Мекебай КӘКЕНҰЛЫ. Ер Көбеш пен Қызыл ат

4647

(Деректі әңгіме)

Аймақтағы аламан

 — Мен 9 жасымда 1941 жылы аймақ орнауының мерей тойына 60 шақырымдық аламан бәйге ұйымдастырылды. Сол тойға шақырылған ат бапкері Тілеубердіұлы Оспанның Қызыл атына шауып, талай жүйрікті артқа тастап, екі шақырымдай алыс келіп, бас бәйгені жеңіп алған едім – деп бастады әңгімесін ағам. – Әкем 7 жасымнан атқа мінгізіп тәрбиеледі, Оспан өте алғыр атбегі, асқан мерген, алып денелі, шымыр, балуан білекті, арыстан жүректі адам еді.

Ат баптау, қыран құс салып, ит жүгіртуге машықталған Керейлер алғашқы үлкен тойға әр сұмын, аудандар, жүйрік жорғаларын жаратып әнші-күйші ақындарын сайлап, жүйріктерін кежімдеп сәндеп, арғымақтарға мініп жаттыққан, тақымы берік шабандоз балаларды таңдап, ата-анасынан сұрап алатын. Баласының аман-есен болуын тілеп, атының бәйгелі болуына бата беріп аттандыратын.

Бір күні түсте Оспан аға бір еркек қой өңгеріп келіп, белдеуге байлап, мені әкемнен сұрап, Қызыл атты бәйгеге қосатынын айтып, «аламан бәйгеге атқа берік желтақым осы баланы қалап келдім» — деді. Әкем “балам, атқа тақымы берік, атың бәйгелі болсын, балаға атыңның мінезін, ақыл кеңесіңді берерсің жолың болсын” — деді. Мен қуанып кеттім. Жолға әп-сәтте дайын болдым. Ошыңның артына мінгесіп кете бердім.

Аймаққа ат қосатындар ат бапкерлері Сырғалы бәйге төбесіне жиналғандар мол-ақ екен. Арғымақтар көлденең керілген кермеде кежімімен тізіліп қаз-қатар тұр. Алтайдың қоңыр салқын желіне көкіректерін кере дем алып, бастарын шұлғып, есінеп күмбірлете кісінеп қояды.

«Бүгін бұл жануарлардың жолы болады екен, есінеп тұр, маңдайы жарылып, «алдыма қыл құйрықты салмаспын» деп тұр ғой» десіп бәйге төбедегі бапкерлер арғымақтардың әр біріне сын тағып, баға беріп келеді.

Кермедегі кежімделген арғымақтар әрі-бері көлбеңдеп керіліп, күміс ауыздықтарын қарш-қарш шайнап, өз денесін қай қырынан көресің дегендей керіліп жер тарпып есінеп қояды. Бұл кезде ат баптаған әрбір қазақ жеті қазынаның бірі, ер қанаты болған, бәйге аттарынан сан-саладан көз салып, қадағалап жүр. Аттың бәрі жабулы екен. Кежімін әсемдеп, шашақ төгіп кестелеген Қызыл атты да сол кездің ат сыншылары Сахария, Қопатай, Сансызбайлар сынға алды. Қызыл атқа әр сыншы әр бір болжам айтып жатыр.

— Нағыз, «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.

Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке, үңірейген болса сағақ…» дейтіннің өзі ғой.

— Иә, теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті, қабырғалы, тынысы кең, мойын еттері бөлек-бөлек омыраулы, салқы төсті, аяғы тіп-тік, жұмыр тұяқты, кең сауырлы, алды-арты тік тепе-тең, бауыры жазық шайтақтайдай. Екі көзі бота көз, төнкеріп қарайды.

Осылай әр сыншы өз ықыласымен Оспанның қызыл көгін сыннан өткізді.

Оспан адамдардың атына айтқан сынын жақтырмай, көз тиер деп көзден таса жерде ұстауды ойлап, толғанып тұрды.

«Аймақтағы аламан бәйгеге 260 ат қосылады екен. Аттарды тізімге алатын ішкі істер бөлім бастығы Қалқабай деген аттарды сынайтын сыншы дейді. Қалқабай «қараниет Қалқабай» атанған кісі екен. Ол қай жерде жүйрік аты бар азамат бар, соларды тізімге алып, алдау-арбау қорқытумен атын алады дейді. Қылқабай десе жылаған бала уанатын, халыққа да көптеген зәбір-зомбылық көрсеткендіктен халық одан алыс жүреді екен» деген өсек желдей еседі — дейді Сақария сыншы.

