Қалыбек АТЖАН. Абсент

10972

Түнде қазақ топырағынан шыққан ең алғашқы олимпиада чемпионы Абсент пен тектi тұлпарды құлын кезiнен баптап өсiрiп, ақтық сапарға да өз қолымен аттандырған Молдаш Әмiреев ақсақал түсiме ендi. Таңертең орнымнан тұра сала талай жылдан берi мойнымда қарыз болып келе жатқан парызды өтеу үшiн қолыма қалам алдым.

Өткен ғасырдың 70-жылдарының аяғында республикалық жастар газетi “Лениншiл жаста” (қазiргi “Жас Алаш”) тiлшi болып жұмыс iстеп жүргенмiн. Кезектi бiр iссапарда Жамбыл облысындағы Луговой жылқы зауытына (қазiргi Көгершiн ауылы) жолым түстi. Бұл жылқы зауытының атағын аспандатып төрткүл дүниенiң төрiне шығарған Рим олимпиадасының чемпионы – Абсент атты тектi тұлпар екенiн екiнiң бiрi әлi күнге дейiн жыр қылып айтады. Содан болар, өздерiнде қалыптасқан дәстүр бойынша шаруашылық басшылары алдымен ауылдың шетiне қарай қоныс тепкен ат спорты манежiнiң алдындағы биiк тұғырға орнатылған Абсенттiң ескерткiшiн тамашалатуға апарды. Алып империя КСРО-ның тарихында ат спортынан тұңғыш рет олимпиаданың алтын медалiн алып берген атақты арғымақтың сұлу мүсiнiне сұқтанбай қарау мүмкiн емес. Құдды бiр қоладан құйылған құрыш мүсiндi емес, жарыс алаңына жаңа ғана шыққалы тұрған жануарды көргендей керемет әсер алады екенсiз.

– Ауылдарыңызда Абсент жайлы жан-жақты, жақсы бiлетiн азаматтар бар ма? – деп сұрадық журналистiк әуестiкпен шаруашылық басшыларынан.

– Бар болғанда қандай! Абсенттi құлын кезiнен бағып-қаққан, ақтық сапарға да өз қолымен арулап аттандырған Молдаш Әмiреев деген ақсақалымыз бар. Қаласаңыз қазiр-ақ үйiне ертiп апарып жолықтырайық, –деп парторг жiгiт елп ете қалды.

Алпысты алқымдап қалған Молдаш ақсақал қонақжай әрi көкiрек көзi ашық шежiрешi, әңгiмешiл жан болып шықты.

– Шырағым, ақыры Абсент туралы жан-жақты бiлгiң келген екен, асығыс болмасаң әңгiменi жүз жылда бiр туатын тектi тұлпардың арғы таралу тарихынан бастап таратып айтып берейiн, келiстiк пе? Әйтпесе, әңгiмемiз шала-шарпы болып қалады, – деп маған сынай қарады.

Абсенттің әкесі Араб. 1945 жылы Ұлы Жеңіс парадына В.Жуков мініп шыққан

Абсенттің әкесі Араб. 1945 жылы Ұлы Жеңіс парадына В.Жуков мініп шыққан

– Iздегенге сұраған, барынша тереңдете айтқаныңыз тiптен керемет болайын деп отыр.

– Онда келiстiк, – деп бастады әңгiмесiн Молдаш ақсақал, – Бүгiнде менiң Абсентiм арқылы аты әлемге әйгiлi болған ахалтеке тұқымының әу бастағы шығу тарихын ғалымдар бес мың жылдың төңiрегiне тiреп жүр. Кiм бiледi, ол болжамдары рас та шығар. Бiзге анық белгiлiсi, яғни бүгiнгi нақтыланған пайыммен зерделесек, түркiмен ахалтекесiнiң атағының алысқа кетуi ХIХ ғасырдың соңына таман Бойнау атты тұлпардан бастау алады. Генетик-ғалымдарыңыздың өзi де қазiргi барлық ахалтеке тұқымдас таза қанды жылқыларды 1885 жылы туылған осы Бойнау айғырдың кiндiгiнен таратады. Атап айтқанда Бойнаудан 1911 жылы Ақ ишан, Ақ ишаннан 1930 жылы Араб, ал одан 1952 жылы Абсент тарайды. Ахалтекенiң төрткүл дүниеде теңдесi жоқ екенiн әйгiлеп олимп тұғырына шығарған да осы Абсент екенiн өздерiң де жақсы бiлесiңдер.

