Мәмлүктердің атбегілік өнері. Ат мінезі

4303

(Жалғасы)

Әл-Байтар «Ат емдеудегі екі өнердің шегі» деген кітабында жылқының 12 түрлі мінезі, қалмайтын 7 әдеті бар деп жазады.

1. Қиқар (бір езу, басасау жылқы).

Жылқының ең қиыны. Бұл мінез құлын кезінде баптаудың дұрыс жүргізілмегендігінен, қамшымен көп ұрғандықтан қалыптасады. Жылқы бірте-бірте бір орында тұруға әбден үйреніп, қамшымен ұруға да бойы үйреніп, оны қалыпты қабылдайды. Тіпті қыңырлығы соншалық, өрт кезінде найзамен түртсе де қорадан шықпай, өртеніп кететіндері де кездескен.

2. Тістеуік.

Құлын кезінде дөрекі қарау немесе онымен ойнау. Қол жүгіртіп, жүйкесіне тию салдарынан туындайды. Құлын өскенде мінезі бірге өседі.

3. Үркек.

Құлын кезінде көз алдында заттар лақтырып, бетіне ысқырудан қорқып қалғандықтан.

4. Жылауық.

Тоқтаған кезде басын жан-жағына шайқап тұрады. Құлын кезінде тұрған жерінің жайсыздығы, тарлығы, қасында басқа құлындардың кедергі жасауы алдыңғы екі аяғын бір жерге қоя алмай, ыңғайлы жер іздеп, үнемі ауыстыруы салдарынан. Өскен кезде осы әдеті бойында қалып, тоқтаған кезінде солай істеу керек деп, аяқтарын тынымсыз қимылдатып, басын екі жағына шайқай береді.

5. Жалтақ.

Иесі міне берген кезде оңға немесе солға жалтарады. Жолда да солай. Бұл мінез жылқының арқасындағы жауыры жазылмай, қайта ерттеп мінгеннен немесе құлын кезінде ерте бас үйретілгендіктен. Салмағы ауыр адамның көп мінгендігінің нәтижесі.

6. Шошымал.

Иесінен және басқалардан үркеді. Тағалауға көнбейді. Себебі бірінші рет тағалаған кезде шегеден ауырсынып қалған, сол қайталанады деп шошиды. Ер-тоқым, жүген салдырмау, үстіндегі жара, жауыр салдарынан, дұрыс бапталмағандықтан. Және атбегінің оны басынан көп ұрғандығынан шығады. Иесі немесе бапкер жақындағанда ұрайын деп келе жатыр деп қорқады.

7. Тебеген (безер, тентек).

Бағынбайды, тебеді. Бұл жылқының табиғи қасиеті, әдеті.

8. Кекжек.

Алдында зат көрсе, тік тұрады. Себебі жүген бос немесе өкше темір бос болса, атты мінген адам тебінген сайын тік тұруды талап етті деп екі артқы аяғына тік тұрады.

9. Жорға.

Жүріс ұстай алмайды.

10. Артқы аяқтарына тіреліп, алдыңғы аяғымен жер тарпиды.

Жүген бос, тізгін қысқа болса, иесі мінгісі келсе, жер тарпуды талап етіп тұр деп ойлайды. Басқа жылқы иіскесе де, тура солай жасайды.

11. Кісінегіш.

Тағалағанда қатты шыңғырады. Оның себебі алғаш тағалағанда жылқы қатты ауырсынып қалған.

12. Жеруік.

Су, өзен, теңіз, желкілдеген жалаулардан қорқады. Бұл жылқы малының табиғи инстинкті.

Мәмлүк атбегілерінің қырағы көзінен жылқы малының әдеттері де тыс қалмаған. Олардың қатарында жылқының тілін шығаруы, ернін тынымсыз қимылдата беруі, жамбастарын тынымсыз қимылдататыны, өз-өзін тебуі, қоқыс жейтіні (жебір), ер-тұрманын аударып тастауы және тұрған жерін тарпуы жатады.

Khairat SakiҚайрат Сәки, argymaq.kz

«Мәмлүктер» кітабынан ықшамдалып алынды (Басы мына жерде: бірінші, екінші, үшінші. Жалғасы бар)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!