Шерхан Мұртаза: Бас редактор – қоғамның бас дәрігері
Бүгін қазақ әдебиетінде, қазақ журналистикасында айрықша орны бар, дара тұлғалар, қазақ әдеби әлемінің үш буынын қалыптастырған үш алыптың дүниеге келген күні.
Иә, қателескен жоқсыз. Олар – Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкей. Әуезовтің де, Оралханның да орны ерекше. Қарасөзде қатарына дес бермеген, дара шауып қара үзген тарландар. Десе де біз бүгін Шерхан Мұртазаның бас редакторлық қыры жайлы сөз қозғауды жөн көрдік.
Әрине, «Бас редакторлардың бас редакторы» атанған Шерағамыз жайлы сөзді тек бас редакторлар айтуы керек деп ойлаймыз. Сол үшін де өзіміз білетін бір кездегі бас редакторлар мен қазіргі БАҚ басында жүрген ағаларымызға қоңырау шалған едік.
Нұртөре Жүсіп: Бас редактор ретінде Шерағаң салған жолмен жүрдім
Шерхан Мұртаза «Социалистік Қазақстан» – қазіргі «Егемен Қазақстан» газетіне бас редактор болып, қайта құру толқыны жүрген тұста – 80-жылдардың соңы, 90-жылдардың бас кезінде келді.
Шерағаң өте мінезді адам еді. Адуын, ел дегенде, жер дегенде, тіл дегенде тіліп айтатын, жазғанда мөлдіретіп жазатын. Оның «Қара маржан» атты роман-хикаяты Мемлекеттік сыйлық алды. Бірақ оны жазушы ретінде аса биікке көтерген туынды – «Қызыл жебе» романы – Тұрар Рысқұлов туралы трилогиясы еді.
Қаламы да, өзі де қуатты адам бас редактор ретінде «Егемен Қазақстан» редакциясында жаңашылдық енгізді. Кеңес одағы тарқайтын тұста директорларды ұжым ішінде баламалы жолмен сайлау үрдіс жүріп жатқан болатын. Ол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінде, жаңылмасам 15-ке жуық бөлімі бар еді. Сол бөлімнің барлығын ірілендіріп, 6 бөлім жасады. 6 бөлімнің редакторлық қызметіне ашық дауыспен, журналистердің жиналысына салып, демократиялық жолмен сайлау өткізді. Мен ол кезде Экономика бөлімінің редакторы едім, ауыл шаруашылығы мен экономиканы, әлеуметтік саланы қосып, іріленген үлкен бөлім жасады. Бөлімде отызға жуық тілші жұмыс істеді. Сол бөлімге Мамадияр Жақып аға екеуіміздің кандидатурамыз ұсынылды. Ашық дауыс берердің алдында Мамадияр ағамыз: «Заман жастардікі, мен Нұртөре Жүсіпке өз жолымды беремін» деп бас тартты. Сонда да сайлау өтіп, ұжымдағы 50-дей тілшінің басым дауысымен мен Экономика бөлімінің редакторлығына бекітілдім.
Шерағаң Түркия сапарынан кейін, түркі елінің ұлтшылдығына тәнті болып келді. Ол туралы мақала да жазды, өзі де жиі айтып отыратын. Бір күні келді де, «Мен бұған дейін «Шерхан Мұртазаев» болып келдім. Бірақ мен Мұртазаның ұрпағымын ғой, сондықтанда мен бүгіннен бастап Мұртазаев емес, Мұртаза боламын» деп, кесіп айтты. Сол күнгі беттеулі дайын тұрған газет нөміріндегі «Бас редактор» деген жерге Шерхан Мұртаза деп бадырайта жазып, жарыққа шығарды. Ертесінде лездемеде: «Азаматтар, мен осындай шешім қабылдадым. Ешкімге зорлық жоқ, -ов, -ев-тен құтылғыларың келсе, осыған ілессеңдер қош көремін, ал ілеспегенге ешқандай өкпе-реніш жоқ, таңдау өздеріңізде» деді. Біз бір күнде 1991 жылы болу керек, фамилиямыздағы -ов, -ев дегендерді сыпырып алып тастаған едік.
