Нағашыбай қамшыгер

Тарбағатай тауының баурайындағы Ақсуат өңірінде Жанай-Есенаман руынан шыққан Нағашыбай деген атақты қамшыгер өмір сүрген екен.
Бірде қыс кезінде Нағашыбай бір тілмаш адамды Зайсан жаққа апарып салмақ болып жолға шығады. Жолай бір ауылға соғып, сол жерде қонып қалады. Әңгіме үстінде ауыл адамдары жол жайын сөз етеді.
– Бұл жақтан екі жол бар, – дейді олар. – Бірі алыс, бірақ қауіпсіз айналма жол. Ал екіншісі төте жол. Бірақ ол жақта түйенің құтырған бурасы бар, соған сақ болыңдар.
Ертеңінде таңертең жолға шыққан Нағашыбай мен оның серігі әлгі жол айырмасына келеді. Сонда қасындағы адам:
– Нағашыбай, айналма жолмен жүрейік. Қауіпсіз болар, – дейді.
Бірақ Нағашыбай:
– Төрт аяқты хайуаннан қорқамыз ба? – деп, төте жолмен тартуды жөн көреді.
Бір мезетте алыстан түйелердің қарасы көрінеді. Сол түйелердің арасынан жалғыз дара бура бөлініп шығып, бұларға қарай шабады. Сол сәтте Нағашыбай атынан түсіп, айылын тартып, ер-тоқымын мықтап алады. Тымағының бауын байлап, қайта атқа қонып, бураға қарсы шабады. Бура аузын сала ұмтылған кезде, Нағашыбай қамшысын сілтеп жібереді. Қамшы бураның басына дәл тиеді. Сол-ақ екен, бура «баң» етіп шөге кетеді. Сөйтсе, қамшының соққысы бураның бас сүйегін айырып жіберген екен. Осыдан кейін Нағашыбай қасындағы серігін шақырып алып, екеуі жолдарын жалғастырып, діттеген жеріне жетеді. Алайда көп ұзамай олардың соңынан бураның иелері қуып келеді.
– Біздің бурамызды қалай өлтірдің? Аттың ба, әлде шаптың ба? Құнын аламыз! – дейді олар. Нағашыбай сабырмен:
– Мен оны қорғану үшін қамшымен ұрдым, – дейді. Бірақ олар сенбейді.
– Онда соны дәлелде! Егер рас болса, атан өгіздің терісін қамшымен тіліп түсір – дейді.
Нағашыбай келіседі.
– Онда өгіздің терісін керіп тұрыңдар, – дейді.
Өгіздің қалың терісін төрт жігіт керіп ұстап тұрғанда, Нағашыбай қамшысымен бір тартып жібереді. Сол кезде ұстап тұрған төрт жігіттің қолынан тері шығып кетіп, бөлінбей қалады. Бірақ қуғыншылар тағы да дау шығарады. Сонда жеті-сегіз жігіт шығып, теріні керіп ұстап тұрады. Нағашыбай тағы да қамшысын бір сілтейді. Бұл жолы өгіздің қалың терісі қақ айырылып, екіге бөлініп түседі. Осыны көрген жұрт енді оның сөзінің рас екеніне көз жеткізіп, бураның құнын сұрамай, Нағашыбайды босатып жібереді.
1930 жылдары ел ішін аласапыран жайлап, көпшілік жұртпен бірге Нағашыбай да Қытай асып кетеді. Олар Шәуешек аймағының төңірегіне барып тұрақтайды. Бір күні сол аймақтың бастығы Нағашыбай туралы әңгімені естиді.
– Осында Нағашыбай деген ерекше адам бар екен, соны көрейін, – деп, оған шабарман жібереді. Шабарман келгенде Нағашыбай:
– Мені не істемек? Неге шақырып жатыр? – деп сұрайды.
– Ұлық көргісі келеді, – дейді шабарман.
Сонда Нағашыбай:
– Бүгін бара алмаймын, ертең барайын, – деп жауап береді.
Ертеңінде айтқан уақытында барып, ұлықтың алдына кіреді. Ұлық оны көргенде орнынан атып тұрып, арқасынан қағады. Ел арасында:
– Ұлық Нағашыбайдың айбары мен ызғарына шыдай алмай, орнынан ұшып тұрған екен, – деген сөз қалған.
Екеуі біраз әңгімелесіп отырған соң, ұлық:
– Ел айтқандай екенсің, – деп, оны құрметпен шығарып салады. Бірақ сол сапардан қайтып келе жатқан жолда Нағашыбай аяқ астынан ауырып қалады. Жеті күн бойы төсек тартып жатады. Ел арасында:
– Көз өтіп кеткен екен, – деген әңгіме шығады. Жетінші күні Нағашыбай дүние салыпты.
Содан бері ел ішінде қамшыгерлігімен аты шыққан Нағашыбай туралы әңгіме ұрпақтан ұрпаққа жетіп келеді.
ҚР Мәдениет қайраткері,
күйші, өнер зерттеуші
Argymaq.kz
ФОТО: ЖИ




