Игі бастама

Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының маңызды бөлігі – халқымыздың дәстүрлі ат мәдениетімен, жылқымен тығыз байланысты.
Атқа міну мәдениеті қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен, ұлттық спорт түрлерімен және тарихи дәстүрлерімен сабақтасып жатыр.
Қазіргі таңда әлемде ат туризмі мен ат спорты белсенді дамып, бірқатар мемлекеттерде балалар мен жастарды атқа мінуге үйрету ұлттық мәдениетті дәріптеудің, дене шынықтырудың және белсенді туризмді дамытудың бір бағыты ретінде қалыптасып та үлгерді.
Қосшы қаласында осы тақырыпқа арналған еркін форматтағы дөңгелек үстел өтті.
Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы сөз сөйлеп, бұл отырыстың мәніне тоқталды.
Жиынға белгілі жазушы, этнограф, журналист Бекен Қайратұлы, «Ұлттық ат туризмі» федерациясының президенті Берік Ақылбеков, Argymaq.kz сайтының бас редакторы, At-travel клубының мүшесі, журналист Ержан Жаубай, At-travel клубының мүшесі, журналист, білім саласындағы «Ұлттық құндылықтар» жобасының авторы Дидар Оралбекұлы қатысып, атқа мінудің бастапқы қауіпсіздік ережелері, ат әбзелдерімен таныстыру және оларды дұрыс пайдалану, жылқыны күтіп-баптау бойынша бастапқы дағдыларды қалыптастыру, ат үстінде дұрыс отыру және қозғалысты басқару тәсілдерін меңгеру, қазақ халқының дәстүрлі жылқы мәдениеті мен ұлттық ат спорты туралы білім беру, оқушылардың дене дайындығын, жауапкершілігін және атбегілікке ұқыпты қарым-қатынасын қалыптастыру туралы сөз сөйледі.
Сондай-ақ, отырысқа Қосшы қаласындағы мектеп директорлары, олардың тәрбие жөніндегі орынбасарлары, мектептердегі ата-аналар комитеттерінің төрағалары, мүшелері қатысты.
Қосшы қаласында атқа міну мәдениетін дәріптеу, ат туризмін дамыту, ұлттық құндылығымыз – ат спорты мәдениетін дамытуға атсалысу бағытына арналған отырыста ат туризмін дамытуға қаламызда табиғи, адами және ат ресурстық мүмкіндіктері мол екендігі, жастар арасында ұлттық мәдениетке, ат спортына және белсенді демалыс түрлеріне қызығушылықты ояту жолдары талқыланды.
Бұл мектеп оқушылары арасында ат туризмін және ұлттық ат спортын бұқаралық деңгейде дамытуға, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасын жас ұрпаққа танытуға мүмкіндік беретін бірегей жоба ретінде қолға алынады. Сол арқылы халқымыздың рухани мұрасын мектеп оқушылары арасында дәріптеп, жастардың атқа мінуге, ат әбзелдерімен танысуына, жылқы малын күтіп баптауға үйрету жолға қойылады.
Argymaq.kz