«Әуелі әміріне көмбегендерді асып, атып, соттап жібереді екен. Біз сақ болуымыз керек» — десті Сансызбай мен Оспан екеуі.

«Қалқабай өзі жаратып қосатын «Хэлтэс», «Қара» деген екі жүйрігі бар. Бәйгені солар алады» — дейді. Ат баптаушылар аузындағы әнгіме осы болды.

Не керек, Алланың сәтін салған күні келіп жетті. Бәйге өтеді дегеннен екі күн бұрын Бұғыты аралына жетіп, таза жерге жүйріктерді дамылдатып алдық. Бүгін той дегенде таң сәріде бәйге төбеге жиналдық. Ошың мені қосалқы атқа мінгізіп, Қызыл көкті жетегіне алған. Қолыма жеңіл тобылғы сапты қамшыны ұстатты.

— Бүлдіргесін қолыңның білезігіне өткізіп ал, қамшының басында ақжібек орамал байлаулы. Атың терлеп, тер төгіле бастағанда екі көзін қамшының ұшындағы орамалмен сүртіп отыр. Атыңды қамшылама, бәйге төбеге жақындап, топтың айғайы естілгенде екі рет сипай қамшылап, тебініп қалсаң болды. Шаңға бөктірме, аламанның жел жағына ала шап. Қорқып үрікпе, сасқалақтама, жер ыңғайын бақыла, ылди-өр, жыра-жылғадан өткенде тақым қысып берік отыр. Алдынғы қатардағы аттардың арасына кірме, атыңды ол аттармен таластырма. Аттардың жанымен жанасып алып алыс отыр, қамшы сілтегенде қамшы жетпейтін кеңістікте қашықтықта бол – деп ақыл-кеңесін, ескертпелерін айтып келеді.

Ошың бұл ақылының бәрін әр бәйге сайын айтады. Мен жаттап алдым десем де болады. Дегенмен осы жолғы бәйгенің жөні бөлек.

— Балалар қамшы сілтеп, атқа зәбір тудырар немесе өзіңді аяқтан қағып, аттан аударып кетпесін өте сақ бол, балам. Ат айдаушығада тапсырдым. Жер алыс, шөлдеп талығып аттан құлап қалма. Мына сусынды ішіп ал, — деп Оспан аға ақыл кеңесін беріп, менің құлағыма құйып келеді.

Менде ағаның кеңесін мұқият тыңдап ықыласпен басымды изеп, түсіндім аға дедім. Осылай әңгіме кеңес өрбіте отырып, тойшыларға жеттік.

Бәйгетөбеде ине шаншар жер жоқ. Мыңдаған адам «аттарын бәйгелі болсын» айтып, қошемет көрсетіп қол соғып тұр.

Осыншама топ ішінен маузер наган асынған, әскери формадағы қара сұр адам екі рет оқ атып, халықты тыныштыққа шақырды. Халық жым болды.

— Аймақтың тойы торқалы, қуаныштарыныз баянды болсын. Аймақтың алғашқы тойына, аламан бәйге жарысына қош келдіңіздер. Менің атым Халқабай. Әр сұмын ауданнан келген ат бапкерлері, ат қосатындар менің шатырыма келіп, аттарыңды тізімдетесіңдер және аттарды көзбен көріп сынап, баға беремін, ал бастаңдар – деді әлгі қара сұр.

Әр ауыл ауданнан келгендер, ат баптаушылар тізімделіп аты жөнін жаздырып, атын көрсетіп сынатып, Халқабайдың алдынан тізбектеліп өтіп жатты. Мені інісіне ертіп, «топтың ішінде болыңдар, көріңбендер мен тізімге тіркеліп дереу келем» — деп Оспан аға Халқабайдың шатырына қарай қара керін көсілтіп кете барды.

Тіркеуден асығыс келген Оспан аға топ ішімен кежімделген Қызыл көкті жетелеп, бәйге аттарының ортасына барғанда, кежімін шешіп, мені мінгізді.

— Айтқандарымды ойыңнан шығарма, Құрмашжан! Атың бәйгелі болсын! — деп бетімнен сүйіп, арқамнан аялап қақты.

Бәйгеге қосылатын ат саны 260-қа жуық екен. Үлкен шатырдан қаракер жорғасын ойнақтатып Халқабай келді.

— Ат айдаушыларға бағынасындар, қызыл жалау түсірілгенде шығасыңдар, жығылып сүрініп қалмаңдар атқа берік отырыңдар, сырттарыңнан менің адамдарым қорғап, қарайлап, бақылап отырады. Оспан қайда? Ол неге атын тізімдетіп алып, маған көрсетіп сынатпайды? — деп атын ойқастатып айбар көрсетті.

