Аңыз дауыс иесі. Сауық Жақанованың арманы мен өкініші

174

Бір сәті түскенде қазақтың Алтын дауысына айналған белгілі диктор Сауық Жақановамен әңгімелескен едік.

40 жылға жуық уақыт диктор болған ардагер әңгімесінде сол жылдардың зардабы кейін біліне бастағанын айтады. 1945 жылы өмірге келген шынашақтай қыздың, қазіргі кейуананың өмірге деген қарапайым кейісі деп қабылдадық мұны.

Өмір бойы радиода жүргендікі ме, сол кезде біраз ауру меңдеп алды ма, күндіз-түні сол радиодан шықпайтын едік қой, радиациясы деген бар ғой… Құлағым қатайып барады. Әрине, кезекшілік бар, 6 сағат сайын ауысатын. Бірақ мен таңнан кешке дейін сонда жүретін едім. Ана ағамыз өтініш жасады, мына мәтінді оқып жіберу керек деген секілді өтініштерді жерге тастаған кезім жоқ. Оның сыртында, бұрын барлық хабар тек диктордың дауысымен ғана жіберілетін эфирге. Жұмыс пен отбасыны қатар алып жүруге тырыстым. Балаларым кішкентай болған кезде балабақшада болды, сәл өскен соң мойындарына үйдің кілтін тағып беріп, үйге тастап кететінмін. Бірақ, көбінде жұмыста – радиода болдым. Балаға қарауға мұршам болмады десем де болады – дейді Сауық Мәсіғұтқызы.

Ол сол бір қызығы мен қиыншылығы қатар жарысып, уақыт жылымына жұтылған жылдарын еске алғандай сәл үнсіз қалды.

Оның да бір пайдасы болса, бір зияны болады екен деп сабақтады сөзін. – Пайдасы – «Кімсің? Сауық Жақанова» атанып, халықтың алғысына бөлендім. Зияны – құлақтан айырылдым, естуім ауырлады. Үнемі аппаратпен, шудың ортасында жүргендіктен болу керек, құлақ қатайды қазір.

Құлағының естуіне шағым айтып отырып, өмір бойын көкейінен кетпеген өкінішін де айтып қойды.

Екі ұлым бар. Негізі кемінде үш балалы болу керек екен. Өмірден түйгенім ғой. Мұны қазіргі жастарға айтқан әжелік ақылым деп ұқсаңыздар да болады. Бала туыңдар! Атам қазақ айтты ғой, «бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деп. Сондықтан, әр баланың өз несібесі бар, өміріңді жалғастырады олар. Үшінші бала туу керек екен дегенді неге айтып отырмын, себебі бір кезде елімізде үш бала былай тұрсын, бір баламен тоқтап қалған кез болды. Себебі ашып айтылған жоқ, бірақ отбасындағы екі адам қатар жұмыста, балаға қарауға, тамақ істеп, оның жағдайын жасауға, бақшадан алып кетіп, апаруға қолдары тимейді деген сылтау көп айтылатын. Оның үстіне қалада баспана мәселесі де бар, бір сөзбен айтқанда, түрлі сылтаумен бала туу тоқырап, туу көрсеткіші төмендеп кетті. Өзімнің абысындарымның бәрінде бір бала. Мен де бір баламен шектеліп қалуым мүмкін еді, тек тұңғышым аурушаң болды. Соған серік болсын деп екіншісін тудым. Үшіншісін де туып алу керек еді деп әлі күнге өкінемін. Әйел адам үшін әрі жұмыс, әрі үй шаруасын қатар алып жүру, ата-ененің көңілін табу, бәрі де оңай емес. Менің да ата-енем қолымда тұрды. Екінші баланы көтерген кезде ұл болса екен деп тіледім. Тілегім қабыл болып, ұлды болдым. Үшінші баланы да туу керек екен, бірақ ұл емес, қыз туу керек екен (күлді). Иә, Құдайдың бергеніне ешкім қарсы тұра алмайды, бермегеніне де нали алмайсың. Қазақы түсінікте, ұл әулеттің жалғастырушысы, шаңыраққа ие болып қалатын жан ретінде қарайды ғой. Әрине, аман болсын, бірақ ұлдан гөрі ата-анасына көбірек жанашыр болатын – қыз екен. Қыз ақылды болса, жолдасының да, өзінің де әке-шешесіне жағдай жасап үлгереді екен. Жалпы ер адамның алды тар, арты кең дейді. Алды тар деп отырғаны – ер адам шолақ ойлайды, ертеңіне аса алаңдай қоймайды. Ал ақылды әйел болса, соның бәрін бағамдап, көңіл бөліп отырады. Үшінші бала құрсағыма бітпей қойған жоқ, бітті ғой. Алдырып тастадым. Бәлкім ол қыз болған шығар, кім білсін. Қазір күнде Алла Тағаладан кешірім сұраймын. «Алла кешіре гөр, біліп-білмей істеген күнәларымды кешіре гөр!». Тууым керек еді. Сонда бәлкім, қазіргідей қинала қоймас па едім… Қартайғанда жайыңды ойлар жан болмаса, қиналып кетеді екенсің!…

Көкірегін ащы өксікпен жырта күрсінген шүйкедей әжені аяп кеттім бе білмедім, менің де көкірегіме өксік кептелді. Дәл осы жерде біздің көкейдегі сұрақ жылт ете қалды. «Келін бар емес пе?».

Келін… келін қандай тәрбие көрді? Қандай шешеден шықты, қандай әулеттен тарады, оның бәрі маңызды. Келін ұлыңнан көп табыс табатын болса, ол да мәселеге айналады. Ондай жағдайда тіпті келіндік міндетін ұмытып кететін де келіндер бар. «Мен еркектен жоғарымын» деген көзқараспен өмір сүреді. Ал келіні кердең отбасыда тыныштық, ондай отбасыда береке-бірлік бола бермейді. Мысалы менің келінім сондай болатын болса, 80-ге келіп мәлкілдеп отырған маған қайдан қарайды? Қарамайды, әрине. Қазақтың «Шешесін көріп, қызын ал» деген сөзі сұмдық екен. Шешесі қызына қандай тәрбие береді – оның болашағы да тура солай болады. «Екеуің бірлесіп өмір сүріңдер, кіммен қарайсаң, сонымен ағар» дейтін аналар бар, керісінше «ішіме сиған қызым сыртыма да сияды, күйеуің сені асырау үшін алған, ол отбасы үшін ақшаңды шашпа» дейтін шешелер де барын көріп жүрміз. Мұндай отбасыдан шықан қыз болашақта дұрыс келін болып жарытпайды – дейді Сауық Жақанова.

