Сайт туралы
Көшпелілер мен…
Жоқ… анығы қазақтар мен жылқыны бөле жарып қарауды — үлкен қылмыс деуге болады. Азаматты арғымағынан, қазақты қазанатынан, тұлғаны тұлпарынан бөле-жаруға болмайды. Олар бөлінген емес, бөлінбейді де. Қамбар батырды Қарақасқа атынсыз, Алпамысты Байшұбарынсыз, Қобыландыны Тайбурылынсыз, Ақанды Құлакерінсіз елестете алмаймыз. Демек бөле алмаймыз.
Ал, Сіздер жылқының иісін иіскеп көрген боларсыздар? Әсіресе, бәйгеден жаңа ғана келген жүйріктің иісін… Ооо, онда күллі табиғаттың, болмыстың, даралықтың, тектіліктің жұпары аңқиды!
Сіздер таяқты ат қылып мініп, талдан қамшы ұстап көрген боларсыздар? Әсіресе, бала күндеріңізде. Ооо, онда еркіндікке, бостандыққа, тәуелсіздікке деген қаншама құштарлық жатыр.
Бәлкім, сіздер өмірлеріңізде бір рет, тіпті бір сәтке ғана қосарына жүйрігін алып, маң далада өтетін бәйгеге қарай желіп бара жатқан атбегіні көрген боларсыздар? Әсіресе ұлан-асыр тойларда. Ооо, онда болашаққа, арманға, алға қойған мақсатқа жетуге деген қаншама құлшыныстың жатқанын білсеңіздер ғой!..
Құрметті оқушы, сайт қонақтары! Сіздер күллі саналы ғұмырларыңызда тақымыңызға тарлан ат тиіп, ай даланы қиқуға көмген аламан бәйгеге шауып көрген боларсыздар?! Әсіресе, ат жалын тартып мінген, желтақым жастық шағыңызда. Ооо, онда өмірге, тіршілікке, бәсекелестікке, абыройға, тіпті, пенделік атаққа деген қаншама талпыныстың алдыға, тек қана алдыға сүйрер зор рухтың жатқанын білер едіңіз!
Сіздер мүлгіген тыныштыққа мамырлап, таңғы жусауда енесінің үстінен секіріп ойнаған құлынды көрдіңіздер ме? Әсіресе, таңғы тәтті ұйқыңызды бұзып, бие жинауға барған сәтте?! Ооо, онда еркелікке, аналық махаббатқа, қайта оралмас балалыққа деген қаншама аңсарлы іңкәрліктің жатқанын сезінер едіңіздер!
Міне, жылқының қазаққа берері осы. Осыдан-ақ, арғымақтың адамзатқа, алашқа қаншалықты етенелігін бағамдауға болады.
Құрметті сайт оқушылар! Бұл порталды іске қосудағы басты мақсатымыздың өзі қазақы жылқыны насихаттау. Оның барлық болмысын ғаламтордың ғаламатын пайдалана отырып өздеріңізбен бөлісу. Артығы болса ақыл қосып, кемі болса толтырарсыздар деген үміт бар.
Қазақтың қазанатына арналған сайттың әлі күнге іске қосылмауы осы бір ортақ игілікті ортаға шығаруға түрткі болды. Білгенімізден білмегеніміз көп қоғамда білгенімізді басқамен бөлісе білейік, ағайын!
Барлығымыз ұлттың жоқшысымыз! Барлығымыз да ұлттың жоғын іздеудеміз. Табармыз, таппаспыз, ол келер күннің еншісі.
Бұл жерден керегіңізге жарар бір сөз тапсаңыз, біздің мақсаттың орындалғаны.
Күлдір де күлдір кісінеп, даланы аңсап, қалада өтіп жатқан күлік күндер-ай!
Ержан Жаубай, Арғымақ Ұлттық танымдық порталының редакторы