Осы кезде Оспан аға, «мен мұндамын, менің атымды сынайтын сен емес, тойда орынсыз сөйлеп, егес шығарма. Атымды аламан бәйгеде алдында келе жатқанда көресің. Саған атымды кәзір сынатып, көрсетпеймін!» – деп тақымындағы бес атарды суырып алып аспанға екі рет атып-атып жіберді.

Мұндай сөз, қақарлы дауысты естімеген, мынандай көзсіз даланың батырымен сөзге келмей, кібіртіктеген Халқабай топқа кіре берді.

Жиырмашақты ат айдаушы үш сағаттай жел аянмен жүріп жүйріктерді жіберетін қызыл жалаулы көмбеге таянғанда әр баланы дәретке отырғызып, қайтара аттарына мінгізіп жатты. Қызыл жалау тігілген алаңға түзу сызыққа қат-қабат қатарласып тұра қалдық. Мен Оспан ағаның айтқан ақылымен жел бағытын барлап, ық жақтан шығып, шеттеп орналастым.

— Жалау төмен түсірілген де ат басын босатасыңдар, атқа берік отырыңдар, шоқтықтан мықты ұстаңдар. Алға қараңдар – деген ат айдаушының бірі қызыл жалауды сілтеп қалды.

Ауыздығын қарш-қарш шайнап, жер тарпып тұрған, болат тұяқты тұлпарлар лып етті. Менде тақымды қысып шоқтықтан ұстап, тебініп қалдым. Аң таңмын қасымдағы тұлпарлар әп-сәтте жойқын шаң көтере жоқ болды. Менің Қызыл көгім орнында тұр. Шошып қалып, «енді не істеймін, енді қайтым?»-деп айтқаным сол еді, Қызыл көк бор еткізіп сұйқылдау құмалағын төгіп жіберіп, арқырап кісінеп, аспанға шапшып секірді де, құйынның соңынан, болат тұяғынан от шаша жұлдызша аға жөнелді. Аспанға шапшып секіре жөнелгенде, ат сауырына барып шоқтықтан ұстанған қолыммен тартып, ат арқасына отырып үлгердім.

Сағым қалқып, алдағы жөнкілген тұлпарлардың қарасы көріне берді. Жел бағытын бағдарлап оң жақ беткейді бетке ұстап қыран құсша қалықтап келемін. Атымның екпіні көз жасымды парлатады. Алғашқы топты басып озып, біртіндеп аттарды артқа тастап келемін. Әр топтың тұсынан өткенде қамыс құлағын жымитып менен қалмаңдар деген сыңай танытады. Қаншама топты артқа қалдырып, зымырап шығып бара жатқан, үйдек-түйдек үш топ көзіме түсті. Міне 10 аттан ағып өттім. Санап келем, тағы бес атты артқа қалдырдым. Алдағы үш ат пен қатарласып келем, үш аттың балалары араларын ашып ортаға кіргізіп атыма зәбір көрсетбек, немесе менің аяғымнан қағып, аттан аударып түсірмек ойларын сезе қойдым. Оспан ағамның айтқан ақылы мен үш аттыға таяп келіп, жалт беріп, үшеуінің сыртынан айналып, ақылмен айла жасап, үшеуін артқа тастап, үлкен жолмен жұлдызша ағып келем. Біраздан соң бұл жазық дала таусыла алдымнан бәйге төбеге жиналған тойшылар көріне бастады. Осы кезде шабысын үдеткен Қызыл көк екеумізге жаңбыр себелеп өткендей болды, сүйтсем бұл жаңбыр емес Қызыл көктің таза тері шығып ат екпінімен ат жалына екпеттен жата жабысқан менің бетіме себелеп келеді екен. Қолымдағы қамшының ұшындағы жібек орамалды босатып ат үстінен енкейіп, көз жанарын бірнеше рет аялап сипап, терін орамалға сіңірдім.

Тойшы қауым толығымен көз шарама толық көрінді. Қолдағы тобылғы сапты қамшымды сипай екі рет қамшы салдым. Қызыл көк жылдамдығын азайтпай зымырай жөнелді. Тойшылардың айқайы, рызалық көңілдері кең даланы кернеп бөріктерін аспанға атты. Артыма қарасам аттардан екі шақырымдай алда келіппін. Ат ұстаушы даяшылар оң жағымнан келіп дізгінімді демеп менімен қатарласа берді. Шат-шадыман қуаныш, айғай, ыстық ықылас, мәре-сәре. Қарсы алған қара ормандай қалың топтан қара керін ойнақтып Оспан аға шыға келіп:

— Халқабай қайдасың? Көр менің Қызыл көгімді сына сөзіңді. Бес атарын аспанға атып атып жіберіп, сақ-сақ күліп топ алдында тұр.