Негізін сонау Ғани Мұратбаев қалаған «Жас Алаш» газетіне мен 1996 жылы бас редактор болып тағайындалдым. Маған дейін Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Уәлихан Қалижан секілді қаламгер журналист, жазушы ағаларымыз бас редактор болған.
Ол кезде 35 жаста едім. Газет жұмысын жандандыру қажет болды. 3 айдай шықпай қалған, 6 млн теңге қарызы бар, кезінде 300 мыңға жуықтаған оқырманы әбден сиреп, 6 мыңға жетер-жетпесі ғана қалған, өте қиын кезеңде газетті шығару міндеті маған жүктелді. Сол газетте табан аудармай 6 жыл жұмыс істедім. Газет тиражы 80 мыңнан асты. Редакцияға өңшең талантты жастарды жинай алдым. Бұл үрдіс Шерағаңның кезінде қалыптасқан болатын. Ақселеу Сейдімбек, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова секілді тұлғаларымызды сол газетке тартып, атын әйгілеп, еңбектерін жариялап, Оралхан Бөкей секілді талантты жастарды ел арасынан тапқан болатын. Сол үрдіс бойынша мен де газетке қаламының қуаты бар, қайраты бар азаматтарды жинадым. Сол жас толқын қазір көбісі бір-бір газеттің басшылығында отыр. «Жас Алаш» — қазақ журналистикасының ұстаханасы деп саналатын, сондықтан да сол мектепті шамам келгенінше жалғастыруға ұмтылдым.
Ал қазіргі бас редакторлар туралы айтар болсақ, «Қазақ әдебиеті» газетіндегі Дәурен Қуат сол «Жас Алаш» мектебінен өткен, Сәкен Сыбанбай, қазіргі Парламент мәжілісінің депутаты, «Ана тілі» газетін басқарған Жанарбек Әшімжан, сонымен қатар Роза Қараева, Гүлнар Тәжиева, Айгүл Аханбайқызы, Талғат Ешен, Абылай Сабдалин секілді талантты жас журналистердің шоғыры сол «Жас Алаш» редакциясының қабырғасында шыңдалып, жетілді. «Бас редактордың міндеті – шығармашылық ұжымға кедергі келтірмеуі керек» деген сөз бар. Сол үшін журналистерге барынша жол ашуға, шығармашылық жұмыстарында, ізденістерінде еркіндік беруге, кедергі келтірмеуге ұмтылып бақтым. Соның арқасында қазіргі қазақ журналистикасының бүкіл жауапкершілігі мен жұмысын жапыра атқарып жүрген бірқатар жас журналитер шоғыры қалыптасып, еңбек етіп жатыр. Солардың еңбегіне, табысына, жетістігіне бұрынғы редактор ретінде қуанып, марқайып отырамын.
Серік Жанболат: Шер ағаңнан Ермұрат Бапиға дейін…
Әрине, Шерағаң аңыз адам. Алатаудың ақиығындай қыршып түсетін өткір тісті, от ауызды, азулы, ағып келіп жемін бүріп түсетін ақ сұңқар Шерағаңның халық жазушысы екенін айтпағанда, оның үш бірдей газетті басқарып, дәуірлетуі – бір төбе. Ол басқарған үш газеттің де тиражының дүркірей көтерілуі қандай редактор болғанына айқын дәлел.
Ал енді өзім туралы айтар болсам, бұл бала кеше келе салып, қазаққа үлкен екі газет және бірнеше телебағдарламалар ашып берді.
