Психолог жағалаған 100 қыздың тағдыры

214

Бейресми деректерге қарағанда еліміз бойынша күніне 220-ға жуық әйел құқық қорғау орындарына тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша шағым айтады екен.

Ал сағатына 10 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кесірінен полиция көмегіне жүгінуге мәжбүр. Бұл анықталғаны, ал анықталмай, «жабулы қазан жабулы күйінде» жатқаны қаншама.

Қазақстан Республикасы Ата заңының 17-бабының 2-тармағында «Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» деп атап көрсетілген.

Алайда, бұл бапқа назар аударып жатқан ешкім жоқ. Қазақстанда жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің құқығын қорғайтын #НеМолчиKZ қорының президенті Дина Смаилованың айтуына қарағанда, 2015 жылмен салыстырғанда жыныстық зорлыққа ұшырайтындар саны біршама азайған.

2015 жылы жыныстық зорлық-зомбылық бойынша 3637 қылмыстық іс тіркелген. Яғни ҚР Қылмыстық кодексінің 120-121-баптары бойынша осынша іс қозғалған. Ал 2019 жылы бұл баптар бойынша 1332 оқиға тіркелді. Кәмелет жасқа толмағандардың жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырауына қатысты 2015 жылы 1158 оқиға тіркелсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 793 болған, – дейді Дина Смаилова.

Осы орайда, оқырманымыздың есіне сала кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 120, 121, 122, 123, 124-баптары бойынша жыныстық зорлық-зомбылық жасағандар 5 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Осы ақпараттарды бағамдай отырып, бұл жағдайдың, оның ішінде кәмелет жасқа толмаған қыздардың жас кезінде басынан өткен зорлықтың психологиялық зардабы қандай болады деген сауалға жауап іздеп көрген едік. Естігеніміз өзімізді есеңгіретіп тастады.

Қазақтың Төлегені аналарға арнаған бір өлеңінде әйелдің сан қырлы келбетін керемет сомдаған.

«Арманыңды ақтарам ба жүрегімде тербесем,

Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.

Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,

Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен», — деп басталатын Төлеген Айбергеновтің осы «Ана» атты өлең шумақтары әйелдің қадір-қасиетін, өмірдегі алар орнын және абыройын құрметтеуді алға тартса,

«Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,

Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде…

…Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,

Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген», — деп кейбір аналардың құр сүлде мен түрі өлік кейпіне жанымен қарсылығын жеткізген.

Төлегендей жыр жазбасам да ана құрсағынан шығып, кәсібімді Ананың адам өмірінде алатын орны мен тереңдігін зерттеуге арнап жүрмін. Бұл тәжірибемде түйген ой мен шер бар. Соңғы 2 жыл кәсіби өмір жолымда кездескен қыз бен әйел тағдыры туралы түйгенімді, ойларымды айтайын, – деп бастады сөзін белгілі психолог Нұргүл Молдабайқызы.

Осы жерде біздің көкейге «қазақ әйелдері неге жаппай психологты жағалап кетті, олар психологиядан не іздейді? Неге қазір қазақтың кейбір аналары қуыс кеуде, тірі өлік, ішқұса? Неге олар «ілініп-салынып» тұрмыс кешіп жүр? Неге жаны ауру бала көбейді? Неге қазақ әйелі қазақтың «сүйегің менікі, етің сол жұрттық», «судай сіңіп, тастай бат»-ты әлімжеттікке, зорлыққа өлгенше көн деп түсінеді? Сонымен бірге, жоғарыда атап өткен тазалық пен күш жағынан дәрменсіздік иелері – әйел басынан зорлық-зомбылық өткерсе, оның не салдары бар?» — деген сауалдар келді.

Осы сұрақтардың жауабын кәсіби өмірімнің соңғы 2 жылында ғана алдымнан өткен 100 әйелдің тағдырынан іздеп көргім келді. Сондықтан, бұл пікірімде айтылғанды барлық қазақ атаулыға шашылған топырақ деп түсінбеңіз. Тек менің көзім көрген 100 қолаң шаштың тағдыры. Менімен психолог ретінде кездесулер барысында осы 100 әйел шынашақтайынан басынан өткерген зорлық-зомбылық (әке, аға, жезденің зорлауы), ұрып-соғу, жеку, ұл болмағаны үшін адам қатарына қоспау, қыз табиғатын мойындамай, қыпша белге ауыр жүк арту, бала орнына бәледей көріп, тез есеюді талап ету, т.с.с. тағдыр тауқыметімен бөлісті. Олар өздерінің қыз табиғаты мен болашақ ана ретіндегі өмірінің мәніне қарсы жасалған өрескелдікке қарсы арпалысты, кеудеге жиналған өксікпен бөлісті. Осындай дүниелерден өздерінің бұл өмірге деген құқықтарын аршып алуға әрекет етті. Олардың кейбірі әлі күнге дейін өз-өзімен мен арқылы кездесіп келеді, – дейді психолог.