Адам жасында онша көп ойлана бермейді екен. Өз басымнан өткен соң айтып отырғаным ғой – деп сабақтады сөзін. Мен іштей келінмен дәм-тұзы жараспады ма екен деп ойлап отырдым.

Жас кезімде жұмыс деп жүгіріп жүріп, тұрмыс тауқыметінің қанша ауыр болғанын аңғармаған екенмін. Қарапайым ғана, таза сүт алу үшін қыстың көзі қырауда таңғы 4-5-те барып, кезекке тұрып, 3 литрлік бөтелкемен сүт алғанымызға мәз болып жүре беріппіз. Ол кезде бәрі кезекпен берілді ғой. Сондағысы 2 кг ет, 200 грамм май аламыз. Енем марқұм таңнан тұрып, терезеден қарап тұрады да, «Бүгін бірдеңе беретін секілді, адамдар жиналып жатыр» дейді. Қарсы бетте орталық дүкен бар еді. Одан кейін балаңды балабақшаға апарасың, онда да кезек – деп бір тоқтады.

Осы жерде әңгімені шығармашылыққа бұруды ойладым. Онсызда жасы келіп, өмірден қажып жүрген жанды, одан ары қажақтата берудің мәні де жоқ еді. Сұқбаттасыңның көңлі марқайып, ерекше шабыттана баяндайтын тақырыбы – балалық шағы. Көңілі жүдеу кейуананың балалық шағы жайлы сұрағанымда, көзінде ұшқын пайда бола қалды.

«Адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады» деген сөзі бар ғой қазақтың. Барлығын өмір өз қисынына келтіреді. Ауылда, бұрынғы Жаңаарқа ауданы, қазіргі Шет ауданына қарасты Қаражартас деген шағын ауылда жүргенде аз да болса өнерге жақындығым болды. Үлкен шешемнің қолында өстім. Ағам – жол бойында істеді. Жол бойы – орыстар араласқан, мәдениетке бір табан жақын еді. Бұл – 1950 жылдардың кезі еді. Соғыс жаңа аяқталған, халықтың тұрмысы әлі түзелмеген, «орысы бар жердің бәрі мәдениетті, білімді» деген түсінікті миымызға сіңіріп тастаған. Бірақ солардан көргенімді істеп, басыма бантик тағып, украинша би билеп, кәмпиттің қағазынан лента жасап, шекеме тағып, өзімше «мәдениетті» болып жүретін едім. Ауылға келген соң өз әке-шешеме жаңағы жол бойында көргендерімді үйрететінмін. Шешем де жақсы әнші еді. Кешке малдарын қоралап тастағаннан кейін, жер үстелде шешем түрлі әңгімелерін, қазақтың халық әндерін айтып, іңір өткізетін едік. Соның барлығы әсер еткен болу керек, бәлкім шешемнен жұққан бір қасиет пе, әйтеуір өнерге жақын болдым – дейді әйгілі диктор апамыз.

Осы кезде манадан көкейде сақтап отырған сұрақты қойдым. «Радиоға қалай келдіңіз?». Әңгімені енді жүлгелеп келемін ғой, сөзді бөле бермесеңші деген көзқараспен, жанарының қиығымен бір қарады да, сауалыма жауап бере бастады.

Халық тұрмысы сәл жақсара бастаған уақыт болса керек, әкем бір жерден бір радио тауып алып келді үйге. Алғаш тыңдаған кезде аузым ашылды да қалды. «Ғалия-Бану» деген татардың қиссасы бойынша жасалған радио-инсценировка еді. Суат Әбусейітов марқұм жігіттің рөлінде, Ғалия қыздың рөлінде – Зәмзәгүл Шәріпова ойнап, әні мен мәтінін ұштастырып, керемет драма жасады. Ол кезде баламын, жігіт кім, қыз кім екенін білмеймін, радио-инсценировка екенін де кейін білдім ғой. Екеуінің дауысы, орындаушылығы керемет үйлесіп, ғажап туынды жасады. Соны тыңдап, жүрегімде бір бала арман пайда болды. Бұрын да қиялшыл едім, мынадан соң тіпті үдеді. Қиялдамайтын дүнием жоқ еді. Соның барлығы жиналып келіп, менің болашағыма, радиоға келуіме жол салған сияқты. Қазақ айтады «не ойласаң, сол болады» деп, сол сөз ып-рас. Сол үшін тек жақсылықты, игілікті ойлап, тек алға ғана жүру керек – дейді кейіпкерім.

Мен үйдің тұңғышы едім. Менен кейінгі інілерім де, басқа туысқандарымыздың балалары да маған қарап бой түзейтін – деп сабақтады ол әңгімесін. Қариялардан сұқбат алғандағы бір жақсы көретінім – оларды тыңдай беру. Кейде-кейде ғана сөз арасында бас изеп, сөз қыстырғаным болмаса, көбінде тыңдаушының рөліндемін. 

