Ақбоздың өлімі

3227

… Мүде алғашқы сынақтағы қырғыннан кейін шатырына барысымен Саян батырды шақырып алып, оған өзінің сарбазымен бүгін түнгі күзетке шығуды тапсырды. Саян соңғы кезекте сынға түсетін мыңбасының бірі, Мүденің жақын туысы болатын…

Екінші сынақ тез өтті. Алайда жазаға ұшырағандар бұл жолы да аз болған жоқ.

Күнмен табысу рәсімін жасап болып, Ақбозға қонған ханзаданы төменде, бүгінгі сынға түсетін екі мың сарбаздың мыңбасылары әдеттегідей күтіп алды. Мүде де әдеттегідей, мыңбасыларының жүзінен әлдене іздегендей тесіле қарады. Ханзаданың мысы басқан мыңбасылар жүздерін жасырып, төмен аударды. Алайда Мүде үшін осының өзі жетіп жатыр еді. Оның қырағы көзі іздегенін шалып қалды. Іші жылып сала берді. Екі мыңбасының да ханзада алдында әскербасылық беделін сақтап, қаншама байыпты көрінуге тырысқандарымен, жүздерінде адам айтқысыз үрей тұрды.

«Бәсе, осылай болса керек еді ғой» деп ойлады ол жанына белгісіз бір қуаныш шуағы құйылған риза көңілмен. – Үрей, тек үрей ғана әскерді ашқанда алақанынан, жұмғанда жұдырықтан табылуға мәжбүр етеді. Ақылын үрей билеген жан ойланудан қалады. Ойсыз жан ойранға бейім. Айтқаныңды ақылға салмайды. Жарлығыңды орындауда жалаң семсердей, сілтесең – кесуді біледі».

Мүде шауып келе жатып, мына мыңбасыларды кешегі Хянь-думен салыстырды. Арасы жер мен көктей. Мүде мүдделі мақсатына тақап қалғандай сезінді. Көңілін қуаныш биледі.

Әскер бірінші сынақтағыдай тәртіппен орналасыпты. «Иек» астында қолбасшы әмірін күтіп бүгінгі сынға түсер екі мың сарбаз тұр. Мүде бүкіл әскердің орта тұсына келгенде тоқтады да, мыңбасыларға сарбаздарды бері тақатуды бұйырды. Өзара бірнеше қатарға сапқа тұрған сарбаздар сол қалпын бұзбастан, аттарын аяңдатып, шатқал иегіне етекке түсе бастады. Олардың алды етекке ілінгенде, Мүде қолын көтеріп, тоқтауға белгі берді. Алғы лек іркіліп қалды. Қалғандары да алдыңғыларына жете беріп, ат басын тартты.

Екі мың сарбаз өзінен әмір күтіп, қыбырсыз тұр. Әр жанарда «Енді не істер екен? Тағы қандай күтпеген пәлеге жолығамыз?» деген үрейлі сұрау бар. «Қара басып, байқамай қалып, басымыздан айырылып жүрмейік» деген үрейлі сақтықтан да құр емес. Ханзада жаққа елеңдеп қарайды.

Мүде Ақбоздан түсіп, атын сарбаздар алдында бос қалдырды да, өзі тұрғандардың оң қанатына шықты. Сарбаздарға қарап тұрып садағын алды да, адырнаға «жау қашырарды» салды. Ханзаданың не істеп, не қоярын білмесе де, сарбаздар да оның жасағанын қайталады. Сынға түскендердің әр қимылын бағып тұрған Мүде адырнаны баяу керіп, жауынгерлердің сыртынан сарбаздарының ханзада әмірін қалай да қалт жібермей орындауын жіті қадағалаған екінші мыңбасыны нысанаға ала бастады. Ешқандай бұйрықсыз-ақ Мүденің беті қараған жаққа жалт бұрылған сарбаздар ханзаданың өзін нысанаға алғанын көріп, безгек тигендей қалшылдап тұрған мыңбасыны көздеп, қорқынышты жебенің ысқырған дыбысын күтті.