Абсенттiң әкесi Арабтың да қазақ даласына келуiнiң өзiндiк қызықты тарихы бар. Ахалтеке тұқымды жылқылардың Кеңестер одағы бойынша өте төзiмдi, әрi мықты, теңдесi жоқ екенiн дәлелдеу үшiн түркiмендер бұрын-соңды болмаған ат жорығын ұйымдастырады. 1935 жылдың мамыры мен тамызы аралығында түркiмендiк 34 шабандоз Ашхабадтан Мәскеуге желе жортып салт атпен аттанады. Сөйтiп, 84 тәулiктен соң астындағы аттары өздерiне сай шабандоздардың отызы4 мың 300 шақырымдық жолды артқа тастап Мәскеуге келiп жетедi. Олардың барлығы да осы ерлiктерi үшiн Қызыл Жұлдыз орденiмен марапатталады. Жұртты, әсiресе, түркiмен жiгiттерiнiң қайсарлығымен қатар ахалтеке аттарының төзiмдiлiгi, көнбiстiгi қатты таңдандырады. Осы жорықта ерекше көзге түскен «Араб» атты бестi сәйгүлiктi түркiмендер өздерiн Қызыл алаңда үлкен қошамет көрсетiп қарсы алған азамат соғысының батыры, маршал Семен Буденныйға сыйға тартады. Аттың құлағында ойнайтын даңқты қолбасшы тұлпардың тектiлiгiн дөп басып танып, келiстiре баптау үшiн армияшылардың орталық спорт клубындағы атбегi мамандарға тапсырады. Көп ұзамай-ақ әртүрлi ат спорты жарыстарында жүлде алған Арабтың атағы Кеңес елiне кеңiнен жайыла бастайды. КСРО кубогының жеңiмпазы атанып, биiктiкке секiруден 2 метр 19 сантиметрдi бағындырып ел рекордын жаңартады. Сөйтiп, бiраз жылға дейiн жарыстың алдын бермей жүредi. Тарлан тұлпардың Араб атты есiмi әскерилерге онша ұнай қоймады ма, ол жағын ендi анық бiлмедiм, өздерiнше Қазыбек деп атап жүрдi.

1945 жылдың 24 маусымында Мәскеудегi Қызыл алаңда фашистiк Германияның талқандалуына орай жеңiс шеруi өткенiн тарихтан жақсы бiлесiңдер. Атақты қолбасшы, Кеңестер одағының маршалы Георгий Жуков парадты ат үстiнде жүрiп қабылдаған болатын. Батырдың тақымына мүсiнi қоладан құйғандай сұлу Араб лайықты деп ұсыныс жасаған Семен Буденный екен. Сөйтiп, жеңiс шеруiнен түсiрiлген тарихи киноленталардағы Г.Жуков мiнген Арабтың бейнесi ұрпақтан-ұрпаққа мәңгiлiкке мұра болып қалды.

1949 жылы КСРО-ның жылқы шаруашылығы жөнiндегi министрiнiң орынбасары болып қызмет ететiн Семен Буденный iссапармен Қазақстанға келедi. Кезiнде кеңес елiнде сондай да министрлiк болған. Жылқы десе iшкен асын жерге қоятын Буденный бұл министрлiктi Сталинге қолқа салып жүрiп арнайы аштырған көрiнедi. Қазақстанға келген Буденный бiраз өңiрдi аралайды. Маршалға Жамбыл облысындағы №49-шы Әулиеата жылқы зауытының тыныс-тiршiлiгi қатты ұнайды. Әсiресе қазақтардың атадан балаға мирас болып келе жатқан атбегiлiк өнерiне тәнтi болады. Жергiлiктi қазақы жылқылардың төзiмдiлiгiне, мықтылығына, шашасына шаң шалдырмайтын жүйрiктiгiне көз жеткiзiп, көңiлi марқаяды. Сол әсердiң шарапаты болар, Мәскеуге барысымен бiр кездерi өзiне сыйға тартылған Арабты тұқым өрбiту үшiн вагонға тиеп, осы жылқы зауытына жiбередi.