Сол үшін мен үлгілі, тәртіпті, алғыр, тап-таза, тек үздік оқитын оқушы болуға тырыстым. Тіпті солар үлгі тұтсын деп мені Алматыға жіберді. Сөйтіп мен Алматыдағы жалғыз қазақ мектебі — №12 мектепті бітірдім. Мектепте де белсенді болдым. Ибрагим Нүсіпбаев деген кісі мектептің қорын ұйымдастыратын. Өзі опера театрында әнші еді, дауысты жақсы қоятын. Менің дауысымның жақсы екенін білген соң ұстаздарымның барлығы маған Консерваторияға баруға кеңес беретін. Ал ол кезде қазақтар консерваторияның не екенін, әртіс деген кім екенін онша түсіне қоймаған кезі ғой. Әсіресе ауыл қазақтары ол салаға баруға жүрексінетін. Көбі әртіс десе жеңіл-желпі адамдардың тірлігі деп қабылдайтын. Содан болар, әкем консерваторияға баруымды онша ұната қойған жоқ. Мектеп бітірген соң әкемнің көңіліне қарап, ҚазГУ-ға оқуға тапсырдым. Филология факультетінің 5-курсына келгенде радио-дикторлардың конкурсына қатысып, содан өттім – деді Сауық Мәсіғұтқызы қара шаңырақ Қазақ радиосының табалдырығын қалай аттағанын есіне алып.

Не әңгіме айтып отырғанын ұмытып қалатын кейіпкерлер болады. Ондайда әңгіме жүлгесін барынша сақтауғы тырысып, өзің де кейіпкеріңнің өміріне кіріге түсесің. Сауық апай да бағанағы балалық шағынан бірдеңе есіне түсіп кеткендей сәл жымиып алды да: «Ауылда жүрген кезімдегі бір оқиға есіме түсіп отыр» — деді жылы жымиып. 

Жаңа айттым ғой, ауыл теміржолдың бойында еді деп. Қарағанды да алыс емес, теміржол іргеден өтіп жатыр, содан ауылға әртістер жиі келетін. Ауыл клубында не мектептің ауласында концерт қоятын еді. Қазір ойлап отырсам, сол кезде біздің ауылға Мүлік Сүртібаев, т.б. секілді әйгілі әртістер келген екен ғой. Сол әртістер кеткен соң, мал жайғап жүріп, мал қораның бұрышына ауылдың балалары жиналып алып, әлгілердің концертін өзімізше қоятын едік. Біріміз – Қозы, біріміз – Баян болатын едік. Сол кездегі балалардың зеректігі ме, әлде ынтасы күшті ме, ауылға келіп бір рет қойылған концерттің сөзін түгел жаттап алатын едік. Сол бойынша өз концертімізді қоюшы едік. Бұл – бала кездің бір естелігі ғой… – деді әңгімеңе қатыссыз бірдеңелер айтып кеттім бе дегендей бетіме бажайлай қарап.

Мен бағанағы үзілген әңгімені қайта суыртпақтадым. Радиоға келген кезінде алғаш қарсы алған адам кім болды екен деген ойда отырғанмын.

Мина Сейітова деген апай болды. Ол кісі де сол мен оқыған 12-мектепте оқыпты, ертеде. Кейін білдік қой, Мина апамыздың Ахмет Байтұрсынұлының әулетінен екенін. Қостанайдың қызы еді. Аты-жөнін толық өзгертіп, Алматыға келіп, сонда тұрады екен. Күйеуі соғысқа кеткен. Өзі пысық адам еді, жарықтық. Сол кісі соғыс кезінде бір өзі ғана диктор болыпты. Өзің білесің, радио соғыс уақытында да жұмыс істеп тұрған. Мина апайымыз жас кезінде балалар хабарларының дикторы болған екен. Информбюроны тұңғыш рет қазақ тілінде оқыған да сол кісі еді. Сол Мина апамыз қарсы алды, қолына келдім. Ара-тұра әңгімелесеміз ғой. Сонда: «Екі баламның бірін – үлкен фортепианоның үстіне, біреуін – астына жатқызып, өзім күндіз-түні жұмыстамын. Тамақ жоқтың аз-ақ алды, аштығымды басу үшін темекі шегуді әдетке айналдырдым» — дейтін жарықтық. Мен келген уақытта ол кісі дикторлардың бастығы еді. Әнуарбек аға, Мәмбет Сержанов, Қатира Әзімбаева, Шәрипа Бисекеева, Асыл Рақымжанова, Болат Масин, т.б. дикторлар жұмыс істейді екен қол астында. Менен кейін де бұл қатар толығып отырды. Жаңыл Аяпбергенова, Жәнел Асқарова, Сара Омарходжаева келді менен соң. Бұлардың бәрі эфирге шығатын. Дауыстары қою, қоңыр үнді еді. Жіңішке немесе қырылдаған, сыбырлаған дауыстар жарамайтын дикторлыққа. Себебі көбінде жаңалық оқылады. Ал жаңалыққа сенімді, адамдарды тыңдата білетіндей қоңыр дауыс керек. Мен конкурсқа қатысқан кезде, әлі жаспын ғой, 21 жасымда университетті бітіре салып келіп тұрмын. Дауысым әлі қалыптаспаған. Сенімсіздікпен қарағандар да болыпты, бірақ «осы қыздан бірдеңе шығады» дегендер көптеу болып, конкурстан өтіп кеткен екем. Сонымен жұмысқа қабылдандым. Мина апай қасынан тастамайтын еді. Бастықтарға ертіп кіретін, бүкіл құжатымды сол кісі туралап берді. Ол уақытта жұмысқа «үйренуші» деп қабылдайды екен. «Үйренушіні» қашан редакторлар рұқсат етпейінше эфирге жібермейді. Тек үйрен! – дейді Сауық Жақанова.

Ол өзінің дауысының арқасында үйренушіге берілген бір жыл мүмкіндікті небары 2 айда меңгерген.

