Белгілі атбегі Оңласын Сатыбалдыұлы өмірден өтті

onlasyn

Жетісу өңіріне атбегілік өнерімен танымал болған Оңласын Сатыбалдыұлы фәниден бақиға аттанды. Бұл туралы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады.

Саналы ғұмырын асыл тұқымды жылқы бағумен өткізген тәжірибелі атбегі, кәнігі шабандоз туралы кеңінен сөз қозғауды алдағы күндердің еншісіне қалдырдық. Ал,  Жетісу өңіріне есімі мәшһүр Əбіқай Жапаров, Нəркен Қалыбеков сынды атақты атбегілерден тәлім алған Оңласын ақсақалдың өнегелі өмірі ықшамдай айтқанда төмендегідей өріледі.

САТЫБАЛДЫҰЛЫ Оңласын – 1940 жылы Алматы облысы,  Жамбыл ауданы, Дегерес ауылында дүниеге келген. Жетісу өңіріне есімі мәлім қарт атбегі 80 жасында өмірден озды.

Оңласын Сатыбалдыұлы бала күнінен жүйрік атқа құмар болып, ауыл, аудан көлемінде ғана емес, Алматы қаласы ипподромындағы жарыстарда шабандоздық өнер көрсеткен. Алматы ипподромында өткен 1958 жылғы аламан бәйгеде Оңласын шабандоз «Әбіқайторы» атты жүйрікпен бас жүлдені олжалайды.

Оңласын Сатыбалдыұлы  55 жасында Қырғызстан респубикасы ұйымдастырған ұзақ қашықтықтағы аламан бәйгеге қатысты (1995 ж). «Манас» эпосының 1 000 жылдығы құрметіне арналған бұл аламан бәйгенің қашықтығы  бір мың шақырымдық. Әр шабандоз қос атпен бақ сынаған көп күндік аламан бәйге Түркіменстан астанасы Ашхабадтан басталған.

Жетісу өңіріне есімдері әйгілі Əбіқай Жапаров, Нəркен Қалыбеков сынды атақты атбегілерді ұстаз тұтқан Оңласын атбегі ширек ғасыр ішінде Қарлығаш, Елік, Шағала, Сүлікқара, Сұңқар, Нарбота, Кербота, Көктай, Сарытай, Басбатыр, Жібек, Геркулес, Ақтанау, Дараторы, Ботакөз, Тасқара, Берікқара сияқты сәйгүліктерді баптап, көптеген респубикалық аламан бәйгелердің бас жүлделерін олжалапты.

Алматы өңіріндегі Арықбаев Берік, Нұрбаев Ғалымжан, Қалыбеков Айдос, Құттыбай Жандос сынды жас бапкерлер Оңласын атбегінің тəлім-тəрбиесін алған шәкірттері. Қарт атбегі соңғы жылдары Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Сұңқар ауылында тұрды. Оңласын атбегінің ұлы  Ертілеу Сатыбалдиев елімізге танымал атбегі, бәйге түрлерінен Бас төреші, республикалық «Бәйге» федерациясының вице-президенті.

Бүгін ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан Оңласын атбегінің ұлы  Ертілеу Сатыбалдиевке қайғылы қазаға сабыр тілеген көңіл айту жеделхатын жолдады.

Argymaq.kz ұлттық танымдық порталы атынан Ертілеу ағамызға және Оңласын марқұмның артында қалған ұрпақтарына қайғырып көңіл айтамыз!

argymaq.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Please Do the Math      
 

Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>