Иппотерапиямен емделушілер халықаралық байқауға қатысады

2881

Винное ауылында орналасқан «Титан» ат спорты кешенінің тәрбиеленушілері кезекті байрақты бәсекелеріне аттанғалы отыр. Бұл жолы жерлестеріміз Италияға сапар шекпек.

Жақында аталған мемлекеттің Сома-Ломбардо деп аталатын қаласында бейімделген ат спорты түрлерінен халықаралық жарыс өтуі тиіс. Бұл дода үш жұлдызға ие, дейді мамандар. Демек, төрт жұлдызды паралимпиадалық ойындардың деңгейінен сәл ғана төмен тұрған жарыс. Сондықтан бұл сынға «Ақтай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қорғау қорының жанындағы ат спорты кешенінде жаттығатын кіл мықтылар аттанбақ екен. Атап айтсақ, Еуропа төрінде Қазақстан намысын Айғаным Ермекова, Райхан Байырқанова, Елена Шишаева мен Ринат Бектұрсынов қорғайтын болады.

Солардың бірі – Ринат Бектұрсынов бүгінде спортшы ғана емес, жаттықтырушы ретінде де танылып жүр. 26 жастағы Ринат өзі сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға халықаралық додаға жай ғана қатысудың өзі бақыт екенін айтады.

«Титанға» келіп жаттығып жүргеніме екі жылдай болды. Нәтиже жаман емес сияқты. Негізі, мен табиғатымнан қол қусырып отыра алмайтын жан едім. Бұл жерге келгелі тіптен жұмысбасты болып кеттім. Дегенмен, бұл таңдауыма еш өкінбеймін. Өзім де атқа мініп қана қоймай, басқаларға да бұл тамаша өнердің қыр-сырын үйретудемін. Бізге осындай мүмкіндік сыйлаған адамдарға алғыстан басқа айтарым жоқ», – дейді балалардың церебралдық сал ауруына шалдыққан өскемендік жігіт.

«Ақтай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қорғау қорының директоры әрі «Титан» ат спорты кешенінде жаттығатын спортшылардың бас бапкері Елена Черникованың айтуынша, бүгінде мұнда Ринат сияқты 130-ға жуық жерлесіміз иппотерапия мен ат спортының игілігін көріп жүр. Олармен күнделікті 30-дан астам маман жұмыс істейді. Арасында дәрігерлер, мұғалімдер мен психологтар да бар.

Ал бұл жерде бес жылдан бері қызмет істеп келе жатқан Алмагүл Сүгірбаеваның негізгі мамандығы тігінші екен. Алайда ол мұндай жұмыс кез келген адамның қолынан келетінін айтады.

«Ең бастысы, ынта мен жауапкершілік болса болғаны» дейді Алмагүл.

Жалпы, соңғы жылдары мүгедек балаларды жылқымен емдеу шаралары облысымызда ғана емес, бүкіл республикада да жүйелі түрде жүргізіле бастаған. Еліміз бойынша бірінші рет 2009 жылы Шығыс Қазақстанда қолға алынған бұл игі бастаманы артынша Қарағанды, Ақтөбе мен Маңғыстау облыстары жалғап әкеткен.

Елена Черникова мұндағы мамандарға тереңірек тәлім беру мақсатында шетелден осы саланың шеберлері шақыртылып, арнайы семинарлар өткізгенін айтады.

«Иппотерапия емі балаға психоэмоционалдық және биомеханикалық тұрғыдан екі жақты әсер етеді. Атқа мінудің, оны бағындырудың жарымжан адам үшін қандай жетістік екенін білсеңіз ғой. Негізі жылқы жүрісінің тербелісі арқылы баланың тірек-қозғалыс жүйесіне айтарлықтай ықпал етуге болады», – дейді ол.

Оның айуынша, мұндағы емделушілер денсаулықтарын жақсартып қана қоймай, спортпен айналысып, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысу мүмкіндігіне де ие болады екен. Бұл сөзімізге Италияға жол жүргелі отырған спортшылар да дәлел бола алады.

Байрақты бәсекеге соңғы дайындықтарын пысықтап жатқан жерлестерімізге сәттілік тілеу үшін «Титан» ат спорты кешеніне облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Денис Рыпаков арнайы келіп, жаттықтырушылармен және олардың шәкірттерімен кездесті. Аймақ басшысының орынбасары өз сөзінде спортшылар қандай да құрметке лайық екенін айтып, додада барлығы ойдағыдай өнер көрсететініне сенім білдірді.

Жоғарыда айтқандай, 2009 жылдан бері «Титан» ат спорты кешенінде денсаулығында кемістігі бар балалар мен ересектерге арналған ем-шаралар арнайы үйретілген аттардың көмегімен жүзеге асырылып келеді. Ал «Титан» ЖШС мен облыстық әкімдік арасында жасалған екіжақты меморандумның арқасында бұл жерге төбесі жабық манеж салынған-ды. Нәтижесінде, қазір мекеме қысы-жазы жұмыс істеп тұр.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан жеті жыл бұрын Глубокое ауданының Винное ауылында құны 180 миллион теңгені құраған үлкен ат спорты манежі бой көтерген болатын. Қазір мұнда иппотерапия мен бейімделген ат спортынан мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектерді сауықтыруға арналған жаттығулар өткізіледі. Ем алушылармен арнайы нұсқаушылар мен психологтар жұмыс істейді.

Естеріңізде болса, иппотерапияның көмегіне жүгінетін өскемендік балалар бұған дейін де халықаралық жарыстың жеңімпазы атанған болатын.

Нұржан Кенжеұлы, «Дидар» газеті

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!