Теледидарда жүргенімде Шерағам «Қазақстан» телерадокорпорациясының президенті еді. Шынымды айтайын, Шерағаңның көлеңкесін көрсе журналистердің алты қыр айналып қашатындары бекер екен. Жас болған соң өзіңше бірдеңе іздейсің, бір жаңалық тапқың келеді. Сөйтіп, жүргенімде мені атынан ат үркетін «Қазақстан» қор биржасына репортаж жасауға жіберді. Қазақстан республикасында Қор биржасы жаңа құрылып жатқан кез. Елдің көпшілігінде бұл биржаның қалай жұмыс жасайтыны туралы түсінік мүлде жоқ. Журналистерді ішке кіргізбейді. Мен брокер ме, менеджер ме, бір жас жігітпен танысып алдым. Соның арқасында залға кіріп, әлгі тілеуіңбергіңдің қасына жайғастым. Сауда басталуға әлі он минут бар. Өзің білмейтін дүниенің ықпыл-жықпылы көп болады екен. Оны-мұныны сұраймын деп қасымдағылардың басын қатырдым. Әлгі иманжүзді айналайын ренжіген жоқ: «это наш новый брокер» дегені. Содан сауда басталуға бес минут қалғанда ол есептің қалай жүретінін, ақшаның қайда түсетінін, аяғында кімнің, қалай ұтып шығатынын түсіндіріп берді. Алдында аз-маз оның басын қатырып алдым да, өзімше есеп шығарып отырдым. Байқаймын, доллар бағасы ұшып барады. Бірдеңе дейін десем, алдында келісіп қойғанбыз. Бір уақытта «сауда» деген дауыс сақ ете қалды. Сосын барып ол жігіт бүгін сауданың қалай өткенін, доллар бағасы өсіп бара жатқанын айтқан соң, оның бағамын тоқтату үшін, Ұлттық банк орташа бағамен долларды биржаға төге салған. Сол күнгі доллар өз-өзінен ойнап шыға келді. Сол күнгі курстан біраз нәрсе ұғып шықтым. Өзге банктің иелері басқа оймен кетті. Өкінішке орай, сол күнгі сюжетім ұзақтау болды. 5,35 минут. Бұл тым көп уақыт! Ертеңінде жиналыс. Шерағам келді. «Осындай ұзақ сюжет бола ма екен» деп сөгетін болды-ау деп зәре-құтым қалмай мен отырмын.
Шерағам есіктен сөйлеп кірді:
— Кеше қор биржасынан экономикалық сюжетті кім жасады?
— Мен.
Шерағам шешіліп кетті дейсің.
— Міне, біз қазақтар экономикалық дүниелерге терең баруымыз керек. Сондай бағдарламалар ашуға тиіспіз. Ал мына жігіттің кешегі сюжеті «Қызыл тақтаға» ілінсін — деді.
«Қызыл тақта» — премия деген сөз ғой.
Шерағаммен үлкен форумдарда жиі ұшырасып қалып жүрдік.
— Әй, бауырым, акциялардың лигитимності қандай болып жатыр? — деп сұрайтын.
Содан кейін де Шерағаңмен бірге бірнеше ірі тележобаларды жүзеге асырдық. Оның бірде-бірі сәтсіз болған жоқ.
Қазір, міне, заман өзгеріп жатыр. Шын мәнінде апай-топай болып кеттік. Бір кездері қазақ – оқырманы ең көп халық еді. Электронды стильге көшеміз, интернет боламыз деп, ақыр аяғында не боп кеткенімізді ұқпай қалдық. Неге десеңіз, бір кездері журалистика ұлттық дәртүр болды. Мәселе: жас журналистің жүнін жұлған тауықтай қылып талау емес, оны құлатпай, жардан жықтырмай, елдің тұлғасына айналдыруда болатын. Тіпті өткен ғасырдың басындағы «Айқап», «Сарыарқа» газеттеріне бармай-ақ, одан кейінгі ағаларымыздың өмірлік ұлағатына тоқталайықшы.
Кәкімжан Қазыбаев ағамыз өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастамай інілері мен ізбарларына тірек болды. Орталық Комитеттің хатшылығына дейін жетті. Рымғали Нұрғали мен Олархан Бөкей ағаларымыздың бүгінгі шәкірттері олардың тағылымдарын азық қылып айтып туыса алмай жүр.
Бірде мені Мұхтар Мағауин ағам жайлап қасына шақырып алды да: «Бауырым, өмірде ештеңеден қорықпа!» деді. Әкемнің жан досы болған Мұхтар әкемнің маған неге олай дегені әлі жұмбақ. Онсыз да эфирде қатқылдау сөйлеуші едім. Журналистикада ештеңеден тайынбасын деген шығар?!