1952 жылы Әулиеата жылқы зауытында асыл тұқымды айғыр Араб пен дене тұрқы шағындау қазақы бие Баққарадан Абсент дүниеге келдi. Абсенттi таза қанды ахалтеке тұқымы деп айтуға келе қоймайды. Түркiмен қылқұйрығы мен қазақы жылқының буданы десек дұрыс сияқты. Өкiнiшке қарай, Баққарадан Абсенттен басқа тұқым өрбiмедi. Зауыт басшылары Баққараны семiртiп сатып жiбердi. Көп ұзамай Әулиеата жылқы зауыты да таратылды. Оның барлық мүлкi мен жылқылары бiздiң зауыттың қарамағына берiлдi. Ол кезде Абсент әлi құлдыраңдаған құлын болатын. Болашақ тұлпарды бағып-қағудың жауапкершiлiгi маған жүктелдi. Ойпырмай-ай десеңшi, мен осы жасқа келгенше дәл Абсенттей естi жылқыны көрмеппiн. Дене бiтiмiнiң сұлулығы өз алдына, бәрiнен де бұрын керемет сезiмталдығы мен асқан ақылдылығын айтсаңшы. Сөйлеуге тiлi жоқ демесең, айтқаныңның бәрiн де түсiнетiн. Жат десең жатып, тұр десең тұратын. Менiң даусым естiлсе болды, бала сияқты еркелеп жаныма желе жортып жетiп келетiн. Дауыс көтергендi, зекiгендi жақтырмайтын. Алда-жалда дауыс көтере қалсаң, кәдiмгiдей өкпелеп, көзi шарасы жасқа тола мөлтiлдеп қалатын. Ырқыңа көнбей, айтқан бұйрығыңды да тыңдамайтын. Ал одан кейiн, мықты болсаң, қайтадан көңiлiн тауып өзiңе қаратып көр. Сондықтан да мен оны айналып-толғана жүрiп, кекiлi мен жалын тарап, денесiн сылап-сипап еркелетiп ұстайтынмын. Кей-кейде қиюы келiспеген қу тiрлiктiң кесiрiнен пенде емеспiз бе, көңiл-күйiң түсiп тұнжырайтын сәттерiң де болады ғой. Ондайда мен қаншалықты байқатпауға тырыссам да, Абсент бәрiбiр сезiп қоятын. Еркелеуiн лезде доғарып, менiмен ежелден сырлас жандай бiрге мұңаятын.

Абсенттi спортқа баулып, болашақ үлкен бәсекелерге бейiмдеудiң алғашқы әлiппесi де осы бiздiң Луговой жылқы зауытынан басталды. Сол кезде ауылымызда КСРО спорт шеберi Саяқ Терсебаев бастаған ат спортының, жалпы жылқы мiнезiн бес саусақтай бiлетiн жергiлiктi қазақ жiгiттерi де желкiлдей өсiп келе жатты. Болашақ сәйгүлiк, тұлпар, арғымақтардың бәйге тұсауын кесiп, жарысқа баптайтын да солар едi. Бiрақ, өсе келе көзге түсiп, спорт жарыстарында жақсы нәтиже көрсетуi тиiс-ау дейтiн мықты аттар сол кездегi орталықтың озбыр саясатына сай Алматы арқылы Мәскеуге алдырылып, орыстардың тақымында кететiн. Абсенттiң де тағдыры дәл солай болды. Әйтпесе өзiмiздiң шабандоздардың баптауымен Абсент осы бiздiң қол астымызда жүрiп-ақ үш жасында Ашхабадта өткен одақтық жарыста топ жарған болатын. Артынша Алматыдағы республикалық ат спорты мектебiне алып кеттi. Бiрақ Абсентпен өнер көрсетiп жүрген жiгiттердi ешкiм де елеген жоқ, ауылда қалдырып кеттi. Рас, ол жақта болашақ олимпиада чемпионын өзiмiздiң қандас бауырымыз, белгiлi атбегi Кәрiм Әсенов деген азамат баптады. Бес жасар Абсенттiң аты елге бұрынғыдан да кеңiнен жайыла бастады.

