Депутат елімізде «Тұлпар күнін» белгілеуді ұсынды
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновке қазақ жылқысына қатысты депутаттық сауал жолдады.
Елімізде Жылқы шаруашылығына бет бұру – өткеннің өнегесін жалғау ғана емес, болашаққа бағдар. Бүгінде жылқы саны 4,2 миллионға жетті десек те бұл салада қолға алатын бірқатар мәселе бар – деді депутат.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы, арғымақты айрықша қадірлеген елміз. Тұтас тарихымыз тұлпардың тұяғымен жазылған. Жалпы қазақтың мінер көлігі де, ішер асы да жылқымен тығыз байланысты”, – деп ерекше атап өткен еді.
Еліміз жыл сайын 160 мың тоннадан астам жылқы етін өндіреді. Алайда бұл мол ресурстың дені өңделмейді, ішкі нарықтың өзінде сату жүйесі реттелмеген. Шетелдерден сапасыз арзан ет импорттауға мәжбүрміз. Бие сүті мен қымыз – жай ғана дәстүрлі сусын емес, денсаулыққа шипасы мол функционалдық тағам.
Сондықтан, бие сүтін өңдейтін кәсіпорындар ашып, шетелге экспорттау – маңызды міндет – дейді Аманжол Әлтай.
Кадр мәселесі: Шабандоз, атбегі, тағашы, ипполог-ветеринар, зоотехник-коневод, атқа міну нұсқаушысы сынды негізгі мамандықтар бойынша елімізде жүйелі білім беру әлі жолға қойылмаған. Колледждер мен жоғары оқу орындарында арнайы бөлімдер ашу, мемлекеттік гранттар бөлу қажет.
Жас ұрпақ арасында жылқы мәдениетін насихаттау – стратегиялық маңызы бар міндет. Қазіргі мектеп бағдарламаларында жылқының қазақ мәдениетіндегі, тарихындағы орны жүйелі түрде қамтылмаған. Осы орайда мектеп бағдарламасына жылқының анатомиясы, күтімі, ерекше қасиеттері жайлы арнайы модуль енгізу керек – дейді депутат өз сауалында.
Қазіргі ипподромдардың көбі жаңартуды қажет етеді, кейбір өңірлерде мүлдем жоқ. Осыған байланысты өңірлерде кемінде бес заманауи ат спорты кешенін салу қажет.
Алматыдағы кезінде сатылып кеткен мәдени ескерткіштер тізіміндегі ипподромды қайтадан коммуналдық меншікке қайтаруды сұраймыз. Ақтөбеде Президент тапсырмасымен ашылған жылқы шаруашылығын дамытуға арналған ғылыми-зерттеу институтының жұмысы жандану үшін қаржылық мәселесін шешу қажет. Ұлттық ат спорты ойындарын этнофестивальдермен үндестіру, ауылдар мен шағын қалаларда клубтық инфрақұрылымды дамыту маңызды. Өз еліміздің ішінде Республикалық көшпенділер ойынын жыл сайын әр аймақта кезекпен дәстүрлі өткізуді ұсынамын – деді ол.
Иппотерапия – ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін ғылыми тұрғыда дәлелденген тиімді оңалту әдісі. АҚШ, Германия, Канада сияқты елдерде бұл тәжірибе ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне енгізілген. Зерттеулер көрсеткендей, атқа міну, аутизм, ДЦП және басқа да неврологиялық диагноздармен өмір сүретін балалардың қозғалыс координациясын, сөйлеу және эмоционалдық дамуын едәуір жақсартады.
Осыған байланысты иппотерапияны ТММК және МӘМС пакеттеріне енгізіп, мамандар даярлап, өңірлерде оңалту орталықтары жанынан бөлімшелер ашу қажет. Бұл – инклюзивтік қоғам құруға жасалған нақты қадам – дейді депутат.
Жылқының қазақ тарихындағы рөлін символикалық тұрғыдан мойындау – уақыт талабы.
Көптеген мемлекетте жылқыға арналған ұлттық күндер бар. Қазақстанда да «Тұлпар күні» деп арнайы датаны бекітуді ұсынамын. Жылқы тек тарихи мұра емес, экономиканың, спорттың, білім мен медицина салаларының, ұлттық идиологияның толыққанды бір бөлігіне айналуы тиіс – дейді Аманжол Әлтай.
Ол Үкімет назарына бірқатар мәселе ұсынды:
Жоғарыдағы бастамаларды мемлекеттік бағдарламалар мен салалық жол карталарына енгізу, атап айтқанда:
– Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі Ұлттық жобаға, Оқу-ағарту министрлігінің кәсіби бағдар және азаматтық тәрбие бағытындағы бағдарламаларына;
– Денсаулық сақтау және Еңбек министрліктерінің оңалту қызметтерін кеңейту жоспарларына;
– Мәдениет және спорт министрлігінің ұлттық мұраны сақтау және ұлттық спорт түрлерін дамыту жөніндегі саясатына енгізу.
– «Тұлпар күні» ұлттық мерекесін ресми түрде бекіту;
– Жылқы шаруашылығы және иппотерапия салаларында кадр даярлау стандарттары мен оқу бағдарламаларын әзірлеу;
– Иппотерапияны бюджет және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылатын медициналық және әлеуметтік қызметтер тізіміне енгізу.
Argymaq.kz