Ел чемпионаты. Төртінші күннің қорытындысы

1136

Көкпардан ересектер арасындағы ХХІІІ Қазақстан Республикасы чемпионаты биыл Қызылордада өтіп жатыр.

Еліміздің 15 өңірінен 16 команда бақ сынаған дүбірлі доданың топтық кезеңі аяқталған. Бүгіннен бастап командалар финалдық ойынға кірісті.

Бүгін ойын алаңына шығатын командалармен таныс болыңыздар.

1-ойын: Алматы облысы-Қостанай облысы;

2-ойын: Түркістан облысы-Жамбыл облысы;

3-ойын: Атырау облысы-Шымкент қаласы;

4-ойын: Маңғыстау облысы-Қызылорда облысы;

Осы орайда финалдық кезеңге өткен командаларға бір тоқталып өтейік.

1-топтан: Қостанай облысының құрамасы мен Атырау облысы құрамасы;

2-топтан: Алматы облысының құрамасы мен Маңғыстау облысының құрамасы;

3-топтан: Түркістан облысының құрамасы мен Шымкент қаласының құрамасы;

4-топтан: Түркістан облысы құрамасы мен Қызылорда облысының құрамасы;

Қалған 8 команда финалдық ойындарға жолдама ала алмады. Десе де, бүгінгі кездесулер де чемпионаттың алдағы болжамдарын мүлде өзгертіп жібергенге ұқсайды. Оны сәлден соң нақты білесіздер.

Біз әзірге финалдық ойындарға өтпей қалған командалардың жалпы салым санын бір еске түсіріп көрейік:

  1. Астана қаласының құрамасы – 13 салым;
  2. Орталық армия спорт клубының құрамасы – 12 салым;
  3. СҚО құрамасы – 11 салым;
  4. Қарағанды облысының құрамасы – 3 салым;
  5. Ұлытау облысының құрамасы – 3 салым;
  6. Абай облысының құрамасы – 3 салым;
  7. Ақмола облысының құрамасы – 2 салым;
  8. Жетісу облысының құрамасы – 2 салым;

Енді бүгінгі ойындардың көрсеткішіне келейік.

Алматы облысы-Қостанай облысы (4:1)

Алғашқы болып алаңға Алматы облысы мен Қостанай облысының құрамалары шықты. Бұған дейін жақсы нәтиже көрсетіп келген Қостанай жігіттері бүгінгі тартыста сүрінді. Ойынның бірінші минутында салым салып, қарсыластарын сасқалақтатқан алматы облысының құрамасы, ойын тізгінін сол бойы өздері ұстады. Есеп – 4:1, жеңіс Қонаев жігіттерінің қолында кетті.

Салым салғандар:

Алматы облысы: Жиенқұлов Эльдар – 3, Әліпбаев Ынтымақ – 1.

Қостанай облысы: Абду Мейрамбек – 1.

Түркістан облысы-Жамбыл облысы (2:9)

Алғашқы ойында Алматы жігіттері Қостанайды алып тастаған соң, екінші ойынның нәтижесі де қызықты болатыны белгілі еді. Жалпы бүгінгі кездесулерде күтпеген шешімдер көп болды.

Алаңға командалық көкпардың фавориттері шықты. Бұған дейінгі чемпионаттарда чемпиондықты кезек алып келген қос команда. Десе де Түркістан облысының құрамасы соңғы жылдары тұғырдан тая бастаған сыңайлы. Тіпті өткен жылы күтпеген жеңіліске ұшырап, Қостанай құрамасына жол бергені де елдің есінде. Бір кездері республика былай тұрсын, Орталық Азияға танылған «Құлагер», қазіргі «Тұран» командасы жыл өткен сайын әлсіреп бара жатқандай.

Ал ел чемпионатын 13 рет ұтқан «Әулие ата» бүгінгі додада да үстемдігін танытты. Ежелгі қарсыласқа екі-ақ салым салуға мұрсат берді. Есеп – 9:2.

Салым салғандар:

Жамбыл облысы: Тоғайбаев Құлажан – 2, Жақсылық Ерғалым – 2, Тұрғанбек Құрманбек – 2, Мәлімбай Ернат – 1, Шәкір Бекзат – 1, Жарылқасын Ернар – 1.

Түркістан облысы: Нышанбеков Абылай – 1, Сүйіндік Аңсар – 1.

Атырау облысы-Шымкент қаласы (0:3)

Бұл ойында Шымкент шабандоздары көкпар шаппай-ақ жеңіске жетті.

Ойын тәртібі бойынша командадағы 12 ойыншының бір ойында кемінде 8-і қатысуы керек. Ал бүгінгі тартысқа Атырау жігіттері 7 атпен келген екен. Төрешілер команданы алаңға шығарған жоқ.

Атырау облысының құрамасы атымыз болдырды деп, алаңға 7-ақ атпен келді. Ойын тәртібі бойынша 8-ден кем болса, команда алаңға шығарылмайды. Біз «Нарын» командасына тәртіпті түсіндіріп, ойынды тоқтаттық. Ал қарсылас команданың ойынға шықпауына байланысты Шымкент жігіттеріне белгіленген, ережеге сай 3 салым автоматты түрде жазылып, жеңіс сол командаға берілді – деп түсіндірді чемпионат хатшысы Айнұр Малыбекова.

Маңғыстау облысы-Қызылорда облысы (0:4)

Чемпионат өз алаңында өтіп жатқандықтан болса керек, сырбойылық жігіттер биыл мықты тұр. Финалдық кезеңнің соңғы жұбы болып алаңға шыққан «Адай ата» командасы мен Қызылорда құрамасы тартысты ойын көрсетті. Алаң иелері маңғыстаудың маңғаз жігіттерін бұрыннан жақсы біледі. Бұған дейін де бірнеше рет тақым түйістірген болатын. Дегенмен бүгінгі ойынның жөні бөлек. Сыр сүлейлеріне Каспий қырандары қауқар көрсете алмады. Есеп – 4:0, алаң иелері айтқанын істеді.

Салым салғандар: Медетбек Балғынбек – 2, Ерехан Нұржан – 1, Лесбек Нұргелді – 1.

Осымен финалдық ойындардың алғашқы кезеңі аяқталды.

Естеріңізге сала кетейік, Көкпардан ересектер арасындағы ХХІІІ Қазақстан Республикасы чемпионаты Қызылорда облысында өтіп жатыр. Чемпионатқа еліміздің 15 өңірінен 16 команда қатысты. Биылғы жылдың жаңалығы – ел чемпионатына тұңғыш рет ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Орталық армия спорт клубының командасы араласты. Ал еліміздің Алматы қаласы, БҚО, Ақтөбе облысы, ШҚО және Павлодар облысы қатарлы өңірлері команда жіберген жоқ.

Argymaq.kz

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.