Ұмытпасам 1958 жыл болуы керек, бiздiң зауыттың сол кездегi директоры Вениамин Ивановтың күш салуымен Абсенттi және Арабтан тағы бiр тұяқты (мұның аты Кубань едi). Мәскеудегi Бүкiлодақтық халық шаруашылығы жетiстiктерi көрмесiне қатыстырды. Бұл екi арғымақ та бiздiң зауыттың меншiгi саналып, есебiнде тұратын. Күллi Кеңестер одағының түкпiр-түкпiрiнен келген аттардың iшiнен осы екi тұлпар дене тұрқыларының iрiлiгiмен, мүсiндерiнiң сұлулығымен, төрт аяғын тең басқан тәкаппар жүрiстерiмен жиналған жұртты да, бiлгiр мамандарды да таңдай қақтыра таңдандырады. Абсент жеңiмпаз деп танылып, алтыннан алқа тағынса, Кубань күмiс медальдi олжалайды. Комиссия төрағасы Семен Буденный Абсенттiң баяғы өзiнiң Арабының тұқымы екенiн естiгенде, есi шыға қуанады. Артынша белгiлi шабандоз Сергей Филатов пен оның бапкерi Николай Ситьконы шақырып алады да:

– Мынау Абсент деген нағыз бабына келiп, қандай жарысқа салсаң да топ жарайын деп тұрған тұлпардың тұлпары. Менiң Арабымның алтынға айырбастамас ұрпағы. Сендер Кеңестер одағын он айналып шықсаңдар да бұдан артық Олимпиадаға апаратын қылқұйрықты таппайсыңдар! – деп ақыл-кеңес бередi.

Сол сәтте-ақ Абсенттi дереу ертеп мiнiп көрген Сергей Филатов та маршалдың айтқандары айна-қатесiз дәл екенiне көзi жетедi. Саңлақ шабандоз олимпиада чемпионы атанғаннан кейiн жазған естелiк кiтабында атап өткендей, шынында да алты жасар Абсент сол кездiң өзiнде-ақ еңiстен салсаң төскейде озатын нағыз бабында едi. Артынша бiздiң ұжымға Мәскеуден Абсенттi армияшылардың орталық спорт клубына сұратқан жеделхат келiп жеттi. Жылқы зауытының директоры Вениамин Иванов iштей қимай тұрса да келiсiм беруге мәжбүр болды. Ол кезде Мәскеудiң айтқанына көнiп, айдағанына жүрмеу ауыр қылмыс жасағанмен бiрдей болатын. Сөйтiп арда туылған Абсентiмнен бiраз жылға дейiн көз жазып қалдым. Көпке дейiн кiсiнеген қоңыраулы үнi құлағымнан кетпей, түсiмнен шықпай қойды. Оның үстiне Қобландының Тайбурылындай, Алпамыстың Байшұбарындай, Қамбар батырдың Қарақасқа атындай қазақтың қасиеттi топырағынан шыққан тектi тұлпардың олжаның көкесiн салар, нағыз бабы келiскен кезiнде өз жiгiттерiмiздiң тақымына бұйырмауы да iшiмдi қатты ашытып, өзегiмдi өртеп жiбере жаздады.

rMX9k-XMYpQ

– Абсенттiң одан кейiнгi тағдырынан бiздiң де бiраз хабарымыз бар. Дегенмен, өзiңiзде тектi тұлпардың әрбiр жетiстiгiне кезiнде үнемi құлақ түрiп жүрген шығарсыз?

– Абсент Мәскеуге апарған жылы-ақ талайлардың аузын аштырып, көзiн жұмдырды. Сол 1958 жылы Батыс Германияның Аахене қаласында өткен Еуропа чемпионатында алтын медальдi жеңiп алды. Жалпы, ат спортында чемпиондық атақ кiшi, орташа және үлкен жүлделер бойынша сарапқа салынады. Абсент сол жолы орташа жүлде бойынша топ жарып қана қоймай, Рим олимпиадасына берiлетiн жолдаманы да жеңiп алды. Сол кездегi газеттер тектi тұлпардың бұл тамаша жетiстiгiн мәскеулiк шабандоз Сергей Филатов пен оның бапкерi Николай Ситькоға телiп жатты. Әрине, олардың да төккен терлерiн, еселi еңбектерiн жоққа шығара алмаймын. Бiрақ, менiң күйiп кеткенiм, Абсенттiң биiк тұғырға көтерiлуiнiң негiзiн шын мәнiнде қазақ атбегiлерi қалағаны жөнiнде ешкiм де жақ ашып айтқан жоқ. Сол жолы Абсенттi бiздiң Саяқ Терсебаев сияқты жiгiттер мiнiп шықса да чемпион атанатынына бәс тiгуге бармын. Бiрақ, айтып-айтпай не керек, күштiнiң арты диiрмен тартады, Мәскеудегiлер өз дегенiн iстеп шықты.

