Павлодарда ашылған ипподромның артықшылығы
Павлодар ұлттық спорт бағытындағы ең ауқымды іс-шараның орталығына айналды. Облыс орталығында аймақ басшысы Асайын Байхановтың қолдауымен бой көтерген жаңа ипподромның салтанатты ашылуы өтті.
Жаңа спорт нысаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту және ұлттық спорт түрлерін қолдау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында бой көтерді.
Сын айтуға сәл ертерек болар деп ойлаймын. Жоқтан бар жақсы дегендей, осындай атшабар салып бергенінің өзі біз үшін үлкен жетістік. Көш жүре түзеледі деген бар ғой. Алдағы уақытта бұдан да жақсысын салып береді деп үміттенейік. Сонымен қатар, классикалық ат спортына айрықша назар аударып жатқан Павлодар облысы әкімшілігіне алғыс айтамыз. Өздеріңіз білесіздер, біздің ұлттық спортымыз өзгелерден ерекше. Соған қарамастан біз халықаралық дәрежеге шыққымыз келсе, тек классикалық бәйге түрлері арқылы ғана шыға аламыз. Ал оған бізде аттар да, шабандоздар да бар. Тек инфрақұрлыс мәселесі кедергісін келтіреді. Павлодарда ашылған атшабар бір өңірдің болса да дамуына мүмкіндік береді – дейді осы саланың білгір маманы, Зауыттық жылқы түрлері палатасының басшысы Талғат Жайсаңбаев.
Жаңа ипподром халықаралық талаптарға сай жабдықталған. Мұнда мың көрерменге арналған екі трибуна, автотұрақтар, сауда орындары, қонақтарға қызмет көрсету аймақтары, 20 орынды атқора және жаттығу алаңдары қарастырылған. Ені 20 метр, ұзындығы 2000 метрге созылған негізгі жарыс жолы заманауи суару жүйесімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 800 метрден 2000 метрге дейінгі қашықтықтағы бәйгелерге арналған мәре алаңдары мен аттарды дайындауға арналған арнайы жаттығу жолы салынған. Ипподром аумағы абаттандырылып, көгалдандырылған.
Argymaq.kz
ФОТО: Валерий Бугаев