Ал Сапар Байжанов ағаның өмірі өз алдына бір дастан. Бір кездері елімізде «Халық кеңесі» деген ғажап газет шығып тұрды. Ол коммунистік партия мен Жоғары кеңестің арасы шиеленісіп тұрған тұс-тұғын. Газет жабылады деген хабарды естіп Сарбай Ақтаев ағамыз бен Жұмабек Кенжалин – екі бастық газеттің бүкіл мүлкін Жоғарғы Кеңестің ғимаратына көз қолдарымен тасыған. Бұл деген жанқиярлық! Дәл қазір ондай іске реакторлар да, журналистер де бармайды.
Ұлтты бір діңгекке, бір қазыққа ұйыстыра білетін тұрғалар болады. Ұлтты ұйытатын, тәрбилейтін де солар. Қазақстан Коммунистік партиясы басшының алдына шығып, жастарға араша сұраған Сафуан Шаймерденов үлкен жүректі қаламгер емес пе?! Оның сол сөздері қазақ даласына тарап жатты. Көздегі отты оятты, әрбір жүректегі сезімді оятты. Елім мен жерім үшін деп көзсіз батылдыққа барған от жүректі азаматтар елде аз болған жоқ. Соның бірі – газетін тып-тыныш шығарып жүрген өзіміздің Нұрмахан Оразбеков ағамыз. 1989 жылғы Мәскеудегі ГКЧП естеріңізде болар. Сонда партияның атын жамылып, алтын оқалы тон кигендер табан астында тайқып кеткен жоқ па? Сол кезде сонау Қарағанды облыстық газетін басқарып отырған, облыстық партия комиетінің мүшесі Нұрмахан ағамыз бүкіл ұжымын жұмыстан қайтарып жіберіп, газеттің шекесіне «Бұл конституцияға қарсы. Мен бұны қолдамаймын. Жауапқа тартсаңыздар мені тартыңыздар!» деп қол қойыпты.
Адам әрқилы болады. Елдің бәрі көшеге найза алып шығуға бейім емес. Бірақ, өз рухтарын баспасөз, БАҚ арқылы жеткізіп жатқан болды. Осы ағаларымыз ұлттық рухқа қызмет кеткен жоқ деп айта аламыз ба? Сағат Әшімбаев пен Камал Смайылов ағаларымыз жүрген жерінде, эфирде, радиода ұлттық рухты насихаттағанына бәрі куә. Одан кейін ақпарат айдынына Қали Сәрсенбаев, Нұртөре Жүсіп пен Шамшиддин Паттеев шықты. Олар «Жас алаш» пен «Түркістан» газеттерін журналистер ұстахансына айналдырды. Олар өздерінің қайраткерлік қасиетінен ешқашан шегінген емес. Қайраткерлікті әркім әрқалай түсінеді. Олардың 2011 жылы жаңаөзендіктердің құқы үшін күрескендеріне сол халық куә. Артынан бәрі дұрыс шешіліп келе жатқан дүние басқа арнаға түсіп кетті. «Егемен Қазақстан» АО президенті болған Дархан Қыдырәлі еліміздің бас газетінде реформа жасаған соң ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалды.
Расында да қазақтың ұлттық журналистикасын өз халқынан, оның тағдыры мен тілінен, өмірінен бөліп ала амайсыздар. Одан кейін ақпарат айдынына «Айқын» мен «Алаш айнасы» газеттері шықты. Біз ол жерде де жас журналистерді тәрбиелеуге күш салдық. Одан кейін еліміздің ақпарат саласында үлкен өзгеріс келіп, қазір сол журналистер сайттар мен порталдарда еңбек етіп жүр.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов қай биікте жүрсе де жер тағдыры үшін тынымсыз күрес жүргізді, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп біліпті. Мінез болса – күрес қайда? Судан мойнын шығармайтын шүрегей құсап өмір сүреміз онда біз. Мына мақаламды да «Шерағаңнан Ермұрат Бапиге дейін» деп атап отырмын. Өйткені, Ермұратта Шерағаңның қайтпайтын мінезі, салмақты тұлғасы, өткір тілі және парасаттың салмаған білетін ақыл бар. Шерағаның ендігі міндет-мұраты Ермұрат Бапиге жүктеліп отыр.