Арада екi жыл өткен соң Абсенттiң Италияның астанасы Римде өткен ХVII жазғы олимпиада ойындарына қатысқанын жұрттың бәрi жақсы бiледi. Абсенттi мiнiп шыққан Сергей Филатов бұған дейiн Мельбрун олимпиадасына қатысқанымен айтарлықтай табысқа жете алған жоқ болатын. Бұл жолы ол Абсенттiң мықтылығының, алғырлығының арқасында талайларды шаң қаптырып кеттi. Бiрақ кейiннен бiлгенiмiздей, оған чемпиондық атақ бiрден берiле салған жоқ. Төрешiлер арасында алауыздық белең алып, жарыс қорытындысын шығара алмай пұшайман халге түсiптi. Кино таспаға түсiрiлген көрiнiстердi түнiмен қайта-қайта қарап шыққаннан кейiн ғана ертеңiне қазылар алқасы бiздiң тұлпардың мықтылығын бiрауыздан мойындауға мәжбүр болады. Сөйтiп, Абсент Кеңестер одағының тарихында тұңғыш рет ат спортынан олимпиаданың алтын медалiн елге алып келдi.

Таудың таңғы самалындай сүйiншi хабарды естiгенде қуаныштан жүрегiм жарылып кете жаздады. Қуанған мен қорыққан бiрдей деген сөздiң рас екенiне сол жолы көзiм анық жеттi. Құлын кезiнен өсiрген Абсентiме деген сағыныштан жүрегiм елжiреп, көзiме жас келдi. Олимпиада чемпионын үкiлеп шығарған бiздiң жылқы зауытының даңқы күллi әлемге жайылып, атағы аспандап кеттi. Ауылымыз бiрнеше күн той құшағында болды. Жастардың ат спортына, атбегiлiкке деген кереметтей құштарлығы оянды.

Бұл ақжолтай жеңiстiң басы ғана екен. Абсент Кеңес одағының жетi дүркiн чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңiмпазы атанды. Егер мәскеулiк шабандоздар қателiк жiбермей, аттың тiлiн таба бiлгенде тектi жануар әлем тарихында үш бiрдей олимпиаданың биiгiн бағындырған бiрден-бiр тұлпар болар едi.

– Қалайша, Сергей Филатовты мамандар саңлақ шабандоз деушi едi ғой?

– Мықты болса өзiне мықты шығар, бiрақ тектi тұлпардың бағын байлағаны ақиқат. 1964 жылы Токиода өткен кезектi ХVIII олимпиадалық ойындарға Абсенттi тағы да Сергей Филатов баптап апарды. Кеңестiк шабандоз үшiн жарыс өте сәттi басталды. Бiрақ, адамды қара басам десе бiр сәтте екен ғой. Барлық сыннан сүрiнбей, өзiне тән сұлу да сылқым жүрiспен төрт аяғын тең басып тура бағытпен келе жатқан Абсенттi Сергей қайта-қайта қақпайлап қате жолға салып жiбередi. Соның кесiрiнен қолда тұрған алтын алқа алақаннан сусып кетiп, қоланы қанағат етуге тура келдi. Бiлгiр мамандардың айтуынша, егер Сергей Филатов тiзгiндi тежей бермей Абсенттi өз еркiне жiбергенде, ақылды арғымақ тағы да олимп шыңына жеке-дара көтерiлерi сөзсiз екен. Орны толмас осы қателiгi үшiн мәскеулiк шабандоз үлкен спорттан бiржолата шеттетiлдi.

Одан кейiн Абсенттi тақымына басқан Иван Калитаның да жолы болмады. Турасын айтқанда, өзi болдыра алмады. 1968 жылы Мехико олимпиадасында өзiндiк мiнезi бар, алған бетiнен қайтпайтын, дауыс көтерудi, жекiрудi жақтырмайтын Абсенттi қамшының күшiмен бағындырамын деген әрекетiнiң салдарынан төртiншi орынға тұрақтауға мәжбүр болды. Қысқасы, тектi тұлпардың тiлiн таба алмады, босқа бағын байлады.

Келесi жазда араға он бiр жыл салып барып Абсент Мәскеуден өзiмiзге қайтарылды. Бұл кезде атақты арғымақ жасы келгендiктен спорттық жарыстардан шеттетiлген болатын. Әрине, олимпиада чемпионының кiндiк кескен жерiне қайта оралуы ауылымыз үшiн үлкен қуанышқа айналды. Жылқы зауытының сол кездегi директоры Иван Финько сол күнi-ақ менi өзiне шақырып алды да:

– Жұрттың айтуынша, Абсенттi құлын кезiнен өзiңiз баптап өсiрген екенсiз. Тектi айғыр спорттан қол үзгенмен тұқым өрбiтуге әлi де жарап жатыр. Тұлпарды түлетiп, баптауды мiнезiн өте жақсы бiлетiн өзiңiзге тапсыруды жөн көрiп отырмыз деп қолымды алып сәттiлiк тiледi.

