Ерлан Төлеутай. Көне көкпарды көргендер…

2597

Марқұм Нұрлан інімнің ұлы Бекбарыс балам ауылда көкпар берді. Шет ауданы, Қызылтау ауылында ұйымдастырылған бұл көкпарға Жаңаарқа, Шет, Ақтоғай аудандарынан көкпаршылар келді. Тал түсте басталған көкпар ойыны кешке дейін жалғасты.

Оң жағымда турған Қызылтау ауылының әкімі Сержан есімді азамат, сол жағымда екінші тұрған кезіндегі көкпаршы, маған сол кездің көкпары жайлы естелігімен бөліскен Жандарбек ағамыз.

Мен өзім көкпарға жоқ адаммын. Ойынды сыртынан тамашалап, қазіргі көкпардың ережелерін білетіндерден ежіктеп сұрап тұрдым. Сөйтсем қазіргі көкпармен бұрынғы көкпардың арасы жер мен көктей болып кетіпті. Ортау ауылының тұрғыны Жандарбек атты ағамыз кезінде көкпаршы болған екен. Сол ағамыз айтады:

Біздің кезімізде көкпар былай болмайтын. Көкпарға қос атпен баратынбыз. Ол кезде Жамбыл облысының қойшылары Арқаға жайлауға шығады. Мына жақтан біз барамыз. Сөйтіп Жезқазған – Жамбыл облысы болып көкпар тартысамыз. Кейде көкпарды жамбылдықтар әкетеді, кейде біз алып қайтамыз. Біз әкеткен жағдайда әлгі көкпарды енді әр көкпаршы өз ауылына әкетуге тырысады. Сөйтіп Ақтау, Ортау, Қызылтаудың көкпаршылары өзара тартысумен елге жетеміз Қызылтаулық Самат марқұмның тақымынан көкпарды ешкім ала алмайтын. (Ол кісі 2020 жылы пандемия кезінде қайтыс болды) Самат қатысқан көкпардан жамбылдықтар да құр қол қайтушы еді. Өйткені Самат өте қарулы, әбжіл жігіт еді. Қарсыласының тақымындағы көкпарды арты түгілі алдынан бір-ақ жұлқып суырып алып кете беретін. Ал тақымына бір басқан көкпардан Самат ешқашан айырылып көрген емес. Қазір қарасам, сонда бір көкпар тартысқанда екі жүз шақырым шамасында алашапқын болады екенбіз. Екі аттың бірі болдырып жолда қалады. Қосар атыңды мініп, түннің бір уағында, не келесі күні ауылға әрең жетесің. Бір-екі күн жатып ес жиған соң, әлгі далада қалған атыңды іздеп шығып, тауып алып қайтасың. Ол кездің көкпарлары солай өтуші еді. Қазіргі көкпар баланың ойыны ғой, Ондай көкпарға шыдайтын ат та жоқ қазір, – деді.

Ауыл ақсақалдарымен бірге

Ақтау ауылында менің Мұрат, Айтқали атты немере інілерім тұрады. Кезінде ағайынды екеуі аймағына атағы шыққан көкпаршы болған. Бүгінгі ойынды тамашалауға сонау Ақтаудан ат арытып Айтқали інім келіпті. Жұртшылықтың ортасындағы көкпар тамашалап отырған Айтқали ініме:

– Әй, Айтқали, мына көкпардың не боп жатқанынын бізге түсіндіріп отырсаңшы, – дедім дауыстап. (Осы кезде салымға байланысты көкпаршылар арасында шамалы дау болып жатқан еді) Айтқали алпамсадай денесімен ошарыла бұрылып:

– Мен көкпарды қойғалы қай заман. Мына көкпарды мен де түсінбеймін. Бұл мүлде бөлек көкпар. Біз көкпарға намыс үшін түсетінбіз. Қазіргінің көкпаршылары ақша үшін қатысады, – деді көңілі толмаған кейіппен.

Мен ойланып қалдым. Заман өзгереді, заман өзгерген сайын дәстүр-салт та сол өзгеріске бейімделеді. Бұл өзгеріс ұлттық ойын көкпарды да айналып өтпепті. Жандарбек ағамыз айтқан баяғы екі жүз шақырымға созылған ұлы көкпарлар келмеске кеткен. Дегенмен, өзім мына көкпарды тамашалап, қуанып һәм сергіп қалдым. Себебі ат тұяғының дүбірі, жігітердің жан алысып, жан беріскен салымдары делебемді қоздырып, арқаландырып жіберді.

Көкпардан бір көрініс

Өстіп тұрғанымда бала кезімде куә болған бір көрініс есіме түсті. Жылқышы Тұңғат деген кісі Байшұбар деген атымен жүген, құрық тимеген бір шу асауды бастырмалата қуып келіп, шалма тастар жерден бұғалық салды. Бірақ қас-қағымда бұғалықтың ұшын құрығымен іле алмай қалып, қапыда айырылып қалды. Сонда бұғалығын сүйретіп жұлдыздай ағып бара жатқан асауды ауылымыздың Алпысбай Қалжанов деген жігіті қыл арқанның ұшынан шап беріп ұстай беріп, бірер адым жүгіре түсіп, өкшесін тірей отыра қалып, шірей, шалт тартқанда, әлгі асауды шалқасынан жұлып түсірді.

Осынау көріністі қызықтай тамашалап тұрған Ақселеу Сейдімбековтың әкесі Сланның інісі Хасен ақсақал: «Пай-пай, шіркін, міне, нағыз баяғының жігіті!» – деп сүйсіне саңқ ете қалған еді. Сол Хасен нағашым айтпақшы мына қырандардың баяғының жігіттерінен несі кем. Ат теңселтіп мінген бұл сайыпқырандар сақараның сәні ғой. Қуанғаным да сол – ел ішінде ат ұстайтын жігіттер көбейген. Анау жылдары ел қойдың кезегіне мінетін ат таба алмай қалып еді.