Үйренуші кемінде бір жыл меңгереді дикторлықты. Бірақ маған 2-3 айдан кейін ІІІ категория беріп, сол кезде жаңадан ашылған Алматы облыстық радиоға жіберді. Негізі ол орынға сонау Петропавлдан Жаңыл Аяпбергенова арнайы шақыртумен көшіп келіпті. Бірақ басшылық Жаңылды Қазақ радиосына алды да, мені сол кісінің орнына облыстық радиоға жіберді. Сөйтіп жұмысқа «үйренуші» болып кіріп, үш айдан кейін облыстық радионың дикторы болып шыға келдім. Өзімнің табиғатымнан ба, елгезектігімнен бе, адамдарға жұғмым жақсы еді. Кез келгенімен тез тіл табысып, кез келгеніне сеніп өмір сүрдім. Тіпті аңғалдығымнан болуы керек, әлі күнге дейін адамдарға тез сенемін. Үлкен шешемнің қолында өскенімді айтып едім ғой, сол әдет ересейген соң да қалмады. Біреуге арқа сүйеп, өзіме жылы сөз айтып, жылышұрай қараған адамның бәрі маған туыс-бауырдай көрініп тұрады. Мен жұмысқа келген кезде барлығының жасы менен үлкен, бәрі мені «Сауықжан» деп мәпелеп отыратын – деп еске алады сол бір қимас жылдарын.

Осы кезде Әнуарбек Байжанбаев жайлы сұрадым. Бұған дейін де радиоға қатысы бар кейіпкерлерімнен сұрайтынмын. Бұл жолы да Әнекеңнің әлеметі аса түсті.

Бәріміз Әнекең дейтінбіз. Әнуарбек Байжанбаев ағамызбен бірге алғаш эфирге шығып, хабар оқыған кезде қатты қобалжыдым, жүрексініп, тартыншақтап оқыдым. Ойлап көр өзің, ол – әйгілі Әнуарбек, мен – институтты кеше ғана бітіріп келген қаршадай қызбын. Менің қобалжығанымды байқаған Әнекең: «Сен бұлай қорқатын болсаң, дикторлыққа неге келдің? Бұлай қорқатын болсаң, бұдан кейін сенімен бірге мәтін оқымаймын. Ақыры осы салаға келген екенсің, жұмыстың қыр-сырын біліп келуің керек еді. «Қорқатының бар, қосты неге тонайсың?!» дегендей, бұл салаға аяқ басқан екенсің, ештеңеден қорықпа!» — деп маған біраз жігер беріп, бір жағынан намысымды қамшылап қойды. Содан кейін көңілім орнына түсіп, тайсалмай сөйлейтін болдым.

Әнекеңнің дауысы гүрілдеп тұрады. Балалар редакциясында Бибінұр Қайрақбаева дейтін апай режиссер еді, сол кісі балалар хабарына кішкентай қыздың дауысына келеді деп мені алады да, гүрілдеген ер адамның дауысына Әнекең онсызда сұранып тұр еді. Сол кезде 9 диктор бар еді. Бәрінің дауысы бірдей емес қой. Әрқайсысы өзіне тән мінезі мен дауыс ырғағымен ерекшеленетін. Бәрі бірдей бір хабарды алып шыға алмайды. Ал Байжанбаев кез келген хабарды жандырып жіберетін. Баланың да, қарттың да, ересек адамның да дауысын келтіретін. Дәл сахнадағы рөл секілді ғой. Кез келгенінің образына кіріп кетеді де, түрлендіріп алып шығатын. Сондықтан да бәрі Байжанбаевпен жұмыс істегісі келеді. Бибінұр да бірінші Әнекеңді алды да, екінші дикторлыққа мені алды. Жаңа да айтып жатырмын, Әнекең екеуіміздің дауысымыз – жер мен көктей ғой. Әлі есімде, Бибінұр апай Әнуарбек ағаға: «Әнуар, дауысыңды қысыңқырап сөйле, қысыңқырап, ана Сауықтың дауысына бейімделіңкіреп сөйле» деп отыратын. Ол апамыз да жүзге келіп қалды, ортамызда аман отырсын! – дейді аңыз адамды еске алған аңыз адам.

Байжанбаевпен бір бөлмеде бірге отырып жұмыс істеу, оның дикторлық қабілеті, өз-өзін сақтауы, дауысын мәпелеуі радио саласындағы әріптестеріміздің арасында аңызға айналғын. Мен де Сауық апайымыз ол кісі жайлы айта түссе екен деп отырмын.

Дикторлық өмірім осылай Әнекеңмен бірге басталды. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Өте қарапайым, менмендігі жоқ. Елдің бәрі «Ой, Әнуарбек!» деп алақандарына салады. Көшеде көрген кез келген адам ол кісіні дауысынан-ақ танитын еді. Ол кезде телеарнаның қазіргідей дамымаған кезі ғой. Сондықтан да халық оны дауысынан танып, «Қазақтың Левитаны» деген ат берді. Халық ерекше жақсы көретін. Ол кісінің өтініші жерде қалғанын көрген емеспін. Тіпті айдаладағы біреудің мәселесін шешіп беріп жүретін. Сонда сол адамдардан бір тиын алмайтын. Кез келген адамның «Ой, Әнеке!» деген бір ауыз сөзін өзі де жерге тастамайтын. Сол айдаладағы қаймана қазақтың мәселесін шешіп бергеніне мәз болып жүретін. Әнекең үлкенге де, кішіге де иіліп тұратын. Жұмысқа келе салып сондай адамның қасында жүргенім – дикторлығымда жолымның болғаны деп санаймын. Мәтін оқуда ол кісіден көп дүние үйрендім. Әрине, басқа да сол кездегі әріптестерімнің ақыл-кеңесі аз болды демеймін. Сөйтіп, қаршадай болсам да халықтың көзіне түсіп, дауысым құлағына сіңді ме, хабарларым жақсы шықты ма, әлде дауысым жағымды болды ма, әйтеуір мен оқыған хабарлар жақсы баға алып жүрді. Екіншіден, мен қандай мәтін оқып отырғанымды сезіне алатын едім. Иә, дауыс бар, бірақ құр дауыспен ұзаққа бара алмайсың. Қандай мәтін оқып отырғаныңды сезіне білуің керек. Менде аз да болса сол сезіну болды ғой деп ойлаймын – дейді кейіпкеріміз.

Әңгіме ауаны дикторлыққа қарай ойысқан уақытта ойымызға келген тағы бір сұрақты қойдық. Сауық апай өзі айтты, филологияны бітірдім деп. Ендеше бір жерден дикторлықтың курсын болса да оқыған шығар, бәлкім?

