Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ, Қадыл АЙДАУБАЙҰЛЫ. ЕР ҚАНАТЫ

7551

Көсем жүрісті жануар
(Монголия қазақтарының жылқы шаруашылығы бойынша)

Бұрынғының адамы батқан күнге қарап «бір күнім өтті» деп жылайды екен. Қазіргі біздер бір күніміз тез өтпеді-ау деп асығамыз. Сонда біз неге асығамыз? Әйтеуір түбінде оларды да, бізді де күтіп тұрған өлім. Олар уақытын, көсем басып, көсіле сермеп, арты желіп, алды аяңдаған, ат иесінің көңілің тербей, балбұл жандырып, жұмыртқадай шайқалтқан, сезімнің нәзік қылдарын баптай шертіп, балқыта толқытқан ат үстінде соңғы нүктеге жетіп жатты. Аузына салған асын да бабымен шайнап, сүйсіне дәмін алып, қорытып өтіп жатты. Сондықтан да олар өмірге де, өзіне де, өзгеге де салиқалы сабырлылық пен күнәдан пәк кіршіксіз таза сезіммен, аспан аспас ақылдың күн сүйген күнгейінен, көсем жүрісті сәйкүліктің үстінде шайқалып келе жатқан адамшылық сезімнің ажарына қарап өтті. Адамгершілік сезімнің классикалық шырқау шыңы осы бір кезең болар-ау?
Ал бүгінгі біздер машина заманында машинамен бірдей зымырап барамыз Асығамыз, аптығамыз. Өміріміз машина үстінде кетіп барады. Барар жеріміз біреу ғана. Басқаны айтпағанда ауызымыздағы тілім нанымызды да, дәмін ала сүйсіне дұрыс қорыта алмаймыз. Өйткені асығу керек. Өмір ракеталық жылдамдықпен зымырап барады. Біз өмірге де, өзгеге де, өзімізге де космостық жылдамдықпен қараймыз. Әлгі салихалы салмақтылық, күн сүйген күнгейдің шуағы дегенді білмейміз. Өйткені бізге күннің сәулесінің өзі түсе бермейді. Өмір күтіп тұрмайды, асығамыз, аптығамыз, басқаға адамшылықты аластап қараймыз. Сөйтіп, адамшылықтан ауытқып кеттік. Олар мен біздердің алар қашықтығымыз біреу-ақ, барар көлігіміз екі түрлі. Адам табиғат пен болмыстың құлы деген осы-ау! Экологиялық әсер, экологиялық тепе-теңдік деген осы болар. Бұрын халқымыз «адам — жылқы мінезді» десе бүгінгі күні біздер «адам — машина мінезді» дейтінді шығардық. Мал, аттан қол үзгеннен кейінгі бітім болмысымыз, мінез-психологиямыз қаншалық өзгергенін көріп отырсыз. Бір ғана көлігіміз ауысқанда қандай үлкен өзгеріске түскенбіз…
Осы жануарды халқымыз қалай пайдаланып келгенін сөз етелік. Қазақ халқы сән-салтанат, дәстүр салтын, ұлттық болмыс бітімін сақтай отырып өзінің, күнделікті тіршілігін дөңгелентіп жүргізіп келеді. Осы қажеті мен шаруашылығының ыңғайына сай сәйгүлігін бәсіре, егей, жеттік, шаруа аты деп бөліп пайдаланып келді.
1. Бәсіре ат. Үй иесінің арнаған аты. Оны өзінен басқа, еш адамға мінгізбейді. Кейде ұлдары соның ішінде кенже ұлына мінгізуге рұқсат береді. Бұндай ат бір-ақ адамға бауыр басып ыңғайымен жүріп тұрып үйренеді.

2. Егей ат. Хан, төре, билер ханымдар мен бегімдердің асқа, тойға, ел арасына, немесе ауыл арасына жүргенде мінетін аты. Оның жүрісі тынышты, әрі ыңғайлы болумен қатар епті, жүрісті әрі келісті сұлу, болуға тиісті.

3. Жетік ат. Аң аулауға, бүркіт салу, ит жүгірту, ат ойыны, аттар сайысына, көкпар, бәйге жүйіріктер, жорғалар тағы басқа сол сияқты арналған ат. Бұндай аттарды шаруаға жаншып салмайды.

4. Шаруа аты. Күнделікті тұрмыста мінетін ат.