Қарапайым халықты қатыгездігімен қорқытып, үркітіп, қорлық-зомбылық көрсетіп жүрген Халқабай топ ішінен ашыққа шыға алмады.

Бұл жолы «Хэлтэс» пен «Қарасы» екінші, үшінші орын алған екен. Халқабай бір ауыз сөз айта алмай Оспан ағадан бұғып қалды. Топ алдында екі шақырым озып келген Қызыл көкті Оспан аға дізгінен ұстап қатарласа беріп інісіне, «атты жасырын алып, жолға шыға беріңдер. Атпен баланы қорғаңдар. Ат бәйгесін алып арттарыңнан менде жетем» — деді.

Соңынан біз кеткеннен кейінгі әңгімені Оспан аға өзі айтып берді.

«Топты жарып, «уа, Халқабайлап» той төрешілеріне жеттім. Халқабай бетіме тіке қарай алмай қаймығып, «атың расында дүлүл екен. Менің екі қара арғымағымнан бес жылдан кейін алғаш озып келген жүйрік осы екен. Атың бәйгелі болсын! Сыйлығына атан түйе, ат-шапан пұлын беріңдер! — деп төрешілерге нұсқау беріп, шатырдан шығып кетті» — дейді Оспан аға.

Қызыл ат Баян-өлке аймағында 2 жыл алдына қыл құйрық түсірермеді. Мен 1942 жылы да бұл жануармен алда келіп, бас жүлдені жеңіп алған едім. Қызыл ат бұл өлкеден кетпегенде талай бәйге алар еді.

 Қызыл атты ұрлау

 Ағамның әңгімесін тыңдап отырып, оның жаңа бір оқиғаның шетін шығарғанын ұға қойдым. Өзім де бұрын Көбеш батырдың Қызыл атпен қашқаны жайлы аңызға бергісіз хикаяны еміс-еміс еститін едім. Соны бастан-аяқ санаға құйып алар сәт түскенін біле қойдым. Біле қойдым да, ағама жата жабыстым.

— «Қызыл ат бұл өлкеден кетті» дедіңіз ғой. Соны толық айтыңызшы, аға.

— «Найман руының батыры Қазыбайұлы Көбеш Қызыл аттың мықтылығымен қызылдардан қашып, туған жерін тастап, өр Алтайға Жағаштаймен жалғыз күнде асып кеткен. Қуғыншылардың бірінің де аты жетпеген. Оқ бойы алыс кетті ғой, жануар», — деп Оспан аға, Сансызбай, әкем бәрі әңгімелесіп, Қызыл көкті ұмытпай еске алып отырушы еді.

1942 жылғы аймақ тойынан Қызыл аттың маңдайы жарылып, бірінші келгенінің құрметіне ауыл-ағайын ақсарбас сойып, тілеу шай жасады. Мені «жел тақым Құрмаш» атанып, атағым асқақтап жүрген жылдар.

1943 жылы Тілеуберді ауылы Аяққыесіктің Астаушасында жайлап, Оспан ағаның ауылы бұл ауылға қатарласа, дауыс жетер жерге жайлады. Ағасы Мұсақанмен қозы қосып, биесін байлап, жұртын майлап ырым жасасты. Қызыл аттың бәйгесіне осы жайлауда тілеу жасады.

Қызыл көктің жүйріктігін, оның атақ-абыройын естіген ағайындар ағынан жарылып, «Ат бәйгелі болсын!», «Абыройың асқақтай берсін!» десіп бір-бір қойларын байғазыға атап, белдеуге байлап кететін.

Осыдан екі жұма бұрын Оспанмен көңілі бір, сыйласып жүретін Хапар келіп екі-үш күн қонып, қонақ болып, аунап-қунап кеткен.

Хапардың бұл келісін сыйлы қонағымыз деп түсінді бұл ауылдағылар. Хапар сол күндері бір әңгімесінде Қазыбайұлы Көбеш түрмеден қашып шыққанын айтқан еді.

Оспан Көбешті танитын. Албілектің үлкен қызы Бұлғынға үйленген. Мағыш, Пионер, Абақ деген үш баласы болды.

