Біләл ҚУАНЫШ. Бейжіңгер

8489

 Алтай бетіндегі ағайынға кеңінен таныс «Мұра», «Шұғыла» т.б. журналдарда жарық көрген материалдарға сүйнесек, «Бейжіңгер» тай кезінен-ақ құдалықтың басты жоралғысына айналыпты. Алыс сапарға кеткен Арын ақсақал ауылына қайтып келгенде, көзінен таса қылмай жүрген Кер тайдың қолдан шығып кеткенін көріп, «Қап» деп қатты өкінген екен. Сөйтсе, мал танитын қыздарының өтінішімен ыңыршақ көргелі келген күйеудің жет

Бейжің – Қытай астанасының аты. Кер – «Ақанның Құлагері» дегендегі кәдімгі қазақтың сөзі. Сонда «Бейжіңгер» деген не? «Аспан асты елі» атанған Қытай жұртының бар жүйрігін шаң қаптырып, 5, 7, 10, 15 шақырымдық бәйгенің бәрінен бас жүлде алған тұлпарды естіп пе едіңіз?

«Ерді көрсең Манапты көр,
Жерді көрсең Наратты көр,
Атты көрсең Кер атты көр!»

Бұл тіркес Іле қазақтарының арасына кеңінен таралған. Еңбек озаты –
Манаптың, жердің сұлуы – Нараттың, қанатты тұлпар – Кер аттың бағасы осылай берілген. Қытай астанасы – Бейжіңді бас идірген Қазақтың Кер аты – «Бейжіңгер» атанған. Жарты ғасыр бұрын аспан асты елін тұяқ дүбірімен дүрілдеткен осы тұлпарды насихаттауда «Іле кеші» газетінің тілшісі Алдаш Тойболұлы мен зерттеуші Әумет Шабданажыұлының еңбегі ерен екенін айта кеткен жөн. Қазақ тұлпары қалай «Бейжіңгер» атанды? Ендігі әңгіме осы сұрақ төңірегінде.
Қытайдағы қазақ ең көп қоныстанған аудан Күнес деп аталады. Бұл «Алашшыл» ақын Таңжарықтың, «Көк тудың желбірегенін» әуелеткен Ермұрат Зейіпханның туған жері. «Бейжіңгер» атанған саңлақтың да табанын таспен қайраған осы мекен. Көз көргендер Кер атты атақты атбегі Арын Әбдірейімұлының жылқысынан шыққан деседі. Қалай десек те, жер қайыстырған қазақ жылқысынан «Шалқұйрықтың», «Тайбурылдың», «Байшұбардың» шықпауы мүмкін емес. Ең бастысы жүзден жүйрікті, мыңнан тұлпарды тани білу керек. Арын Әбдірейімұлын айрықша атап отырғанымыз сондықтан. Ол кез «Бай мен бай құда болса, ортасында жорға жүреді» дейтін мақалдың мәні кетпеген заман. Арғы

егінде кетіпті. Кер тайдың содан кейінгі тарихы да құдалардың арасындағы алым-беріммен байланысты өрбиді. «Құдасын Құдайдай сыйлаған» қазақ алтын беріп алалмаған, мал беріп айырбастай алмаған Кер атты тек құдалықтың жолына ғана қиған екен…

«Шыңжаңның Кер аты»

Бүгінде Қытайдың белді саяхат орындарының біріне бағаланып, қазақ мәдениетінің көрмесіне айналған Наратта Кер аттың әңгімесін талай жұрт тамсанып ертегідей қылып айтады. Зерттеуші Әумет Шабданажыұлының жазуынша, 1952 жылы Зекті жеріндегі Арын ақсақалдың құлагер қулық биесінен тараған Кер құлын ақырында қолдан қолға өтіп, Нарат сахарасындағы тағы бір әйгілі атбегі Досбай Тұрғанбайұлының қолына түседі…
Күнестің Шақпысы мен Қоңыр дөңінде, Нараттың Ластайы мен Бәйгетөбесінде өткен аламандарда шашасына шаң жұқпаған «кер құнан» кейін Өртекес пен Қас, Күнес алқабына аты белгілі «Желаяқ Досбай Кер ат» атанады. 1958 жылы Байынғол Моңғол облысында өткен «Хан тойлығын» құттықтауға арналған дабыралы бәйгеде топ жарған Кер аттың жүлдесіне бір ат, бір атан түйе, бір тай шибарқыт (50 метр айналасындағы шибарқыт) сыйлық беріледі.
1959 жылы Кер ат Іле Қазақ автономиялы облысының ұйымдастыруымен Құлжа қаласында өткен аз ұлттардың І кезекті спорт жарысында Шыңжаңның әр жерінен келген дүлдүлдер шоғырынан оза шауып, бәйгенің алдын бермей, бас жүлдегер болып сараланады. 13 жастағы Әкбәралысыламполдың (Әкбаралысылампол – Досбайдың кенже інісі Әбділәлімнің ұлы, бұдан кейін Сылампол) шабандоздығында атағы аспандаған Кер ат содан кейін «Шыңжаңның Кер аты» атанды.

