Ветеринарлардың жалақысы өседі

Малға жасанды өсуді тездететін арнайы стимуляторларды қолдануға тыйым салынады.
Қазақстанда ветеринарлық қауіпсіздікті күшейту мақсатында қарапайым мал сою алаңдарын жабу жоспарланды.
Мейрамханалар, асханалар және басқа да қоғамдық тамақтану орындары тек АРНАЙЫ сою пункттерінде сойылған, ветеринарлық сараптамадан өткен малдың етін пайдалануы тиіс.
Жаңа заңнамалық талаптарға сәйкес, саудаға шығатын мал заманауи құралдармен, ветеринарлық зертханамен және тоңазытқыштармен жабдықталған пунктте сойылуы қажет.
Құрылтай депутаттары ветеринария саласын жаңғырту туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады.
Құжат мал сою тәртібін реттеумен шектелмейді.
1. Ветеринар мамандардың жалақысы екі есеге жуық өседі.
Қазір ветеринар мамандарының орташа жалақысы 220 мың теңге. Заң күшіне енген соң жалақы мөлшері 420 мың теңгеге дейін артады.
Сондай ақ, жыл сайынғы еңбек демалысында сауықтыруға арнап екі лауазымдық жалақы мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
Ветеринария саласында ғылыми дәрежесі бар мамандарға ай сайын қосымша ақы қарастырылады, ғылым кандидатына – 17 АЕК, ғылым докторына – 34 АЕК үстеме қосылады.
Мамандар жазғы-қысқы арнайы киіммен қамтамасыз етіледі, қазір ветеринарлар оларды өз қаржысына алып жүр.
Ветеринарлардың құқығын қорғайтын Ветеринариялық палата құрылады.
Заң жобасындағы шараларды іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен жыл сайын шамамен 27 млрд теңге бөлінбек.
2. Мал сою тәртібі өзгереді, сою алаңы мен сою пунктінің айырмашылығы қандай?
Заң жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі – мал сою тәртібі өзгереді.
Бұл жерде екі ұғымды ажырату маңызды.
Сою алаңы – мал союға рұқсат берілген қарапайым деңгейдегі ашық немесе жартылай жабық орын.
Ал сою пункті – малды союға арналған арнайы жабдықталған нысан. Мұнда ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтау, малды сойғанға дейін тексеру, сою процесін бақылау және алынған етке ветеринариялық сараптама жүргізу үшін қажетті жағдайлар толық қарастырылады.
Заң жобасына сәйкес, бір жылдан кейін сою алаңдарын жабу жоспарланған. Осы мерзім аяқталғаннан кейін мал сою тек тиісті талаптарға сай сою пункттерінде жүргізіледі.
Бұл өзгерістің мақсаты – ет өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Қоғамдық тамақтану орындарына жеткізілетін етке қойылатын талаптар күшейеді. Сояр алдында ветеринариялық тексеруден өтпеген, сойғаннан кейін ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өткізілмеген етті қоғамдық тамақтану орындарында пайдалануға тыйым салынады.
Яғни еттің қай жерде, қандай жағдайда сойылғаны және ветеринариялық тексеруден өткені міндетті түрде тексеріледі.
3. Енді тек базарлар емес, барлық сауда нысандары да тексеріледі.
Бұған дейін базардағы ет өнімдері бақыланатын.
Енді ет сататын сауда дүкендеріне де тұрақты мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау жүргізу міндеттеледі.
Ет, сүт, балық, жұмыртқа және басқа да өнімдер сататын сауда орындары да бақылау аясына кіреді.
4. Малға қолданылатын препараттарға талап күшейеді.
Атап айтқанда, малдың өсуді тездететін арнайы стимуляторларды және адамдарды емдеуге арналған антибиотиктерді қолдануға тыйым салынады.
Сондай ақ, ветеринарлық препараттардың айналымын бақылау күшейтіледі.
Осы мақсатта Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сәйкес фармацевтикалық инспекция құрылады. Ол ветеринарлық препараттарға фармакологиялық қадағалау жүргізіп, олардың белгіленген талапқа сәйкестігін растайтын сертификаттар береді.
Бұл – ет, сүт өнімдерінің қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды шара.
5. Әр ұйымдасқан шаруашылықта ветеринар дәрігер болуы міндеттеледі.
Заң жобасы бойынша ұйымдасқан шаруашылық субъектілерінің штатында ветеринар дәрігердің болуы немесе осындай маманды шарт негізінде қызметке тарту міндеттеледі.
Бұдан бөлек, ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізуге арналған лицензиялар қызмет түріне қарай нақтыланады. Ет, сүт, балық және жұмыртқа өнімдерін сараптау бағыттары жеке қарастырылады.
Бұл талаптар ветеринарлық қызметтің деңгейін көтеріп, ауру ошағының алдын алуға мүмкіндік береді.
6. Ветеринария саласы цифрландырылады.
Бірыңғай цифрлық жүйеде:
– ауыл шаруашылығы жануарлары туралы мәліметтер;
– мал басының саны мен қозғалысы;
– ветеринарлық қызмет субъектілері мен нысандары;
– жүргізілген вакцинация және басқа да ветеринарлық іс-шаралар;
– мемлекеттік бақылау мен қадағалау нәтижелері қамтылады.
Сонымен қатар малды, ветеринарлық препараттар мен жемшөпті міндетті таңбалау қарастырылған.
Цифрлық жүйе мал басын нақты есепке алуға, жануарлардың қозғалысын бақылауға, ауру ошақтарын жедел анықтауға және ветеринарлық қызметтің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Ветеринария – мал дәрігері ғана емес, ауыл экономикасы, фермерлердің табысы, азық-түлік нарығы және халық денсаулығы.
Заң жобасы Құрылтайда бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат одан әрі пысықталады.
Argymaq.kz