Мен дикторлқты оқыған жоқпын. Бәлкім әкем рұқсат беріп, консерваторияға түссем, оқыр ма едім?.. Себебі онда театр факультеті болды, сол жерде оқытатын еді. Дауыс қою, сөйлеу техникасы, т.б. деген секілді түрлі сала бойынша әншілерді де оқытатын. Ал менің дикторлығым – біріншіден – табиғаттың өзі бергені, екіншіден – соны Әнекеңнен көре жүріп дамытқаным. Ол кісі ешқашан суық су ішпейтін. Суды жылытып ішетін еді. Қысты күні жылытқыш батерейдің үстіне қойып, жылытып алатын. Тіпті аса қатты ыстықты да ішпейтін. Сәл демін алғанша қойып қоятынын байқайтынмын. Сөйлегенде де ең әуелі дауысын кенеп, студияға кірердің алдында дауысын қалыпқа келтіріп, «о-о-о, а-а-а» деп көмейін ашып алатын. Даладан, суықтан келе салысымен дереу дауыс жазуға кірмеуші еді. Соның бәрі мен үшін әрі тәрбие, әрі тәжірибе болды.

Шылым шегуге болмайды, тамаққа суыққа тигізуге болмайды, т.б. көп талаптары бар. Ол кезде дикторға арақ ішуге болмайды деп айтатын, бірақ сол кезде әдейі жасалған секілді, арақ ішудің түрлі сылтауы табылып тұратын. Бір нәски алсаңыз да, «ой, жуу керек» дейтін. Бүкіл жерде сондай еді. Жастар да, ересектер де «жууға» құштар болатын. 1 сом 27 тиын тұратын «Вермут» виносын шығара қоятын. Тіпті онсыз қызық емес секілді болып кеткен еді.

Жаңа Мина апайдың темекі тартатынын айттым ғой, содан ба, жасы келгеннен кейін бе, әлде мәтін оқығанда тамағына салмақ салғаннан ба, өмірдегі дауысы гүжілдегендеу, әйел адам болса да, үні еркектеп кеткен жан еді. Әрине, дауысы өте әдемі, жағымды, бірақ өзгеше еді – деп еске алады апайымыз дикторға қойылатын талаптар жайлы.

Сауық апайымыздың өзі айтқандай, «Кімсің? Сауық Жақановамын» деп күллі қазаққа танымал болған диктордың қателескен кезі, әсіресе эфирде қателескен тұсы болды ма екен?

Эфир – қателікті кешірмейді. Бірақ қателеспейтін пенде жоқ. Бірде эфирге ерте шығып кеткенім бар. Әуелі Асыл Рақымжановаға тапсырды, одан кейін мен шығуым керек. Эфирге, дауыс жазуға кірген кезде қойылатын басты талап – қолыңдағы мәтіннен басқаның барлығын ұмыт! Басқа тұрмыстық, әлеуметтік дүниенің барлығы сен эфирден шыққанша жоқ деп есепте. Қолыңа оқитын мәтінің немесе эфирде талқыланатын тақырыбың белгілі болды ма, демек соны ғана ойла! Сонда ғана айтар ойың, оқыған мәтінің тыңдаушының құлағына жетеді. Бір сөзбен айтқанда, «жүректен шыққан сөз ғана жүрекке жетеді». Ал эфирде, мәтін оқу барысында санаңда басқа дүние тұрды ма, тыңдаушы былай тұрсын, не оқып, не қойғаныңды өзің ұқпай қаласың.

Сол алғаш эфирге кірген кезімде, сәл ертерек кіріппін. Тәжірибесіздігім бар, эфирге алғаш шыққаным бар, абдырап, не оқып, не қойғанымды білмедім. Ал не оқығаныңды өзің түсінбесең, тыңдаушы не ұғуы мүмкін? Эфирге ерте шығып кеткенімді өзім білген жоқпын, шыққан соң Асыл апай айтты, «саған сәл ертерек берген екем эфирді» деп. Осы жолдан кейін эфирге мұқият дайындалатын болдым. Қателеспеуге тырыстым. Ұзақ жыл бір іспен тұрақты айналысқандықтан адам жаттығады ғой. Соған қоса диктор болсын, жүргізуші болсын – эфирге шығатын адамда табиғи сезімталдық болуы керек. Кейбір адамдар болады, тура қабылдайды, қалай бар солай түсінеді. Сол бойынша эфирден судыратып оқып шығады. Мың жерден дауысы саңқылдап тұрса да ол адам диктор не жүргізуші емес. Ол да – бір, робот та – бір деген сөз ғой. Әнуарбек марқұм, «Қолыма тиген мәтіннің бірінші жолынан бастап-ақ оның немен аяқталатынын, қалай аяқталатынын біліп отырамын. Ал екінші-үшінші жолдарды бірден көріп отырамын» — дейтін. Демек, мәтіннің ішіне кіру деген сөз – ондағы айтатын ой мен беретін мәліметпен біте қайнасып кету. Мысалы мәтінде бір ауылды суреттеген болса, сен де сол ауылды, сол ауылдың тұрғындарын, ауыл орналасқан жер бедерін, тау етегі ме, жазық па, малы қандай, ауыл келбеті қандай деген секілді дүниелерді бірден сезіп қоюың керек. «Ымды білмеген – дымды білмейді» дейді. Ымынан, сөздің басынан бастап не туралы екенін, қалай оқылу керегін өз-өзіңнен біліп тұруың керек. Сенің «мына жерін былай оқимын, ана жерін олай оқимын» дегеніңе келмейді. Бір сөзбен айтқанда, не оқитыныңды түсініп оқы деген сөз ғой. Белгілі саяхатшы журналист Темірхан Момбекұлының бір сөзі есіме түседі осындайда. Темірхан айтады: «Бір жолы маған балалар үйінен хабар жасауды тапсырды. Хабарды жасадым. Бірақ асығыс болып, үлгермедім бе, әйтеуір жоспарға енгізіліп қойған соң, ортанқол хабар болып шықты. Өзімнің көңілімнен шыға қойған жоқ. Десе де сол кездегі режиссер Алтынбек Халықовқа бердім. Бірден айттым, «ортанқол ғана дүние болды, өзің өңдеп, әуенмен әрлеп, бірдеңе жасарсың, бағдарламалар кестесіне қойылған екен» — дедім. Алтынбек бірден, «Бұны Сауық оқиды, соған беремін» — деді. Жақсы деп кетіп қалғамын. Артынан эфирден тыңдасам, шедевр! Алтынбекке айтам, «мынау орташа хабар деп едім, керемет болыпты ғой» – десем, Алтынбек: «Ол – Сауық қой» деді» — дейді. Осындай алқауды, мәртебеңді көтерер жылы ілебізді естіген соң тіпті қанаттана түсесің, тіпті жақсы оқуға, әр сөзді, әр сөйлемді түсініп оқуға талаптанасың. Екінші жағынан сенің дауыс ырғағыңды, мақамыңды көре біліп, сезе біліп, соған бейімдеу – рухани жан-дүниеңді, тез қабылдай алуына тікелей байланысты – дейді диктор.

