Жамбы атудан Азия федерациясы құрылды

138

Бүгін Шымкентте байрағын көтеретін Жамбы атудан алғашқы ересектер арасындағы Азия чемпионаты қарсаңында аталған спорт түрінен Азия федерациясы құрылды.

Жамбы ату спортынан өтетін тұңғыш Азия чемпионатына әлемнің 20-ға жуық мемлекетінен 60-тан астам спортшы қатысады.

Көшпенділердің көне сайысына қатысуға ниетті елдердің қатарында Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Таиланд, Қазақстан споршылары бар.

Өңшең, сен тұр, мен атайын дейтін сұрмергендер сайысы басталар қарсаңда келелі кеңес өтіп, Азияны жайлаған азғана жұрт ауызбіршілікке келді.

Бұдан былай жамбы ату спортында Азия құрылығы бір байрақтың астына бірігеді. Ту тұғыры – Тұран даласы, яғни Қазақстан.

Федерация басшысы болып бұған дейін республикалық Жамбы ату федерациясын басқарған Ілиясов Еркебұлан Сайдоллаұлы бір ауыздан сайланса, вице-президенті болып Қытай елінің өкілі Джанг Ли мырза сайланды.

Азия сұрмергендерінің басын қосар штаб-пәтері Қазақстанда болғандықтан, сужаңа федерацияның атқарушы хатшысы да Қазақстан өкілі болуы керек деп келісті жиынға қатысушылар. Бұл шаруаны қолға алу Қазақстан республикасы Жамбы ату федерациясының бас директоры Исақұл Елнұр Қожағұлұлына жүктелді.

Ал федерацияның бас төрешілігі қалыс елдің өкілі болуы керек деген ұстанымға келген федерацияға мүше мемлекеттердің талабы да ескерусіз қалған жоқ. Бұл жауапты міндет Оңтүстік Африка елінің азаматы Амали Рачкеге жүктелді. Федерация құрамына енген елдердің өкілдері бұл кандидатураны да толық қолдады.

Жиын тізгінін ұстаған Қазақстан Республикасы жамбы ату федерациясының вице-президенті Бақдәулет Сәбитов Азия жамбы ату федерациясының алдағы 5 жылдық жұмыс жоспарымен таныстырып, ұйым құрамына енетін елдерге Жамбы ату спорты бойынша қандай қолдаулар болатынын айтты.

Тарих беттерінде айрықша із қалдыратын, ерекше оқиғаға бірге куә болып отырғанымызға қуаныштымын. Ат үстінде садақ атудан Азия федерациясының басты мақсаты – жамбы атуды 2030 жылы Дохада өтетін жазғы Азия ойындарының қатарына ену. Осы мақсатта Қазақстан тарапы федерацияға мүше мемлекеттердің мергендерін қолдауға дайын. Ұлттық спортымызды халықаралық аренада дамытуға қызығушылық танытқан елдердің көп болуы бұл баршамыздың ортақ жеңісіміз – деді Бақдәулет Маратұлы.

Жиын барысында федерацияға мүше болған мемлекет өкілдері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Сонымен қатар, жиында алдағы 4 жылда федерацияның дамуы үшін ұатысушы мемлекеттерге ешқандай жарна, т.б. қаржы шығартпай Азия біріншілігін Қазақстан тарапы өткізетіні мәлім болды.

Жиынға қатысушылар осы жолда бірлесіп, аянбай еңбек етуге келісті. Енді жамбы атудан жыл сайын дәстүрлі түрде Азия чемпионаты, Азия кубогі және халықаралық турнирлер өткізілетін болды.

Ресми кездесудің жалғасы жамбы ату спортының әлемдегі даму қарқыны жайында болды. Бұл сала бойынша V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекция басшысының орынбасары Мұратбек Қыпшақбаев елімізде өтетін ДКО жоспарымен таныстырды.

Сонымен қатар жиында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев сөйлеп, жамбы ату спортыны, жалпы ұлттық спорттың жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы айтты.

Естеріңізге сала кетейік 15-18 сәуір күндері Шымкент қаласының ипподромында өтеді.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

error: Content is protected !!