Салт аттылар шеруі дәстүрге айнала ма?

2838

Бүгінде жылқының ең алғаш қазіргі қазақ жерінде қолға үйретілгеніне әлемде ешкім күмән келтірмейді. Қазіргі таңда қазақ деп аталатын ұлттың арғы ата-бабаларының қыл құйрықты бұл жануардың сүтін сусын, етін азық, терісін бұйым етіп қана қоймай, оны мініс көлігі ретінде жуасытып, жүгендеп, ауыздық, үзеңгі сияқты бүкіл ер-тұрманын ойлап тапқанын Ботай қорымы мен өзге де жерлердегі археологиялық қазба жұмыстарында толық дәлелденді.

Сондықтан Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық ат спорты федерациясының ұйымдастыруымен елордамыз Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейінгі 1000 шақырымға салт аттылар шеруі өтеді екен дегенде біраз жұрт елең еткен болатын.

Қала маңындағы Бозоқ қалашығының орнынан басталған бұл экспедицияға қолдау көрсетушілер арасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық музейі, Ботай қорық-музейі болды. Құрамында Ақтөбе, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының өкілдері – тарихшылар, медицина қызметкерлері, БАҚ өкілдері болған бұл экспедиция алыс қашықтыққа тәуелсіздік тарихында алғаш рет жасалуымен де ерекшеленіп отыр.

«Мақсат – тарихи нысандарды атпен аралап, атқа міну мәдениетін насихаттау, туризмді дәріптеу. 10 маусымнан 29 маусымға созылған бұл сапар Шығыс Қазақстан облысындағы Жидебайда жерленген Абай мен Шәкәрім кесенесінде өз мәресіне жетті. Осы сапарда бір байқағанымыз – қуаңшылық пен су мәселесі болды. Өзімізге керек суымызды атқа артып алсақ та, ат суарар су табу қиынға түсті. Құрғақшылық салдарынан даладағы шөптің жағдайы да биыл мәз емесін аңғардық», – дейді экспедиция мүшесі Ержан Жаубай.

Оның айтуынша, кейбір туристік нысандар бір көрмекке керемет болғанымен, рухани тұрғыдан дәріптелмегендіктен саяхатшылар үшін құндылығы аса білінбейді. Бұл жергілікті атқару органдары ғана емес, өлкетанушылар үшін де үлкен сын болары анық. Өйткені, жас ұрпақтың бойына ұлтжандылықты сіңіріп, ел мен жердің қадірін арттырып, оны сауатты түрде насихаттап, туризмді дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын ғана емес, мәдениеті мен дүниетанымын да көтеруге болатынын қазір өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Мәселен, салт аттылар шеруі деген кезде көп жағдайда ел тұрғындары ту көтеріп көше аралап, ауыл арасында шапқылап жүрген адамдарды ғана есіне алып, бір сәттік әсерін айтады. Ал бұл дәстүр Америка құрлығындағы және Еуропадағы көптеген елдерде жүз жылдан астам уақыттан бері дәстүрге айналғанын әлі күнге дейін біреу білсе, біреу білмейді. Тіпті, білетіндерінен білмейтіндері бір емес, бірнеше есе көбірек.

Мысалы, Германиядағы Оттендфорд қаласындағы салт аттылар шеруі кезінде бавар ұлтының киімін киіп, арнайы әшекейленген аттарға мініп көшеде шеру жасаудың дәстүрге айналғанына 100 жылдан асқан. Біздің елімізде де соңғы жылдары «Ел рәміздері – ел рухы», «Астана – ұлы дала елордасы» деген сияқты түрлі атаумен салт аттылар шеруі бірқатар өңірлерде өтті. Алайда ол әлі күнге дейін бір жүйеге түспей келе жатыр.

Мәселен, 2018 жылы Астананың 20 жылдығына орай Астана-Бұйратау-Баянауыл-Қарқаралы бағыты бойынша өткен 10 күндік турдың жалпы ұзындығы – 600 шақырымды құрады. Алайда ол кезде де қатысушылар саны аз болып, насихаттауда шараны ұйымдастырушылар мен БАҚ өкілдері арасында өзара байланыс әлсіз болған еді. Арада 3 жыл өткенде бұл жағдай тағы қайталанды. Нұр-Сұлтан – Жидебай арасындағы 1000 шақырымдық 20 күндік салт аттылар шеруіне шараның ақпараттық демеушісі болған BAQ.kz-тен өзге бұқаралық ақпарат құралдары жүйелі түрде атсалысып, бүкілхалықтық қозғалыс тудыра алмады.

Сондықтан 2019 жылы Марғұлан Боранбай «Адырна» ұлттық порталы арқылы Алтын орданың 750 жылдығына Ұлытау-Мәскеу бағыты бойынша салт аттылар шеруін ұйымдастыру туралы ойын ортаға салған кезде де оны іліп алып кеткен ешкім болмады.

Егер салт аттылар шеруін бір күндік шара ретінде емес, ұлттық, халықаралық және әлемдік деңгейдегі ақпараттық, танымдық, мәдени, тарихи және ықпалдастық тұрғысынан қарастырып, туризмнің бір бағыты ретінде де дамытар болсақ одан ұтпаса, ешкім ұтылмасы анық. Егер ұтымды жоба, тиімді маркетингтік ұсыныс жасап, бұл шаруаға ұйтқы болам дейтін жеке және заңды тұлғалар табылатын болса демеушілер табу көп қиындық тудырмас еді. Тек ниеті түзу, пейілі таза ұйымдастырушы мен жұмысты сауатты ұйымдастыра білетін кәсіби мамандарға атқарушы билік органдарының сенімі мен қолдауы қажет.

Мұндай ауқымды шараны Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен орайластырып, күзгі жиын-терін кезінде елдің байлығы мен сәулетін паш ету үшін ұйымдастырамын дейтін бастамашы табылып жатса қанеки. Мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржыны қажет етпейтін мұндай іс бір емес, ондаған жылдар бойы елдің есінде қалатын айтулы оқиға болары күмәнсіз.

Бұған дейінгі салт аттылар сапарын мына жерден оқуға болады.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,

«Заң газеті»

1 comment

  1. Дидар Оралбек 24 Шілде, 2021 at 18:31 Ответить

    Ұлттық құндылығымызды ұлықтай беру керек. Ең алдымен демеушілік қолдау қажет. Бұл салт атты экспедициясы игі бастама дәстүрге айналып жатыр. Сондықтан ұлттық ат туризмді дамытуға зор мән беру қадамы күтіп тұр ағайын

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!