Ақтөбеде ұлттық спорт түрлерінен республикалық фестиваль өтеді

2885

Ұлттық спорт түрлерінен республикалық V фестиваль 18-25 қыркүйек күндері Ақтөбе қаласында өтеді. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын аталмыш бәсекеге қатысушылар ұлттық спорттың он түрінен бақ сынайды.

Атап айтқанда, 18 қыркүйекте басталатын V фестивальде көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, құсбегілік (бүркіт, қаршыға, ителгі), бәйге түрлері (ат, құнан), тоғызқұмалақ, асық ату, жекпе-жек (ерлер және әйелдер арасында), қазақ күресі  (ерлер және әйелдер арасында) спорт түрлерінің жүлделері сарапқа салынады.

«Фестивальдің ашылу (21 қыркүйек) және жабылу (25 қыркүйек) салтанаттары Ақтөбе қаласындағы «Жекпе-жек» спорт сарайында өткізіледі. Фестивальге келу күні – ат спорты түрлері бойынша 17 қыркүйекке, қазақ күресі үшін – 19 қыркүйекке, басқа спорт түрлері үшін 20 қыркүйекке жоспарлануда. Елімізде ұлттық спорт түрлерін дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды отансүйгіштікке және халықтар арасында достық пен татулықты нығайту, ең бастысы ұлттық спорт түрлерін дамытудағы ең мықты өңірді анықтау мақсатында өткізілетін биылғы фестивальға республикадағы барлық өңірдің командалары қатыспақшы» — дейді ұйымдастырушылар.

Еске салып өтсек,  Ұлттық спорт фестивалі  1999 жылы тұңғыш рет Елорда төрінде жалауын көтерген. Ал,  екі мыңнан астам спортшы қатысқан ІV Ұлттық спорт фестивалі 2015 жылғы қазан айында Қызылорда қаласында өткізіліп, бас жүлдені Қызылорда облысы, екінші орынды Түркістан облысы, үшінші орынды Жамбыл облысы иеленген болатын.

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!