Апайымыздың әңгімесі біртіндеп дикторлық-шеберлікке, радио-журналистің қандай болуына қарай ойысты. Біз де сөзін бөлмей тыңдап отырмыз.

Көп нәрсе радиода оқылатын мәтіннің сәтті шығуы диктордың немесе жүргізушінің оқуына байланысты. Бұрын сәп салмаған екем, қазір ойлап отырсам, қаламгерлер өз жазғанын неге «мынаны Байжанбаев оқысыншы», «мынаны Аманжан оқысын», «мынаны Сауық оқысын» деп өтініш жасайды? Менің қатар құрбыларым, тұстас дикторлар маған өкпелейді. Себебі жақсы хабардың бәрін мен оқитын едім. Күні-түні эфирден шықпаймын. Эфирден басқа өмір барын да ұмытып кететін едім. Бірақ, радио тыңдамайтынмын. Алланың берген қасиеті, Әнекеңнен үйренген тәжірибем, өзімнің тынымсыз еңбегімнің арқасында жеттім осы күнге. Автордың бәрі жазғандарын «Сауық оқысын» деп әкелетін. Сондай эфирлерден қолым, мәтін оқудан аузым құрғамайтын. Дәрігер болсаң – алдыңа келген сырқатты жақсы көруің керек. Соның ауырған жерін тап басып тауып, сезінуің керек. Алдыңдағы адамның сырқатынан айығатынына өзің де, ол да сенуі керек. Әйтпесе, қалай болса солай қарап, «ана дәріні іш, мына дәріні ішпе, сүйт, бүйт» деп өзі ауырып тұрған жанға дікеңдесең – сен нағыз дәрігер емессің. Болмаса ұстазды алайық. Алдындағы шәкіртінің жүріс-тұрысынан, көзқарасынан оның болашақта қандай азамат болатынын, қандай адам болатынын біліп, ерекше махаббатпен, дәл анасы секілді қамқор ұстаз болмасаң – мықты ұстаз бола алмайсың. Сол сияқты әрбір мамандық иесі өз жұмысының бүге-шігесіне дейін білуі керек. Соған бар махаббатын арнауы керек. Сонда ғана сенің істеген еңбегіңнен нәтиже шығады – дейді өмір жолында өзіне жетер тәжірибе жинаған ардагер диктор.

Әңгімеміз соңына таяп қалғанын сезіп отырмын. Осы жерде, «Егер диктор болмағанда кім болуыңыз, қандай мамандық иесі болуыңыз мүмкін еді?» деп сұрадық. Біраз ойланып отырды. Бәлкім, бала армандары әке көңілін жықпай, мүлде басқа арнаға бұрылғаны көңіл көкжиегінен бір құланиектеп өтті ме екен…

Қайдан білейін, қарағым. Кейде ойлаймын, анау әртістерді дайындап шығаратын мастерлер бар ғой, неше түрлі этюдтар жасатып үйрететін. Соның көп пайдасы бар дүние екен. Сөйлеу техникасы деген бір басқа. Оның ішінде де сөз астарын, сөз жүйесін түсіне білу керек. Ал мен айтып отырған шеберлік – мүлде бөлек. Қазір Асанәлі ағамыз да, Нұрқанат Жақыпбаев, т.б. қатарлы театрда да ойнап, сабақ та беріп үлгеріп жүрген жандар бар. Солардың сабақ беруі маған өте ұнайды! Ғажап! Солардан сабақ алғым келетін кездер болады. Мен әртіс болсам, қандай әртіс болар едім деп ойлайтын кездерім бар. Образдарымды шығара алар ма едім, шығара алмас па едім дегенді ойлап қоям ара-тұра. Олар сөзден бөлек қимылға, әрекетке, көзқарасқа, сезімталдыққа тәрбиелейді. Кейде ұстаз болсам қалай болар еді деп ойлаймын. Шәкірт тәрбиелеу де ойымда болған. Бірақ, «жетелеп қосқан тазы түлкі алмайды» дегендей, үнемі істеген ісін қадағалап, «олай оқыма, былай оқы» деп отырған шәкірттен дұрыс маман шықпайды. Аздап бейімдесең, ары қарай өзі алып кетуі керек. Шәкірт болам деген жастың өзінде «мен шәкірт болсам» деген талпыныс, білмекке деген құштарлық болмаса, мен сені шәкірт етемін деп ешкімге айта алмайсың – дейді Сауық Мәсіғұтқызы.

«Журналисті аяғы асырайды» дейтін халқымыз, «Журналисті байым бар деме, текені малым бар деме» деп сынайтын кезі де бар. Қалай болғанда та түн келіп, күн кетіп, қаламы талмайтын журналиске жар болу, журналиске жұбай болу оңай шаруа емес. Сауық апайға да қояр сұрағымыз тіл ұшына байланды.

