«Ұлы дала жорығы». Алғашқы күннің қорытындысы
19 мамырда «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің бірінші кезеңі аяқталды. Таңғы 7.00-де 19 команда Павлодар қаласы маңындағы «Атамекен» елді мекенінен Екібастұзға аттанды.
Ат спорты әуесқойлары мен еліміздің әр өңірінен келген өкілдерді біріктіретін спорт қазақтың көрнекті геолог-ғалымы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналып отыр.
Жол қашықтығы 500 шақырым және бағыт Павлодар, Ақмола облыстарын қамтиды. Марафон 23 мамырда Астанада аяқталады.
Жорық бағдарламасына сәйкес, командалар марафон-бәйгенің алғашқы 100 шақырымын бағындырып, бірінші кезеңнің мәресі Екібастұз маңында аяқталды.
Алғашқы кезең қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстан облысының командасы жеңімпаз атанды. Маңғыстау облысының шабандоздары мәре сызығына екінші болып жетсе, Солтүстік Қазақстан облысының командасы үштікке ілікті.
Өкінішке қарай, алғашқы кезеңде бірден үш команда (Алматы мен Қызылорда облыстары және Шымкент қаласы) жарыстан әртүрлі себеппен шығып қалды.
Аттардың шама-шарқын бағамдаған шабандоздар сәйгүліктерін қинамай, дер кезінде жарысты тоқтатқандары жақсы шешім болды, — дейді Бас төреші Надежда Купцова.
Бірінші кезеңде Батыс-Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстары екі аттан, Абай облысының командасының бір аты жарысқа жарамсыз болып қалды. Жалпы 2-кезеңді 16 команда жалғастырады.
Қорытынды:
- ШҚО – 5 сағ. 47 мин.
- Маңғыстау облысы – 5 сағ. 49 мин.
- СҚО – 5 сағ. 51 мин.
- Жамбыл облысы – 5 сағ. 52 мин.
- Жетісу облысы – 5 сағ. 55 мин.
- Алматы қаласы – 6 сағ. 09 мин.
- Ақмола облысы – 6 сағ. 23 мин.
- Павлодар облысы – 6 сағ. 29 мин.
- Қостанай облысы – 6 сағ. 30 мин.
- Астана қаласы – 6 сағ. 35 мин.
- Абай облысы – 6 сағ. 35 мин.
- Түркістан облысы – 6 сағ. 39 мин.
- Қарағанды облысы – 6 сағ. 40 мин.
- Ұлытау облысы – 6 сағ. 55 мин.
- БҚО – 6 сағ. 57 мин.
- Команда «Рекорд».
Алғашқы үш жеңімпаз V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында 3-7 қыркүйек аралығында өтетін халықаралық марафон-бәйгеге қатысуға лицензия алады. Халықаралық кезеңге шет мемлекеттерден кемінде 15 команда қатысуы мүмкін (Түркия, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Венгрия, Түрікменстан, Иран, Өзбекстан және т.б.).
Марафон жұмысына 2 халықаралық және 3 қазақстандық судья, сондай-ақ 2 халықаралық және 3 қазақстандық мал дәрігері қатысып, жоғары стандарттарды сақтау мен жылқылардың денсаулығына қамқорлық жасауға кепілдік береді.
Өткен екі жыл қатарынан елімізге есімі танымал әуесқой велошабандоз Раббим Борашов аттылы шабандоздармен бірге Астанадан Түркістанға дейінгі 1200 және 1300 шақырымды бағындырған еді. Раббим Борашов – Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының тумасы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы. Спортшы бұл жолы да 5 күндік аламанға қатысып, 500 шақырымды бағындыруды жөн көріпті.
Жобаға ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы бас серіктес болса, «Аманат» партиясы, Павлодар облыстық әкімдігі, Қазақстан Республикасы спорт және туризм министрлігі қолдау көрсетіп отыр.
«Ұлы Дала Жорығы» – жылқы баласының ең мықты әрі төзімді тұқымы анықталатын далалық лабораториясы.
Argymaq.kz
[…] Бұған дейін алғашқы күннің нәтижесін жариялағанбыз. […]