10608963_266037076922555_937723729_n

Ескерткіште «Нарат «Бейжіңгер» бәйгесі» деп жазылған. ҚХР Күнес қаласындағы Бейжіңгерге қойылған ескерткіш.

Мұңғұл даласын дүбірлеткен

1960 жылдың сәуір айында Досбай Тұрғанбайұлы Іле облыстық спорт комитетінің ұйғарымына сай Тиянжин қаласы мен Моңғол облысының орталық қаласы Кокхотта өткізілетін аз ұлттардың бүкіл мемлекеттік І кезекті дәстүрлі спорт жарысына Кер атты қатыстыруға жолдама алады. Сол жылы 3-мамырда ағалы-інілі Әбеу мен Шабандоз Сылампол Моңғолкүренің әскери жылқы фермасына барып, Шыңжаңның жер-жерінен келген 190 сәйгүлікпен бірге 2 ай ат баптайды. Кер ат қара жарыстың бәрінен топтың алдын бермей Шыңжаңнан Кокхотқа баратын маңдай алды жүйрік болып таңдалады.
Жалпы 190 тұлпардан ат бәйгеге 14 ат іріктеліп алынады. 1960 жылы 21 шілдеде Кокхотқа баратын шабандоздар 4 машинаға ат, бір-бір машинаға жоңышқа, ақ сұлы басып, Моңғолкүренің әскери жылқы фермасынан Құлжаға, одан Үрімжіге аттанады. Екі күн Үрімжіде дамылдаған соң, Құмыл пойыз станциясына дейін тағы сол машина тобымен сапар шегеді. Күн, түн демей жол басып, тамыз айының соңғы жартысында Моңғол облысының орталығы Кокхот қаласына табан тірейді. Үш жетіден астам уақыт өткізілген қара жарыстарда Кер ат бәйгенің 1, 2, 3, 5, 7, 10, 15 шақырымдық 7 түрінен бірінші болады. Мемлекеттік чемпион таңдалатын шешуші жарысқа 390 сәйгүліктен Шыңжаң Кер ат (Досбайдің Кер аты), Чиңхай Көк ат, Хыби Күрең ат, Хилұңжаң Күреңтөбел ат топ жарады (Чиңхай, Хыби, Хилұңжияң – жер аттары).

Қалай «Бейжіңгер» атанды?