Жолдасым, марқұм, бәрін түсінді. Өзі де көп сөйлемейтін жан еді, не болса да ішінде кетті. Мен түн кетіп, күн келіп, күн кетіп, түн келіп жатсам да бәріне сабырмен қарады. Қызғаныш болмай тұрмайды, десе де көңіліне алмауға тырысатын. Бәрін білетін. Қайда кетсем де айналар қазығым радио екенін де білетін. Жұмыстан келе сала, көрген-білгенімді оған ақтара жөнелем, ол үнсіз тыңдайтын.

Кейін, жолдасым өмірден өткеннен кейін неше түрлі әңгімені естідім. Сол жас кезімде, жаңағы түн кетіп, күн келіп, күн кетіп, түн келіп жүрген кезімде кейбіреулер жолдасыма қамқорымсып, небір әңгімелерді айтады екен. Тіпті, «әйелің жас, өзі сұлу, қызметте одан мықты диктор жоқ, басқа адамға кетіп қалады деп ойламайсың ба?» деген «жанашырлар» да болыпты. Әрине, мұндай «қамқор пиғылдар» оның жүргеніне жүк болғаны сөзсіз. Бірақ соның бәрін білдірген емес. Кейін білдім ғой бәрін. Менің адалдығыма, оған деген шынайы пейіліме сенетін – деді өмірлік серігіне деген риза кейіппен.

Бір сағатқа жуық әңгімелестік. Жасы келген адам, көп сөйлесе шаршап қалатыны байқалады. Сөйлетпейін десең, ішінде берері бар адам. Кейінгі буын, жас журналистер жұмыс істеуді, шығармашылықпен айналысуды, отбасы мен қызметті қатар алып жүруді, тіпті қыл аяғы кейіпкердің қателігін қайталамасын деген ниетпен әңгімесін тыңдай бересің. Сол ниетпен тағы бір сұрақтың құлағы қылтияды. «Радио сізге не берді?»

Менің ойымша, Алла тағала әуелден маңдайыма жазған бағым шығар. Қазіргі радио бұрынғы мен жұмыс істеген кездегі радиомен тең емес. Бұрынғы радио – шығармашылық, көркемдік пен тәрбиенің бесігі болатын. Көркемдік көп еді. Радиодағы көркемдік, шұрайлы тіл – басқа еш жерде жоқ еді. Радио тыңдау деген кітап оқығанмен бірдей. Радиодан көп дүние үйренесің. Оқудың өзі сені тәрбиелейді. 30, 40, 50 минуттық шығармалар болады немесе әртістермен бірге орындайтын драмалық қойылымдар болады, түрлі жанрдағы хабарлар болады соларды оқудан ләззат алып, рахаттанып өзіңе бір жаңалық ашып, рухани байып, көңіліңді демдеп шыққаныңды сезінесің.

Мен радиоға қызметке келгеніме жарты ғасырдан астам уақыт болды десем, кітап оқуға бір күн де уақытым болған жоқ. Бірақ эфирден оқыған дүниелерім оқымаған кітаптарымнан кем болған жоқ. Ал радио – бүкіл әлемге тарайды. Сол арқылы бізге әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздан хат келетін. Моңғолиядағы, Қытайдағы, Түркиядағы, Еуропадағы, тіпті Канадада тұратын ағайындар үшбу сәлем жолдайтын. Солардың барлығы өзінің Қазақстанын, өз қазағын аңсайды, сағынады. Сол кезде радионы жата жастана тыңдайды екен. Қытайда сол кездің өзінде Қазақ радиосын тыңдауға рұқсат бермеген. Сол жақтан келген қандастар айтады: «Сол уақытта біз кешке таман барлығын өшіріп, бір үйге жиналып алып тыңдайтынбыз» — дейді.

Ал осылай әлемдік деңгейге шығу үшін тек жақсы хабарлар, тек жақсы дүниелер эфирге жіберілетін. Сондықтан да болар, мен ол кезде біздің елде шынымен барлығы тамаша екен ғой деп, сеніп жүретінмін. Отарлау, орыстардың озбырлығы, Кеңес үкіметінің жымысқы әрекеті деген миыма да кіріп-шыққан емес. Солай боп өстім, себебі күні-түні айтатынымыз тек жақсылық еді. Бір шопан туралы айтсақ та, қарапайым ауыл әкімі туралы айтсақ та, ауыл туралы айтсақ та – жер жүзінде бізден керемет ел жоқ деп айтатын едік. Соған өзіміз сенетін едік. Сенбесең, тыңдаушыны сендіре алмасаң хабар хабар болмайды. Шын мәнісінде ондай емес екенін кейін білдік қой – дейді өзегін өкініш кернеп.

Радиода әділетсіздік көрген кезіңіз болды ма? – деген сұрағымызға кейіпкеріміз ауыр күрсінді.

Пендеміз ғой. Пенде болған соң, жаңа айттым ғой, 9 қазақ дикторы болдық деп, қасыңдағы адам күн сайын өсіп келе жатса, қаламақысы өсіп, айлығы артып жатса, күн сайын мақтау естісе, оны қасындағы адамдар ұната қоюы неғайбыл. Ал біздің халықтың ұнатпайтын адамының сыртынан күңкілдеп, ептеп-ептеп сөз ертіп жіберетін әдеті. Одан қалса, өзіне ұнамайтын адамның жұмысына кедергі келтіруге тырысып отырады. Мысалы мен дикторлар арасында ең жоғарғы категорияны бірден алдым. Оның үстіне, мереке күндері, басқа уақытта да репортаж жүргіземіз, алаңдағы парадтарды жүргіземіз – соның барлығына тек Байжанбаев екеуімізді жібереді. Осының барлығы кейбір әріптесіме ұнамайды. Одан қалса маған бірден «Құрмет белгісі» орденін беріп жіберді. Ол кезде қатар жүрген жігіттердің өзі іштарлық танытып алды. «Баяғыдан жұмыс істеп келе жатқан аға буын тұрғанда, кеше ғана келген қызға қалайша орден беріледі?» — деп ЦК-ға арыз домалатқандар да болды. Ол кезде орден тек Мәскеудің рұқсатымен ғана, солардың мақұлдауымен ғана берілетін. Іштері күйетін жөні бар, Қазақстан радио-телеарнасында маған дейін әлі ешкім алмаған, мен бірінші болып алдым. Әрине Әнаурбек ағада «Халық әртісі» бар, Мина Сейітовада «Еңбек сіңірген қызметкер» атағы бар. Ал Мәскеудің бұйырығымен орден алу деген қазіргі түсінікпен айтсақ – сенсация. Кеше ғана «ой, Сауықжан» деп жүргендердің бәрі теріс қарап қалды, кездессең аман алмайтын жағдайға жетті. Орден алдым екен деп жүрген мен жоқ.