Дәурен Қуат: Бас редакторда парасат болуы керек
Мен журналистикадағы қызметімді 17-18 жасымда аудандық «Қапал еңбеккері» деген газеттен бастағанмын. Сол газетті кермет бір интеллектуал жазушы, аудармашы, мықты журналист Мұрат Тоқбергенов деген ұстазым болды. Сол кісі «Газет – қоғамдық аурухана» дегенді жиі айтатын. Мен газеттің миссиясын бала кезімнен осылай түсініп өстім. Қоғамдық аурухана, яғни қоғамдағы барлық дерт, барлық ауру түрі баспасөзден келіп жазылып шығуы керек. Айығып шығуы керек. Баспасөз – сол ауруларды, қоғамдық дертіне дауа іздегендерді емдеп шығатын емхана сияқты болуы керек.
Шерағаңдардың кезінде, біріншіден – газет аздау болды, екіншіден – халықтың газет-журналға деген сұранысы өте жоғары кезең еді. Сол кезде сыналап болса да, шындықты айта алған, елдің ащы зарын жеткізе білген, көрсете алған газет-журналдар бірден сұрансықа ие болып, тиражы алысқа кетті, ел ішіне толық таралды. Оған әрине, бас редактор ғана емес, сол кездегі қаламы қарымды журналистер, публицистер, ұлт зиялылары – бәрі жаппай үлес қосты. Біз мұны білуіміз керек. Ол кезде жеке адамның басын қаралау, жекеге жұдырық түйіп сөйлеу болған жоқ. Ал біз мұны қазір шындық айтқыш, ащы шындықты жеткізгіш бас редакторлардың, журналистердің салтына айналдырып алдық. Ал Шерағаңдар үлкен-үлкен мәселені қозғайтын. Ауқымды тақырыптар көтеретін. Сол себепті де сол кездегі оқырманның өзі газет-журналдарды сыйлап, оның сөзін түсініп, қолдау білдіріп, жаппай оқыды.
Соның ішінде Шерхан Мұртаза бас редактор болып барған газет-журналдар ерекше болатын. «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеген Әлия Бөпежанованың бір сөзі бар. «Шерағаңды ЦК-ға жиі шақыратын. Шерағаң кетеді. Біз мұнда елеңдеп күтіп отырамыз. Қабағынан қар жауып, түнеріп келіп отырады. Бірақ не болғанын айтпайды. Аздан соң шетпұшпақтап сұраймыз. «Шераға ана жақта не болды?» — деп. Қолын бір сілтейді де, қайта қаһарына мініп, айтқызар сөзді айтқызып, жазғызар сөзді жазғызып, көтеретін тақырыпты көтерткізетін еді» — дейді. Демек Шерағаң өте жүректі адам болып тұр ғой. Әсіресе елдік, халықтық мүддеге келген кезде тайсалмай күресетін тұлға болғаны.
Ол кезде бір Шерағаң ғана емес, Сырбай Мәуленов, «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы болған Оралхан Бөкей, Төлен Әбдіков, Сайын Мұратбековтердің кез келгені сен тұр, мен атайын дейтіндер еді. Қай қайсысы болса да қоғамның бас дәрігері – бас редактор деп түсінетін газет – бас редактордың автопортреті деп ұғынатын деңгейдегі тұлғалар болды.
Қазір де шындықты айтып, өзін күреске арнап жүрген редакторлар бар, бірақ бізде тик-ток блогерлер, әлеуметтік желі белсенділері көбейіп кетті. Әрине, бұл да заманымыздың бір салты. Азаматтық журналистиканы күшейтіп жатыр. Азаматтық журналистиканың орнын жоққа шығаруға болмайды. Алайда ол кәсіби журналистиканың деңгейіне жете қоймайды. Себебі, кәсіби журналистикада мәдениет бар, парасат бар. Не айтып, не жазса да сөздің қадірін біліп, ұғып жазады. Ертең соған өзі жауап беретіндей деңгейде жазады.