Көбештің әкесі найман болған үшін Өскемендегі қызыл қырғынынан қашқан. Артына кісі салып, қаншама аға бауырларын жазықсыз жазалап, асып-атып өлтірді. Елге ешбір қиянат жоқ. Қобда бетіне келген наймандар керейміз деп сіңіп кетті. Қазыбай көзі ашық көкірегі ояу, інісі Дубаймен бірге, осындағы кең қолтық, көнбіс елді еңбекке баулып, Жағаштайға ұстахана құрып, ат әбзелдерін, мылтық, қақпан, тістеуік, серпер, садақ, оқ-дәрі жасау тәсілдерін үйретті. Сал ағызуды, кірпіш күйдіріп, ел басына үй салуды Қазыбайдан көрді. Мұхырға, Жағаштайға тері илейтін, көн салып, етік тігетін шеберхана салды. Осы шаруалармен жүріп найман руының атын шығарды. Ол руын да, аты-жөнін де өзгертпеді.

1938 жылы барлық бала-шағасымен тұтқындалып, түрмеге түсті, барлығы жазаланды.

«Әкем Қазыбай тым болмаса менен бір ұрпақ тірі қалсын деген соң түрме бастығын ұрып жығып, қашып кеттім. Қызылдардың бұл жақта да тыныштық берер, түрі жоқ. Не болса да жанымды алып қашып, Алтайға өтіп кетсем бе деймін. Хапар, сен сыр сақтайтын досым болған соң айтып отырмын» — деген Көбеш батыр Хапарға сенім артып бір өтініш жасаған еді. Үйінде қонып жатып, асын ішіп, сырласқан ыңғай танытқанымен, Хапар ол тапсырма туралы Оспанға ашық айтпасада. Бар айтқаны, «Қызыл атқа ие бол, жайлауға жіберіп қайтесің» деп ескертті.

Көбеш Хапарға «Оспан Қызыл көкті қай кезде отқа қояды, қай мезгілде киіз үйге кіргізеді? Қанша уақыт кермеде болады, қай кезде ауыл ұйқыға кетеді? Қора күзетінде кім болады? Тіпті, Оспан нешеде тұрып, аттың кісенін қай кезде алады, қай кезде кісен салады осыны маған біліп бер» — деген сарында өтініш жасаған.

Оспанға білдірмей үш күн жатқанда Хапар мұның барлығын бақылап еді. Ауылдан аттанған соң, бірден ойға түсіп, көрген-білгенін Көбешке жеткізген. Ер Көбеш өз жоспарын жасап, сәтті күнді күтті.

«Менің жанымды құтқаратын Қызыл ат қана. Бұл тақымыма тисе, тірідей қолға түспеспін» — деп ойлайтын Көбеш.

Оспан Қызыл көкті көзден таса болдырмай, түнде арнайы тігілген киіз үйге кіргізіп, үнемі кісендеп ұстады. Күндіз ашық алаңқыға арқандап, кешке соны жерге жетелеп жайылтатын. Ымыртта үйдің өзі отыратын тұсқа байлайтын. Хапар келіп кеткен соң Қызыл атты Көбеш алып кетеме деген үрейден арыла алмай жүрді. Өте сақтанатын.

Көбеш елден кету қамына кірісті. Осы оймен Қызыл атты қалай да қолға түсіріп, Алтай асуға белді бекем буды. Оспан ауылын жігіттері күзетсе, малын күзететін Бөрібасар, Саққұлақ деген сауысқаннан сақ, тайыншадай қазақы төбеттері еді. Ер Көбеш осы ауылды торуылдағалы бір апта болды. Барлығы Хапар айтқандай.

Ертең Құйтаста бәйге. Тілеуберді ауылының Қызыл аттың құрметіне жасалған тілеуі еді. Бір жұма ауылды сыртынан торуылдаған Көбеш текке жүрмеді. Алдымен ауыл шетіне келгенде өзіне тап берген екі төбетті өзіне үйір қылуға кірісті. Күнде кешке күндіз біреудің отарынан өңгеріп кеткен еркекқойдың етін жәркемдеп, екі төбетке беріп жүрді. Иттерде кеш батса «ас берген иесін» уақытылы күтіп жүретін болды. Оспан итке көп ет бермейтін. Тоқ ит қораға үрмейді деп аш құрсақ ұстайтын.

Ат жарысының хабарын қозышы балалардан естіген Көбеш қуанып кетті.

«Бүгін бәйге. Қызы көкті жарыстан кейін терін құрғатсын деп белдеуге байлайтыны анық. Ендеше сол кезді пайдаланып қалу керек» — деп түйді ол ойын.

