Сыншы атасы – Толыбай

12519

Бұл сыншы жайында ел арасында сан түрлі аңыздар бар.
Сол Толыбайдың қай заманда, қашан өткен адам екеннін ешкім дәл білмейді. Әйтеуір Сыр бойында жүріпті-міс. Кім білсін, әл-Фараби мен қобызшы Қорқыт заманында, Отырар жерінде болған адам шығар. Атағы бала кезден-ақ шығыпты.
Бір күні Толыбай бала Сырды бойлап жортып келе жатса, анадай жерде, жолдың жиегінде аттың қу басы жатыр екен дейді. Тізгінді тартып, атты тоқтатыпты да, қу басты қолына алыпты. «Е, мынау не де болса айтулы жүйріктің басы екен. Тұмысығы имек, бөкен тұмсық. Көзінің ойындысы терең, жар қабақ. Не де болса алысқа шабатын, ұзаққа сілтейтін жануар екен. Шықшытын қара! Екі жақтың ортасы алшақ жатыр. Тістері асыл тастан жаратылғандай әлі жалтырап тұр. Өңін бермеген, түсін бұзбаған. Өзі онша кәрі емес. Кәне, бір, екі, үш. Тоғыздан асып, онға қараған дер шағында кеткен екен, жануар! Жас кеткен. Ит бір жылда төрт жасайды. Жылқы бір жылда үш жасайды. Сүт еміп бір жасайды. Шөптің уыз, балпан кезінде, сүтті шөпке тойып екі жасайды. Шөптің буыны қатып, дәні толғанда күш жинап, қуат алып үш жасайды. Ал, қыс пен шілде есепке жатпайды. Сонда бұл ат не бәрі отызға келген. Жас қой. Әй-әй, бас сүйегінің бітімі бөлекше екен. – Қамшының сабымен қу басты тық-тық ұрып қарапты. – Шық-шық етеді. Сүйегі қандай асыл! Мына тұмсыққа қарағанда шоқтығы биік, аяғыұзын, қоян тірсек, серпіні мол, сіңірлі мал екен. Әсіресе, мына Сырдың жері тәрізді құмшауыт, босаң, көбелең жерде шабыс бермейтін ат қой бұл. Аттың өлгеніне үш жыл болған. Сонда бұл кімнің аты болды екен? Әлшекейдің Көкқасқасы ма? Нұркейдің Қызылкүреңі ме? Бақтыбайдың Торысы ма? Жоқ, олар емес. Бұл мен көрмеген ат…
Осы аттың кімдікі екенін білуге құмартқан Толыбай сыншы қу басты қанжығасына байлап ала жүріпті. Әр ауылға қонуға, түстенуге келгенде елге көрсетіп, «Мына басты танисыңдар ма?» деп сұрайды екен. Қанжығасына қу бас байлаған Толыбайды біреулер есуас депті. Енді біреулер аң-таң болған. Өңіне, жүріс-тұрсына қарасаң дені-басы сап-сау тәрзіді. Не керек, әйтеуір балаң жігіттің қылығына ешкім түсінбеген. Бір жыл бойы шар кезіп, бүтін Сыр мен Қаратауды адақтап, ақыры қу бастың тарихын біліпті. Теріскейлік Малдыбайдың Құндызқарасының басы екен. Бұдан біраз жыл бұрын жүз ат қосылған Сыр бойындағы аламан бәйгеде, күндік жерден жалғыз боп келе жатып, оқпанға аяғын тығып ап, мойыны үзіліп өлген екен. Толыбай іздеп жүріп, Малдыбайды тауыпты. Қанжығасына байлаған қу басты танып, Малдыбай шал жылаған екен дейді.
— Құндызқара қыл құйрықтың жүйрігі екен. Мұны құрметте, басын далаға тастама, — депті. – Бұл басты ардақтап, арулап керегенің басына іліп қойса жарасады.
Көзінің нұры кетіп, өзінің тауы шағыла бастаған Малдыбай шал қу басты құшақтап жылай-жылай, оны арулап керегесінің басына іліп қойған екен.
Әлденені сезгендей, Толыбай осы бір кедей ауылды айналсоқтап, шықпай қойыпты. Күндердің күнінде ол Малдыбайдан:
— Осы Құндызқарадан қалған кіндік бар ма? – деген.
— Қайбір оңған кіндік дейсің. Өрісте бір жетім қалған қотыр құнан бар еді, қасқыр жеп қоймаса.
— Ит-құстан аман болса, мен соны көрейін.
— Бар, көр. Мынау көрші ауылдың жылқысын төңіректеп, соны қара тұтып жүреді деуші еді.
Толыбай сыншы Көсегеннің көк жонын басып жатқан көп жылқыға тап бопты. Әрбір айғырдың түсіне қарай, көк айғыр, көк биелер, сары айғыр, сары биелер, боз айғыр, боз биелетіп жасақталған үйірдің ешқайсысына көз тоқтатпай, Толыбай саяқтар жүрген топтан қотыр-қотыр қара сұр құнанды бірден таныпты. Бас пішіні Құндызқараға тартқан екен. Құнанды өзіне шақырып, Малдыбай үйінен ала келген қу басты иіскеткенде, қотыр құнан тұмсығын көкке қаратып, жерге қарай оқыранып қойыпты. Өзінде көрерге сыйық жоқ екен дейді. Қотырының үстіне еріккен саяқтар тістеп, теуіп, құйрықтан, жалдан тұқыл қалдырмапты.
Толыбай осы құнанды бір жыл бағып, дөнен шыққанда бәйгеге қосыпты. Жүні шыққанда көрсе, құнан шымқай қара екен. Құйрық, жал бітіпті. Құндызқараның баласы Шымқара тағы бір он-он бес жыл беделінде Қаратау мен Сыр, Күнгей мен Теріскей бетін бәйге бермей қойыпты.
Толыбай сыншы жайында мынадай бір аңыз бар. Ол сіңірі шыққан жалғыз атты кедей бопты. Бір жұртта жалғыз атынан айырлып жаяу қапты. Жылқысы көп, бай нағашысына барса керек. Нағашысы жылқыдан таңдап, бір жақсы ат ал депті. сонда Толыбай көп жылқыдан жай-құйрығы шұнтыйған жетім тайды таңдап алыпты. Осы тай жүйрік шығып, басқаларға бәйге бермес болғанын естіп, нағашысы жетім тайды ат болғанда қайтып алған екен дейді.

217928_932408921_211_Bakbergenov_SauirbekҚұрастырған Сәуірбек Бақбергенов
«Арғымақтар»

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!