Зейнолла САМАШЕВ. Берел қорымы (ФОТО)

28432

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасында, Үкектің көрші Ресейге жататын бөлігінде және Қытайдың Шыңжан өлкесінде тоң басқан немесе, керісінше аса ыстық климатта, шөлді жағдайларда сақталынған адам мумияларымен бірге кәдімгі обаларда сақтала бермейтін органикалық материалдардан жасалған құнды бұйымдар мен киім-кешектер табыла бастағанда маған осы Катонқарағай жеріндегі Берел ескерткішін қазып зерттеу туралы ой келе бастады.

Оның негізгі себебі, әрине, осы өңірде өмір сүрген ежелгі көшпенділердің өмірі мен тұрмысы, діни нанымдары, т.б. жөнінде бұрын белгісіз жаңа материалдық деректер алып, солардың негізінде жаңа теориялық және методологиялық тұрғыларда тұжырымдамалар жасау, әсіресе, осы жерде өмір сүрген көне халықтар мен қазіргі қазақ этносының арасындағы тарихи сабақтастықты бұрынғыдай тек қана материалдық, яғни заттық деректер арқылы ғана емес, сонымен қатар, молекулярлық биологиялық, т.б. пәнаралық зерттеулер негізінде дәлелдеп көруге тырысу сияқты тарихи ғылымдардың стратегиялық нысанасы болып саналатын проблемаларды зерделеу және тағы басқа ойлар болды.
542354Бұған, сонау 1993-ші жылдан бері менімен бірге Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу өлкесінде ЮНЕСКО жобасының негізінде жартас суреттерін бірге зерттеп жүрген француз мамандарын да кірістірдім.

Біз 1997-ші жылы, Катонқарағай ауданының Майемер ауылының маңында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде, ҚазҰУ-дың профессоры А.Төлеубаев, Кемеров университетінің профессоры Я.А.Шер, француз археологы А.П.Франкфор және басқа мамандармен бірге Үкек қыратына бара жатқан жолда Берел жазығына бас бұрып, сондағы қорғандардың ішінен ең үлкенін өзім таңдап, соны келешекте қазуға ұйғардым.

Ол кейін Берелдің №11-ші қорғаны деген атпен тарихқа енді. Осында табылған скиф-сібір аң стилі деп аталатын ежелгі көшпелілер өнеріне тән ерекше мәнерде орындалған жоғары сапалы ат әбзелдеріне қатысты көркем бұйымдар мен басқа да құндылықтардың арқасында әлемге танымал болды. Сол жылы Ғылым Академиясының Жағрафия Институтынан зертхана меңгерушісі Э.В.Северский арқылы бір тоң зерттеушіні шақыртып, оған осы қорғанның астындағы температураның қандай екенін тексертіп алдым. Шілде айында жерлеу камерасының ішінде, екі метрдей тереңдікте ноль градус температураның болғаны маған біраз үміт туғызғандай болды.

Мұнда ерекше бірдеңенің жатқанын, әрине, сездім, бірақ та әлемге әйгілі болатын құндылықтардың ашылып, еліміздің ғылымындағы аса көрнекті жарқын беттерінің ашылатындығы туралы дәл сол сәтте ойлауға мұршам келмеп еді.

Сөйтіп, 1998-ші жылдың жаз айының басында жаңағы айтылған №11-ші және №18-ші обаларды, сонымен қатар, Берел маңындағы Тарасу деген жерде бірнеше ежелгі көшпелілердің жерлеу орындарын қазуды бастадым.

Осы жылғы алға қойған негізгі міндет — обаларды, әсіресе, олардың жер үсті құрылымының конструкциялық және архитектуралық ерекшеліктерін өте мұқиат тексеріп, далалық құжаттарға тіркеу мәселесіне ерекше назар аудару керек болды. Себебі, сол уақытқа дейін Таулы Алтай өңірінде бұрын- соңды зерттелген пазырық мәдениетіне жататын элитарлық көлемді обалардың біреуі де дұрыс қазылмай, олардың астындағы тоңның қалыптасу механизмі мен табиғаты туралы бір-біріне қайшы келетін нешетүрлі қөзқарастар қалыптасқан еді.

Сонымен қатар, тоң басқан жерлеу камераларында көшпелілер қоғамының шонжарларымен бақилық дүниеге бірге баратын – киім-кешек, ат әбзелі мен ағаш жабдықтар, ер тоқым мен маталар, ағаш ыдыстар, былғары мен киізден, мүйізден істелген бұйымдар жақсы сақталатыны белгілі. Осылар табылған жағдайда тарихымыздың ақтаңдақ болып жүрген кейбір жақтарын жаңаша тұрғыда, жаңа материалық деректер негізінде, жаңа әдістермен зерделеу міндеттері де тұрды.

Қазба жұмыстарына Ресей, Италия, Франция мемлекеттерінен мамандарды шақырдым.

Содан бері, міне он екі жылдан астам уақыт өтті. Берелде жиырмадан астам оба қазылды, олардың басым көпшілігі б.д.д. I-ші мыңжылдықтың екінші жартысына жататын көшпелі халықтардың көсемдері мен ақсүйектерін жерлейтін киелі орындар, біразы көне түрік заманының үлесіне жатады. Қорғандардан мыңдаған жәдігерліктер, сан алуан тарихи, мәдениеттану және этноәлеуметтік үрдістердің дамуы мен өзгерістері тұрғысынан талдауды қажет ететін бірегей мағлұматтар алынды.

Солардың барлығын жүйелі түрде зерделеп, ғылыми айналымға енгізу, әрине, болашақтың үлесінде. Зерттеулердің материалдары мен алғашқы тұжырымдары жарық көре бастады. Оларға деген көзқарастар да әрқалай болды (Молодин, 2000;Тишкин, Дашковский, 2003, с.44-45), дегенмен, бұл іске мамандар тарапынан дұрыс баға берілді (Кубарев, 2004, с.134-138).

загруженоЗейнолла Самашев, Тарих ғылымдарының докторы
БЕРЕЛ. — Алматы: «Таймас» Баспа Үйі, 2011

1 comment

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!