Нысанаға байланған мыңбасы байғұс қара терге түсіп, көзін тарс жұмып алды да, дәрменсіздік құшағында, денесіне кіршілдей кірер сансыз жебенің ысылын күтіп, ажалды үнсіз мойындап, құр сүлдер күйі тұра берді. Мыңбасы байғұстың шыдамын сынайын дегендей Мүде де ұзақ көздеді.

Маңайды меңіреу тыныштық басты. Жел екеш жел де ішін тартып, тына қалған секілді. Жақсылық пен жамандықты көре-көре әбден еті өліп кеткен күн ғана селт етпей, кірпік қақпастан бедірейіп қарап тұр. Осы сәт тек сынға түсетіндер ғана емес, бүкіл әскер ішіне тартқан демдерін қайтара сыртқа шығаруға шамалары келмей, тас болып қатып қалған тәрізді, түк қыбыр жоқ.

Мүде үзілердей, тысырлата керген адырнаны босатты. Бар болмысымен қолбасшының қыбыр еткенін бағып, қимылсыз тұрған сарбаздар адырнаның ала өгіздей мөңірегенін де, ажалды жебенің қорқынышты дыбысын да естіді. Бірақ мыңбасыға емес, басқа жаққа бағытталғанын да сезді. Жалма-жан бәрі бір кісідей артқа жалт бұрылды.

Қамсыз, иесінің келуін күтіп, басын шыбындай шұлғып тастап, кербез тұрған Ақбоз оқыс секіріп түсіп, шыңғыра осқырынып аспанға шапшыды. Ысқырма жебе омырауын осып өткен еді. Ақбоздың төсін қызыл қан жуды.

Жалт қарасқанда осы көрініске тап болған сарбаздар зәрелері кетіп, ауыздарын ашып, тұрып қалды.

Хунну үшін жақсы ат баласымен пара-пар. Бүкіл әскердің көз құртын түсірген, «аспан жылқысы» атанған Давань қылқұйрығының тұқымы, азаматтың арманы – Ақбозды ханзада оққа байлар деген ой адамның ойы түгіл түсіне де кірер ме?! Төбелерінен жай түскендей есеңгіреген сарбаздардың абдырауында шек жоқ еді. Дегенмен аянышты, қимастықты үрей жеңді. Алдымен ес жиған Мүденің қасында тұрған мыңбасы болды. Оның жебесі Ақбоздың дәл қабырғасына қадалды. Сол-ақ екен, нөсер тамшысындай құйылған қанатты жебелер Ақбоздың үстіне жауып кетті. жазықсыз жануар адамзаттың аяусыз тағылығына лағнетін білдіргендей соңғы рет арқырай бір кісінеді де, төрт тағандап, теңселіп, мақтадай аппақ денесін қызыл қан жуды. Күн сәулесіне малынған Ақбоз сарбаздар алдында қызыл алауға айналып, лапылдап жанып жатқан тәрізді еді.

Жақсы ат, желқанат жануардың өлімі аяушылықтан ада дейтін талай жауынгердің өзінің көзіне жас келтірді. Алдындағы шұрқыраған Ақбозды аяғандары сондай – тартылған адырнаны босатуға шамасы келмей, жебелерін жерге қадады. Ұзамай бүкіл әскер алдында сезімі бар жүректің иелері болғаны үшін олардың бәрі де бастарынан айырылды.

Жарлықты орындамағандар жазаланғаннан кейін, Мүде бас сақшы әкеп алдына тартқан атқа мініп, өз шатырына беттеді. Түрінде толқу да, торығу да жоқ, күнделікті жаттығудан оралып келе жатқан секілді. Қос қапталдағы сарбаздар тұрған-тұрған жерінде әлдебір сиқырдың күшімен қара тасқа айналып кеткендей, ешбір қимыл-қыбырсыз Мөдені тек көздерімен ғана ұзатып салды.

QoishyagaҚойшығара Салғараұлы,

(«Мөде хан» повестінен ықшамдалып алынды)

argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!