Есей ЖЕҢІСҰЛЫ. Қазақ ұлы ат мінуге хақылы…

4484

Құлын және «Қара жорға»

Мадияр інім кеше үйге кешкісін,
Алып кепті «Қара жорға» дискісін.
Қас қағымда тас бөлмеге тым-тырыс,
Сайын дала, салуалы орда көшті шын.

О, ғаламат, шешіп тастап шұлығын,
Құлдыраңдап билеп кетті құлыным.
Тас қаланың түрі бозаң перзенті,
Билеп кетті желкілдетіп тұлымын.

Тас жол, сансыз көлік еді – көргені,
Аяқ асты аңғарды екен ол нені –
Қара тер боп, қос танауы делдиіп,
Он айналды өзі аядай бөлмені.

Мен отырдым бір алуан күй кешіп.
Бұл пендеге тіршілікте сый нешік?
Ұлым тынбай, қайта-қайта биледі,
Саз үніне қимылдары үйлесіп.

Таңдай қақтым, таңырқадым, сүйсіндім.
Ұлым менің, күмбірлеген күй сындым!
Тас қалада туған бала, сен қайдан,
«Қара жорға» қасиетін түйсіндің?

Ойнатпап ем үйде мұндай әуенді,
Билеп жүрсің қарық етіп әлемді.
Қалалық деп саналатын қара ұлдың,
Қазақтығын танымай көр ал, енді!..

Айналайын күй ойнаған қаныңнан!
Бата алайын тілегі бір қауымнан.
«Қара жорға», екідегі ерке ұл,
Сендер барда сескенбеймін жауымнан!

***

Кіп-кішкентай ұлым менің атқұмар,
Жылқы көрсе, барша тірлік қалт тынар.
Саған да ертең атқа мінер сәт туар,
Қазір маған «ат сал» дейсің, бөбегім.
Кейде дұрыс ұқсата алмай аяғын,
Кейде арқырап кісінетіп қоямын.
Кейде салам оқшау жүрген саяғын,
Сені әйтеуір алдарқатып келемін.
Бөтен болма жат пиғылы, жат үні,
Қазақ ұлы ат мінуге хақылы.
Мен де бала ем тас боп қатқан тақымы,
Соның бәрі – мұнар, мұнар, мұнар күн…
«Ат сал» десең, кәдімгідей сайланам,
Ақ қағазға із түседі сайраған.
Сызамын да… сосын қатты ойланам –
Атқа шаба алмай қалған шығармын…
Таңнан тұрып, ер-тұрманды сайлатып,
Ауыздығын қарш-қарш етіп шайнатып,
Атқа, шіркін, мінбегелі қай уақыт?
Түстім мен де әуресі көп ортаға…
Жанталастым жықпау үшін туымды.
Күнде кешке күйіме еніп бұрынғы,
«Әке, енді ат бол» деген ұлымды,
Жер тарпимын, мінгізем де арқама…

***

Қамшылап…
қанға бөктiрдiм,
Сауырын мiнген жабымның.
Әттең-ай, соны текке ұрдым…
Тұлпар-ау дедiм.
…жаңылдым.

Тұлпар деп таңдап мiнгенiм –
Арқасы жауыр жабағы.
Сүйреткен құры сүлдерiн,
Күндерiм өтiп барады.

Арман ба?
Онда кеуде жоқ,
Жабының жағын қан қылып,
Атойын салмақ…
– сөнген от,
Ар жағы құры жаңғырық.

Қателеспесем керек-тi,
Аңсадым биiк.
Тым алыс.
Өткен күндерiм – тек өттi,
Келетiн күндер – қуаныш.

Алдымда тағы бiр бекет,
Алдымнан сыйын шақтаған.
Жабымен соған түнде кеп,
Арғымақ мiнiп аттанам!..

Көкпар

Бері ауып қиқу бараққа қарсы беттегі,
Намыстың даусы жалындап қысар өкпені.
Жан-жаққа қарап, таба алмай атын ерттеулі,
Сырлыбай ағам додаға қойып кеткені…

Білекке сенсең, санаңда болмас аяу бір,
Қызынып алған, көк лақты тартып, жаяу жүр.
— Жынды ма өзі, кірісе кетті қайдан бұл?
— Намысым кетті! Тартыңдар өңшең қоян кіл!

Қымтап келеді бар маңды қою, қара түн,
Көршінің ұлы көлденең тартты көк атын.
Бұл кезде бірақ дәл аңдып сәтін сағатын,
Көкпарды қырғыз тақымдап алған болатын.

Белсеніп шығып жайлаудың жайсаң бір ұлы,
Жұлып алды да, жұлдыз боп ақты, құрыды!
Сырлыбай ағам жүзіне шаттық жүгірді,
Быт-шыт боп жатты ақ шыны көзілдірігі.

Ұмытқан мүлде манағы ыза, өкпесін,
Олжаны беріп, бола жаздады-ау көпке сын.
— Соқыр боп қалсам, қалайын мейлі, әттесін,
Көк лақпен бірге намысым жатқа кетпесін!

… Азамат болдық, қалды артта неше көктем, күз,
Арманға мініп, алысқа сапар шеккенбіз.
Көкпар-өмірдің сынынан талай өткен біз,
Додаларына жаяулап қойып кеткенбіз.

Құлын-ғұмыр

Құлын едім…
Ерке едім, ебі жел ем,
Үрпіге ауыз салғанмын еміне мен.
Тұмсығымен таңымнан түртіп қойып,
Еміреніп тұратын Өмір-енем.

Қуаныштан жазғандай бұйрығымды,
Көретінмін таусылмас сый ғұмырды.
Айхай, шіркін, андыздап кетуші едім,
Көкке шаншып күлтелі құйрығымды.

Тұлпармын деп құрсақтан жаратулы,
Тұяғымнан бар әлем ағатын-ды.
Құлағымның түбінен жел ысқырып,
Сайын дала қуырылып қалатын-ды.

Төгіп тұра берердей шапағын мың,
Қызық еді атар таң, бататын күн.
Көкке тойып, қызыққа әбден тойып,
Күн астында керіліп жататынмын.

Сауырыма тимеген таспа бұрын,
Жабағыдан тай шықтым.
Бас таныдым.
Маған сыртын беріп тұр Өмір-енем,
Бауырына жабысып басқа құлын.

Ілестіріп әкетті сүргін мені,
Қара жерді қар басты…
Қыр гүлдеді.
Тұрман қонды арқамды жауыр қылып,
Қамыт киіп алыппын бір күндері.

Етім өлді қамшыға бағынудан.
Баяғыдай аңсап ем тағы думан,
Өмір-енем жалымнан тістеп алып,
Қос аяқтап бір тепті бауырымнан.

Оралмасын түсіндім бұрынғының,
Ізін салды жүгенім, мұрындығым.
Бұл күндері түсіме жиі енеді,
Ештеңеге алаңсыз құлын күнім…

 

EseiЕсей Жеңісұлы, argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!