Бәйгеде Қызыл көк бірінші, Сахарияның құла аты екінші келді. Кешке тойшылар Оспанның шанырағына жиналып, әсерлі әңгіме өрбіп, ән-думан жалғасып жатты. Бабымен пісірілген ет те дайын болды. Оспан күтушілерге «Қызыл атты кермеден шешіп, мен отырған тұсқа, белдеуге байлап қойыңдар. Жануарым терін құрғатып, салқындай тұрсын. Астан кейін үйге кіргізерміз. Көбеш қашқын осы Баулық өлкесінде жүр деп естідім, атымды сол алып кете ме деп қауіптенем», — деді Оспан қонақтарға қымыздан іше отыруды айтып.

Аспанда ай қорғалаған көзге түрткісіз қаранғылық қоюланған мақпал түн. Қорада жусап жатқан қойдың шеті дыр етіп үркіп, екі ит үре жөнелді. Оспан елең етіп, «шәйт» деп үйден айбарлы дауыс беріп қойды. Қой күзететін сақ төбеттер қайтып, дыбыс шығармады. Оспанның көнілі орнына түсті.

Дәл сол кезде қора шетіне бес қаруын сайлап келген Көбеш екі төбетке екі сан етті беріп, өзі киіз үйлердің арасымен келіп, белдеуде тұрған Қызыл көкті сылап сипап, төрт аяғына киіз байпақты кигізіп үлгерген еді. Жануар пысқырып дыбыс бергені сол еді, белдеуге ілген шылбырын дыр еткізіп, тартып қалды.

— Ойбай, Қызыл атты әкетті – деп орнынан атып тұрған Оспан керегеде ілулі тұрған мылтығын алып, жобалап атып жіберді. — Атымды әкетті, атымды әкетті — деп есіктен жүгіре шықты.

Осы кезде кигіз байпақ кигізген Қызыл көкке қарғып мінген Көбеш тас қараңғы түнге кіріп, көзден ғайып болды. Қараңғы түнде ешбір әрекет істей алмай, Оспан жылап отыра кетті. Көбеш бұталы терең жыраны өрлей жөнелді.

Оспан Қызыл көктен айрылған соң басын тауға да, тасқа да ұрып қамығып, қайғы шекті. Үйінен шықпай сол күннен бастап бүркеніп жата беретінді шығарды. Қызыл көкті қолға түсірген Ер Көбеш Арқалық сайларындағы ну тоғайға кіріп, әліптің артын бағып біраз жатты.

Сүйген жары Бұлғынға жасырын кездесіп жүрді. Көбешті іздеушілер бұл үйді де аңдуға кірісті. Көбештің жамағайындары Бағдат пен Ақмәдиді қыспаққа алып, «Көбеш қай кезде үйіне келеді, қайда жүреді осыны айт, айтпасаң өздеріңді түрмеге қаматамыз» деген соң елге кесірі тимесін деп, үйіне келетін күндерін айтып береді. Көбеш қолға түседі.

Көбешті мықты қарауылмен Ховда аймағының түрмесіне жөнелтеді. Машина жүрісі баяу, жол жаман қарауылдағы екі әскер мылтығын құшақтап ұйқыға кетеді. Айсыз қараңғы түн. Буратыдан асқан соң қараған бұталы беткейде Көбеш қол-аяғын босатып алады. Тәтті ұйқыда отырған шетті әскердің мылтығы мен оқ-дәрісін алып, машинадан құмға секіріп түсіп қалады. Сол қашқаннан Буратының сайында отырған жалғыз үй дөрбеттің үйіне келеді. Үй адамдарына қару кезеніп, «мен жанымды алып қашып жүрген адаммын, мен сендерге тиіспеймін, мына белдеудегі көк атты алам. Ренжімеңдер және мені көрдік демеңдер. Жаным тірі болып, ақталып шықсам, көк атыңды өзіңе қайтарам – дейді.

Көбеш сол атпен Аққолға жетеді. Онда да тұрақтай алмай, тағы қашуға бекеніп, кешегі киіз байпақ кигізіп алып шыққан Қызыл көкті мініп, түнделетіп Бұлғынның уағдаласқан жеріне келіп, сүйген жарын күтіп отырады. Бұлғын сөзінде тұрып ерлерше киініп алған екен. Ер Көбештің құшағына келіп құлады. Екі жас сырласты, жыласты.

— Мен кінәсізбін. Атам найман. Совет елінен қашып келгендер деген желеумен Қазыбай ұрпағын тұздай құртуды ойластырды. Бұл елде кешірім жоқ екен. Мен сендермен қоштасқалы келдім. Ұрпағым саған аманат, сендерге зәбірім тимесін. Түрмеге түскім келмейді. Мен саған қарыздармын. Ризамын. Артымда екі үш көбелегім қалды. Көбеш ұрпағы қалды. Бұларды жеткізу сенің қолыңда. Аллаға аманат. Өр Алтайға асуға бел будым. Қош бол жаным, мені кешір?! – деп Ер Көбеш жылай-жылай кете берді.