Саят атын тандау. Саят атының дене бітімі кесек, кеуделі, сауыры шығыңқы, аяқ қолы жуан болса лазым. Ат сүріншек емес, қартаймаған яғни тізесі кетпеген, мініске көмпіс, жүрісі шаншаң, елпек болу қажет. Шабысты болса да артық емес. Себебі құсы олжаны ұстаған соң артынан тез жету керек.
Саят атын жазғытұрым жылқыға жіберіп жаз бойы семірту керек Ал оны күзге салым құс, шақыру, шырғаға келе бастаған кезде ұстайды. Ол дегеніміз аңға алғаш шығардан кемінде 15 күн бұрын болу қажет. Саят атын дайындау аңшы, құсқа байланысты болады. Жазда түлекте отырған құс тамыздың ортасынан қайыруға түседі. Былайша айтсақ, құстың етін қатырып, ұшыруға дайындайды, жаратады. Бұл 30-45 күнге созылады. Ал бүркіт аңға салуға икемделе бастаған кезінен, яғни шырғаны ұстап ет көрсетіп шақырғанда шырғадан алыстап қолға келетін болса, Саят атын дайындайды. Сөйтіп, құс салардан 15 күн бұрын дайындыққа кіріседі. Саят аттарын ерекше бап, жарату қажет етпейді. Оны арқандап қойып таңертең кешке жақын маңайға тер шығармай аяңдап жүру керек. Әйтпегенде арқанда тұрған семіз ат аңға шығып, ұзақ жол жүргенде—«топқазы» болып қалады. (Қараңыз халықтың емдеу тәсілдері бөлімін). 2-3 күнде суарып отырады. Үнемі суармаса еті қатпайды. Жүйрік аттай ішін тарттырып жаратпайды, тек етін ғана қатыру мақсат. Екі жетіден соң аяғын бүршік тағамен тағалайды.
Еті қатқан Саят аты аңға шыққанда қарыны тоқ болған жөн. Себебі құс салғанда ұзақ жүрісті жүрген сайын ішіндегі шөп кетіп іші тартылып тұрады. Түнде шөпті мол салып тойдырып алады да, таңертең аңға шығарда суарып шығады. Егер суармаса сусап шөлдегендіктен топқазы болады. Саятқа алаң-елеңнен шықса, күн көтерілген кезде суара беруге болады. Саяттан қайтқан соң, атты 2-3 сағат бойы қаңтарып қояды. Түнде қоярда көнге аунатып алса тері кепкенге пайдалы. Суыған соң мүмкіндік болса сұлы беріп отырса, әуелі бойындағы ыстықты алады. Екінші, ертеңінде жүргенде жүрегі қараймайды, яғни ішінен шөп кетпей, талмай жүреді. Қыс бойы сұлы, көк шөп, жем беріп отыру жөн. Әрі ат өз етін өзі ұстайтын болса қыс бойы мінуге жарайды. Мұндай аттар некен-саяқ кездеседі. Саят атын көбіне екі ай мініп алмастырып отырады. Алмастыратын екінші атты 6-7 күн бұрын ұстап, мініп отырған атын жібереді. Қыста осылай ұстаған атты күн аралатып суарып, шөбін аз беріп үнемі қозғалтып аяңдатып отырса 7 күннен соң бабына келеді.
Мұнан соң аяғын тағалап Саятқа шыға береді…

Халқымыз шаруа атынан тысқары салт-жораға байланысты сетер ат, тұлдаған ат ұстайтын болған.
1. Сетер ат. Көп жылғы созылмалы ауру немесе кенттен ауруға ұшыраған адамды атқа табындырып, аттың кекіліне шоқтығына үкі, мойынына қоңырау тағып қоя береді. Бұндай атты ешкім мініске пайдаланбайды. Сондықтан да сетер ат деп атаған. Ал бұл ат өздігінен қартайып өледі. Сойып алатын болса табынған кісі оның етінен ауыз тимейді.

2. Тұлдаған ат. Иесі өлген соң оның өздік атының кекілін, шоқтығын, құйрығын шорт кесіп жібереді. Көшкенде иесінің ерін ерттеп, екі қанжығасына екі үзеңгісінен (кейде ердің пыстанынан) көтеріп байлап жетектеп жүреді. Сонсоң иесінің жылдығына не асына сояды.

9f1a8f7afabf8d5c03eccab2e7d0f2b3Қаржаубай Сартқожаұлы,
Қадыл Айдаубайұлы

1 comment

Добавить комментарий для Қаһарман Отменить ответ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!