Әңгімеміздің осы тұсына келгенде Нұргүл Молдабайқызы өзі психологиялық көмек беріп жүрген бір әйелдің өзіне жазған хатын қолымызға ұстатты. Нұргүлдің айтуына қарағанда, ол адам хатты жариялауға өзі рұқсат берген екен. Біз де хатты жариялауды жөн көрдік. Бір әріп, бір сөзін өзгертпегенімізді ескертеміз.

«Әке, ана, егер сіздер жаратқанның мені жарату барысында берген адамдық, мәндік болмысты, балалық пәктік пен тазалықты, өмірді көре алмағандарыңыз үшін мен кінәлі емеспін. Бұл сіздердің көкіректеріңіздің соқырлығы. Бірақ, осыны балалық шағымда жете түсінуге, ойлауға менің табиғи мүмкіндігім болмапты. Мен маған жасалған сіздердің мақұлықтық әрекеттеріңізге өзімді, яғни 13 жасқа толмаған пәк нәрестені кінәлап келіппін. Осы өмірге келгенімнің өзі факт. Осы өмірге деген құқымның жарық дүниеге келе сала маған берілгендігін түйсіне алмай, өзімді сіздердің әрекеттеріңіз бен қиын тағдырларыңыздың себепкері, жауапты жан ретінде сезініп келіппін. Сіздердің маған жасаған қатынастарыңызды 35 жасқа дейін жалғастырып келіппін.

Бала төсектен пайда болса да, адамдық болмысы оның адамдар арасында өмірге сенуі мен берілуі арқылы қалыптасады екен. Өзімді өзге арқылы тануым маған берілген нығмет екенін қу кеуде ұқпапты. Сіздермен қарым-қатынасымды жеку арқылы сұмырай сезініппін. Осындай балалығымнан тұла бойыма сіңісіп кеткен дүниені, өзіме деген қатынасты тоқтату үшін бірнеше жыл – өзіммен сырластым, жылап-сықтадым. Тұп-тура осы қатынасты ары қарай жалғастыру – біліп тұрып өз-өзіме жасалатын қылмыс екенін түйсініп отырмын».

Байқағандарыңыздай, хат 35 жастағы әйелдің өз ата-анасына арналған. Ол өзі 35 жаста болса да, санасы сонау 13 жастағы, «он екіде бір гүлі ашылмаған» бүлдіршін қалпынан толыққанды адам ретінде өзін сезінуі жолындағы түйсінгенінен сыр шертеді.

Бұл хат менің алдыма келген 100 қыздың бірінің ғана бірнеше жылғы әңгімелесуден кейін санасында болған қопарылыс пен төңкерістің тобықтай түйіні. Бұл қыз өзіне балалық шағында басынан өткерген әлімжеттік дүниелерін бір ауыз сөзге сыйдырғанымен, осы дүниені түйсінуге 4 жыл ғұмырын арнады. Яғни ол қыз менен 4 жыл бойы психологиялық көмек алды. Сана деңгейінде түсіну оңай, алайда балалық шақтағы жан жарақатының ерекшелігі – адамның жан, рух деңгейінде өсуіне бұғат болып, адамның тірі өліктігіне алып келеді, – дейді психолог.

«Алдыма келген 100 қыздың тең жартысы 5-12 жас аралығында әке, аға, бауыр, жезденің зорлығын басынан өткергені туралы психологиялық құпиясымен бөлісті» деген маман, бұл психологиялық құпия болғандықтан, санын да, басқасын да ашық айту мүмкін емес екенін айтты.

Егерде психикалық травмаларды басынан өткерген адам ол туралы ұмытқысы келетіндігін, жан жарасына тереңдегісі келмейтінін ескерсек, бұл мәліметтердің растығы күмән тудырады. Яғни шынайы статистика бұдан да сорақы болуы мүмкін, – дейді ол.