Қуанғаннан ат қораға қарай құстай ұшып жүгiре жөнелдiм. Бiр жағынан Абсент талай жыл өткеннен кейiн менi тани қояр ма екен деген күдiк те көкiрегiмде шер болып келедi. Жоқ, бәрi де бекер екен. Тектi жануар менi жазбай танып, кiсiнеп қарсы алды. Жүрегiм лүпiлдеп, көңiлiм босап кеттi. Мойнынан қос қолыммен қапсыра құшақтай алып жылап жiбердiм. Кекiлiн, жалын сипап, тұмсығынан шөпiлдетiп сүйiп жатырмын. Омырауымды құшырлана иiскеп, басын көкiрегiме қойып, тiптен тiлiмен бет-аузымды жалап та алды. Қайта-қайта оқыранып қояды. Осылайша араға талай жылдар салып барып Абсентiм екеумiз қайтадан қауыштық. Өзге атбегiлер мен бақташылар өздерiне икемдеп көру үшiн талай рет жем-су ұсынып та көрдi. Бiрақ Абсент олардың қолдарынан дәм татпақ тұрмақ, жанына да жолатпады. Тек менiң қолымнан ғана жем-шөп жеп, су iшетiн. Күн сайын таңертең менi қос құлағын қайшылап, оқыранып қарсы алатын. Естi тұлпар еркелегендi, еркелеткендi, айналып-толғанып, сылап-сипағанды жақсы көретiн. Сәл көңiл бөлмей қалсам, жас балаша бұртиып, өкпелеп қалатын.

Бiр күнi мынадай тосын, қызық оқиға болды. Бiрiншi мамыр күнi таңертеңгiлiк ауылымыздың орталық көшесiнде өтетiн еңбекшiлердiң мерекелiк шеруiне шығуға дайындалып жатқанбыз. Ат спорты манежiне нөкерлерiн ерткен зауыт директоры Иван Финько келдi. Әзiрлiк барысына көңiлi толған ол маған бұрылып:

– Мәке, бүгiнгi мерекелiк шеруге Абсенттi өзiңiз мiнiп шығыңыз, – дедi.

– Олимпиада чемпионы шаруашылығымыздың бiрiншi басшысы ретiнде сiздiң тақымыңызға лайықты ғой, – дедiм мен тосын ұсыныстан сыпайылықпен бас тартып.

– Жоқ, Мәке, олай болмайды. Қазақта “киiз кiмдiкi болса, бiлек соныкi” деген сөз бар емес пе? Еңбек сiздiкi. Өзiңiз мiнiп шығыңыз. Мен басқа атқа мiнемiн.