Жастардың жылқыға, ат ойындарына құмартуы оң нышан. Себебі бұл жастар қалаға барып жұмыссыз босқа сенделмейді. Ауылға орнығады. Ат баптаған жігіт мал ұстайды. Ал мал ұстаған жігіт шаруашылық иесі деген сөз. Шаруашылық иесі болған адам ел мен жерге ие болмақ.

Мұндай көкпарды ұйымдастыру жалғыз адамға оңай емес. Осы орайда Бекбарыс балама ауылдағы жолдастары көмек қолын созыпты. Бірі мал сойып, тайқазанға палау пісіріп, бірі шатыр тігіп, енді бірі дыбыс аппаратурасын орнатып, зыр жүгіріп жүр. Ауылдың әкімі де бұл шараға өзінің үлесін қосып, ауданнан тәртіп сақшылары мен «Жедел жәрдем» алдырыпты. Барлық қызметтер көкпардың төтен оқиғасыз өтуіне жұмылдырылған.

Дегенмен көңілді кірбің шалдырған жайттарды айтпасқа болмайды. Не облыстық, не аудандық спорт комитетінен бір өкіл жоқ. Мұндай ұлттық ойындар ат спортына жауаптылардың назарынан неге тыс қалған?

Осы сауалымды емен-жарқын әңгімелесіп тұрған бір топ көкпаршыға қойдым. Олардың айтуынша, облыстың ұлттық ойындарына сақалдылар ие көрінеді. Сөздерінен аңғарғаным, бұл күнде облыстың көкпаршылары «сақалдылар» мен «сақалсыздар» деп екіге бөлінгенге ұқсайды. Бірақ облыстың ұлттық ойындарының тізгіні сақалдылардың қолында. Ірі жарыстарға да солардың дәргейіндегілер баратын болған. Ақжарқын жігіттердің бүкпесіз әңгімесінің ұзын-ырғасынан менің түйгенім осы. Бұл салафилерден құтылатын күн бола ма дедім іштей. Қарағандының идеологиясы мен спорт саласында жүрген бірер салафиді білуші едім. Олардың ықпалы әлі күнге дейін жүріп тұрған тәрізді. Неге бұлай? Қарағандыға арнайы барып анық-қанығына жетпесем болмайтын сияқты. Себебі ел спортын, оның ішінде ұлттық ат ойындарын жат діндегілердің ықпалынан тазарту керек. Бұл үшін жұмыла күресуіміз қажет. Өйткені көкпар көшпелілердің ежелгі ойыны, еркін ерлердің сайысы. Ұлттық спорт ойындарын арапқұлдардың иелігіне қалдыруға еш болмайды. Мәселен, қазір Қыз қуу – ұлттық спорттан алынып тасталған. Неге? Үкісі желбіреп, ат құлағында ойнаған қыздарымыз елдің көркі емес пе еді. Үкі демекші, қазір бәйге аттарының шекесіне үкі тақпайтын болған. Айтыс ақындарының да домбырасында үкі жоқ. Мұның барлығы ұлттық нышандарымыз еді, біле білсек. Арапқұлдар осылайша жымысқы тәсілдермен бірте-бірте ұлттық болмысымыздан айырып жатыр. Бұған тыйым болуы тиіс.

Додада өгізөлдіні салған Әбдіқадыров Бауыржан.

Дегенмен Қызылтау ауылында өткен көкпар көңілімді сүйсінтті. Көкпаршы жігіттер бір-бірімен келесі көкпарда кездескенше деп, қимай қоштасып жатыр. Әсіресе жеңімпаздар мәре-сәре. Бекбарыс Нұрланұлы бір өгіз, бір тай, бірнеше жүз мың ақша тіккен екен. Өгізді Ақтау ауылының, тайды Батық ауылының жігіті олжалапты. Тай олжалаған жігіт онысын көлігіне артып, көңілді отыр екен.

– Қай ауылдың баласысың, қай елсің – деп қазақы жолмен жөн сұрадым.
– Батық ауылынан, қаракесек Қояныштағайдың ішіде Сазанбаймын, – деді жеңімпаз жігіт саңқылдап.
– Е, аттан өлген Сазанбай екенсің ғой, сендерге жүйрік көп біткен әрі құдам болдың, мына Бекбарыстың нағашысы екенсің, – дедім.
Жеңімпаз жігіт риясыз күліп жатыр әрі көкпар иесінің өзінің жиені болғанына риза болып қалды.
Тете ағам Жаңабайдың баласы Серғали да кәнігі көкпаршы болыпты.
– Қалай, Серғали, салым салдың ба, – деп едім:
– Ішінде жүрдім, бірақ салым салған жоқпын, мен алаңның иесімін, жол қонақтарды, – деді.
Көкпар аяқталып, ел тараған соң, Бекбарыс:
– Аға, көкпар қалай өтті? – деді.
– Жақсы! – деп құшағыма қыстым.
Екі інім қайтыс болғалы көп жылдар мұндай жиын өткізуден тыйылып қалып едік. Бекбарысым жайлауымызды қайта дүбірге бөледі. Орнында бар оңалар деген осы. Толқыған көңілмен дүбірлі көкпар өткен майданға қарай бердім. Тәңір жазса, әлі талай көкпар болады дегендей киіздей қалың көдесі Арқаның саумал самалымен тербелген нау алқап көкжиекке еңкейе түскен күннің шұғылысына малынып, теңіздей толқып жатты…

Ерлан Төлеутай, өнертанушы

Argymaq.kz

Фото автордан

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.