Криминология ілімінде 9-10 жасқа дейінгі балаларды зорлау қылмыстарының бір белгісі ретінде қылмыстың отбасылық, туыстық қатынаста жасалатындығы. Сонымен қатар, латенттілігі, яғни туысы жасаған зорлықты сыртқа шығармай, отбасында, ары кетсе әулет деңгейінде қалдыру айтылады. Бұл ғалымдардың осы қылмыс үрдістерін ұзақ жылдар бойы саралауының нәтижесінде туындаған тұжырым.

Ғылымда басынан өткерген сексуалды зорлық-зомбылық туралы жағдайды мойындауға дайындығына байланысты кәмелетке толмағандар 4 топқа бөлінеді: қайталап айта беруге дайын емес, ары кеткенде бірнеше адамға айтатын жасөспірімдер; зорлық оқиғасын жасыратын немесе болмайдыға жоритын жасөспірімдер; зорлық оқиғасын мойындауға психологичлық деңгейде дайын емес, ал осы туралы мәлімет өз ықтиярынсыз ашылған балалар; зорлық оқиғасы жайлы мүлдем айтқысы келмейтін балалар. (Калистратова Т.Д. Калистратова П.Ю. Консультативная и психотерапевтическая работа с детьми, пережившими сексуальное насилие. Саратов, 2014.) Жоғарыда аталғандай, өз басынан өткерген зорлық туралы балалық шағында дайын болмаған бала есейгенде бұл туралы жарияға жар салуы — ересектен өте мықтылықты талап етеді. Жалпы келген қыздардың бір де біреуі бастарынан өткерген зорлық-зомбылықты жариялауға келген жоқ, жұмыс барысында кенеттен естеріне түсіп, сыр бөлісті. Осы қыздардың тағдырында жұдырық үстіне жұдырық болған ұрып-соғу мен психологиялық деңгейде қанауды, зомбылықты қосыңыз, – дейді маман.

Жалпы қыздардың бойындағы симптомдарды жүйелеп сараласақ, төмендегі дүниелерді көреміз:

Баланы адамдықтық бастауы емес, бәле деп тітіркене қараудың салдары – қыздың тірі өлікке айналуы.

Жылулық пен махаббатқа зәру – қуыс кеуде.

Арқа сүйер әке мен жатырлас ағаның зорлауын бастан өткерген – ішқұса.

Қолданылған диагностикалық әдістер осы қыздардың өз денесінде өмір сүруге ұмтылмайтындығын, өз өмірлеріне құндылық деп қарамайтындығын, көрсетті.

Психикалық травмалар маманы Левиннің бір теориясы бар. «Психикалық травмалармен жұмыс ілімінде балалық шақта бастан өткерген психикалық травмалар баланың бойында үнемі тым аса қозып кету, үнемі қысылу, диссоциация, үнемі шарасыздықтың болуына, яки мінезге айналып кетуіне алып келеді» – дейді ол. Оған қоса, адамның бойында қырағылық (қос көріну), үнемі қайталанып келе беретін өткен шақ елестері, аса сезімталдық, орын алған жағдайға сәйкес емес, шектен тыс реакция, тым белсенділік (өлермендік), қорқыныш пен үрейдің бойды жаулауы, түндегі қорқынышты түстер мен елестер, енжарлық, селсоқтық, ауыспалы көңіл күй, ашушаңдық, стресске тез бой алдыру, ұйқының бұзылуы, паникалық атака, құр кеуде және өзін тым жырақта сезіну, үнемі бірдеңеден қашып жүру, өзгемен қарым-қатынасқа түсуге өзін лайықсыз сезіну, ұмытшақтық, өз балаларын жақсы көре алмау, өлімнен қорқу, үнемі өлім «есіктің арғы жағында тұрғандай» күй кешу тәрізді симптомдар пайда болған. Бұл симптомдар, ғылымда «психикалық травманың салдарлары» деп саналады, – дейді Нұргүл Молдабайқызы.

