

— Әңгімеңізге рақмет. Жүйріктеріңіз шабысты болсын!

Tileuberdi Сұхбаттасқан Тілеуберді САХАБА, Павлодар облысы

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!