Сөз осымен тәмам дегендей директор алдына кесе-көлденең тартылған қара арғымаққа қарғып мiндi. Лаж жоқ, мен спорттық ермен ерттелiп, кермеде байлаулы тұрған Абсенттiң үстiне қондым. Шамамен қырық-елудей салт атты сап түзеп, орталық көшеге қарай беттеп келе жатырмыз. Байқаймын, халық өте көп жиналыпты. Атағы жер жарған Абсенттi өз көздерiмен көру үшiн көршiлес ауылдардан, аудан орталығынан арнайы келгендерде есеп жоқ. Көше бойында қақ жарылып тұрған қалың жұртшылық бiздi толассыз қол шапалақтаумен қарсы алды. Әрине, мұндай қошемет-құрметтiң бiзге емес, олимпиада чемпионы Абсентке көрсетiлiп жатқанын бәрiмiз де, айтқызбай-ақ түсiндiк. Көшенiң орта тұсына келгенде көпшiлiк “Абсент, Абсент!” деп айқайлап қол шапалақтауын үдете түстi. Сол-ақ екен, Абсент мойнын қаздай иiп, төрт аяғын сылқым тастап, билей жөнелдi. Бiрте-бiрте алға қарай жеке-дара сытылып шығып, сан алуан сұлу қимылын ширата бастады. Жолдары бөгелген мерекелiк ат шеруiне қатысушылар амалсыздан тiзгiндерiн тежеп, қимылсыз тұрып қалды. Кереметтей қызыққа кенелген халық бұрынғыдан да бетер айқай-шуға басып, қолпаштауды күшейте түстi. Денесi қызып, дүрмекке елiрiп алған Абсент менiң қақпайлаған ырқыма көнер емес. Ауыздықпен алыса жүрiп, бар өнерiн аянбай көрсетiп қалуға кiрiсiп кеттi. Бiр кезде алдыңғы екi аяғын көтерiп, шаншыла тiк тұрғанда үстiнен ауып түсiп қала жаздадым. Оқиға ары қарай дәл осылайша өрби берсе аттан асфальт жолға ауып түсiп, масқара болатын едiм. Амалсыздан тiзгiндi шiрене тартып, ырқыма көнбей кеткен Абсенттiң сауырынан қамшымен тартып-тартып жiбердiм. Сол-ақ екен, жануар билеуiн кiлт доғарды да, менi ала қашты. Ауыздыққа әл берместен шапқан күйi ауыл шетiндегi өзi тұратын, қораға келiп бiр-ақ тоқтады. Өз еркiне жiбермей қақпайлағаныма қатты өкпелеп қалғанын жазбай түсiндiм. Үстiнен қарғып түсiп, жалынан сипайын деп едiм, басын арлы-берлi алып-қашып ерiк бермедi. “Менi неге билетпедiң?” дегендей, көзiнiң шарасы жасқа толып, адам сияқты мөлтiлдеп жылап тұр. Менiң де көңiлiм босап кеттi.

– Қайтейiн ендi, бұрынғыдай тақымым мықты шабандоз жас жiгiт емеспiн, қартайып қалдым ғой. Сенi еркiңе жiбергенде үстiңнен ауып түсiп, ел-жұртқа масқара болатын едiм. Кешiршi менi, қақпайлағаннан басқа амалым болмады… – деп күбiрлей жүрiп, сөйлей жүрiп, қанша жалынсам да Абсент илiкпей қойды.

Түннiң бiр уағына дейiн жанынан бiр елi кетпей қаншама айналып-толғансам да өкпесiн жаза алмадым. Содан Абсент үш күн бойы жем де жемедi, су да iшпедi. Көзi мөлтiлдеп бiр орнында қаққан қазықтай қимылсыз тұрып алды. Құсадан, күйiктен өлiп кете ме де қатты састым. Зауыттың мал дәрiгерiн де аяғымен тарпып, маңына жолатпай қойды. Тек менi ғана жанына жақындатады. Бiрақ, басын ала қашып жалынан да, сауырынын да сипатпайды. Содан не керек, жалынып-жалпайып жүрiп, төртiншi күн дегенде әзер илiктiрдiм-ау. Осы оқиғадан кейiн әншейiнде жылқы малына жиi айтылатын “тәк-тәк” деп дауыс көтерудi де мүлде ұмытып, тек айналып-толғанатын болдым. Менiң таңғалатыным, Абсент менiң барлық сөзiмдi зейiн қоя тыңдап, жақсы түсiнетiн. Жауап қатуға тiлi жоқ демесеңiз, менiң әр сөзiме оқырануымен, қимылымен жауап беретiн. Шынында да, нағыз тектi тұлпар едi ғой.

– Абсенттен өзiнiң iзiн баса алатындай тектi тұқым ала алдыңыздар ма? Олардың кейiнгi тағдыры не болды?

– Алты жылға жуық уақыттың iшiнде Абсенттiң кiндiгiнен жетпiске жуық құлын өрбiдi. Солардың iшiнен Абсентке жетеғабыл туылғандары он шақты болатын. Әсiресе, Абақан мен Айдар. Мықты деген Абақанды нағыз бабына келген кезде Мәскеуге алып кетiп қалды. Олимпиада және әлем чемпионы Елена Петушкованың тақымына бұйырды. КСРО чемпионатында, халықаралық жарыстарда аузымен құс тiстеп, алдына қара салдырмай жүрген Абақанның түбiне адамдардың салдыр-салақтығы жеттi. Кезектi Еуропа чемпионатына барған кезде бас жүлдеден үмiткер хас тұлпарды қорада қараусыз қалдырып кеткен. Қаскүнем бiреулер ертең жарыс басталады деген күнi күзетшiнi мас қылып, Абақанға у берген. Мал дәрiгерлерi қаншама әрекеттенгенiмен тектi тұлпарды өлiмнен құтқарып қала алмады. Егер де Елена Петушкова өзге шабандоздар сияқты Абақанды көзiнен таса етпегенде, әрине, мұндай қайғылы оқиға болмас едi. Сол сияқты Айдарды да Мәскеуге апарып, вагоннан түсiрiп жатқан кезде аяғын сындырып мертiктiрiп алды. Абсенттiң Агдам, Аюдаг, Алагир, Аметист, Домбай, Ақын, Ақбұлақ деген өзге тұқымдары да ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кеттi. Көбiсi Ресей асып кеттi. Кеңестер одағының чемпионы болған Агдам мен Алагирдi мәскеулiк циркке сатып жiбердi. Көбiсi Ресей асып кеттi. Мықтыларының ешқайсысы да өз жiгiттерiмiздiң тақымына бұйырмады.