Бір күні сол кездегі басқарма басшысы Камал Смайылов лездеме өткізді. Журналистердің бәрі қатысады ондайға. Жиын аяқталған соң Камал Сейітжанұлы басшылық құрамды ғана алып қалды. Шығып бара жатыр едім, «Сауық, сен де қал» — деді. – «Бәріңіз білдіңіздер, Мәскеудің бұйырығымен Сауыққа орден берілді. Бірақ ЦК-ға арыз түсіпті, соған жауап беруіміз керек, өз ойларыңды айтыңдар».

Сол кезде жаңағы мені орден алып қойды деп қызғанып, сәлемімді алмай жүргендердің бәрі мені мақтай жөнелді.

Орден алудың тарихы да қызық болған. Бүкілодақтық радио-телевидениенің 80 жылдығы ма, бір мерекеде Кеңес үкіметінің құрамына кіретін 15 мемлекеттің осы салаға жауапты басшылары қатысқан мерекелік шара өтеді. Сол кезде мерекеге орай әр республикадан бір әйел адамды марапаттау ұсынылады. Қазақстаннан кімді ұсынасың дегенде Камал Смайылов Мәскеуден редакцияға хабарласып, «диктор қыздардан кім бар?» деп сұраған ғой. Барлығы «Сауық бар, Сауық» деседі. Обалы не керек, радио қатты сыйлайтын еді мені. Сөйтіп мені радионың өзі ұсынады орденге. Қазақтың жері қандай кең болса, пейілі сондай тар ма деймін. Өз басым ойлап отырсам, көреалмаушылықты көп көріппін. Мысалы мына тұрған Қырғызда сол кезде «Халық әртісі», «Еңбек сіңірген қайраткері» т.б. деген секілді атақ-дәрежелі радио қызметкерлері өте көп еді. Мереке сайын, мейрам сайын алатын. Ал бізде тек Әнекеңде ғана «Халық әртісі» бар. Бізге атақ-дәреже берейін десе, жасайтынымыз жаңағы. «Анау алғанда мен неге алмаймын?», «анау алатындай не істеп еді?» дейтін іштарлық көп. Бұл – пендешілік! Мен ол үшін ешкімге ренжіген емеспін – дейді ардагер диктор.

Бір кезде радиодан берілетін барлық хабар тек қана дикторрдың оқуымен берілетін. Ал бертін бұл үрдіс тоқтап, журналис өз мәтінін өзі оқитын болды. Одан қалса тікелей эфир пайда болды да, дикторлар ысырылып қалды. Сауық Жақанова бұл кез дикторлар үшін үлкен соққы болғанын айтады.

Радиода батысқа еліктеу белең алған тұс болды. Журналис өзі жазған материалын өзі оқып, өзі монтаждап, өзі әуенмен әрлеу керек деген әңгіме шықты. Осы кезде біраз диктор, арасында мен де бармын, ешкімге керексіз болып қалдық. Біразы жастар еді, менің жасым зейнеткерлікке әлі жете қоймаған, екі ортада далада қалдық. Бір сағаттық, екі сағаттық хабарлар эфирге жіберілмейтін болды. Бұның бәрі дұрыс, заман талабы сондай еді. Көп адам қысқартуға ілініп кетті. Мен әйтеу, «жуан пышақ ұялғанынан өтеді» дегендей тек концерт оқитын ғана дәрежеге түстім. Бір кездегі «Кімсің? Сауық Жақановамын» деген менмендік жоғалып, басылып қалдым. Керексіздігім қатты жаныма батып, жетімсіреп жүргенімді бұрынғы сыйлас-сырлас жігіттер байқаған болу керек, келіп әңгімеге тартып, көңілге демеу болуға тырысып жүрді.

Сол кездегі бір қызық жағдайды айтайын. Елдің бәрі «Совминнің ауруханасы» атап кеткен мекеме бар ғой. Елдің бәрі тіркеліп, жылда тексеріледі. Бір күні бір танысым айтты, «сізде «Халық әртісі» бар ғой, неге «Совминннің ауруханасына» тіркеліп алмайсыз – деп. Содан Ләззат Танысбай Алматыға келген бір сапарында айттым, «осылай да, осылай, мені тіркеуге көмектес». «Сіз әлі тіркелмегенсіз бе?» деп өзімнен сұрап отыр. «Құжаттарыңызды жөндеңіз де, барыңыз, тіркеуге тиіс» деді. Құжаттарымды алайын деп радионың архивіне кірсем, мына қызықты қараңыз, мен туралы бір дерек жоқ. Мен жайлы жазылған парақтың бәрін жыртып алған. Басқалар туралы тұр. Менің алған громаталарым, мақтау қағаздарым, тіпті жаңағы жоғарыда айтқан Мәскеудің бұйрығымен алған орденім туралы да мәлімет жоқ. Бұл қалай болғаны?! Мұны кім жасағанын жақсы білемін. Тамыр-таныстықтың соңы осындай оспадарсыздыққа әкелді – деп қынжылды кейуана.

Бір адамның тағдыры, бір замандағы екі жүйені көзімен көрген, көңілімен түйген диктордың келер ұрпаққа, жас журналистерге айтары осы. Бұл әңгімеден әркім өзіне керегін алар деген ниетпен оқырман назарына ұсындық.

Ержан Жаубай

ПІКІР ЖАЗУ

Please Do the Math      
 

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.