А.Каллер. Қазақ атбегілерінің ат баптау өнері
А.Каллер «Киргизский способ приготовления лошадей к скачкам во внутренней Киргизской Орде» деген еңбегінде қазақ халқының атбелігілік өнері туралы тарқата жазады.
«Ат баптау – бәйгеге қосар атты жарату, күйіне келтіру. Қазақтың көреген сыншылары, көзіқарақты атбегілері кез келген атқа ден қоймайды. Алдымен оның тұқым-тегіне, бітім-нышандарына назар аударып, көңілінен шықса ғана баптап, күйін табуға кіріседі. Жақсы жылқының бойынан құмартып қайталайтын белгілері мынадай болып келеді: осыртқасы шығынқы бітеді, кең тынысты, сағақты болып келеді, тұсарлығынан адырая көрінетін жуан сіңірді оңай аңғаруға болады, томардай болып біткен шоқтығы да көзге бірден түседі. Тұтаса біткен кең кеудесі сирағын қысқа сияқты көрсетеді.
Білгір атбегілер жүйріктің тісіне дейін қарап, егер күрек тіс қатары мен азу тіс қатарының арасындағы кетік алшақ болса, оны да жақсы қасиеттің бір нышанына балайды. Шын жүйрікті мінез-бітіміне қарай да тануға болатын алуан түрлі ұғымдар бар. Атты суытқанда артқы екі аяғына кезек-кезек салмақ салып, тұяғының ұшын ғана тіреп тұратын қасиетін атбегілер жақсы белгіге санайды. Атты аяғы әлді болса ғана бір аяғына салмақ салып, тезірек тынығуға мүмкіндік алады, немесе жайылса желдеп жайылатын, су ішсе судың тұныңын қуалап, ағысты өрлей ішетін, оттаса көк-құрақты қомағайлана қарбытып, дәл түптен қауып оратын, жетектесең ботадай елпілдеп, соңыңнан еретін жетекшіл мінезін нағыз атбегілер хас жүйрікке тән қасиетке балаған.
Міне, осы сияқты жылқының толып жатқан қасиет белгілеріне көңілі толған атбегі әрі қарай таңдаған пырағын баптауға кіріседі. Егер құлын кезінен көзі түссе, желкесін ноқтаға қидырмай, желіде шырылдатпай еркін жетілуін қадағалайды. Тіпті, тай, құнанында да иесіне үйірсек болуы үшін бас білдіріп қойғаны болмаса, жаншып мінбейді. Одан әрі жылқының «мүшел жасы» делінетін дөненінде тарттырылады. Бестісінде баптауға кіріседі. Сәйгүлікті жарату үшін оны ең алдымен, шабатын күйіне келтіріп алу шарт. Ол үшін, әрине, еті ояздау келсе, біраз қоңдандырып, етін көтеріп алып барып жарата бастайды. Керісінше ат семіз болса, қызылмай, қанжілік етіп алмай, бірте-бірте баппен арытады.
Мысалы семіздігі үш-төрт елі шығатын атты сарытап етіп, бабына түсіру үшін кемінде 25-30 күн қажет. Күніне 15-20 шақырым жер жүріп келіп, 4-5 күнде бір таң асырып отырған жылқы қалаған бабыңа түседі. Осы тұста қазақ жылқының ішінде әртүрлі жаратуды сүйетін жылқылардың болатынын ескерте кеткен жөн. Бірі тоқ жарау күйінде шабысын түзейді. Ал басқалары, түптеп келгенде, атты шынықтыру деген сөз. Атты жүгіртіп, желдіртіп, аяңдатып жарату, ең алдымен, тынысының кеңуіне, сіңірінің бекуіне, тұла бойын ауырлатқан ащы тердің шығуына мүмкіндік береді» — дейді ол өз еңбегінде.
А.Каллер, «Киргизский способ приготовления лошадей к скачкам во внутренней Киргизской Орде»
«Охота» журналы. argymaq.kz