Астындағы Қызыл көкке сенген Көбеш Шәкен-Шырлашты аралап келе жатса, артынан 9 әскер қуып келеді екен. Өзеннің ар жағында ауыл белсенділерінен бес кісі мұның жолын торуылдап жүр. Артынан қуған әскерден әп-сәтте қара үзген Көбеш алдынан тосып жатқандарға қарай келе жатты.

Көбештің қуғыннан алай құтылып кеткенін мен Сахария ақсақалдан естідім.

«Тапсырма алған бес кісі едік. Тапсырма Көбешті тірідей қолға түсіру. Қаруымызды сайлап Қобда өзінің арғы бетінде тұрмыз – дейді сол кезді еске алған қуғыншылардың бірі Сахария. – Өзен арнасы 300-400 метр жалпақ. Келкейге таяп қалғанда артқы қуғыншылар да айғайлады. «Тірі ұстаңдар өзеннен жағалауға шыға бере ұстаңдар» — деген дауыс естілді. Көбеш бізге тұспа-тұс келіп, атының ауыздығын ат үстінен алып, жүгенін қайтара кигізді де, арнасынан асып тасып жатқан Қобда өзенге түсе берді. Түсе берді де, «Аға-бауырларым, мен жанымды алып қашып жүрген адаммын. Мені түсініңіздер. Мен сендерге қарай жүзіп, өтем. Атыма, өзіме оқ дарытпай атыңдар, тигізе алмаған болыңдар. Менің де қаруым оқтаулы. Жазатайым, мен де оқ атпайын. Мені жіберіңдер» — деп айқайлаған дауысы анық естілді. Біз абдырап қалдық. Ішімізде найман руынан адамдар бар еді, «япыр-ай суға кетпесе жарар еді» — деп жанашырлық танытты. Осы дауысты естіген Көбеш біздің ойымызды түсінгендей, ат құлағынан асып, тасып жатқан Хобда өзенге түсіп кетті. Мұндайдада жүректі боларма ауыздығын ағытқан Қызыл көк тұмсығын көтеріп, ағынды жарып малтып келеді. Ат үстіндегі Көбеш су ағынына қарсы ауытқып, үзеңгі басып, сәл-пәл қисайып атты ағыс аударып кетпеуге әрекет жасап келеді. Арғы беттен келген қуғыншы әскерлер жағалауға келіп, мылтықтарын кезеп, «судан шыға бере қоршап ұстап алындар» — деп айқайға басты.

Көбеш тура біздің алдымыздағы үлкен биік қабаққа іліне бере, Қызыл ат жағалауға иесін көтеріп қарғып шықты. Біз де тұра ұмтылдық. Қызыл көк үстімізден қоянша қарғып, секіргенде жапырыла құлаған бізге Көбеш, «рахмет, бауырларым, хош болыңдар!» – деді де көзден ғайып болды. Артынан тигізбей екі үш рет аттық. Айырылып қалған сыңай таныттық. Арғы беттегі әскерлер де оқ атты. Бірақ дарымады. Көбеш оқ жетпес жерге кетіп үлгерген еді.

Әскерлермен еріп Ер Көбештің сонынан түстік. Қызыл көк бар шабысымен иесін құтқарып, жырадан жылғаға жетіп, Әсем-су тоғайына кіріп өрлеп, көзден ғайып болды. Аттары борлыққан әскерлер бармағын тістеп кері қайтып ат алмастырып алмаққа келісті.

Ертеңінде Сұмдыайрықтың Тіккүнгейіне дейін қуып, 15 атқа жеткізбей Алтайға асып кетті — деп әңгімесін аяқтады Жылбырұлы Сахария.

Ағамның әңгімесі аяқталып қалды ма деп бетіне қарадым. Әлі айтпағы бар секілді. Сөзін бұзғым келмей сабыр сақтадым.

 Көбеш пен Қызыл аттың ажалы

 «Ер Көбеш пен Қызыл аттың Өр Алтайдағы тағдырын Шаймұратұлы Аманбайдан естідім» – деп бастады әңгімесін ағам.

