Ел чемпионаты. Түйісу ойындары аяқталды (ФОТО)

4621

Таразда өтіп жатқан Қазақстан Республикасының ересектер арасында көкпардан ХІХ кезекті ел чемпионатында түйісу ойындары аяқталды.

Еліміз бойынша 15 команда қатысқан чемпионатта түйісу ойындарында тақым түйістірген төрт жұп – 8 команда болды. Олар ШҚО мен Қызылода облысының құрамасы, СҚО мен Павлодар облысының «Сатты» командасы, Нұр-Сұлтан қаласы «Астана» командасы мен Маңғыстау облысының «Адай ата» командасы және Қостанай облысы құрамасы мен Қарағанды облысы құрамасы болатын.

Сонымен алғаш болып алаңға шыққан ШҚО мен Қызылорда құрамасы арасындағы ойын өте тартысты өтті. Алайда Қызылорданың қырандары ойын соңында есепті 8:3-пен аяқтады.

qyzyl-shqo

Салым салғандар:

ШҚО: Артур Бикинин – 1 салым, Жақсылық Амалбеков – 1 салым, Жарқын Жанбуршин – 1 салым.

Қызылорда облысы құрамасы: Асхат Мырзагелдиев – 3 салым, Нұрлан Жүсіпов – 1 салым, Наурызхан Әмзиев – 2 салым, Ақжан Ташжанов – 1 салым, Нұрлыбек Асқаров – 1 салым.

Алаңға екінші болып «Сатты» мен СҚО құрамасы шықты. Тым тартысты ойын бола қойған жоқ. СҚО ойын бастала салысымен алаң қожайыны өздері екенін танытты. Тіпті, «Сатты» командасына бір салым салуға да мүмкіндік бермеді. Бұл жағдай ойын соңына дейін сақталып, есеп – 11:0 – СҚО құрамасының жеңісімен аяқталды.

paulo-cqo

Салым салғандар:

«Сатты» — 0

СҚО: Еркебұлан Дүйсекеев – 1 салым, Бейбіт Амангелдинов – 2 салым, Руслан Смағұлов – 1 салым, Данияр Ғалинұров – 1 салым, Нұрсұлтан Әбесов – 4 салым, Ринат Ибрагимов – 2 салым.

Естеріңізде болса, 19-26 мамыр аралығында Жамбыл облысы, Тараз қаласының жанындағы Бектөбе атшабарында Ұлттық ат спорты түрлерінен Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін чемпионаттың көкпар бойынша түйісу ойындарында үшінші болып алаңға «Астана» командасы мен Маңғыстау облысының «Адай ата» командасы шықты.

Ойын барысында екі команда да жақсы тартыс жасады. Дегенмен Нұр-Сұлтанның мерейі үстем болып, ойын соңында 7:2 есебімен «Астана» командасы «Адай ата» командасын айқын басымдықпен ұтты.

Asta-man

Салым салғандар:

«Адай ата»: Шынболат Ақбаев – 2 салым.

«Астана»: Ерлан Қанапин – 3 салым, Арслан Қабжанов – 3 салым, Елдос Байғазиев – 1 салым.

Түйісу ойындарын түйіндейтін Қостанай облысы мен Қарағанды облысы құрама командалары болды. Сарыарқаның саңлақтары мен Тобылдың топжарған жігіттері алаңда айрықша айқас көрсетті. Додапаз жігіттер бір-біріне есе жібермес үшін жан алысып, жан беріскен сайыс болды.

Соған қарамастан Қостанай жігіттері салым санын арттыра түсті. Ойынның бірінші айналымында асқан шеберлік пен ерекше ептілік көрсеткен қостанайлықтар көкпарды қолдан-қолға жүгіртті. Есеп – 6:0, Қостанай құрамасының пайдасында.

qara-qos

Салым салғандар:

Қарағанды облысы құрамасы – 0.

Қостанай облысының құрамасы: Қобыланды Дайыров – 3 салым, Оралхан Сұлтан – 2 салым, Бақдәулет Асанов – 1 салым.

Сонымен бүгін түйісу ойындары аяқталды. Ертең түске дейін аударыспақ алыптары ортаға шықса, түстен кейін орындар үшін талас өтеді.

Ендеше қай команда нешенші орын үшін додаға түсетінін де айта кетейік:

5-6-орындар үшін Қызылорда облысы құрамасы мен СҚО құрамасы;

7-8-орындар үшін ШҚО мен Павлодар облысының «Сатты» командасы;

9-10-орындар үшін Нұр-Сұлтан қаласы «Астана» командасы мен Қостанай облысының құрамасы;

11-12-орындар үшін Маңғыстау облысы «Адай ата» командасы мен Қарағанды облысы құрамасы сынға түсетін болады.

Осы жерде ескерте кететін бір жағдай, бұған дейінгі ойындарындағы нәтижелеріне байланысты және командалық шешімдерімен Ақтөбе облысы «Әлім ата» командасы, БҚО құрамасы мен Алматы қаласының құрамасы орындар үшін ойынға қатыспайтындарын айтты.

Сондықтан олардың бұған дейін жинаған салым сандарын есептей келе;

13-орын Ақтөбе облысы «Әлім ата» командасы;

14-орын БҚО құрамасы;

15-орын Алматы қаласы құрамасы болды.

Айтпақшы, біз осы ақпаратты жазып жатқан сәтте Павлодар облысы «Сатты» құрамасы 7-8-орындар үшін ШҚО құрамасымен ойнамайтынын хабарлады. Демек, ертең 7-8-орындар үшін болатын ойын өтпейді. «Сатты» командасы бас тартып, 7-орынды ШҚО құрамасына берді.

Естеріңізге сала кетейік, «Құлагер», «Нарын», «Әулие ата» және «Жекебатыр» арасындағы жартылай финал ойындары аяқталғанын бұған дейін хабарлағанбыз. Онда «Құлагер» мен «Нарын», «Әулие ата» мен «Жекебатыр» ойнаған. Ойын нәтижесінде Түркістан облысы мен Жамбыл облысының командалары 1-2-орын үшін, Атырау облысы мен Ақмола облысының командалары 3-4 орын үшін таласатыны белгілі болған еді.

Ақтық сайыс 26 мамыр күні өтеді.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!