Таразда ұлттық спорттан ел чемпионаты өтеді

2642

Ұлттық спорттан ересектер арасындағы биылғы Қазақстан Республикасының чемпионаты Тараз қаласында өткізілетін болып өзгертілді. Республиканың басты бәсекесі мамырдың 19-26 күндері ту көтереді.

Негізінде, елішілік чемпионат жыл басында бекітілген жоспар бойынша Алматы қаласында ұйымдастырылуға тиіс болатын. Бірақ, түрлі себептерге байланысты жуықта ересектер чемпионатының 19-26 мамырда Тараз қаласында өткізілетіні анықталды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі  бекіткен «2019 жылғы бұқаралық-спорттық республикалық және халықаралық жарыстардың күнтізбесіне» сәйкес, ҚР Ұлттық  спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен өтетін  биылғы чемпионаттың ерекшелігі – еліміздің барлық өңіріндегі   17 команда толық  қатыспақшы. Бәсеке өтетін орын – Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылындағы ипподром. Мекенжайы облысқа қарағанымен, бұл ипподром Тараз қаласының іргесінде орналасқан.

Сонымен, Көкпардан – ХІХ, Аударыспақтан – ХІХ, Теңге ілуден – ХІІI, Жамбы атудан – V рет өткізілетін ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатына даярлық қазіргі кезде қызу жүргізілуде. Ұлттық спорттың есепшотын қаққан мамандардың болжауынша, әсіресе, биылғы елішілік жарыста көкпаршылар бәсекесі өте тартысты өтуге тиіс. Себебі, қараша айында Өзбекстанда командалық көкпардан Әлем чемпионаты ұйымдастырылады.  Биылғы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанып, көзге түскен көкпаршылардан осы Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын Ұлттық құрама команда жасақталмақ. Сондықтан, көкпардан бірнеше жылда бір рет өтетін  Әлем чемпионатына жолдама алу үшін көкпаршыларымыз елішілік чемпионатта ерекше ойын өрнегін көрсетеді деп күтілуде.

Жанкүйер жадына салып өтсек, көкпардан Қазақстан ұлттық құрама командасы 8 мемлекет командасы қатысқан Азия чемпионатында (2013), 11 мемлекет командасы қатысқан Әлем чемпионатында (2017) бас жүлдені жеңіп алған. Сондай-ақ, қазіргі кезге дейін  Қазақстан ұлттық құрама командасы  көкпардан ұйымдастырылған халықаралық жарысқа тоғыз рет қатысып, алты дүркін чемпион атанды.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!