Жазарманы көп заманға тап келгеннен кейін, кейде біздің редакторларымыздың өзі сол деңгейге түсіп кетеді. Мысалға, шоу-бизнес айналасында бірдеңелер жазып немесе соларды қайта-қайта шығарып, солардың өмірінен сенсация іздеп, жеңіл-желпі, өсек-аяң іздейді. Қалаберді тапсырыспен жеке адамның басын қаралап, жанын езгілегенде аянып қалмайды. Соны жазғанды, «О, мынау керемет, мына газеттің редакторы отырып алып сондай шындықты төпелетіп жазып жатыр. Ананы сойып салыпты, мынаны ұрып жығыпты» деп оқырмандардың өзі соған елігіп кететіні бар.
Мен олай болмауы керек деп ойлаймын. Бас редакторда парасат болуы керек, деңгейболу керек. Бүгіншіл болмауы керек, ертеңге, мына қоғамның санасын сауықтыратын, неше түрлі ақпараттар тасқынынан алып шығатын, мәдениетке, парасатқа жетелейтін, өзінде де сондай кемелділік болу керек бас редакторда.
Шынын айтқанда, біз бүгінгі оқырманға өкпеліміз. Қазір бір алды-жұтты, қырды-жойды деген ақпаратты алып сала салсаң, соның соңында кетеді далақтап. Ал мынаны біл қазақ, осыны сен түсініп ал, осы саған керек-ау деген мазмұнды материал салсаң, оны көбі оқымайды. Содан кейін отырып алады да, «Қазақ баспасөз түк жазбайды» дегенді айтады.
1990 жылдардың басында осындай бір жымысқы идеология болған. Шерағаңдар оны басынан өткерген, жақсы білді. Сол кезде жекелеген адамдардың жекеменшік газеттері пайда болды. Жасырары жоқ, солар ақпараттық идеологияны керемет қолданды. Сол кезде анау жоғары жақтың өзінен бастап, мына төмендегі халыққа дейін «Қазақ баспасөзі ештеңе жазбайды, ештеңе айтпайды, шындық жоқ» деген сөздерді айтып отырды. Қайдағы шындық жоқ?! Сол кездің өзінде осы бүгінгі мемлекеттік тұтастығың, елдің, жердің тұтастығы, ұлттың ділі, мемлекеттік тіл, халықтың денсаулығы, күрделі экономика, жаппай жекешелендірудің ертеңгі болатын салдары, осының бәрі – дәл қазір көзімізбен көріп отырған ұлттың дегредацияға ұшырайтындығы, бәрі 90-жылдардағы қазақ баспасөзінде толық жазылды. Тіпті бертінге дейін жалғасты.
Меніңше қазіргі газет-журналдар халықтың қазіргі ақпараттық тасқынға ілесіп, алақайлап жүгіретінінен шаршады ғой деймін. Кейде бас редакторлардың жаңағы шоу-бизнестің айналасындағы бір сәттік жылт етпе, жеңіл-желпі, оңғақ сенсацияның соңына түседі. Оқырманын солай ұстап жүруге тырысып жүргендерін байқаймын. Оған қынжыламын, әрине. Ал «Қазақ әдебиетін» мен басқаша түсінемін. Мәселе тираждың көп, аздығында емес, мәселе газеттің салмағында, сапасында. Мен қазір «Қазақ әдебиетін» осы бағытта ұстап отырмын.
Жанарбек Әшімжан: Шерхан Мұртаза – бас редакторлықты өнер деңгейіне шғарды
Жалпы Шерхан Мұртаза феномені жайлы сөз қозғағанда…
Мынау бас редакторлық деген қазір көп адамдар қадір-қасиетіне жетпей жүрген үлкен кәсіп қой. Осыны өнер деңгейіне шығарған бірден-бір тұлға кім десек, ол – Шерхан Мұртаза. Кешегі дәуірде саусақпен санарлық қана редакторлар болды. Әрине, редактор көп болды. Бірақ шын мәнінде редактор дейтін атқа лайық, саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған қып-қызыл номенклатураның күйіп тұрған заманында сол ұлттық мақсат-мұраттар жолында күрескен екі тұлға болса бірі – Сейдахмет Бердіқұлов, бірі – Шерхан Мұртаза.