Осы жарыста 8 жасар Кер ат 5, 7, 10 шақырымдық бәйгеде тағы да бірінші келеді. Іле-шала «тарс» еткен үнге ілесіп, 15 шақырымдық аламанға шабатын бәйге думаны да басталады.
Шүу дегенде Чиңхай Көк ең алдыда, Шыңжаң Кер ат екінші, Хилұңжаң Күреңтөбел үшінші болып зулайды. Хыби Күрең атқа не болғаны белгісіз шегіншектеген беті жарыс майданынан шығып кетеді. 7 айналым біткенге дейін бірқалыпты шабыс болады да, Чиңхай Көк ат әуелгі біріншілігін сақтайды. 1999 жылы Алдаш Тойболұлына берген сұхбатында Сылампол сол қызулы сәтті былай деп суреттеген екен:
— 8-айналымда сахнаның тұсынан өте бергенімде «Ей, сені албасты басты ма? Ұмтылмайсың ба, ұмтыл!» деген спорт комитетінің меңгерушісі Айтуған мен үлкен ағам Әбеудің дауысы естілді. Біреуі қолын шошайтып, біреуі қазақы ақ қалпағын бұлғақтатып, бар дауысымен «Қамшы бас, қамшы! Ұмтыл, ұмтыл! Тез! Алға ұмтыл!» – деп тебініп тұр екен. Сол-ақ екен, жануар бірдеңені сезді ме, айғай мен қамшының демеуінде делебесі қозып, еліре шауып, Чиңхай Көктің алдына түсті. Осындай жан алқымда қамшымның бүлдіргесі үзіліп түсіп қалмасы бар ма, сосын дереу белбеуімді суырып алып, бірде сипай, бірде басып-басып қамшылап, шауып отырдым. Чиңхай Көк алаңды бір айналғанша Кер ат оны екі орап шауып жүрді. Хилұңжаң Күреңтөбелдің әлі құрып, титықтап шабуға дәрмені қалмағандықтан, жол ортада алаңнан шығарылуға мәжбүр болды. Ақыры осы 15 шақырымдық аламанда Кер ат бас жүлдегер болды. Әли бастаған Шыңжаң командасындағы бір топ азамат маған қарай лап қойып, мені ат үстінен жұлып алып, төбелеріне көтерген бойы алаңнан сыртқа қарай беттеді. Сәлден кейін топтан алыста тұрған ағамның жанына жүгіре жетіп барсам, үлкен ағам Кер аттың басын құшақтап, маңдайынан иіскелеп, «жануарым, дүлдүлім, Бейжіңгерім» деп солқылдап жылап тұр екен. Көңілім толқып, босап қоя бердім. Айрықша қыстығып жыладым. Әбеу ағам: «Я, Тәңір бет алдымыздан жарылқап, абырой беріп, қасиетті Қызай анамның, баһадүр бабам Құдайназардың аруағы қолдады деген осы, айналайын қарғам, алдың мәңгі ашық болсын!» – деп маңдайымнан сүйіп, басымнан сипай бергені сол, қыстығып тұрған мен ағыл-тегіл жылап қоя бердім. Бәлкім, қара нөпір елді қаратып қойып, ағамды тас қылып құшақтап, ботадай боздаған сол сәт өз ортасына жарасқан да шығар, әйтеуір талайға дейін өксігімді баса алмаппын.
Шындығында, жүрек тебірентер сәт!
Сыламполдың мойнына іркес-тіркес төрт алтын медаль тағылумен бірге Шыңжаңға даңқ грамотасы, бір жеңіл машина, алтыннан жасалған алып самаурын, алтын шәугім тарту етіледі. Кер ат сынды дарабоз дүлдүлдің еңбегі үшін командадағыларға Бейжің, Тиянжин қатарлы көптеген қалаларды аралап, саяхаттап келу нәсіп болады. Кер ат та Бейжіңге, Ұлы қорғанға апарылады. Кокхоттағы жарыста Әбеудің аузынан тұңғыш шыққан «Бейжіңгер» есімі басшыларға да ұнап, Бейжіңдегі бір басқосуда Кер атты «Бейжіңгер» деп атау керектігі айтылады. Жұрт бұл атауды қуана қабылдап, содан бастап Кер атты «Бейжіңгер» деп атап кетіпті.

Шершеу қанат хас тұлпар

Жалпы алғанда, Бейжіңгер соқпа жүрісті, теке танау, салпы ерін, қабырғалы, жоталы, салқы төсті, жұмыр тұяқты, нағыз «Іле тұлпары» деген атқа лайық болыпты. Жай көзге тым көрікті де көрінбегенмен, жұмырлығынан күштілігі білініп тұрады екен. Тісінен айрылып, тарлан тартқан Бейжіңгер 1980 жылы 28 жасында жоғарыдан келген уәкілдер мен озат өндірісшілерге сойылғанда, белдеме сүйегі бітеу шығып, кішкене қос шершеу қанат бар екендігі дүйім жұртты қайран қалдырған. Марқұм Досбайдың 75 жастағы бәйбішесі Жамиқан Мединеқызы мен балалары Әбдібек, Әділбек, Әзірқандар қос ақсарбас сойып, ауылдың аузы дуалы қарттары мен игі жақсыларын шақыртып, «Тұлпар шыққан ауылдан мәңгі тұлпар үзілмесе екен», – деп ырымдапты. Сол тұста халықтан жиналған 37000 юан (6 мың доллар көлемінде) ақшаға Нараттың орталығына «Бейжіңгер» мүсіні қойылған.

Қазақтың жері қайда қалмаған? Қаншама дала шекарамен бөлініп «шетел» атанды. Дегенмен оларды көзінен кетсе де, көңілінен таса қылмайтын Қазақстанның барына да шүкіршілік. Тәуелсіздік таңымыз ерте атқан болса, мүмкін «Бейжіңгер» де үйіріне келіп қосылып, «Алматының ақ сұңқары» атанар ма еді? Қазақ «ат тұяғын тай басар» дейді. Бейжіңгердің құлын бейнесі жылқыңызда жүрсе, жаңылмай танып, баптай біліңіз.

1369812844-649Біләл Қуаныш, abai.kz 

(Суреттер Құрманғазы Жұмағұл)

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!