Қазанаттан туған қазмойын

10691

Қала балаларын былай қойғанның өзінде, ауылдағы балалардың өзі жылқының түр-түсін, ерекшеліктерін қаншалықты меңгерген?!

Қазақы қасиетімізді жоғалтып, көптеген салт-дәстүріміз ұмытылып, әдет-ғұрыптан айрылып бара жатқан бүгінгі қоғамда кімге барып, «сен арғымақтың қасиетін білесің бе?» деп сауал қоя аламыз. Әлеуметтік желілердің бірінде этнограф-ғалым Бабақұмар Хинаяттың «Қазақ жылқыны қазір ең жоғарғы деңгейде ардақтайды деуге келмейді. Сенбесеңіз, жылқы тұқымы түгілі оның «племенная книга» деген [сипаттама жинағы] жоқ. Екінші, халқының тең жартысынан астамы қалада тұратын қазақтар жылқының түсін де, тісін де, әбзелін де білмейді. Әншейін құр кеуде, тамсану ғана. Ал, моңғолдарға қараңдар. Немесе мажарларға-венгрлерге қараңдар, ағылшын мен америкалықтарды айтпай-ақ қойдық. Қазақтың да көне тарихта орта ғасырда солай жылқыны ардақтағаны рас. Ол сол көшпелілердің бағы қайтқан дәуреннің еншісінде» деп жазуы тегін емес.

Біз бабаларымыз ардақтаған жылқының қасиетін ұмыттық, қадірін жоғалттық. Осыдан үш жыл бұрын «Алматыкітап» баспасы «Қазақ жылқысының тарихы» атты кітапты жарыққа шығарған екен. Авторы – белгілі тарихшы Ахмет Тоқтабай. Тарихшы бұл еңбегіне 27 жылды жұмсаған екен. Ұзақ жылдар бойы көз майын сарп етіп, Қазақстанның көпшілік аймақтарын, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай елдерін аралап, қазақтың асыл текті жылқысына қатысты дүниелердің бәрін іздеп, зерттеп-зерделепті. Оның көп уақыты Мәскеу, Петербург, Орынбор, Омбы, Ташкент мұрағаттарында өтті.  Жылқы мінезді  қазақ оқырманы үшін бұл кітап таптырмас қазына. 700-ге жуық әдебиетті пайдаланып, күні-түні көз ілмей жазған «Қазақ жылқысының тарихы» еліміз үшін баға жетпес дүние. Бүгін біз оқырмандарымызға «шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» жануардың қадірі мен қасиетін білдіргіміз келіп отыр.

***

…Адамзат тарихында адамның қолға үйреткен жануарларының ішінен жылқыдай жасампаздық рөл атқарғаны жоқ. Осы бір тамаша сұлу және күшті жануар алғашқы адамдардың негізгі серігі болып, тарихтың келесі белестерінде де ұмыт қалмай, басқа бір сапалық құндылықтарды иемденді. Жылқыны қолға үйретіп, кейін келе оны мініс көлігіне айналдырудың арқасында көне қоғамның мәдени тарихи көкжиегі айтарлықтай кеңейген еді. Үйретілген жылқының көмегімен адам бір теңізден бір теңізге дейінгі аралықтағы орасан үлкен құрлықтар мен кеңістіктерді игерді. Уақыт пен кеңістікті бағындырған ат өз кезегінде адам тарапынан құдайдай сыйланып, оған небір тамаша мифтер мен аңыз ертегілер арналған болатын. Араб аңызында айтылатын аңыз сөздер атқа арналған гимндей. Алла жылқыны жаратқанда оған былай депті: «Сенімен ешқандай жануар теңдесе алмайды, бүкіл жер жаһанның қазынасы сенің көз алдыңда жатады. Сен менің дұшпандарымды таптап, достарымды алып жүресің. Сенің арқаңнан маған арнап аят оқылады. Әлемде сенен бақытты ешкім болмайды және барлық жан-жануардың ішінен жоғары бағаланасың, себебі сен дүниені жаратушының махаббатына ие болғансың. Сен қанатсыз ұшасың, қылышсыз кесесің». Жалпы, Орталық Азия, оның ішінде қазақ даласы – жылқының отаны, оған дәлел жүздеген мың жылқы сүйектері табылған энеолит дәуіріндегі – Ботай қонысы. Ботайлықтар әлемдегі алғашқы жылқышылар, жылқыны қолға үйреткендер. «Жылқыны қолға үйрету, – деп көрсетеді Боффон, – адамның ақылы мен өнерінің жануардың түйсігінен асып түскен ұлы жеңісі». Аттың үстіне басқа халықтардан бұрын көтерілген ата-бабаларымыз басқалардан жоғары тұрды, айналасына зер салып бақылай білді.

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!