Шерхан Мұртаза қай басылымды басқарса да, қандай ақпарат құралында жұмыс істесе де, өзінің қайсарлығымен, табандылығымен, қазақ ұлтының, жоғын жоқтады. Өзі кешегі «халық жауының» баласы болды. Тағдыры ғой. Намыс пен қайсарлықты, жігерді, сосын қазақ ұлтын жанымен сүйген тұлғаның пікірі ретінді шын мәнінде тілдің, діннің, ділдің жоқшысы болды, қазақтың ұлттық мұраттарының жоқшысы болды. «Қазақ әдебиетінде» де болсын, «Жас Алашта» да болсын, «Социалистік Қазақстанда» да (қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті – ред.) болсын, тек қана бір бағытта – ұлт жоқ-жітігін түгендеуге барын салды.
Мемлекет басшыларымен бірде келісті, бірде керісті, бірақ өзінің ұстанымын өткізе білген бірден-бір тұлға ол – Шерхан Мұртаза.
Әрине, өзінің көп еңбектері, өзінің қызметтік жолы газет-журналдарды басқарумен өтті ғой. Көркем әдебиетті де аз жазған жоқ, іргелі шығармалар тудырды. Бірақ өзге қаламгерлер секілді таза шығармашылыққа, көркем әдебиетпен айналысса да бірнеше ірі романдар, әлі де көптеген әңгімелер жазып қалтыратын еді. Соның өзінде аз қалтырған жоқ.
Өз басым ол кісінің 6 томдығын толық оқып шықтым. Тілі қандай, ойы қандай?! Публицистикада болсын, көркем әдебиетте болсын, әдеби сында болсын, драматургияда болсын, аудармада болсын өнімді еңбек етті.
Сол Шерағаңның шекпенінен шыққан Оралхан Бөкей, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбек, Кәдірбек Сегізбаев, бәрі де қарымды қаламгерлер болды. Қазір біразы арамызда жоқ. Соның барлығын өңір-өңірден тауып, қайда жұмыс істеп жүрсе де, орталыққа алдырып, әрқайсысын бір тұлға қып шығарды. Әрқайсысы бір-бір бас редактор болды. Сондықтан да ол кісінің редакторлық мектебі – оның қаламгерлік қырынан бөлек, редакторлығы аса ірі тұлға екенін айғақтайды.
Ол кісіні депутаттыққа да бастап келген бірден-бір жол – лайықты редактор болғандығы. Депутат кезінде де өз ұстанымынан ешқашан айнымаған. Жер мәселесінде де, ел мәселесінде де, тіл мәселесі болсын, парламенттің төрінде, ашық, ешкімнен жасқанбай сөйледі. Қазір интернетті ашып қалсаңыз, Шерханның сол күндей күркіреп сөйлеген сәтіне куә боламыз. Сонда бір сәтте өзінің ұлттық мұратынан айнымаған тұлға екеніне анық көзіміз жетеді. Соған сүйсінеміз.
Өзінің жеке тағдыры болды. Жеке өмірі де драмаға, қайшылыққа толыболды. Соның барлығын жеңді. Бәлкім, кейбіреуін пенделікпен жеңе де алмаған болар. Бірақ, қалай болған күнде де, редакторлық қырымен ол барлық биікті бағындырды. Іні болып жанына ілесіп жүрген кездеріміз болды. Аға тұстып сұқбаттас болған сәттеріміз де болды. Әрине, барлығы келмеске кеткен кешегі дәурен. Бірақ ұлттық ақпарат кеңістігінде Шерхан Мұртаза дейтін ұлы редактордың болғанын тарих ешқашан ұмытпайды.
Ержан Жаубай