– Сiз Абсенттi өз қолыңызбен көмдiңiз бе?

– Абсент әбден қартайып барып 1975 жылы 23 жасында дүние салды. Құлдыраңдаған құлын кезiнен бағып-қаққан ақылды жануардың ақтық демi таусылар сәттегi мүшкiл халiн көру маған өте ауыр соқты. Әсiресе, өмiрiнiң соңғы күндерiнде жем-судан тартынып, қозғалуға да шамасы келмей, жатып қалды. Тек менi көрген кезде ғана бар күшiн жинап әзер дегенде оқыранатын. Мына жарық дүниенi адам сияқты қимай, көзiнен мөлтiлдеп жас ағып жатты. Бiздiң зауыттың кейбiр әңгүдiктеу мамандары “етi қашпай тұрғанда сойып алайық” деп пышағын жалаңдатып, зығырданымды қайнатты.

– Естерiң дұрыс па, бұл сендерге соғым емес, ауылымыздың, күллi елiмiздiң, ең бастысы, қазақтың даңқын төрткүл дүниеге танытқан тектi тұлпар емес пе?! «Сойып алайық» деген сөздi қалайша ауыздарың барып айтып тұрсыңдар, – деп қатты-қатты айтып тастаған соң ғана әлгiлер райынан қайтты.

Көп ұзамай ақтық демi таусылған Абсенттi ақ кебiнге орап, жамбасымен жатқызбай тiк қойып, арулап көмдiк. Дүниедегi ең бiр асылымнан, сырлас-мұңдасымнан айрылғандай көпке дейiн көз жасымды тыя алмай жүрдiм. Әлi күнге дейiн Абсент көз алдыма елестеп, түнде түсiме кiредi. Ендi дәл Абсенттей ақылды, сұлу, тектi тұлпар бұл ғасырда туыла ма, жоқ па, ол жағын бiле алмадым. Абсенттiң жөнi бөлек едi ғой…

Молдаш ақсақал әңгiмесiн көңiлi босап, күрсiнiп барып аяқтады. Көзiнiң жасын бет орамалымен қайта-қайта сүртiп, бiразға дейiн үнсiз отырып қалды.
Көп ұзамай мен де әртүрлi себеппен “Лениншiл жастан” басқа жұмысқа ауысып кеттiм. Көңiл толқытқан көкейдегi мақала жазылмай қалды. Араға 30 жыл салып барып, әлi де маңызын жоймаған тақырыпқа қайта оралуды журналистiк парыз санадым.

загруженоҚалыбек АТЖАН
«Жас алаш» газеті

3 comments

  1. Еркін Шүкіман 7 Маусым, 2014 at 20:06 Ответить

    Көзден жас шықты. Аттың көңіліне қарап, бағып қаққан Молдаш ақсақал да өте қасиетті адам деп ойлаймын. Қазір ат түгілі адам көңіліне қрауды қойдық қой.

  2. Жәнібек Базылбеков 28 Ақпан, 2019 at 16:16 Ответить

    Қалыбек аға! мына дүниеңізді оқып, бір жылап алдым.Мен негізі Абсент өскен бұрыңғы Луговой ауданының тұрғынымын.Жақында газеттерге мақала жазған болатынмын. Онда осы Абсент жайында кино түсіру керек деп ұсыныс тастаған едім. Шығармаңызды оқып отырып, киноға мұнан артық сценарий табылмайтынына көзім жетіп отыр.(егер түсірілсе) Жүз жасаңыз аға. Керемет туынды екен!

Добавить комментарий для Жәнібек Базылбеков Отменить ответ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!