Психологтың айтуына қарағанда, қыздардың бойында өмірмен және өзгемен қатынастарында шектен тыс ұялшақтық, себепсізден себепсіз басқалармен психологиялық арпалыс, өзінің өмірлік немесе ситуациялық міндеттерін орындай алмау, шаршаңқы күй кешу, психосоматикалық, иммундық әлсіреу, депрессиның белгілері, өмірге қызығушылықтың төмендеуі, жыныстық қатынаста тым белсенділік немесе керісінше одан қорқу сияқты симптомдар анықталған.

Қыздарды медициналық емес экзистенциалдық психотерапия және травмотерапия әдістерімен жеке және топтық кездесудер арқылы психокоррекциялық жұмыстар жасадым. Жұмыс барысында ең басында барлық қыз бастарынан өткен оқиғаларға (ананың баланы өлгенше ұруы, 9 жасар қызды ағаның зорлауы, баланы өзге отбасыға беріп жіберуі, қараусыз қалу мен өміріне қауіп төндіру сияқты үрдістер) өздерін кінәлі деп санаса, уақыт өте келе осы қыздар өзгенің кінәсі мен күнәсін өмір бойы көтеріп жүрмеу керектігін түсінді. Жоғарыдағы әйелдің хаты соның бір белгісі, – дейді Нұргүл Молдабайқызы.

Бала әлсіз, бала қоғамға, өмірге, тіпті өзінің санасына терең бойлауды білмейді. Адамды адам деп қана білген қазақ, балалықты – жауапкершілік жоқ шағы деп түсінген. «Баламен бала» болмаған.

Бұл бекер емес. Балалық шақ – шарасыздықтың кезеңі. Бала, қиял әлемі дами бастағанша, яки 9-10 жасқа жеткенше өзіне жасалған опасыздық, зорлық пен зомбылық, айқай мен надандық, хайуандық үшін біреуді кінәлауға санасы жетпейді. Егер 7 жасар қыз зорланса, ол үшін автоматты түрде баланың санасында кінәлі өзі. Өзін итше сезінеді. Қиял әлемі дами бастағанда, мынау денеден қашып кеткісі келеді де тұрады. Осылайша балаға жасалған әрбір қиянат ата-ана мен бала арасындағы байланысты үзіп қана қоймай, оның өз өмірінде, өз денесінде өмір сүруіне бөгет болады. Сондықтан, бала кездегі қиянат – тек аманатқа қиянат емес (Жаратқанның ата-анаға берген уақытша аманаты деп санасақ), баланы өзінің адами өміріне салған тұсау мен ұшатын қанатын қайыру деп түсініңіз, – дейді психолог.

Ал баланы өзіне берілген аманат ретінде емес, әлімжеттік жасауға болатын шарасыз дүние ретінде қабылдау – адамның өзінің осы өмірдегі орнын білмей, әлемді қауіпті жер деп түйсінуіне әкеледі. Бұл пікір жаңсақ болғанымен, орынды.

Адам бұл дүниеге толыққанды болып келеді. Оған сезіну, түйсіну, көру, білу, беру, тағы басқа осы тіршілікке қажетті барлық нығмет берілген. Бірақ, адам о бастан осы өзіне берілген дүниені біле бермейді. Баланың өз бойындағы осы толыққандылықты ашуы ата-анамен қатынаста бекиді. Бала алдымен бала болу үшін өмірге келеді, балалық ғұмыр сүрілмесе, ол – баланың табиғатына жасалған қастандық. Бала осындай қиын жағдайларды сана деңгейінде ұмытқанымен, бір нәрсеге елегізіп тұрады. Көбінесе, елегізейтіні балалық шақтың бастан өткерілмегендігі және оның өксік пен өкінішке толы болуы. Осылайша өміріміз біз біліп-білмейтін өкініштер мен мәннің жоғалуына әкелуі мүмкін. Сондықтан, психикалық травмамен жұмыста, адамның өкінішімен емес, осы өкініштің артында не тұрғанын анықтау өте маңызды. Егер өкініштің артында баланың басынан өткізбеген балалық шағы тұрса, оның қазіргі кездегі жасын, өмір сүру мүмкіндігін ескерместен, оған «бала» ретінде қарап, өмірдің маңыздылығын, құндылығын санасы мен жанына сіңіруге тырысу қажет, – дейді психолог.