– Көбеш қашып Өр Алтайға барған жылдары Орыс ағам інілерін ертіп Алтай бетіндегі Сыдық деген нағашысын іздеп барамыз деген желеумен Нұрсапарды ертіп Өр Алтайға кетуге мәжбүрлеген. Содан Алтай асқан Орыс, Әси, Қари, Нұрсапарлар жолда ат арықтаған Әсиге біреудің арқандаулы атын ауыстырып мінгізеді. Алайда, нағашысына барған соң ат иесінің шағымымен Алтай түрмесіне түседі. Әси мен Нұрсапа түрмеден қашып кетеді. Түрмедегі ауыр күндердің бірінде бұлардың қасына екі адамды әкеп кіргізеді. Бірі – өзбек, екіншісі – кәдімгі Ер Көбеш.

— Я батыр, бұл түрмеге қалай тап болдың? Менің тағдырымды өзің білесің. Алтайға келгелі де өмірім дұрыс емес. Оспанның Қызыл аты бір ажалдан құтқарып еді, сол Қызыл көк өз елінде болсын деп екі рет Сұмдыайырықтан асырып тастап кеткенімде, екі рет қайта келді. Жан серігіме айналды. Өзі осыны қалағандай болды. Осының алдында үлкен бір Аста мініп жүріп қосып едім топ жарып, жалғыз келмесі бар ма. Бұл Алтай өңірінің талай бәйгеде алдына қыл құйрық түсірмеген жүйріктерін артқа тастады. Қызыл көкке көптің көзі түсіп, ат кімдікі қайдан келген деген сұрақтармен ат иесі табылды. Қобда бетіндегі Оспанның Қызыл аты екені әйгіленді. Мұны білген көре алмастар мені түрмеге әкеп тыққаны осы. Осылай, айналайын, мені ойлап қайтесің өз бас бостандықтарыңды ойласып түрмеден шығуға әрекет етіңдер – деп кеңесін айтып бола бергенде Көбешпен бірге қамауға алынған өзбекті сақшы шақырып әкетті.

Көбеш, «мынауың ішіміздегі тыңшы екен, өте сақ болайық. Сыр білдірмеңдер мен мұнда қамалып жата алмаймын, түрмеден қашып шығуымыз керек. Дайын болыңдар мен бір әрекет істеймін. Ана өзбекке сыр алдырып жүрмеңдер» – дей бергенде сақшы әлгі өзбекті қайта әкеліп бөлмеге кіргізіп кетті.

…Осылай сол түрмеде 20 күн болған соң бір күні түн ортасында төбедегі ауа кіретін тесіктен Көбештің бейнесі көрінді.

«Мен Баркөлге Оспан әскеріне қосылып, қазақ еліне бостандық алып бермекпін. Сендерді Дайын арқылы сол жақтың заңы бойынша шекара асырып, Монголға апарады деп естідім. Хош болыңдар! Бұлғынды көрсеңдер сүйген жарыма менің тірі жүргенімді айтыңдар. Осыны айтты да Көбеш батыр кете барды. Қайтып не болғанынан хабарсызбын – деді Аманбай ағамыз.

Ер Көбеш сол кеткеннен мол кетіп Исләмұлы Оспан әскерімен бірге, мажұңның әскерлерімен, Ма-Буғанның жендеттерімен неше мәрте соғысып бостандық үшін күресіп, шайт болған қазақтардың кегін алады.

Ер Көбеш өлген соң Қызыл ат иесінің зиратынан алыс кетпей, сол маңда жайылып түнеп жусап, кісінеп иесін іздеп жүргенін сонда мекен еткен халық аңыз ғып айтып жүреді екен. Жануар иесі өлген соң ешбір адамға ұстатпады деседі. Иесіне шынайы берілген жүйрік қартайып, жүдеп-жадап бір қақаған қыста сол маңда өлгенін, сүйегін ауылдың бір қариясы, зиратқа жақын бір шұңқырға үйіп жерлегенін ауыл ақсақалдары әңгімеге арқау қып отырады екен.

Ер Көбешті ажалдан құтқарған Қызыл көк ат ақырғы дәмі таусылып Алтайда иесінің қасында жерленгені ақиқат шындық болып ұрпақтар есінде сақталмақ.

 ***

 Құрмаш ағамның әңгімесі маған қатты әсер етті. Ағамның алалық шағында тақымына тері сіңген жүйріктің тағдыры бір адамның тағдырынан ары екен. Қызыл ат жайлы аңыз менің санамнан әлі күнге өшпей келеді.

mekebai-kakenuly Мекебай Кәкенұлы, 2018.3 ақпан

argymaq.kz

(Басты сурет: Алпысбай Қазығұловтың картинасы)

Қызыл ат туралы мына жерден оқуға болады.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!