Қазақ үшін бала тәрбиесі, әсіресе қыз тәрбиесі аса маңызды. «Қызға қырық үйден тыйым, қала берді босағадағы құлдан тыйым» дегенде қыз баланың «жолы жіңішке» екенін меңзеді. Ал «қыз – қонақ» деп қонағындай сыйлаған қызына жасалған әлімжеттік ұлтқа жасалған қастандық болатын секілді. Өкініштісі, қызіргі қоғамда өз қызын өзі, өз қарындасын өзі зорлайтындар бар.

Батыс ілімінде ауыр травмалардың кезінде жан мен тән, сезім мен тән бөлініп кетеді деген түсінік қалыптасқан. Бұндай дүние қазақ ұғымында жоқ. Себебі қанымыздың тазалығы мен төзуге бейім тұратындығымыз. Қазақ «жаным мұрнымның ұшына келді», «жаным көзіме көрінді», «зәрем ұшты», деп жанды ешқашан тәннен ажыратып жібермеген. Оған қоса, сезімді алпыс екі тамырға айналдырып, сезімнің құдіретін мықты түсініп, домбыраның үніне де қосып жіберген. Ойын жасынан баланы өз тәніне назар аудартқан (тұсау кесу, қуырмаш ойыны т.б.). Осы бойынша бірнеше топқа «Өзім және Өмірім» деген онлайн семинар өткіздім. «Баланың белден» екенін, яғни адамның қалыптасуы шарана кезеңінен де бұрын бастау алатынын қазақ білген. Одан беріде «әке көрген оқ жонар» деп, Эриксонның өткен ғасырда айтқанын атам заманда-ақ түйсінген. Яғни, шарана кезінде 9 ай 9 күн бойы жып-жылы құрсақтан шығып, осы өмірге келген баланы ана құшағына алмаса, ол осы өмірге келген бетте сенім мен сенімсіздікпен күресінде жеңіліп, бойды сенімсіздік пен қорқыныш жайлайды дейді ғалымдар. Осыны терең түсінген қазақ, 40 күн бала мен ананы бөлектемей, олардың арасындағы байланыстың үзілгенін «қырқынан шығару» арқылы бейнелеген, – дейді психолог.

Қазақ осы шаранадан бастап, «қой жасына», яғни 14-16 жасқа жеткенше, балаға ауыр жүк артпай, жауапкершілік ілмей, «қол қанатым» деп білген. Жауапкершілікті өз мойнына алып, «барып кел» мен «шауып келді» тапсырған. Оған қоса, балалықтың мәнін – «алыстан келген балаға алпыстағы шалдың сәлем беруімен» түсіндірген. Алайда, адам туралы осынша терең дүниелерді меңгерген қазақ неге балаға әлімжеттік жасаушыға айналды?

Әлем психология үрдісінде «толық адам концепциясын» өткен ғасырдың екінші жартысында ғана мойындады. Ал бұл дүниені 19-ғасырда Абай хатқа түсірді. Абайдан бұрын да бұл ұғымның қазақ санасында сан ғасырдан бері жаңғырып келгені ақиқат, әйтпесе Абай бұны өз ойынан шығарды дейсіз бе? Қазақ даналығын саралай білген хакім осы түйінді хатқа түсіре білді. Ал осындай терең дүниелер бола тұра, неге біз тамырымыздан ажырадық, әлде ажыратты ма? Жә, жарайды, тамырымызға балта шабылды делік, сол балта шабуды балаларымызға қатысты қолдануды доғармасақ, әке, ана, Сіздің балаңыз өз өміріне аяқ та баспайды. Ал әрбір зорлық пен зомбылықтың салдарын бойында сақтап жүрген қазақты өз бойы мен «алпыс екі тамырын иітуге» бірнеше жылдар кетеді, маманға барса. Ал маманға бармаса, өзіне жасалған мақұлықтықты өзімен шатастырып, «өзімнің тұла бойым» деп танып, ары қарай ұрпағына жалғастырады. Осыны жадыңызда сақтаңыз! – дейді Нұргүл Молдабайқызы.

Нұргүлдің айтуына қарағанда, жоғарыда тілге тиек етілген тағдырлар ауылдан шыққан екен. Бұл – сұмдық қасірет. Себебі бүгінге дейін қазақ «Ауыл – қазақтың бесігі» деп санап келді. Ал әйгілі Мұхтар Әуезов «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген еді. Ендеше, біз бесігімізді түзейміз деп жүргенде ол бесік шіри бастағанын байқамай қалғандаймыз.

Ержан Жаубай, 2020 жыл

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.